Максим Ізбасов, Жылыой ауданының әкімі: Достық пен ынтымақ тіл арқылы қалыптасады

Қазақстанда жергілікті ұлт – қазақтармен қатар ғұмыр кешіп, әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты осы елден тұрақ тапқан өзге ұлт өкілдері аз емес. Жүзден аса ұлт өкілдері мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті, жарасымды өмір сүруі еліміздегі ұлтаралық саясаттың жемісі деп білеміз. Мұндай асыл достығымызды ардақтап, бағалай білу ерекше маңызды. Осындай мызғымас достық, берекелі тіршілік Атырау облысы Жылыой ауданында да қалыптасқанын атап өткім келеді. Мәселен, Жылыой ауданында орыс, татар, өзбек, кәріс, украин және т.б. өзге ұлт өкілдері бір отбасының балаларындай болып ұлтаралық достықтың тамаша үлгісін көрсетіп отыр. Олардың барлығын біріктіріп, ортақ мүдде аясында тоғыстырып отырған осы ел мен жер болса, екіншіден, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені сөзсіз.

Бүгінде мемлекеттік тілді үйренуге құлшына ден қойып отырған өзге ұлт жастарының талабы баршамызды қуантып отыр. Неге десеңіз, қазақ тілін біліп, үйрену арқылы жастар мемлекеттік тілдің тұғырын биіктетіп, өркендетуге атсалысуда. Себебі тіл саясаты еліміздегі барлық азаматқа бірдей, ортақ екенін олар жете түсініп, бұған өз ықылас-ниеттерімен ден қоюда. Біз мұндай жастардың әрбір қадамына қолдау көрсетіп отыруға тиіспіз. Өйткені мемлекеттік тілді жетік меңгерген адам ғана өзін осы елдің толыққанды азаматы деп сезіне алады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек те, мемлекеттік тілді білу – парыз. Әлемнің қай еліне барсаңыз да мемлекеттік тілдің дәрежесі жоғары екенін көресіз.
Жылыой ауданындағы өзге ұлт өкілдерінің қазақтармен бірге қалыптасқан жарасымды өмір салты олардың қазақтың тілін де терең біліп, үйреніп шығуына мүмкіндік бергені сөзсіз. Бүгінде аудан халқы мемлекеттік тілдің аясында бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, өмір сүруде. Соның игілікті әсері болар, бүгінде домбыра тартып, қазақша ән айтатын орыс, кәріс, украин сынды өзге ұлт жастарының өнердегі талабы жұртшылық назарын аударып, алғысына бөленуде. Сондай жастардың көбі өзін қазақпын деп те айтып жүреді. Ал қазақ елінің шынайы азаматы болудың басты шарты ол қазақ тілін меңгеруден басталатынын әркім-ақ жақсы түйсінеді. Мұның әржағында өздерін жатсынбай, бауырына тартып, дос ете білген Жылыой жұртшылығының риясыз көңіліне деген ризашылығы жатқанын да аңғарамыз.
Әрі қарай сөзімізді өмірдегі нақты мысалдармен байланыстыра отырып, сабақтай түссек. Жылыой ауданының тұрғыны – Лариса Ақсақалованың ұлты орыс. Қазақ азаматына тұрмысқа шығып, түтін түтеткен. Жолдасы екеуі тәрбиелеп өсірген ұлы мен қызы бар. Лариса қазір немере сүйіп отырған әже. Қазақ отбасына келін болып түскен күннен бастап салт-дәстүрді меңгеріп, өнеге тұтып, дамытуға үлесін қосып келеді. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету оның басты қағидасы. Қазақтардың тұрмыс-салтындағы ерекшеліктерді біліп қана қоймай, ұлттық тағамдарды әзірлеудің де шеберіне айналды. Мәселен, құрт, сүзбе қайнату, ірімшік жасау, ет асу, бауырсақ пісіруді жетік меңгерген. Ұлттың барлық салт-дәстүріне, тіліне құрметпен қарайтын Лариса Михайловнаға ағайын-туғандарының құрметі де шексіз. Ұрпақ тәрбиесіне де бейжай қарамайтын Лариса: «Немереме жеті атасын жаттатқызу, шыққан тегін білдіру – парызым» дейді.  Міне, Жылыой ауданы тұрғындарының арасында мұндай мысалдар аз кездеспейді.
Өткен ғасырдың соңында Кең Жылыой  әлемдік аренаға шығып, бірқатар шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырды. Экономикалық тұрғыдан тиімді жобалар жүзеге асты. Бүгінгі таңда ауданымызда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны, басқа да көптеген  шетелдік  беделді компаниялар қызмет атқаруда. Аталған компанияларда еңбек етіп жүрген бірнеше ұлттың өкілдері бар. Олардың да мемлекеттік тілге деген құрметі мен ұстанымы айқын деуімізге толық негіз бар.
Үстіміздегі жылы ауданымызда «Халықтар достығы», «Тіл – татулық тірегі» және т.б.көптеген шаралап өткізіліп, ауданда шоғырланған кәсіпорын ұжымдары, түрлі ұлт өкілдері қолдау көрсетіп, атсалысты. «Халықтар достығы» шарасында әрбір ұлт өкілдері өз мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін таныстырып, ұлттық киімдерін киіп, барлық сән-салтанатымен жарқырай көрінді.  Ал өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізілген «Тіл – татулық тірегі» фестивалінде мемлекеттік тілге ерекше құрмет көрсетіліп, қазақ тіліне арналған әндер шырқалып, өлең оқылды. Бұл фестивальге тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысып келе жатқан «Ариадна» ЖШС-нің өзге ұлт өкілдері де қатысып, белсенділік танытты.
Жалпы айтқанда, аудан көлемінде тіл саясатын насихаттау мақсатында 6 байқау, 6 дөңгелек үстел, 10 семинар,  4 конференция, 12 кітап көрмесі және 15 әдеби, поэзиялық кештер ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткен 53 шараға 4320 адам қатысты. Ауданымызда «Ономастикалық жұмыстарды жүргізудің заңнамалық негіздері», «Ана тілі – жүректің үні», «Тілім – тірегім, соғып тұрған жүрегім», «Анамның тілі – айбыным менің», «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір», «Сөз мерген» және т.б.семинарлар мен кеңестер, түрлі жиындар мемлекеттік тіліміздің өзекті мәселелерін талқылап, олардың шешілу жолдарын бірлесе табуға, сондай-ақ тілге байланысты атқарылар шаралардың нәтижесін арттыруға бағытталып келеді. Бұдан бөлек «Қазақстан – ортақ үйіміз», «Ынтымақ – бірлік бастауы» театрландырылған көрініс, ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауға арналған «Ұлы тұлғалар – ұлы бастаулар», «Өзін танытқан тұлға» шаралары, балабақшалар мен мектептерге арналған «Тіл – жұтамас қазына», «Туған тілің – түп қазығың, айбының»,  «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Қазақ тілі – ана тілім ардақты», «Сүйемін туған тілді – ана тілді»,  «Ел – тірегі тіл», «Туған тілім», «Тіл құдіреті» сынды көптеген шаралардың ұйымдастырылып келе жатқанын мемлекеттік тілді тұғырлы ете түсу жолындағы нақты қадамдар деп білеміз. Кез келген тілдің қанат жайып, өркендеуі үшін оған тиісті қамқорлық керек. Қамқорлық болмайынша, жақсы нәтижеге қол жеткізу де оңай болмасы анық. Елбасының сындарлы саясатының арқасында елімізде мемлекетттік тілге жасалып отырған қамқорлық, қолдау аз емес. Мемлекеттік тілдің тұғыры Заңмен бекітіліп, бағдарлама арқылы іске асырылуда. Демек, қазақ тілінің дамуына ешқандай кедергі жоқ, жол ашық, бағдар айқын. Енді осы бағдарды нақты істермен бекітіп, әрбір кезеңге сай атқарылған жұмыстарды саралап отыруымыз керек.
Тілдің жағдайына күн сайын көңіл бөлу, туындаған мәселелерді уақытылы шешу кезек күттірмейтін мәселе. Себебі еліміздің жарқын болашағы тіліміздің бүгінгі ахуалына тікелей байланысты. Осы орайда тіл мәртебесін биіктету, насихаттау мақсатында аудандық мекемелерде, банктер мен ұйымдарда да бірқатар шаралар өткізіліп келеді.  Атап айтқанда, «Каспий» банкінің ұйытқы болуымен «Тіл – халықтың байлығы» атты дөңгелек үстел өткізілсе, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында «Іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу», «Жылыой ауданындағы көрнекі құралдар, жарнамалар» тақырыбында семинар-кеңестер өткізіліп, тіл мамамандары мен қоғам мүшелері қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселеге байланысты ойларын ортаға салды.
Өскелең ұрпақтың тіл ұстарту талабына да жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп отырмыз. Мысалы, мектеп оқушылары арасында өткізілетін «Абай – Шәкәрім оқуы», «Атадан туған аруақты ер…» атты Махамбет оқулары, Мұқағали Мақатаев оқулары – осының дәлелі. Мектеп оқушыларының қазақ тілі бойынша білімін шыңдауға арналған қазақ тілі пәнінен «Жарқын болашақ» олимпиадасы, орыс сыныптарында қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдер арасында «Үздік оқытушы» байқауы, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы сынды шараларға қатысушылар жыл сайын көбейіп келеді.  «Тіл – барлық білімнің кілті» тақырыбындағы облыстық байқауында ІІ орын алған Ермек Бақтияров, О.Бөкей атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлері байқауында бас жүлдені жеңіп алған Гүлнұр Жақиева, II Мағжан республикалық оқуында ІІ орын иеленген Асыланбек Шығыров сынды жастарымыз қанаттанып, ержетіп келеді. Қазақ тілінің дәрежесін арттырып, тілімізді болашақ ұрпақтарға аманаттайтын осы жастарымыз болады. Біз оларға зор сеніммен, үкілі үмітпен қараймыз.
Жылыой ауданындағы көрнекі ақпараттық құралдардың жай-күйіне келетін болсақ, аудан бойынша барлық көрнекі құралдар саны – 145, оның Құлсары қаласында орналасқаны – 122. Өзге көрнекі ақпарат құралдары ауыл-аймақтарда орналастырылған. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде. Біз әрбір көрнекі құралдардың сауатты жазылуына баса мән берудеміз.
Бүгінгі таңда тіл саясатын насихаттауды бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Ауданымыздағы тіл саясатының дамуы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі аудандық «Кең Жылыой», «Құлсары» газеттері арқылы насихатталуда. Белгілі бір дәрежеде таралымға ие мұндай басылымдар өз оқырмандарының мемлекеттік тілге деген ынтасы мен талабын қалыптастыруға атсалысып келеді.
Бұл орайда Иштван Мандоки атындағы «Қазақ тілі» қоғамдық қоры филиалының жұмысын да ерекше атап өтуге болады. Филиалда мектеп оқушыларымен қатар, Теңіз кен орынында қызмет істейтін мамандар да тіл үйренуде. Бұл – шетелдік инвесторлардың мемлекеттік тілге деген құрметін көрсетеді.
Осылайша, Атырау облысының Жылыой ауданында мемлекеттік тілге байланысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұның барлығы аудан жұртшылығының өзара түсіністігіне, мызғымас достығы мен сыйластығына, тату-тәтті тіршілігіне негізделген. Ең басты мәселе – тілімізді өркендету, оның қажеттілік деңгейін арттыру. Бұл баянды жұмысты бірлесе орындау мақсатына тұрғындар жауапкершілік танытуда.
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аруна

    Осындай өнегелі жандарға деген құрметің арта түседі. Мемлекеттік тілді білуге деген құлшыныс, құрмет ана тілін білмейтін қазақтарға үлгі болса…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.