Дұрысы – Саин. Зерттеу нәтижесі осылай ой түйдірді

Егеменді ел болғаннан бері қаладағы көшелердің біразының орысша атауын өзгертіп, қазақтың мақтан тұтар асыл азаматтарының атымен атадық. Бұл әрине құптарлық іс. Алайда қазақшалаған осы екен деп асыра сілтеушілікке де барып жатырмыз. Егер де «Саин» көшесіне бара қалсаңыз «ул. Саина» және қасына қосарланып қазақ тілінде «Сайын көшесі» деп жазылған тақтайшаға көзіңіз түседі. Яғни, қазақ тілінде «Сайын» деп атаған. Әрбір оқыған, көзі ашық адам Жұмағали Саин кезінде бүкіл Кеңес Одағына танылған қазақ халқының көрнекті ақыны екенін жақсы біледі.

Негізінде көпшілігіміздің жеке куәлік, төлқұжаттарымызда аты-жөніміз орыс тілінде жазылған. Міне сол сияқты Жұмағали Саяұлының аты-жөні орысшаланып «Саин» деп кеткен. Тіл маманы Зәмзәгүл Қарабекованың айтуынша, қазақ тілінің орфографиялық ережелеріне сәйкес дауысты дыбысқа біткен аты-жөнге «ин», «ина» орыс тіліндегі қосымша жалғанғанда соңғы дауысты дыбыс түсіп қалады. Мысалы, Ы. Алтынсары, Б. Майлы деген ата текке «ин» жалғауы жалғанғанда «ы» дауысты дыбыс түсіп қалып, Ы. Алтынсарин, Б. Майлин болып кеткен. Ал таза қазақша айтсақ, дұрысы Ы. Алтынсары, Б. Майлы. Сол тәрізді Ж. Саяұлының түбірі ­­­­­- Сая. Я­­­­­­­­­ бұл таңба. Ол «иа» дыбыстарының қосындысы (қосарлы дифтонг дыбыс). Бірақ жазылғанда «я» әрпі болып таңбаланады. Мұндағы «иа» дыбысының соңғысы «а» дауысты дыбыс болғандықтан, «Саяға» орысша фамилия жасайтын «ин» жалғауы жалғанғанда, «я» таңбасы түсіп қалады. Содан «Саин» болып шыққан. Қазақ тілінде айтсақ, «Жұмағали Сая» немесе «Жұмағали Саяұлы» болу керек. «Сайын» деп бергеніміз өрескел қателік. Адамның тегін қай тілде айтсақ та, оның түбірін сақтауға міндеттіміз. «Сая» сөзінің мағынасына келсек, «жанға жайлы, қоңыр салқын орын, көлеңкелі жер» деген мағынаны береді. Мысалы «Әміржанды қасына ертесің де осы ағаштың саясына келіп, арықтың жиегіне отырасың» сөйлемін алып қарасақ, «Сая» сөзінің «қоңыр салқын, көлеңкелі жер» деген мағынаны беріп тұрғанын көресіз. Екіншіден, «арқа сүйер, қамқор, пана» деген ауыспалы мағынаны береді. «Мен қамқоршы болған бала тек сен емес, сонау соғыс жылдары талай балаларға мына алақандарым сая бола білген» дегендей.

Енді «Сайын» сөзіне келсек, бұл «сайын, кең дала» деген мағынаны береді және істің дүркінділік созылыңқылығын білдіретін шылау (жыл сайын, күн сайын, сағат сайын). Сонымен, «Сая» және «Сайын» екі бөлек мағыналы сөздер. Сол себепті «Саин» аты-жөнін «Сайын» деп өзгерткен дұрыс емес. Тіл маманының пікіріне сүйенсек, «ы» дыбысын қосу арқылы орыс тіліндегі ата тектің өзі бұрмаланып тұр және қазақ тіліндегі «Сая» түбір сөзі сақталмаған.

Ұлттық кітапханаға барып, Ж. Саинның кітаптарын, шығармаларын алып оқысаңыз, онда мұқабаның бетінде Жұмағали Саин деп жазылғанын, ал өмірбаянында және Әди Шәріповтің «Жұмағали Саинның өмірі мен творчествосы» атты кітабында Саин Жұмағали Саяұлы деп берілгенін көруге болады. Алайда қазақтың мыңдаған құнды кітаптары мен көне мұрағаттары сақталған ұлттық кітапханадағы тізімдемені қарасаңыз, кейбірінде «Ж.Саин», ал біразында «Ж. Сайын» деп екі түрлі берілген.

Негізінде төл тілімізде орыс, парсы, араб тілінен енген кірме сөздер көп. Ал «сая», «сайын» сөздерінің шығу тегіне үңілсек, бұл қазақ тілінің төл сөздері. Оған қазақ тілінің этимологиялық сөздігін парақтасаңыз көз жеткізуге болады. Ж. Саин туралы деректер «XX ғасыр. Қазақстан жазушыларының анықтамалығында», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясында», «Советтік Қазақстан жазушылары био-библиографиялық анықтамалығында» да берілген.

Осы жөнінде ҚР ҰҒА ның академигі, профессор Сейіт Қасқабасов былай дейді: «Менің ойымша, ақын, жазушы көзі тірісінде кітаптарында аты-жөнін қалай жазғанын ескеріп, солай қалдыруымыз қажет. Себебі, оның еңбектері жазушының әдеби ескерткіші. Яғни ол кітаптарында Жұмағали Саин деп жазғандықтан оны өзгертуге болмайды. Кезінде Жұмекең өзі ата тегін «Сайын» деп айтпаса, онымыз әрине, жөн емес. Оған моральдық құқығымыз жоқ. Осыған сақ болайық. Әйтпесе 70-80 жылдан кейін ұрпақ мынаның қайсысы лақап ат деп шатасуы мүмкін. Мысалы мен «Қасқабас» деп берсем, қасына бұрынғы «Қасқабасов» деп көрсетуге тиіспін. Біз егер «Сая» деп берсек, келер ұрпақ «Саин» деген кім деп іздеуі мүмкін. Қазіргі ұрпақ ата тегін қазақшалап берсін, ал белгілі, танымал азаматтардың аты-жөнін кезінде қалай танылғанына байланысты беру керек. Ал енді «Саин» ата тегін алсақ, қазақ тіліндегі заңдылық бойынша «ы» дыбысын қосу қажеттілігі айқын көрініп тұр. Яғни қазақта «Саин» деген сөз жоқ, «Сайын» дегеніміз дұрыс. Алайда «Саин» ата тегі қазақша «Сая» деген түбірден шығып, орысшаланып «Саин» делініп кеткенін ескерсек, бұл әрине дұрыс емес».

Қазіргі таңда Ж. Саинның кім екендігін көпшілік біле бермейді. Жүргізілген арнайы сауалнаманың нәтижесінде, басқа ұлт өкілдерін айтпағанның өзінде қазақтың ішінде ересек азаматтардың басым бөлігі бұл кісі жөнінде білмейтін болып шықты. Тек бірен-сараны Ж. Саин жайлы біледі. Ал жастар ол жөнінде хабарсыз. Себебі, мектепте Ж. Саин туралы толық мәлімет берілмейді. Тек 11-сыныпта « Соғыс кезеңі және онан кейінгі жылдардағы әдебиет» тарауында қысқаша ғана дерек келтіріледі. Мәселен 11-­сыныптың әдебиет хрестоматиясында тек « Түн қатады партизан» өлеңі берілген. Міне сол себепті де мектеп оқушыларының өзі Ж. Саин жөнінде біле бермейді. Сондықтан көпшіліктің «Саинның» қазақша «Сайын» деп қате жазылғанымен шаруасы жоқ.

Кейбір басылымдардың өзі «Сайын» деп жазып жүргендігі белгілі. Біз осы мәселе жөнінде еліміздегі бұқаралық ақпарат өкілдерінің бірқатарының пікірін білген едік. Олар да «Кезінде жазушы Кеңес Одағына қандай атпен танылды, солай атаған жөн. Олай болмаса, белгілі жазушының атын өшіріп алуымыз мүмкін» деген пікірді айтты.

Осыған байланысты А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, доцент Қыздархан Құрмашқызына жолығып, өз дәлелімізді келтіргенде, ол «Алматы қаласындағы Ж. Сайын (Ж Саин) көшесінің атын дұрыс рәсімдеу жөніндегі қорытындыны» дайындап берді. Енді соған назар салсақ:

« Жұмағали Саин есімі Алматы қаласының үлкен көшелерінің біріне Кеңес дәуірі тұсында берілген, қаламыздың ономастикалық кеңістігінде өзіндік орны, тарихы бар урбанонимдер қатарына жатады.

Қазақстан тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары қала ономастикасын, көше атауларын реттестіру, мемлекеттік тіл нормаларына сай жазу мақсатымен Алматының біраз көшелері өзгертіліп, бұрмаланып жазылғандары ұлттық үрдіске сай таңбалана бастады. Сөйтіп Саин көшесінің аты да Сайын болып қазақ тілі қорында бар «сайын» лексемасы арқылы «қазақыланып», өзіміздің тілдік нормаға жақындатылып жазылған. Алайда ол кезде ақынның фамилия ретінде қолданылған әкесінің атының Сая екендігі есепке алынбағандығы көрініп тұр.

Бұлай дейтініміз, ақынның үш томдық шығармалар жинағында және Әди Шәріповтың «Жұмағали Саинның өмірі мен творчествосы» атты және т.б. еңбектерінде ақынның әкесі Сая Тілеубердіұлы екендігі және ақынның қазақша аты-жөні Жұмағали Саяұлы екендігін көруге болады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, төмендегідей қорытынды жасауға болады.

— Саин фамилиясы түпнұсқа Сая есіміне орыс тіліндегі

Фамилия жасаушы –ин аффиксінің жалғануы арқылы Сейфуллин, Майлин сынды фамилиялар үлгісімен жасалған.

— Фамилияның Сайын түрінде таңбалануы жоғарыдағы үлгіге сай келмейді, себебі орыс тілінде –ын фамилия жасаушы аффикс жоқ.

Сайын лексемасының қазақ тілінде екі түрлі семантикасы бар: а) поэтикалық: Кең дала, шексіз, иен дала; ә) шылау сөз.

Қазақ тіліндегі Сая есімінен орыс тілінің –ин аффиксінің жалғануы арқылы фамилия Саин түрінде тұлғаланады. Өйткені –ин аффиксі жалғану барысында екі буынның сая+ин түйісуі, қатар келуі нәтижесінде тұпнұсқа есімдегі я дыбысы эллипстеніп, түсіп қалады.

Сая есімінен -ин орыс тілді аффиксі жалғануы арқылы Саин тұлғасындағы фамилия немесе қазақ тіліндегі — ұлы компонентін жалғау арқылы ұллтық дәстүрге сай Саяұлы тұлғасындағы фамилия жасауға болады.

Алматы қаласының ономастикалық кеңістігінде аталмыш көше аты орыс тілінде Саин, қазақ тілінде Сайын болып қалыптасып, сіңісіп кетті. Қала тұрғындарының санасында бұл екі түрлі жазылу сол бір көшенің атымен сәйкеседі. Ал оны тарихи, тілдік ақиқатқа сай қайта рәсімдеу екінші мәселе (мысалы, адрестік тақтайшаларды қайта жазып, ілуге байланысты қаржылық шығындар)».

Алматыдағы тілді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің бастығы Сайлау Сартайұлына хабарласқанымызда, ол «Әртүрлі мекемелерден, Жазушылар Одағынан, туыстарынан түскен ұсыныстардың негізінде қалалық әкімшілікке қарайтын ономастикалық комиссия ақылдасып, ұйғарым шығарады. Содан соң, қалалық әкімдік қарастырып, мәслихатқа жібереді. Ең соңында, қалалық әкімдіктің қаулысымен, мәслихаттың шешімімен көшеге ат қойылады. Ескі атауы өзгертіледі. Одан соң Әділет департаментінде тіркеледі»,деді. Сайлау Сартайұлы «Саин» көшесі қазақша «Сайын» деп дұрыс берілгендігін әрі бұл атаудың өзгермейтіндігін ескертті. Яғни, көше «Сайын» болып қала бермекші.

Тағы бір айтып кететін нәрсе, жоғарыда аталған басқармаға белгілі тұлға Әліби Жангелдиннің орыстанған ұрпағынан оның ескерткішін, көшені «Алиби Джангельдин» деп орысша өзгертуін талап еткен хат түскенін білдік. Бұл енді сұмдық жағдай. Осыған байланысты қалалық ономастикалық комиссия қандай шешім шығаратыны әзірше белгісіз.

Қысқасы, Ж. Саин көшесін «Сайын» деп бергеніміз дұрыс емес. Қазақша дұрыс нұсқасы Ж. Сая немесе Жұмағали Саяұлы. Не болмаса «Саин» деп қалдырғанымыз жөн. Сондықтан да қазіргі ілініп тұрған тақтайшаны алып тастауға тиіспіз. Онсыз да қаншама жыл Ж Саин есімі қорланып, осы көше жезөкшелердің мекеніне айналып, беделі де түсіп кеткен еді. Тек қазір ғана көше осы келеңсіз көріністен арылды. Енді міне есімін қате беріп отырмыз. Негізінде аты кезінде бүкіл Одаққа белгілі болған көрнекті ақын, жазушы Ж. Саинның аты-жөнін қате бергеніміз ұят, елдігімізге сын. ­

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.