Отаншылдық – бабалар аманаты

Әрбір халықтың тарихи жолына зер салған тұста, біз өзімізді «мың өліп, мың тірілген қазақпыз» деп айтамыз. Олай деуімізге себеп әр кезеңде жүріп өткен тарихи жолымыздың соншалықты қиын, тағдырымыздың қилы болғанынан шығар, бәлкім. Қалай десек те, ұлт ретінде жойылып кетпеуіміз, тілімізді, дінімізді сақтап, рухани, мәдени жаңғыруымыз, ғасырлар бойы жаншылған рухымызды көтеріп, еңсе тіктеуіміз қасиетті тәуелсіздігіміздің келуінде жатыр десек, артық айтқандық болмас. Ал бірақ егемендік алғанымызға жиырма үш жылдан асса да, ұлтымыздың аяулы ана тілі мемлекетімізде әлі күнге дейін жаппай қолданыс таппай келе жатқаны қынжылтарлық жағдай. Өйткені қазірге дейін бірсыпыра қазақ баласы өзара тіл қатысар болсақ бір-бірімізбен әлі де орысша сөйлесу әдетімізден арыла алмай келеміз. Неге?

Еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, егемендіктің алтын қазығын орнатқаннан бергі уақыттан бүгінгі күнге дейінгі аралықты ой көзімен шолып өтсек, қазақ тілінің содан бері қаншалықты ілгерлей түскенін, адымдап алға басқанын, қолданыс аясының кеңейгенін жоққа шығара алмаймыз. Олай болса, жойылудың бағытынан дамудың даңғыл жолына түскен, жаңғырып, қуаттанған тіліміздің кең өріс алуына себепші болған ұлы күш не дегенде, егемендігімізді, содан кейін қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» болып жариялануын айтар едік.
Тіліміздің жетістігін ауызға алып, шүкіршілік етсек те, қол жеткізген мұндай нәтиже қанағаттанарлық па деген ойдың алдымыздан шыға беруі заңдылық. Өйткені тіл мәселесінде бізге тоқмейілсуге әлі ерте. Арқаны кеңге салып, жауапкершілікті жоғалтуға болмайды. Сондықтан қанағаттанудың ауылы әлі алыс­та деп біліп, кем-кетік тұстарымызды түзеп, олқылықтарды жоюға күш салуға тиіспіз. Ал бұл тұрғыдан алғанда ортаға салар мәселелер аз емес.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі ол қазақтың тілін саф алтындай таза күйінде сақтап, осы тілде ғасырлардан бері қолданылып келе жатқан сөздерді жоғалтпай, ұрпақтар есіне салып, ұлт жадында сақтаудың қамына кірісу. Бұл орайда ұмытылған сөздерді тауып, қолданысқа енгізіп отырсақ тіліміздің маңызы артып, мазмұны тереңдей түсер еді. Сонда ғана ескерусіз қалып, осы заманға лайық дәрежеде болса да, тілдік қорымыздан белгісіз себептермен шығып бара жатқан сөздерден түбегейлі қол үзіп қалудың алдын аламыз.  Демек, тілдің ойды, затты айқын бейнелеуі жолында керекті қоры сұрыпталып, тіліміз нақтылы ғылыми дәрежеге көтеріледі. Сөйтіп қазақ тілі жүйесінің сапасы артады. Осы деңгейге жеткенде ғана тіліміздің қазақ тілінің ғылыми тілі белгілі бір қалыпқа түсіп, негізделмек.
Ал енді біз бұрыннан бар бай сөздік қорымызды жоғалтпай, мәнін солғындатпай, мазмұнын төмендетпей сақтап, даму жолын ілгері бастыруға қам-қарекет жасау үшін не істеуіміз керек? Ол үшін Елбасы айтқандай, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін! Сонымен бірге әрбір қазақ өз тілін сақтауға борышты екенін де азаматтық, ұлттық санасымен сезінсе екен деймін. Өйткені біз ата-бабамыздан қалған тілімізді сақтауға борыштымыз, бұл бізге жүктелген асыл парыз, зор міндет екенін түйсінетін, ұғынатын кез келді. Сонда ғана біз тілімізді, оның сөздік қорын өз дәрежесінде сақтап, шашау шығармай, толық күйінде сақтап, бізден кейін келетін келесі буындарға аманаттай аламыз. Бұл жұмыстарды атқару үшін бізге бір ұлы күш қажет деп білемін. «Ұлы күш» дегенді әшейін сөзімді әсірелеу үшін қолданып отырған жоқпын. Бұл көкейімді жарып шыққан ойым десем артық емес. «Ұлы күш» қажет деп отырғаным, қазақ халқының тілді жоғалтып алмай, сақтау жолында тізе қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы. Осы мақсат толығымен іске асқанда ғана, қазақ тілі нағыз биік өресіне көтеріледі.
Тағы да қайталап айтқым келетіні, әрбір қазақ баласы тіліміз шын мәнінде қазақ тіліне, діліміз қазақ діліне ойысу үшін міндетті екенімізді түсініп, зейін-зердемізді, ниетімізді осы борышты іске асыруға жұмылуымыз керек. Оның бірден-бір жолы еліміздің ақпарат құралдары, газет-журналдарымыздың көпшілігі қазақ тілінде болуы керек. Өкінішке орай дәл қазір бұл мәселе қазақ тілінің пайдасына шешіліп тұрған жоқ. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, газет-журналдарымыздың, республика оқырмандарына тарайтын басылымдардың көпшілігі әлі де орыс тілінде шығуда. Елбасымыз айтқан «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген мәселеге неліктен білек сыбана кіріспей келеміз? Бұл тілімізді өркендетудің нақты жолы екенін неге ескермейміз? Заманында орыс тілі бізге қолдан жасалған саясаттың негізінде еріксіз таңылды. Соның әсерінен бұл тіл біздің санамызға сіңіп, ұлтымыздың төл тілімен араласып, өзара тілдік байланысқа әсерін тигізіп, салдарынан тіліміздің өңі бұзылып, бейнелі түрде айтқанда құрым киіз бен жібек матаны бір-біріне құрап, шапан кигендей күй кешіп отырмыз.
Мысал ретінде «Отан» сөзін келтірейін. Бір таңғаларлығы, біз «Отан» деп айтамыз да, артынша «патриот» деген сөзді жалғаймыз. Ал сонда біздің тілімізде сол «патриоттың» орнына айтатын сөздің жоқ болғаны ма?! Олай болмаса керек. Себебі біздің тереңге тамыр тартқан, қалыптасқан тіліміз бар. Осы орайда мен қадірлі оқырман қауымға ой тастағым келеді: жалпы біз өзімізді қазақ деген ұлт екенімізді, басқа ұлттардан кем емес, тең екенімізді мойындаймыз ба? Меніңше, мойындамауымыздың жөні жоқ. Өйткені адам баласының психологиясында өзін басқа ұлттан кем сезіну үрдісі көп кезікпейді. Олай болса, біз өзіміздің төл ана тілімізді неге мойындамаймыз? Сонда біздің ата-бабамыздан қалған ана тіліміз, бүгінде «патриот» деген сөздің орнына қолданылмай жүрген «отаншыл» деген сөзіміз өзге тілдің сөзінен кем болғаны ма?! Біздің ұлтымызды, сондай-ақ қазақ мемлекетін, ұлан-байтақ қазақ даласын күллі әлем мойындап отыр. Осынау кең байтақ жерімізді, қасиетті тілімізді, Отанымызды сақтаған кім? Ол біздің қазақтың отаншыл, ұлтшыл азаматтары. Ананың ақ сүтімен дарыған қасиеттерін «отаншыл» деген ұғым арқылы әлемге паш еткен ер жүрек батыр ұлдарымыз бен қыздарымыздың рухы. Сондықтан біз үшін «отаншыл» деген сөзден ұлы сөз жоқ. Ендеше, бүгінгі ұрпақтар үшін де, келер ұрпақтарымыз үшін де «отаншыл» деген сөзден артық сөз жоқ екенін тағы да қайталап айтқым келеді.
Тілге тиек етіп отырған Отанымыз бүгінде, құдайға шүкір, қалпына келді. Қалыптасқан мемлекетке айналдық. Ал бірақ рухымыз әлі күнге дейін әуелгі жалындаған күйіне келе алмай жатыр, өйткені «отаншылдықтың» орнын «патриот» сөзі басып тұр. Егер де біз қазақ тілінің түпкілікті мәнін, маңызын, төркінін, сөздік құнын жете түсінер болсақ «отаншыл», «отаншылдық» деген сөздерді қастерлеуіміз керек. Өйткені кеше біздің басымызға үйірілген қара бұлт найзағай болып жарқылдап біздің «отаншылдығымызды» жоюға бағытталды емес пе? Тарихтан белгілі, сол замандарда қазақтың марқасқа ұлдарына, өз жерін, елін шексіз сүйген отаншыл ер азаматтарына «ұлтшыл» деген айып тағылып, жазаға тартылды. Ал солардың бойындағы бірден-бір қасиеті осы отаншылдығы емес пе еді? Сол отаншылдық қасиет елді, жерді сақтауға қызмет етті емес пе? Ал енді келіп бүгінгі ұрпақ «отаншыл» деген сөзді ысырып тастап, «патриот» деп айтып жүргенін қалай түсінуге болады? Өз тілінде бар сөзді қолданбай, өзге тілдегі сөзге бас ұрып, соны арқа тұтып жүруімізге не жорық? Жалпы, Кеңестік кезеңнен әбден сіңісті болып кеткен сананың әсері ме, біз ана тіліміздегі сөзді ең бірінші кезекте пайдалануға ұмтылмаймыз. Реті келсе, орыс тіліндегі сөз тіркестерін сөз арасына қыстырып, тілімізді ұлтаралық сипатқа бояп сөйлеуге бейім болып тұрамыз? Бұл қашанға дейін жалғаспақ?
Егер біз шын мәнінде ана тілімізді құрметтеп, қадірлейтін болсақ, тілдегі бар сөзімізді шеттетпей, қолданайық. Сонда ғана біз өзіміздің тілімізді бар күйінде сақтай аламыз. Әйтпесе, осы бағытымызбен жүре беретін болсақ, о баста «бай тіл» деп бағаланған ана тіліміз бара-бара байлығынан айырылып, сөздік қорының қатары кеміп, солғынданып, төмендеп кетуі ғажап емес. Бұл – тілдің түбегейлі жойылып кетуіне апарып соғатын қауіпті үрдіс. Бүгін қам жасамасақ, ертең кеш болып қалуы мүмкін. Олай болса, тіліміздің толық дәрежеде өркендеп, қанаты мен құлашын кең жая алмай келе жатуының себептері аз емес. Бұған мысал ретінде тіліміздегі түйткілді мәселелерді көптеп келтіре беруге болады. Ал «отаншыл», «отаншылдық» деген сөз осы орайда ұсынылып отырған бір ғана мысал. Өзіңіз байқап қарасаңыз, қазіргі таңда теледидардағы жаңалықтарға, ақпараттық бағдарламаларда сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салып отырған мемлекеттік шенеуніктердің тіліне мән берсеңіз, тақырып Отанға, отаншылдыққа қатысты болса, олардың тарапынан сөйленіп жатқан «патриот», «паториоттық тәрбие», «жастарды патриоттыққа тәрбиелеу» деген сөздерді көп естуге болады. Ал «отаншыл», «отаншылдық идея», «нағыз отаншылдық» деген сияқты бұрыннан келе жатқан сөздер айтылмайды.
Осылайша ұлтымыздың «отаншыл» деген ұлы сөзі ауызға алынбай жалпы халықтық қолданыстан шығып, қазақ тілінің ақпараттық жүйесінен орын ала алмай, бірте-бірте жойылу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың «отан­шыл» деген ұлағатты сөзі «патриоттықпен» алмастырылып, ұмыт болуға айналуда. Мұның себебі неде? Қазақтың бүгінгі ұрпағы кешегі ата-бабамыз жасап кеткен тіліміздің төл сөздерінен неліктен алыстап барады? Меніңше, мұның себебі қазақтың ұлы тілінің түпкі мәні мен маңызын түсінбегендікте жатыр. Ал осындай жағдайда отырып, біз тілімізді қалайша сақтап, дамытпақпыз? Егер де біз қазақтың ең ұлы сөздерінің бірі  «отаншыл» сөзінен жерісек, басқа сөзді қалпына келтір-келтірме одан келер қаншалықты пайда бар? Дәл өз басым, бойымызға қуат бітіріп, жер тұтастығын, ел тұтастығын сақтап қалуға өлшеусіз қызмет жасаған бұл сөзді өшірмеуге, ұмыттырмауға өмір бойы еңбектенуге дайынмын. Өйткені елге, жерге деген сүйіспеншілік Отанға деген сүйіспеншіліктен бастау алады. «Отаншыл» болмаған азамат елін де, жерін де сүйіп жарытпайды. Ал шын мәнінде «отаншыл» болған азамат, осы сөзді санасына сіңіріп, қайраты мен жігерін жаныған азамат туған халқының лайықты перзенті болып, тілін де, дәстүрін де ардақтап, құрметтеп өтеді. Сөздің тоқетерін айтқанда, қазақ үшін Отаннан артық ешнәрсе жоқ. «Отаншылдық» сөзінде әр қазақ баласының жүрек лүпілі бар. Бұл – мұратымызды тоғыстырып, мақсатымызды біріктірген сөз. Қазақ «Отан оттан да ыстық» деп тегін айтпаса керек. Демек, оттан ыстық болған «отаншылдық» сөзінен бас тартпай, жүрегімізді әрдайым осы сөзбен жылытып жүргеніміз абзал. Әр қазақ баласы үшін Отанын сүюден артық мұрат та, мақсат та жоқ. Бір сөзбен айтқанда, отан­шыл болудан асқан ұлы іс жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Асқап Сағдоллаұлы
Жамбыл облысы
Қордай ауданы
Жаңа тұрмыс ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Набира

    «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөздің мағынасы терең. Жақында қоғамдық көлікке отырғанмын. Ақша жинайтын контролер қазақтың жас баласы екен. Сол балаға қалай риза болдым десеңдерші. Аялдамаларды қазақша айтып, тек қана қазақша сайрап тұр. Автобусқа мінген орысы бар қазағы бар, басқасы бар, бір сөзбен айтқанда барлық адамдарға ұлтына қарамай, «Ақшаларыңызды түсетін кезде аламын» дейді. Түсінбегендерге қайталап, тағы да қазақша айтады. «Қара көздер» бір-бірімізге үнсіз қарап, жымиып қоямыз. Міне, мемлекеттік тілде сөйлеуге деген ынта осындайдан оянады.

  2. Сәуле

    90-жылдардың басындағы қазақ тілінің жағдайын қазіргімен салыстыруға келмейді. Жастар бірте-бірте ана тіліне бет бұрып, оның қадірін түсініп келеді. Өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытуда.

  3. Гүлбақыт

    Отаншыл болу үшін осы сөздің мағынасын терең түсінген абзал. Қазіргі қазақ жастары отаншыл және отаншыл емес болып, екіге бөлінген. Қазақ тілін қадірлеп, құрмет тұтатын «таза» қазақ жастары және қазақ тілін менсінбейтін, отаншыл емес әке-шеше тәрбиесінде өскен «таза емес», яғни «орыстанған» қазақ жастары.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.