Құлыншақ ақын

Адамзат келер-кетер, жүзге келер, 

Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.

Құдая иманымды саламат қыл,
 Ағайын қайда бізді іздеп келер…
– деп артында елдің есінде мәңгі жүрер асыл сөз қалдырған Құлыншақ Кемелұлы (1840-1911) Қоңыраттың Саңғыл тармағына жататын Көтенші руынан шыққан.
«Көтенші» сөзі «Көктәнше», яғни «Көк Тәңірші» деген сөздің «майыс­қан» түрі. Бұл сөздің айтылымын қоңы­раттардың бірқатар уақыт Шың­ғыс­ ханның жасағанындай Көк Тәңірге құлдық ұрып келгендігінің бір белгісі ретінде қабылдауға болады. Тұтас мағынасы – «Көк Тәңіршіл ел».
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған! – деп Жамбыл жәкеміздің мойындағанындай жыр жампозына ұстаздық еткен. «Шора батыр» жырын жырлап, оны 1871 жылы Оңтүстікке жасаған сапарында жанына алып жүріп үйреткен.
Көрнекті ақын, жазушы Асқар Тоқмағамбетов те бір өлеңінде Құлыншақ ақынды Қаратау өңірінен шыққан аты әйгілі адамдармен қатар атап, бірге көрсете келіп:
Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы?
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын,
Талайды сөзбен орап тұзақтады , –деп оның ақындық, айтыскерлік өнерін құрметтей өлеңіне қосқан екен. Сыр өңірінің белгілі жыр дүлдүлдерінің бірі Бұдабай ақын Құлыншақты қарт Қаратау өлкесіндегі жүйрік ақындардың ішіндегі бірегейі ретінде көрсетіп:
Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы.
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді,
Тістейтіндей қышқашы,
Ең озығы – Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалықты бұрып сап, – деп оның ақындық өнерін онымен тұстас ақындармен салыстыра келіп жоғары бағалаған екен.
Құлыншақтың ақынды өзі тұстас ақындар мен өздерін оған шәкірт санаған ақындар ғана құрмет тұтпаған. Оны туып-өскен жерінің халқы мен ақындары да ұмытпай естеріне алып отырады. Қазіргі кезде ақынның туған жеріндегі орта мектепке Құлыншақ ақынның аты берілген.
Құлыншақтың ақындығы туралы Қаратаудың теріскей өлкесінің шежіре жазушысы әрі ақын Есіркеп Өмірбеков кезінде Құлыншаққа арналған «Еске алу» деген толғау өлеңінде:
Осы жұрт ұмытқан ба Құлыншақты,
Өлеңге бәйге атындай ұрыншақты, – деп ақын атының елеп-ескерілмей, кей уақыттарда ескерусіз қалып келе жатқанын ескерте келіп:
 Келгенде сексен ақын айтысуға
 Мәреге бәрінен де бұрын шапты…
 Өлең десе, биіктен өрлеуші еді,
 Егесте ешкімге дес бермеуші еді,
 Толтыра кең даланы кернеуші еді,
– деп оның ақындық өнерін, шеберлігін айқындай, еске алып өлеңіне қосқан болатын.
Құлыншақтың ақындық өнер­паздығы өзінің шығармаларынан да кең көрініс тапқан. Құлыншақ ақын өзінің «Ақын деп сыртымыздан әркім қанық» деген өлеңінде ақындық өнері, қабілеті жөнінде деректер береді. Ол өлеңінде ақын:
Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды,
Жалғанда жаннан айыл
жия алмайды, –
деп өзінің ақындық өр бейнесінен хабар бере ақындық қарымын бағам­дайды.
Құлыншақ ақынның өз заманының көрнекті, ортасынан оза шыққан жүйрік ақын болғанын оны халықтың ақынды ерекше құрмет тұтуынан, онымен замандас, сонымен бірге кейінгі ақындардың Құлыншақтың атын ерекше ардақтайтынын жоғарыда көрсетілгендей өлең үзінділерінен де байқауымызға болады.
Құлыншақ Кемелұлының өмір­баянын ақын Сұлтанбек Аққожаев өлеңмен келтірген екен. Өлеңнің соңғы шумақтарында, Құлыншақтың қазақ ақындарының арасынан Меккеге тұңғыш рет барғандығын былайша баяндаған:
Тіліме тиек қылсам мен нелерді,
Айтайын уақытында болған ерді.
Ел берген дүниенің арқасында,
Мекке мен көзбен көрді Мединені.
Көзі қарақты оқырманға жыр жампозы Жамбыл жәкемнің «пірі» кім болған деген сұрақ қойылар болса, кірпік қақпастан «Сүйінбай» деп жауап қатар еді. Бұл барлық кітаптарда, энциклопедияларда, мектеп оқулығында, киноларда, ғылыми зерттеулерде, т.б. анықталып жазылған.
Жамбыл Жабаев туралы аса жарқын жұмыстар жасаған белгілі зерттеуші, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты кітабының 72-бетінде Сүйінбайдың Жамбылға берген батасы бар. Мәтіні былай:
«Ал Жамбыл, бата дедің, бердім саған,
Бақытты ғұмырлы боп жүргін аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағын былай шыға кінә маған.
Артынан Сүйінбайдың
орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын
сорғалаған, –
деп Сүйінбай батасын беріп, көк серкені жетегіне байлағанда Жамбыл тілек қабыл болсын деп бет сипаудың орнына:
Сүйеке, ат та алдың, атан да алдың,
Көрген ең алдын талай
наһандардың.
Түйені түгіменен жұтқанменен
Сонда да бұл жалғанда қақалмадың, – дейді. Сонда Сүйінбай:
Ей, бала, келіп қапсың бейуақта,
Жағалап Сүйінбайдай аруақты.
Аз кідірсең, атыңнан айырыларсың,
Былжырамай алып кет көк лақты, – деп жетектетіп жібереді…» (Мырзатай Жолдасбеков. «Жүз жыл жырлаған жүрек». Алматы. «Жазушы», 1992).
Бұл жерде «Түйені түгіменен жұтқанменен, Сонда да бұл жалғанда қақалмадың!» дегенді қалай түсінуге болады? Қос қолын жайып, бата беріп тұрған жан «Аз кідірсең, атыңнан айырыларсың?» деп неге қаһарланады? Бұл оның биліктің бір бұтағында отырғанын, яғни ұзақ жылдар болыс болғанын білдірмей ме?!
Біздің ойымызша, жас Жамбыл үлкен ақындық мектебін Түркістанға сапар шеккенде, жолай Құлыншақ пен Майлықожаның жырларынан алған деп білеміз. Себебі ол Мәйкөтті, Құлмамбетті «орын берді қасынан» деп ризашылығын білдіргенмен, ол «Пірім еді бас ұрған» деп тек екеуін ғана айтады емес пе?! Жас Жамбылға тек ақындықтың лебін ғана емес, имандылықтың да жолын осы қос саңлақ ақын Әзірет сұлтанның мешітінің маңында, Түркістанның киелі топырағында, қарт Қаратаудың самалды кештерінде барынша түсіндірген сыңайлы…
ҚҰЛЫНШАҚ ПЕН
ЖАМБЫЛДЫҢ ЖҮЗДЕСУІ
Кей-кейде жол жүріп бара жатқанда белгілі бір тұстарды межеге алатының болады. Себебі әлгі діттеген жеріңіз сол маңайда болған соң, көбіне-көп жаңылыса қоймайсыз. Бүгінгі елге Жамбыл Жабаевты, Абай Құнанбаевты қайталай таныстырудың қажеті жоқ, қайта білмейтін адам болса, оның өзі қысылып қалуы тиіс. Міне, сол себепті әдебиет айдынында аты белгісіздеу өнерпаз болса, оны белгілі адаммен жақындастыра қараудың еш айыбы болмайды. Өйткені әрбір адам, пәленшені білемін, ал мынау қайдан шыққан ақын деп ойлауы заңдылық. Осы ретте біздің айтарымыз елге түсінікті болу үшін, бұған дейін жалпақ жұртқа аты мәшһүр болып үлгірген Жамбыл ­Жабаевпен бір бірлікте қарастырғанда ғана мақсатымызға жететіндіктен, әңгімені осыдан бастауды жөн көрдік.
Жамбыл Жабаев 1846 жылы ақпан айының соңғы күндерінде дүниеге келген. Туған жері – Жамбыл тауының бөктері. Шу өзенінің құяр сағасына жалғаса тізбектелген Жамбыл, Хан, Байғара, Шағырлы тау сілемдері бүгінде Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарына қарайды. Бұл ара 1456-1457 жылдары алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектің Ұлы көші тоқтаған жер. Дәл осы маңды сонау Көкшетаудан, Арқа­дан қосын ерткен Абылайдың қырғыз­дарға жасаған жорық жолы десе де болады.
Жыр жампозы Жамбыл Алатау баурайындағы Құлансазды жайлап, Хан, Жамбыл тауларын қыстау еткен Шапыраштының Екей атасынан. Екей – Жамбылдың оныншы бабасы, Шапыраштыны –үшінші бұтағы болып саналады. Мырзатай ­Жолдасбеков: «Ал Жамбылдың он бірінші бабасы-Шапырашты және оның үрім-бұтақ тармақтары жөнінде ел арасында шежіре, аңыз көп. Ұлы жүздің Бәйдібек деген ел басы, батырының үш әйелі болған. Бұл Жамбылдың он бесінші бабасы. Оның Сары бәйбішеден – Қалша, Жақып, екінші әйелі Зеріптен (аса көрікті, кербез үнемі сыланып әсем киініп жүргендіктен, ел оны Сыланды сұлу деп атап кеткен) Жәлмәмбет, одан Мапырашты, одан Шапырашты тарайды. Жәлмәмбеттің екінші әйелі Қарашаштан – Ысты, Ошақты елі шығады. Бәйдібектің үшінші әйелі Нұриладан (Домалақ анадан) Жарықшақтан – Албан, Суан, Дулат тарайды» деп көрсетеді.
Бұл арада мынаны да еске ала отырған жөн болады. М.Жолдас­бековтің айтуынша: «Бұл – (Бәйдібек деп біліңіз) Жамбылдың он бесінші атасы» болатын болса, әр ұрпақтың арасы, яғни ауысымы 30 жылдан тұрады деген қарапайым есеппен алғанда, Бәйдібек баба Жамбыл Жабаев дүниеге келген 1846 жылдан әрі қарай тереңдегенде 450 жылдай уақытты мөлшерлейді екен. Сонда Бәйдібек баба өмір сүрген кезең 1396 жылдарға келеді емес пе?! Оның үстіне Бәйдібек бабаның айна­ласындағы үрім-бұтағының бәрінің аты-жөндерінің «қазақы» қалыпта (Қарашаш, Нұрила, Жақып, Сыланды, т.б.) болуы да соған сәйкес келеді. Ал Жамбылдың бергі атасы Екейлер өнерпаз жұрт болыпты. Былайғы ел оларды сырттай, «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деп әзілге қосады екен.
Әкесі Жабай шаруа баққан жан болыпты. Ақынның анасы Ұлдан Орынбетқызы Жаныс елінен.
 Шапыраштының Теке деген атасынан тараған Сарыбай дейтін айтулы азамат ат жалын тартып мінгеннен кейін Бөлек дейтін батырға еріп жүріп, сеніміне кіріп, батасын алады. Сұраншы батырмен бірігіп, өз жігіттерімен Меркіге, одан кейін 1864 жылы Колпаковскийге еріп Сайрам соғысына араласады. Сұраншы сонда қаза болады. Сарыбай жараланғанмен саптан шықпай Тәшкенді алуға қатысады. Еліне шенмен, марапатпен оралады. Осыны пайдаланып жаңадан құралып жатқан елді өзінің дегеніне көндіре отырып, Ұзынағаштағы приставқа барып, өз алдына дербес болыс болуды өтінеді. Ұлықтар рұқсат етеді. Олар Есқожа болыстығынан бөлініп Екей, Айқым бірігіп, «Қарғалы» болысы атанады. Ел билігі қолына тиген ол жан-жақтағы бытырап жүрген Екей руын жинастыра бас­тайды. Іле бойындағы Сары Үйсін арасына сіңісіп кеткен «бұйдалы» тұқымын көшіріп алады. Есқожа елі болса да Сарыбай жаңадан құрастырып жатқан жұртпен қырбай болады. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Жамбылдың жарыққа шығатын тұсы да таянады.
Ол әуелі бал-балалық дәуренді сәтімен аяқтаған соң, он бес жасынан бастап, Сүйінбайдан бата алып, өлеңге ден қояды. Оған дейін ел салтымен жарапазан айтады, Бәдік айтысына қатысады. Ақыр-соңы қыз-қырқынның қызығына да шомылатын жас жетеді. Ақындық екпінмен күндердің күнінде Айқым елінен шыққан Қыдырма дегеннің қызы Бұрыммен танысады. Ол өлеңді әсем әуенмен сызылта айтатын аса көрікті ару екен. Жас ақынның көңілін біржолата баурайды. Екеуі әуелде бір-бірімен қайым айтысымен жөн сұраса келіп, бара-бара қыз бен жігіт айтысының ұзақ сөресіне түседі.
Жамбыл мен Бұрым бір-бірімен сыпайы айтысқан. Жеңуді көздемеген. Үнемі келесі бір кездесуді аңсайтындай, ақтық сөзді сонда айтатындай рай білдірумен болған. Айтыстың соңы жарастыққа, сағынышқа ұласқан. Қыздың болса да қазақтың салт дәстүріне бағындырылған айттырып қойған жері жаналқымға келіп, екі жастың дегбірін қашыра бастайды. Жамбыл қолдың қысқалығынан асыра қалың мал төлеуге шамасы жетпей, ақыры алып қашуға бекінеді. Сол уақиғаның алдында ауылда сауық кеші болады. Жамбыл бармай, бой тасалап күтіп тұрады. Бұрым болса бұл жолы ерекше ашылып, жыр да жырлайды, ән де салады. Елмен қоштасқандай болады. Жамбыл оны жайлаудан ел күземге көшерде алып қашып, Сарыбайдың інісі Саржанның үйіне түсіреді. Өзі сездірмеген болып Сарыбайдың үйінде жүреді. Қыз ауылы ақыр-соңы болған істің ұшығына жетеді. Олар Жамбылдың әкесі Жапаға адам салады. Ол болса үлкен ұлы Тәйтіні Сарыбайға салады. Сарыбай Жамбылды оңашалап алып сөйлесіп: «Мен мына елді енді ғана құрадым. Мынау іс соған кесірін тигізеді. Үстімнен арыз жоғарғы жаққа қардай борайды. Мен оған төтеп бере алмаймын. Менің онсыз да жауларым көп. Олардың көктен күткені жерден табылып отыр. Қыз деген жас жігітке басы аман болса, жолыға береді. Керек болса ең әдемісін өзім-ақ айттырып алып берейін, қызды ат-шапан айыбымен кері қайтар» дейді. ­Жамбыл қаншама рет көнбей қойғанмен, бір күні Бұрымнан айырылып тынады. Ол, әрине, ең алдымен қызға берген уәдесінде тұра алмағандығымен жігері құм болады. Жан-жүрегі езіліп, кеше ғана ыстық құшағында жатқан сұлудың ендігі жерде біреудің отауында тұнжырап отырғаны есіне түскенде өзегі өртенеді. Өкініштен өксігін баса алмайтын шақтары жиілеген соң, ағайын-туыс­тар оны тездетіп үйлендірмекші де болады. Оған қайғы жұтып отырған жас албырт ақын көнбейді. Осыдан кейін Сарыбай жанына жақын інісін қосып беріп, екеуіне екі ат мінгізіп ел аралап, жер шолып, сергіп қайтсын деп Әзірет Сұлтанның мешіті бой түзеп тұрған Түркістанға бір ағайынға сәлем айтып келіңдер деп жолға шығарып салады.
Әрине, осынау тұста «жамбылтанушылар» біршама ағаттықтар жіберіп алғанын байқамай қалады. Олар Түркістанға сапарды ақындық мақсат-мұраттардан туған деп біледі. Олар Жамбыл өз аузынан «жиырма бес жаста едім» деген сөзінің төркінін түсінбейді. Мәселен, Мырзатай Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында: «Ел ішіндегі естеліктерге қарағанда 1867-1875 жылдары Жамбыл Әулиеата мен Оңтүстік Қазақстанның біраз ауылдарын және қырғыз елін аралаған»  дейді (30-бет).
«Ертеде сенің ауылыңда болғанмын. Ол жиырма бес жасар кезім еді. О, шіркін, дүние, балалық-ай! Түркістанды қоныстап қалған Нұртаза есімді ағайын бар еді. Соның үйіне түстім. Оңтүстік ақындарын көрейін деген көңілде арман бар. Әсіресе, Шәді төреге жолықсам деймін. Үйіне іздеп барып едік, ол кісі үйінде болмай шықты»  депті Жамбыл Жабаевтың өзі белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевқа («Жарқын бейне»).
Осыған ден қойсақ, 1846 жылы дүние есігін ашқан Жамбылдың «қайран жиыр­ма бесі» 1871 жылға дөп түседі. Тағы бір дәлел, осы айтулы сапардан кейін жан жарасы жазылған Жамбыл Сара қызбен 1875 жылы Қарқара жайлауында айтысқан, ал Айкүміспен содан сәл ертерек жолығып сөзден сүрінген. Оның мәтіні былай:
«Сен үшін жатсам-тұрсам
арманым көп,
Жем болып кете ме
деп жамандарға»
дегенін естіген Айкүміс:
«Жамбыл-ау, күпсінесің
неге сонша,
Құтқарып қыз біткенді
қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан
неге айырылдың?
Тұтқасы дүниенің сенде болса?!» деп Жамбылды жеңіп кетеді.
Айкүмістің «Қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың?»  деп отырғаны Бұрым сұлу еді.
Жамбыл Түркістан сапарынан түлеп оралған бойда әкесі оған құда түсіп Орынбек дегеннің қызы Момынды алып береді. Одан ақын Қожаш, Қожамберді, Қожақ атты үш ұл көреді.
Оның ақындық әлемі туралы Мырзатай Жолдасбеков мынадай анықтама береді:
«Жамбылға тек бір өңірдің, Алатау маңайының ақындары ғана әсер етіп қоймаған. Өлең қуған өрен жас әр қиырға көз тігіп, әрқилы жыр қайнарларынан қанып ішкен.
Сол сапарында Жамбыл Қылышбай Ержанұлы (1851-1920), Құлыншақ Кемелұлы (1840-1911), Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898), Сауыт­бек Ұсаұлы(1854-1925), Нұралы Нысанбайұлы (1857-1930), ­Орынбай Тайманұлы (1946) секілді атақты ақындармен дидарласады.
Түркістанды қоныстанып, орнығып қалған Нұртаза деген ағайынының үйіне түскен ақын алдымен Шәді төрені көргісі келеді. Оның үйіне арнайы іздеп барып, жолықтыра алмайды. Осы жолы ақын Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп, бірнеше күн той-думанда бірге болады. Құлыншақ ақыннан «Шора батырды» тыңдап, жаттап алады. Балқы Базармен ұзақ айтысады. Айтысқа төрелік еткен Майлықожа: «Қалқам, сенікі жөн, тоқта енді»  деп Жамбылдың арқасынан қағып, ақын­дығын аса жоғары бағалайды. Осы жолы Жамбыл Майлықожаны өзіне ұстаз тұтып қайтады» («Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабынан, 30-31 бет).
Осы деректердегі аты аталып, түрі түстелетін Құлыншақ Кемелұлы жайын­да бірер сөз айта кетелік:
Құлыншақ ақынның жиені Әбділдә Бағдәулетұлы Жамбылдың Оңтүстікке келген сапарында Құлыншақпен қалай танысқанын былайша баяндайды:
«Ол жылдары біз Түркістанда тұра­тынбыз. Ескі Ихан көшесінің кіребе­рісінде үлкен әуліміз, бастырмалата соққан төрт бөлмелі кесектен қаланған үйіміз, оның арт жағында қора-жайымыз болатын. Әкем Бағдәулет, ағамыз Есжан Түркістан базарында делдал болып істейтін. Қаратаудың Теріскейінен, әсіресе, Бабата, Үштөбе, Жартытөбе жағынан базарға мал айдап келетін Сүлгетей, Маңғытайлар біздің үйге түсетін. Әкем мен ағам олардың малын сатысып, дүкеннен қант-шай, киім-кешек, мата әперісіп жүретін.
Сүмбіленің аяқ кезі ғой деймін, біздің үйге Құлыншақ ақын келіп түсті. Қасында екі жолдасы бар. Әлі есімде біреуі Молда Мұса, қара мұртты, ұзын бойлысын Бұдабай десті. Құлыншақ – бізге нағашы – ол Көтенші, біз Сүлгетай боламыз, Түркістанға келсе біздің үйге соқпай кетпейтін. Біраз күн жатып жыр айтатын. Түнімен қисса тыңдайтынбыз. Бұл жолы да тап солай болды. Ақындар кезектесіп жырласты, кейде өзара қағысып, айтысып та отырды. Бірінен-бірі өтеді.
Ертеңіне елге қайтамыз деп түстік жеп бола бергенде үш аттылы сау ете түсе қалды. Егделеу кісіні Майлықожа десті. Қасындағы жұпыны киімді екі жігітті танымадым. Аттарын байлап, «жүріңіздер» деп үйге кіре бергенде, төрде отырған нағашым «Майлымбысың?» деп тани кетті де:
Майлы, Майлы дегенде
май болмадың,
Ат пен түйе алсаң да бай болмадың, – дей бергенде, Майлықожа оның қолын ала беріп:
Сен Құлыншақ болғалы
талай болды,
Не құнан, не жабағы, тай болмадың, – дегені. Бәріміз қыран-топан күлкіге қарқ болып қалыппыз. Ақындар бірін-бірі білетін сияқты. Бәрі жапырласып сәлемдесіп жатыр. Біруақта Майлы ақын наға­шымның жанына жайғаса беріп:
– Бұл Жамбыл деген ақын, – деп қасындағы бейтаныс жігітті таныс­тыра бастады, – Жетісу елінен, ана бір жылы сол жаққа барғанымда қасымнан қалмай еріп жүрген. Атақты Сүйінбайдың жақын шәкірт інісі. Сонда елге шақырып едім, келіпті. Менен «Көрұғылыны», «Қыз Жібекті», «Тотының әңгімесін» үйреніп жүр…».
Бұдан Майлықожаның сәл ертерек Жетісу елін аралағаны, Жамбылмен таныс болғаны көрініп тұр. Екіншіден, Құлыншақ ақын Түркістаннан Теріскейге жүрер алдында жолыққаны байқалады. Тағы бір есте болатын нәрсе бұл күз айында, сүмбіле туғанда болғаны…
Фольклоршы ғалым Н.Төреқұлов­тың «Жүз жасаған бәйтерек» кітабында осы оқиғаны жалғастыратын мынадай көрініс бар. «…Құжырадан шыққан олар (Жамбыл мен Зұлпұқардың Шаян медресесін аралағанын айтып отыр) аттарына барып мінді де, Нұралы ақын түсе беретін Қарабатырдың үйіне барды. Нұралының оқтын-оқтын Құжыра кітапханасына келіп, арабша, парсыша көн қапталған кітаптарды ақтарып, қызықтысын киссаға айналдыратын әдеті бар еді. Бір жұмадан бері осы үйде қисса жазып отыр екен. Бәрі өзара табысып, жай сұрасады. Зұлпұқар Досыбай ауылына Түркістаннан Құлыншақтың келгенін, Жамбылды ертіп осында шыққанын айтты. Дастарқан жайылды» (126-бет).
 Өткен ХХ ғасырдың соңында, дұрысында 1996 жылдары Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жыр жампозының жастық шағы, Оңтүстікке сапары туралы толғап, сондай-ақ осы өлкеден үлгі тұтқан ақындары туралы республика жұртшылығының есіне салғандай «Ана тілі» апталығында бірқатар сөз еткен болатынбыз. Осы әрекетімізді құп көрді ме марқұм, белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы («Шымкент келбеті» газеті, №40. 4-қазан, 1996 жыл) «Іште пікір өлгенше» айдарымен, «Жәкеңнің Күнгейлік ұстаздарын қашан кең танимыз?» тақырыбымен жанайқай мақаласын жариялады. Онда мынадай жолдар бар:
 «Биылғы жылдың басында Жәкеңнің (Жамбыл Жабаев деп біліңіз) Қаратау асып, Түркістан барған, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еткен сапары жөнінен профессор Бейсембай Кенжебаевтың «Жарқын бейне» (1984), ақын Ғали Ормановтың «Ғасырлық ғұмырдан бір тағылым» (1989), филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиетші Нысанбек Төреқұловтың «Жүз жасаған бәйтерек» (1989) зерттеулеріне негіздеп ақын Жарылқасын Боранбаев жазған көлемді мақаланы «Ана тілі» газеті екі бірдей санында жариялағанына қарамастан, Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлы қожалар өз шәкірті Жәкеңнің туғанына 150 жыл толған торқалы тойының босағасына да «бара алған» жоқ»  дейді.
Иә, содан бері де 18 жыл өтті, бүгінде содан ештеңенің де өзгермегенін көріп отырмыз.
Оған не себеп болды дейсіз бе, айтып көрейік. Әуелі Құлыншақ ­Ке­мелұлы аса талантты ақын болу­мен бірге діни сауаты мол болды. Сол себепті де ол Майлықожамен, Мұхаммед пайғамбардың өмірін қазақша жыр тіліне түсірген Шәді ақын Жәңгірұлымен шариғат әлемінде қаз-қатар қанат сілтей алды.
Екіншіден, ғұмырының соңында Мекке-Мәдинеге сапар шегіп, ақын­дардың арасынан тұңғыш «қажы» атанып, елге қайтар жолда кеме үстінде іш сүзегімен ауырып, Федосия қаласында лазеретте жатып қайтыс болды. Сүйегі Қара теңізге тасталынды.
Өлер алдында өзімен бірге болған жолдасына:
Адамзат келер-кетер, жүзге келер,
Адамды үйде өлсе де, түзге көмер.
Құдая иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда мені іздеп келер… – деп бір шумақ өлеңді бірнеше қайтара айтқызып барып, бақиға аттаныпты.
Көп ұзамай Кеңес өкіметі орнап, «Байлар мен молданы, қойдай қу қамшымен» дегенді ту еткендер «қажы» атанған Құлыншақты мүлдем ұмытуға тырысады.
Бұл дүмпуге «30-жылғы Созақ көтерілісі» қосылып, оның маңына жолау мүмкін болмайды. Белгілі ғалымдар, оның ішінде өз туысы Рахманқұл Бердібаев та бар, кеңестік идеологияның қысымымен ұлы ақынның шығармашылығын терең талдай алмайды. Көбіне-көп ана байға, мына болысқа айтқаны дегеннен аспайды. Белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы сияқты Майлықожа ақынның мұраларын ғұмыр бойы тілге тиек еткеніндей тірлікке бара алмайды. Әрине, ол үшін оны кінәлаудың жөні жоқ, дегенмен де біздер мен сіздерден гөрі, жарықтық, жатқан жері жайлы болсын, көбірек білетін еді.
Кезінде жас Жамбылға жол көрсеткен, әлемдегі ұлы дастанда­рың бірі «Шора батырды» жырла­ған, Оңтүстік ақындарына ағалық жасаған, иманигүл – қажылық сапарда көз жұмған бұндай тұғырлы тұлғаға өз дәрежесінде құрмет жасаған дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Жарылқасын БОРАНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.