Даладай дархан

Karabalin Y
Мұнайшылар туралы ойлай бастасам ойыма мына бір жайт орала кетеді. Бала күнімізде Аққұдықтың қамшылар жағында бес-алты шақырым қашықтықта Ақбөгет деген жер болды. Әкем марқұм осы Ақбөгетте отырып, екі айдай қой бағатын. Қырық күн шілде басталғанда өрістің Егінжал бетіне кілең ауыр көліктері ырғалған мұнайшылар келе бастайтын. Қой жайып жүргенде әлгі мұнайшы ағаларға барушы едік. Олар қалбырдағы бұқтырылған еттен ауыз тигізеді, біз болсақ торсықтағы шұбатымызды ұсынамыз. Бет-әлпеттерін жел қағып қарауытқан олар кіл ақкөңіл жандардай елестейтін. Бүгіндері елдің назарында жүрген айтулы мұнайшы-азаматтардың барлығы дерлік, әу бастағы еңбек жолын иен даладағы шағын вагонда бастаған мұнайшылар қауымының өкілі екендігі даусыз.
Келтір Мағұрыпұлы Шәненов атты азаматты өзімен таныс болмас бұрын сыртынан естігенбіз. Мұрат Мөңкеұлы жырға қосқан «Үш қиян» өңіріндегі айтулы мәдени шаралардың бел ортасында белсене жүретін Келтір ағамызбен осыдан төрт жыл бұрын кеңінен атап өтілген Бекет атаның 260 жылдық мерей-
тойында жүз көрісіп едік.
Ол осының алдында ғана Бекет ата­ның рухани мұрасын зерттеуде барынша еңбектенген Ислам Мырзабекұлының кере қарыс «Бекет ата» кітабын баспадан шығаруға қаржылай көмек қолын созған екен. Кейіннен әңгіме-дүкен құр­сақ, Келтір ағаның өңірдің тарихынан мол хабары бар саққұлақ азамат екендігіне көзіміз жете түсті. Ол туралы сәл кейінірек баяндармыз. Біз бүгін әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған Келтір Мағұрыпұлы 1950 жылы қыркүйектің жиырмасыншы жұлдызында Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылына қарасты Аратөбе жерінде дүние есігін ашқан. Бұл кәдімгі осыдан он жылдан астам уақыт бұрын «алтын адам» табылған Аратөбе ауылы. Ал енді Ақкиізтоғай ауы­лының ескіліктен келе жатқан аңызға бергісіз тарихы да баршылық.Тым әріге бармай, өткен ғасырларда бұл маңда сегіз арыс адайдың ат төбеліндей ардақтысы, қисапсыз дәулет біткен жаңай Қожаназар бай  үш жүзге сауын айтып ас беріпті. Ақкиізтоғайға жол түсіп бара қалсаңыз, ол астың  дақпыртының дүмпуі әлі күнге дейін құлағыңызға шалынады. Сонымен, осындай өзгеше өлкеде өсіп ер жеткен Келтірдің балалық шағы манағы біз әңгіме еткен иен даладағы мұнайшылар дәуірінің өркендеу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Құрықты ат қылып мінген кезіңнен көргенің май-май күпәйкелі мұнайшылар болса, сен алысқа ұзап қайда барасың. Содан «Алматы қайдасың» деп аузымен құс тістеген талай мұнайшылардың қара шаңырағына баланған Қазақ политехникалық институтына құжаттарын тапсырады. Әрине, кешегі Кеңес одағы дүркіреп тұрған шақта, екінің бірінің қолы жете бермейтін іргелі оқу орындағы мүйізі қарағайдай оқымыстылардың санаңа әбден сіңірген теориялық білімінің парқына сөз бар ма. Бірақ ол уақыт өте келе жинақталатын тәжірибе атты ешбір оқу орны бес жылда бойыңа сіңіре алмайтын қыруар қазынаны, сол баяғы мидай даладағы шағын вагондарда қысы-жазы ғұмыр кешіп жүріп жинақтады. Иә, анау жусанды даладағы мұнай ұңғымаларында маңдай терін төге еңбек етіп жүрген кез  келген бұрғышымен дидарласа қалсаңыз, олардың қарауытқан жүзінен даланың өзіндей дархандықты, даладай қаталдық пен мейірімділікті, сосын осынау даланың ондаған, жүздеген жылдық тарихы мен тәжірибесі бойына сыйып жатқан кеңдікті, қап деп сан соқтырған талай өкініш пен кей есерсоқтардың шектен тыс қатыгездігін жасырып жатқан аста-төк мәрттікті аңғарар едіңіз. Желкілдеген жастық шағын ұшқанда көзіңе қара ілінбейтін иен даланың бауырында өткізгендердің бір бақыты осында.
1943 жылы құрылған, мұнай мен газ кеніштерін барлайтын әртүрлі кезеңдерде «Казнефтегазразведка», «Казнефтегазгеология», «Гурьевнефте-газгеология», «Атыраумұнайгазгеология» деп аталған өндірістік бірлестікке қарайтын Каспий маңы мен Оңтүстік Ембі терең және Биікжал өте терең бұрғылау мұнай барлау экспедицияларында 1972 жылдан геолог, аға геолог, 1985 жылдан геология бөлімінің бастығы лауазымында болған жылдардың ішінде ол бұл саланың қордаланған мәселелерін білумен қатар, оны тиімді шешудің жолдарын талай мәрте жоғары жаққа ұсыныс ретінде жолдады. Талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында республикадағы мұнай мен газ кеніштерін іздестіру саласының гео­лог-барлаушыларына кеңінен танымал болды.  Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Доссор, Мақатқа арнайы келіп, «Мұнайшылар, мұнай бер» деп төкпектете әйгілі өлеңін жазған Асқар Тоқмағамбетовтің кезіндегі мұнайшылар қауымына қойылған талап арада қырық жыл өткенде де әлі өзгермеген болатын. Өл-тіріл, әйтеуір «мұнай бер, мұнай бер». Алайда талай пенденің ындынын тескен мұнайы құрымағырдың бейнетке толы азаппен келетінін жарты әлемді жұдырығында ұстаған Кеңестік билік көп ретте ұмытып кете беретін. Ол туралы зерттеу жүргізсең, бір мақаланың ауқымына сыймас еді. Тек бір ғана дерекке назар аударалық. 1989 жылдың көктемінде КСРО Халық депутаттарының кезекті сьезінде Кремль мінберінде тұрып сөз алған Н.Ә.Назарбаевтың «Мұнай өз өндірушілеріне қызмет етіп жатқан жоқ» деген пікірі басқаны қайдам, күпәйкесіне май сіңген мұнайшылар ортасына лезде тарап еді. Көп ұзамай жыл құсындай болып Тәуелсіздіктің ерке самалы есетіні де белгілі бола бастаған.
Келтір Мағұрыпұлы 1991 жылдың шілдесінен 1993 жылдың қазан айының соңына дейін мыңға жуық жұмысшы және инженер-техникалық қызметкерлері бар, 11 бұрғылау бригадасы мен әртүрлі 9 өндірістік цехтарды біріктірген Құл­сары қаласында орналасқан Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясының бастығы болып қызмет атқарды. Ақ түйенің қарны жарылған Тәуелсіздікті осы жерде жүріп қарсы алды. Енді сәл шегініс жасап, Келағаң экспедицияға басшы болып келген кездегі хал-ахуалға үңілейік. Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясы «Гурьевнефтегазгеология» өндірістік бірлестігі бойынша ең артта қалған, қаржылық жағдайы бірнеше миллион сомға зиян шеккен кәсіпорын еді. Бұрғылау экспедициясының ұжымы 1991 жылдың ақпан айында жоспардағы 2000 метрдің орнына, бар болғаны 28 метр тереңдікті бұрғылаған. Міне, осы мәліметтен-ақ, кешегі атағы алысқа кет­­кен экспедицияның сол заматтағы әлеуетін бағамдай беріңіз. Келағаңның азғана мерзімнің ішінде өзін де, өзгені де қамшылауының арқасында 1991 жылдың аяғында кәсіпорын аяғынан тік тұрып, экономикалық көрсеткіштері жөнінен «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі бойынша жүлделі үшінші орын алды. Ал 1992 жылы экспедиция барлық өндірістік көрсеткіштері бойынша «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясынан кейінгі екінші орынды иемденген болатын. 1993 жылдың қазанында Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясының құрылғанына 45 жыл толуына орай экспедицияның кәсіподақ жиналысының шешіміне сәйкес мерейтойы атап өтілді. Еңбек озаттары мен ардагерлер бағалы сыйлықтармен марапатталса, алыстан арнайы шақырылған той қонақтарына лайықты сый-сияпат көрсетілді. Мерейтой құрметіне «Бұрғылау – мұнай үшін күрестің алғы шебі» деген кітапша, «Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясына 45 жыл» деген тұмарша мен омырауға тағатын мерекелік төсбелгі шығарылды. Мұндай маңызды шара бұрғышылар қауымын бір серпілтіп тастаған болатын. Келағаң басқарған кезеңде Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясы Оңтүстік-Батыс Үлкентөбе, Қарашұңғұл, Мәткен, Машлы, Үшмола, Ембі тұзасты құрылымдары мен Қарақыз, Оңтүстік Қисымбай, Мәткен-Бұқан, Ұзынселбай тұзүсті алаңдарында іздестіру және параметрлік ұңғыларын бұрғылады. Бір атап өтерлігі, ұңғылардың тереңдігі 1500-6203 метр аралықты қам­тыған болатын. 1993-1995 жылдары Келтір Мағұрыпұлы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 4-қыркүйектегі Қаулысымен үш жарым мыңнан астам жұмысшы және инженер-техникалық қызметкерлер жұмыс жасайтын «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті болып тағайындалып, холдингтік құрылымды нарықтың талабы мен жекешелендіру мақсатына сай абыройлы басқара білді. 1993-1994 жылдары «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясы ел қазынасын 8,5 миллион тонна мұнаймен толтырды.
Ол 1996 жылдың ақпан айында бұрын жекешелендірілген «Нарын», «Кай­наркоз», «АтМГГ-Сервис», «Аты­­раумұнай», «АТП» акционерлік қоғам­дарын біріктіріп, ірілендірудің не­гізінде жаңадан қайта құрылған, мұнай және газ кен орындарын іздестіріп бар­лай­тын «Атыраумұнайгазгеология» ашық акционерлік қоғамының тұңғыш пре­зиденті болып сайланды. 1994-1999 жыл­дар аралығында Атырау облыстық мәслихатының бірінші шақырылымының депутаты атанып, сайлаушылардың аманатын арқалады.
Қиын шақта ірі мұнай ұжымдарын табысты басқарып, елдің құрметіне бөленген Келағаң 1997-2002 жылдары «Каспий мұнай» АҚ-ын құруға мұрындық болды. Игерусіз жатқан Айранкөл мұнайгаз кен орнында өндіріс орнын ашып, мидай далада жаңа мұнай кәсіпшілігін құрды. Сөйтіп, бес жыл бойы консервацияда тұрған 11 ұңғыдан басқа ештеңесі жоқ, бұрын малдың жайылымы болып жатқан Жылыой ауданы Жем селолық округіне қарасты Ақтайлақ–Бейбіт жерін­дегі Айранкөл мұнайгаз кенорнынан мұнай және газ өндіретін жаңадан кәсіпшілік ашып, оны толыққанды өндірістік кәсіпорын деңгейіне жеткізді. Жұмысшылар мен мамандарды Құлсары, Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Қамыскөл, Тұрғызба және Майкөмген сияқты елді мекендердің тұрғындарынан жасақтап, өңірдегі жұмыссыздар санын азайтуға ықпал жасады.
К.Шәненов 2003 жылдың тамыз айынан «Атыраумұнайгазгеология» АҚ-ның геология жөніндегі вице-прези­денті, басқарма бастығының геология және барлау жөніндегі орынбасары қыз­меттерін атқарып, Атырау облысының «Балықшы учаскесі, шығыс бөлігі» атты контрактілік аумағында 1961-1990 жылдар аралығында жүргізілген геологиялық және геофизикалық құжаттарды жинақ­тап, оларды жаңа технологиялық бағдар­ламалармен жарақтандырылған арнаулы компьютерлік орталықтарда қайтадан өңдеуден өткіздірді. Соның нәтижиесінде 2005 жылы жер асты қабаттарының 3800, 4800 және 5600 метр тереңдіктерінде жатқан, бұл мезгілдерге дейін ашылмаған және мүлдем белгісіз болып келген үш орташа көлемдегі карбонаттық массивтен тұратын құрылымдар бар екендігі анықталды.
Келтір Мағұрыпұлы 2006 жылдың нау­рыз айынан «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» ЖШС-де техникалық директор, 2007 жылдың қараша айынан кейін осы компанияның Бас директоры болып, 2010 жылдың қыркүйек айына дейін жұмыс істеді. 2007-2008 жылдары Келтір Шәненовтің тікелей жетекшілік жасауымен бұл компания қазақстандық компаниялардың ішінде ең алғашқысы болып, Каспий теңізінің суы тайыз солтүстік-шығыс қайраңындағы Солтүстік-Шығыс Қаратұрын құрылымында ПБУ «Лотос» атты арнаулы жүзу баржасының үстіне орналасқан МБК-125 бұрғылау қондырғысы арқылы R-1 және R-7 мұнай мен газ барлау ұңғыларын 1575 және 1835 метр тереңдіктерге ешбір мүлтіксіз бұрғылап шықты. Құрылымның 1100-1270 метр тереңдіктегі юра қабатында мұнай мен газды конденсаттың бұрқақты әдіспен өндіруге болатын өндірістік-коммерциялық қоры бар екендігі анықтады. «Каспий теңізінің қайраңын бұрғылау шетелдіктердің қолынан ғана келеді» дейтін теріс пікірдің күлі көкке ұшты. Осылайша ұлттық мамандардың шеберлігін өзгелер мойындады. Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Келтір Мағұрыпұлы  Каспий теңізінің қайраңына бұрғы салған отандық компанияның ұлты қазақ ең алғашқы басшысы болып өзгелер жете алмаған жетістікке қол жеткізді. 2009 жылдың ақпанында К.Шәненов басқаратын «Атыраумұнайгазгеология-бұрғылау» ЖШС геолог-барлаушылары «Балықшы учаскесі» аумағында орналасқан Беріш алаңындағы 2500 метр тереңдікке бұрғыланған №9 ұңғыдан сынақ кезінде 1100 метр тереңдіктегі триас қабатынан, тұңғыш рет жеңіл де сапалы мұнайдың бұрқақты өнімі алынды. Бұл мұнай кен орны Атырау қаласынан 30 шақырым  жерде орналасқан, асфальтты жолдан бар болғаны 5 шақырым ғана қашықта, яғни мұнай өнімін өндіру мен тасымалдау істері жеңілге түсетін тиімді жобаға жатады. Сол сияқты, оның табанды түрдегі ұсынысының арқасында 2009 жылы «Атыраумұнайгазгеология-бұрғылау» ЖШС нанотехнологияға жататын МК20Т түріндегі колтюбингтік қондырғыны сатып алып, Қазақстанның батыс өлкесінде алғашқылардың бірі болып іске асырды. Олар мұндай колтю­бингтік қондырғы қазақстандық және отандық компаниялардың ешбірінде болған жоқ еді.
Келағаң 2010 жылдың қыркүйек айынан бері қарай «Каспий мұнай» АҚ-да бас директордың орынбасары болып еңбек етіп келеді. Негізін Келтір Мағұрыпұлы қалаған «Каспий мұнай» АҚ бұл күндерде пайдасы жеткілікті және қаржылық жағ­дайы тұрақты, алдыңғы қатардағы отан­дық жекеменшік иеліктегі мұнай және газ өндіру компаниясына айналды. Қазіргі таңда Айранкөл мұнайгаз кен орнында 90-нан астам ұңғылардан мұнай және газ өндірілді. Жұмысшылардың жалақысы дер мезгілінде беріліп, оларға әртүрлі материалдық көмектер мен сыйақылар жүйелі түрде төленіп келеді.  Компания тек қана 2004-2013 жылдар арасында атқарылған жұмыстың көлеміне сай республикалық және жергілікті бюджетке 64, 986 млрд. теңге салық төледі. Осы мәліметтен-ақ ұжымның қаржылық әлеуетін аңғара беріңіз. Облыстың ондаған елді мекендерінен 250-ден астам азамат осы акционерлік қоғамға жұмысқа тартылған. «Каспий мұнай» компаниясының Атырау облысындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы атқарған қыруар жұмысы қай жағынан болса да атап өтуге тұрарлық.
«ҚР жер қойнауының құрметті барлау­шысы», Жылыой ауданының «Құрметті азаматы» Келтір Шәненовтің мұнай саласында мігірсіз еңбек еткеніне 42 жылдан асыпты. Оның 33 жылын бұрғылау саласына арнаса, 15 жыл басшылық қызметтерді атқарып, алғыс арқалаған. Біз жоғарыда Келағаңның қаламгерлік қыры туралы да қысқаша айттық. Кедей (Нұрмағанбет) ұрпағының шежіресін жазып, кітап қылып шығару да Келтір Мағұрыпұлының бастамасы болатын. «Көп азаматтар ру туралы әңгіме қозғалса қипақтай бастайды. Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер деген сөз тектен-текке айтылмаған. Қазақ тарихының білгірі Мұхамеджан Тынышбаевтың «қазақтың шынайы тарихын білгің келсе, қазақ тайпасының құрамына кіретін рулардың шынайы тарихын білу керек» деген пікірінде керемет ақиқат бар. Сондықтан еліміздің әр түкпірінде тарыдай шашылып жүрген ағайындардың басын қосып, аталарымыздың шежіресін жаздым. Келешек ұрпақ интернетке үңіліп, керек-жарағын алар. Мұхит асып, білім көкжиегін кеңейтер. Бірақ қазақтың ғана маңдайына жазған шежірені білу, үлкен бауырмалдықтың белгісі, сондықтан одан орынсыз үрке беріп қажеті жоқ» дейді Келағаң. Өткен мамыр айының соңғы күндерінде Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында аруақты ақын Ақтан Керейұлының рухына арнап, рухани-тағзым шаралары өтті. Осынау жиынның басы-қасында да Келтір ағамыз жүрді. «Алдағы 2015 жылы Ақтан Керейұлының туғанына 165 жыл толады. Ақынның атағы мен даңқына сай келісті кесене бой көтеріп жатса, ата­лар аманатының орындалғаны емес пе. Осы маңызды шараға көп кешікпей қамдануымыз керек» деп ой қорытады Келтір Мағұрыпұлы.
Даланың төсін шаңдатып, еңбек етіп жүрген әр мұнайшының тағдыры қалам сілтеуге тұрарлық. Біз бүгін әңгіме өзегіне айналдырған Келағаңның тағдыры әлгі замандастарының тағдырымен етене сабақтасып жатыр. Өскелең жастарды адал бейнетке үйрету арқылы, олардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыруға әбден болады. Осы мақсаттан барып, бүгінгі мақаланы жазуға бел байладық. Әлемнің жиырма шақты тіліне аударылған әйгілі «Қазына. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты еңбектің авторы Дэниел Ергиннің есімі бүгіндері көзі қарақты оқырмандарға жақсы таныс.  Сол Дэниел Ергин: «Таяу келешекте Қазақстан дүние жүзіндегі аса ірі мұнай өндіруші он елдің бірі болатынына күмән жоқ» деген пікір білдіреді. Ниетімізге қарай молынан берген қазақ мұнайында Келтір Мағұрыпұлы сынды даладай дархан, тәжірибелі мамандар тұрғанда, әлгі пікірдің көп кешікпей ақиқатқа айналарына да сенесің.
Кенжебек Тұманбайұлы,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты


Принтерден шығару Принтерден шығару