Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген екен. Иә, адам өміріндегі қадірсіз нәрсенің бірі ол денсаулық, өйткені денсаулықтың қадірін әдетте біз ауырғанда ғана біліп жатамыз. Алты игіліктің біріне баланатын денсаулығымызға қаншалықты көңіл бөліп отырмыз? Біз осы мәселе бойынша Алматы қаласы «Медеу ауданы Денсаулық Қоғамдық Комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тәжірибелі де білікті маман Талапқали Әбішұлы ІЗМҰХАМБЕТОВТЫ әңгіме тартқан едік.
– Талапқали Әбішұлы, бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері қандай? Жалпы біз денсаулық дегенді қалай түсініп жүрміз?
– Біздің мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі ол науқас адамдарға, дерт меңдеген, бойында ауруы бар жандарға бағытталған. Жаңа ауруханалар саламыз, жаңа құрал-жабдықтар сатып аламыз, жақсы дәрігерлер керек дейміз. Мұның барлығы науқас адамдарды емдеу үшін, аурумен күресу үшін жасалып отыр. Мен Денсаулық сақтау саласында қызмет істеп жүргеніме елу жыл болады. Ауданда, облыста қызмет атқардым, үш жылдай Денсаулық сақтау министрі, Президент аппаратында жұмыс істедім.  Осы саланың қыр-сырын, шет жағасын біршама білем деп айта аламын. Сонда түйген ойым, біз денсаулықтың қамын ауыр­май тұрып ойлай бастауымыз керек. Аурудың алдын алу мәселесіне көңіл бөліп, денсаулықты бақылауда ұстауды, дұрыс тамақтануды, саламатты өмір салтын ұстануды үйренуіміз керек. Өкінішке қарай, жаңа ғасыр дейміз, мұның барлығы біздің денсаулыққа қатты соққы болып тиіп жатыр.
– Қалайша?
– Айтайын. Ең бірінші мәселе – біз кезінде денсаулығы өте күшті халық болдық. Түйенің қомында, аттың жалында, жайлаудан қыстауға көшіп-қонып жүрген көшпенді халқымыз табиғатпен етене жақын болып, таза ауамен тыныстап, тек қана табиғи, экологиялық таза тамақтармен азықтанып,  қымыз бен шұбат ішті. Темірдей мықты денсаулық болмаса, мұндай байтақ жерді жаулардан қорғап қалудың өзі мүмкін болмас еді. Халқымызда Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбайлар болды. Бұл біздің аталарымыз тоқсан жасында да перзент сүйген деген сөз ғой. Біздің өзіміздің негізімізге қарасақ, біз ең дені сау ұлтпыз. Өркениет келді де, бір жағынан ұлтымыздың денсаулығына соққы берді. Өркениет керек, бірақ біз өзіміздің дәстүрімізді неге ұмытуымыз керек? Қазір біз дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Не керектің бәрі бар. Осының барлығы адамның қимыл-қозғалысын күрт азайтып жіберді. Жүріс азайып кетті, адамдар қазір жүруге ерінетін болды. Екі-үш аялдама жер үшін автобусты күтеді. Айналайын, сол жерге жаяу да барсаң болады емес пе? Кеңес өкіметі кезінде салынған бес қабатты үйлерді көбісі лифтісі жоқ деп сынайды. Мен оларға айтамын: дұрыс жасалған. Бұл денсаулықты сақтау тұрғысынан алғанда өте дұрыс. Қимыл-қозғалысты аз жасайтын адамдарда семіздік және өзге де аурулар пайда болады.
– Сонда күніне қанша жүруіміз керек?
– Әрбір адам егер қадаммен есептейтін болсақ, он мың қадам жүруі керек. Күніне он мың қадам жүретін болсақ, ауру-сырқаудан аман болар едік. Өйткені қан айналым жақсарады, жүрек жақсы жұмыс істейді, ішкі органдардың жұмысы қалыпты болады. Жалпы менің ойымша, денсаулығын сақтағысы келетін адам саламатты өмір салтын ұстанудан бөлек, күнделікті жаңалықтардан көрсетіп жатқан түрлі жағымсыз ақпараттарды жүрегіне жақын қабылдамауы керек. Бір елде болып жатқан саяси оқиларға ашынып, күйініп отыратындар болады. Оның саған не керегі бар? Сен қайғырғанмен, уайымдағанмен бір нәрсе өзгеріп кете ме? Ондай ақпарат адамның  жүйкесіне теріс әсер етеді.
– Денсаулықты сақтау үшін не істеу керек?
– Білімімізді көбейтуіміз қажет. Халықты ақпараттандыру керек. Біз былтырдан бері бір жақсы жобаны қолға алып жатырмыз. Бұл жобаның мақсаты – халықты өз денсаулығын сақтауға үйрету. Қалай дейсіз ғой? Біз Медеу ауданында 78 бөлімше белгіледік. Әрбір участокте екі мың тұрғын болатын болса, сол екі мың адамның ішінен он адамды сайлаймыз, сол он адам тұрғындармен жұмыс жасайды. Кім қандай аурумен ауырады, салмағы қанша, бойы қанша, жасы қанша. Осындай негізгі ақпараттарды жинайды. Әрине, мұндай мәліметтер емханаларда бар. Оны емханадан алуға болады. Мұндағы негізгі ойымыз, көздеген мақсатымыз жаңағы айтқандай, халықты өз денсаулығын күтуге шақыру. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір адам өзінің қан қысымын өлшей алатын болуы керек. Жүрген қадамын, салмағын өлшейтін құралдары болуы керек. Бұл өз денсаулығының жағдайын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әрбір адамның жасына сай өз денсаулығы болады. Төлқұжаттағы жасынан бөлек, биологиялық жасы деген болады. Мұны да ескеру керек. Бір адамдар болады, өмір бойы темекі шегеді, арақ ішеді, қалай болса, солай жүреді, жүйесіз тамақ ішеді, күтінбейді. Оларға қарасаң, елуге келгенде түрлері шал сияқты болып қалған. Міне, біз адамдарға: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп айтып отырамыз. Адам өз денсаулығы туралы білуі керек. Зейнеткерлер өздерінің денсаулығын тексеріп отыратын медициналық құралдарды сатып алуға қалталары көтере бермейді. Қан қысымын өлшейтін жапондық аппарат 100 доллар тұрады. Бұған мемлекеттің қолдауы керек. Әр үйде салмақ өлшейтін құрал болуы керек. Маған бір ақсақалымыз: «Мен осы мемлекетке өмір бойы қызмет еттім, қанша денсаулығымды кетірдім. Енді мемлекет, Үкімет менің денсаулығыма қарасын, мені емдесін» дейді. Бұл өте қате пікір. Осылай ойлау адамды орға жығады. Сенің кеше кім болғаның емес, бүгін кім екенің маңызды. Әр адам өз денсау­лығын сақтауға қадам жасамаса, «мен аурумын, денсаулығым жоқ» деп жата бергеннен түк шықпайды. Серпілу керек, ойыңды түзеуің керек. Жағымсыз ақпараттарды жүрекке жақын қабылдамау керек. Мен біраз жасқа кеп қалған адаммын. Маған да үйде жатуға болушы еді. Бірақ одан не пайда? Қайта белсенді өмір сүріп, өз тәжірибеңді қоғамның пайдасына асырып, білгеніңді кейінгі жастарға үйретіп, үнемі дамуда, қимыл-қозғалыста болып, денсаулығымды нығайта түскеніміз әлдеқайда пайдалы емес пе?! Әрине, Алланың өлшеп берген жасынан асып ешқайда кете алмаймыз. Бәріміздің баратын жеріміз бір аялдама. Бірақ оған әр адам әртүрлі жетеді,  біреу дені сау күйінде, біреу ауру күйінде.
– Скринингтік зерттеулердің қаншалықты пайдасы бар?
– Скринингтер керек. Бұл дұрыс. Халық мұның маңызын өзі түсінуі керек. Жүздеген, мыңдаған адамды скринигтен өтіп жатыр. Мен дәрігерлерден соның қаншасы өздері келді, аурулардың анықталуы қалай деп сұраймын. Біз халықты осыған тәрбиелеуіміз керек. Өздері келсін. Өздері өз денсаулықтарының қамын ойласын.
– Темекі тарту да денсаулыққа зиян екені белгілі.  Осы жөнінде пікіріңізді білсек.
– Темекі шегу біздің елде эпидемияға айналды. Қазақстанда төрт миллион адам темекі тартады. Жылына темекіден болатын аурудың салдарынан Қазақстанда 25 мың адам қайтыс болады. Өкпе обыры, жүректің тоқтауы, диабет, құлағы естімей, көрмей қалады және т.б. ауруға ұшырайды. Бір қалада төтенше жағдай болып, 25 мың адам қайтыс болса, бүкіл әлемге шу болар еді. Жол апатынан өлу, өз-өзіне қол жұмсау,  СПИД, ВИЧ, туберкулезден қайтыс болған адамдардың бәрін қосқанда жиырма бес мың адам болмайды екен.
– Темекіге қарсы әдістер туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінде «Темекі тартпаңдар, ол зиян. Нико­тиннің бір тамшысы бір жылқыны өлтіреді» деп айту ешкімге әсер етпейді. Бұл кешегі әдіс. Біз бүгінде басқа технологияларға көшуіміз керек. Мен бұл жерде темекі тартатын адамдар туралы айтып отырған жоқпын, темекіге әлі жолай қоймаған, тартып үлгермеген балаларды, жас­тарды сақтауымыз керек. Міне, мәселе қайда жатыр. Біз қазір осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізудеміз.
Қазір әлем бойынша темекі тартпауға қарай бағытталған мода басталды. Америка, Англия, Еуропа өздеріндегі темекі компанияларын қуып шықты. Олар қайда? Біздің 17 миллион ғана халқы бар Қазақстанға төрт алып темекі компаниясы келді. Сонда олар не үшін келеді? Өйткені әлгі компанияларға Қазақстанда керемет жағдай жасалған. Біріншіден, бізде темекінің бағасы өте арзан. Бір қорап – 200 теңге. Дәл сондай қорап Англияда 2 мың теңге тұрады. Англияның мұндағы мақсаты жастар, балалар темекі тартпасын деп отыр. Ал бізде темекіні қай жерде болса, сол жерде сата береді. Заң бойынша темекіні бір талдап сатуға болмайды. Бірақ заң орындалып отырған жоқ. Көшеге шығыңыз, базарға барыңыз, газет сататын киоскілерді қараңыз, темекі ашық қораптан, талдап сатылады. Кальян деген шықты. Жастардың көбі кальян тартатын болды. Үй-үйге жиналып, бос уақыттарын кальян тартумен өткізеді дегенді естиміз. Бұл да эпидемия. Кальян тарту сәнге айналды. Біз Парламентке осыған тыйым салу жөнінде ұсыныс бергелі отырмыз. Ресейде бұл заң қабылданды. Олар бұған тыйым салды.
Әйгілі «Кэмел» темекі компаниясының басшысы осыдан отыз жыл бұрын былай деп айтқан екен: «Темекі тартатын адамдар біз үшін қызық емес. Олар онсыз да біздің құлдарымыз. Біз олардың ақшасын алдық, денсаулығын алдық. Енді олар тарта ма, тартпай ма, ол мәселе бізді қызықтырмайды. Біздің стратегиялық мақ­саты­мыз – ол балалар, жасөспірімдер». Біз бүгінде сол мақсаттың қалай жүзеге асқанды­ғының куәсі болып отырмыз.
Кейбіреулер: «Темекі компаниялары мемлекетке кіріс кіргізеді,  әртүрлі әлеуметтік топтарға демеушілік, қаржылай көмектер көрсетеді» дейді.  Ал бірақ ол компаниялардың миллиардтап тауып жатқан табысымен бұл бірнеше миллионды салыстыруға мүлдем келмейді. Сондықтан темекі компанияларының демеушілік көмектер жасауына жол бермеуіміз керек. Мұның өзі олар үшін жарнама.
– Былтырдан бастап темекі қораптарына қорқынышты суреттер салынды емес пе?
– Мұндай суреттерді салу біздің идея болды. Біз оны не үшін жасадық? Темекі шегетіндерді қорқыту үшін, ойландыру үшін жасадық. Ертең осындай күйге сен де ұшырайсың деген ойды айтқымыз келді. Біз әлемде мұндай суреттерді орналастырған 47-ші елміз.
– Бұл суреттерден нәтиже болды ма?
– Үкіметтің қаулысы бойынша біз бұл суреттерді уақытымен ауыстырып тұруымыз керек. Өйткені адамның көзі бұған үйреніп алады. Ал нәтижесіне келетін болсақ, әрине, кейбір адамдарға бұл әсер етті. Ал кейбір адамдар ол қораптарға қарағысы келмей, темекілерін портсигарға салып алатын болды. Қазір портсигарлардың саудасы қызып тұр. Енді біреулер ол қораптардың сыртына басқа қорап кигізіп қойып пайдаланып жүр. Мұның өзі аз нәтиже емес. Демек, темекі тартатын адам азды-көпті ойланды деген сөз.
– Темекі компаниялары өз өнімдерін қандай технологиялар арқылы жарнамалауда?
– Бүгінде темекі индустриясы қатты қарқын­мен дамып жатыр. Темекінің көптеген жаңа түрлері пайда болды. «Стэлс» технологиясы деген бар. Ол көзге көрінбейтін технология деген сөз. Егер назар аударсаңыз, қалада көптеген графикалық суреттерді кездестіресіз. Ересек адамдар оларды оқып, түсіне алмайды. Ал жас­тар түсінеді. Сол графикалық суреттерде адамды темекі шегуге, арақ, сыра ішуге үгіттейтін белгілер бар. Қапшағайда жыл сайын «Freedom» деген шара өтеді. Сол жерде жастарға тегін темекі таратылады. Мұндай шараларға да заң жүзінде тыйым салуымыз керек.
Есіңізде болса, «Мальборо» темекісінің жарнамасы кезінде әлем бойынша көрсетілді. Сол жарнамаға түскен кісі жақында өкпе обырынан қайтыс болыпты. Қайтыс боларының алдында барлық адамдардан кешірім сұрап хат жазыпты. Хатында өзінің қаншама адамды сол жарнама арқылы темекі тартуға үгіттегеніне қатты өкініпті. Темекінің насихаты қазір өте күшті болып тұр. Биыл кинотеатрларда «Форсаж» деген кино көрсетілді. Жастардың сүйікті киносы. Сонда қарап тұрсаңыз, басты рөлдегі актердің киімінде «Мальборо» темекісінің суреті бейнеленген. Ол актердің көлігіне де «Мальбороның» суреті салынған. Көрдіңіз бе, мұның барлығы ақпараттық шабуыл, насихат. Ал оң-солын танып үлгермеген жас адам бұған қалай төтеп береді.
– Талапқали Әбішұлы, темекіге тәуелді адамды қалай емдеуге болады? Мұның жолы бар ма?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Мен бір ғана мәсе­лені айтайын. Бүгінде француз ғалымдары тәуел­діліктен арылтатын тиімді емдік тәсіл ойлап тапты.  Ол қазір Семейде және Алматы қаласында қолданылып жүр. Нәтижесі бар сияқты. Оны алдағы уақытта көретін боламыз. Жалпы темекі тартатындардың тоқсан пайызы тастағысы келеді. Бірақ бұл қиын мәселеге айналуда. Егер адамның темекі тартып жүргеніне он жыл болмаса, олармен жұмыс жасауға болады. Мұндай адамдардың тастауға мүмкіндігі бар. Ал жиырма жыл, отыз жыл болса, оларға түсіндіру, дәріс оқу ешқандай нәтиже бермейді.
– Елімізде туберкулез дертіне шалдыққандар көп екенін білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұрын біздің елде туберкулез болмаған. Туберкулез қазаққа кезінде біздің елге қоныс аударылғандармен келген кесел. Қаншама адамдар, отбасы мүшелері осы аурудан қайтыс болды. Туберкулез туралы плакаттар жазып қойғанымыз мәселені шешпейді.  Бұған нақты шаралар керек. Мәселен, Қазақстанда туберкулез өте көп таралған. Ең бірінші таралған жері – түрмелер. Түрмеде отырған адамдарды тексеріп, емдеу керек. Әйтпесе, ол адам бостандыққа шық­қанда басқа адамдарға жұқтыруы мүмкін. Сол себепті түрмедегі санитарлық-гигиеналық нормаларға баса көңіл бөлгеніміз жөн.
Содан кейін, туберкулез дертіне шалдыққандар көбінесе ауыл адамдары болып отыр. Мұның бірнеше себептері бар. Мен біреуін ғана айтайын. Мысалы, туберкулезбен ауырып, өмірмен қош айтысуға аз күні қалған адамдарды дәрігерлер үйіне жібереді. Ол адам үйіне келгенде көңілін, халін сұрап келушілер көп болады. Қазақпыз ғой. Жағдайын біліп қайтайық, денсаулығын сұрап қайтайық деп ағайын-туыстар сол үйге барады. Өз бала-шағасы, отбасы мүшелері бәрі сол үйде. Сөйтіп, ауырып жатқан адамнан өздеріне тағы жұқтырады.
– Қазіргі таңда фармацевтика саласы бизнестің бір түріне айналып кеткендей…
– Бұл шын мәнінде солай. Бұрын фармацевтика саласы Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында еді. Қазір бұл сала өз алдына бөлек болып кетті. Бизнестің үлкен бір түріне айналды. Қалаларда қаптаған дәріханалар ашылды. Бәрінің сататыны бір дәрі-дәрмек. Сонша дәріханалардың не керегі бар? Кеңес Одағы тұсында бес мың тұрғынға бір дәріханадан келетін. Ал қазір, көше-көшеде, әр үйдің бұрышында дәріханалар ашылған. Әлемде Дания, Швейцария, Германия сынды дәрі шығаратын елдер бар. Олардың шығарған дәрілері сапалы. Ал сапалы дәрі қашанда қымбат. Сонымен қатар аталған елдердің лицензиясымен дәрі шығарып жатқан мемлекеттер бар. Олардың дәрілерінің сапасы төмен, әрине. Біздің дәрі-дәрмек бойынша өткізілетін тендерлерде арзан бағадағы дәрілерге басымдық беріліп жатады. Бұл дұрыс емес. Арзан дәрі сапалы болмайды. Оның үстіне, біз қазір халықтың бұрыннан келе жатқан ем-дом шараларынан қол үзіп кеттік. Арқаға басатын банканы пайдаланбаймыз, горчишник қолданбаймыз, т.б. Мұның бәрі ескінің сарқыншағы деп қабылданып жүр. Медицинасы дамыған Қытайдың өзі банкадан әлі бас тартқан жоқ.
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2050 жылы қазақстандықтардың орташа жасын сексен жасқа дейін жеткізу туралы тапсырма қойды. Енді біз бұл арада ойлануымыз керек. Егер де азаматтарымыз темекіні тастамаса, арақ, басқа да зиянды нәрселерден аулақ болмаса, біз орташа жасты сексен жасқа қалай жеткіземіз? Кешенді шаралар мен бағдарламалар қабылдауымыз керек.
–  Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Еркінбек

    Қазақтар өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайды. Дәрігерлерге ауруы әбден асқынып, емдеуге қиын соққанда барып, бірақ барады. Ең әуелі бақсы-балгер, емшілердің көмегіне жүгініп, сосын барып, ақ халатты абзал жандарға қаралады. Ол кезде уақыт өткізіп алғандықтан, тым кеш болатын жағдайлар да көп.

  2. Айдар

    Ауруымызды асқындырып, тақалғанша жүре беретіндігіміз қанымызға біткен қасиет. Мысалы, басқа ұлттар ауырмай тұрып, тексеріліп, ай сайын денсаулықтарын қадағалап тұрады.

  3. Данагүл

    Қазіргі экологиялық ахуал адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде.

  4. Алуа

    Денсаулық саласы да, медициналық көмектің сапасы да жақсарып келеді. Бірақ адамдар немқұрайлылығы өзгермеген.

  5. Еуаны

    Иа мен келісім

  6. Улдана

    Оте керемет жазыпты! Мән магынасы бар екен

  7. ???????

    Сендер қотақсыңдар!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.