ЖАҢАЛЫҚҚА жаны құмар

«…Ермек іздеп асыр салған күндерім, сенен бүйтіп кетерімді білмедім» дей келе, болашақ ғалым тек балалығымен ғана қоштасқан жоқ әрі қаншама жылдар жетімдік пен жалғыздықтан жан-жүрегін қинаған уақытпен, алдамшы арманмен күн көрген бұлынғыр сәттерімен, саялы ағаш көлеңкесін пана еткізген қайғылы тіршілігімен қоштасты. «Мен де бір сенің жалғызыңмын, сар Далам, анам едің құшағы кең». Осылайша ол шынайы арман жолына бет бұрды, «қанатсыз болса да шың басына шығуға жастайынан жігерленген» жас адам болашағын еңбек пен білімнен іздеуге жол тартты, еңбек пен білім оны ғылымға алып келді, шынайы ізденімпаз, жаңашыл ғалым етті. Бүгін ол, 1929 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы),  Құланшы ауданында өмірге келген, туа сала анасынан, жеті жасында әкесінен айырылған, үй-күйсіздіктің барлық ауыртпашылығы мен азабын көріп өскен Сейтешев Әжес Петрович бүгінгі күні педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, КСРО педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Ресей Білім академиясының Құрметті мүшесі, КСРО ғылымының еңбегі сіңген қайраткері, ТМД елдерінің «Ұлттық кадрлар даярлауды дифференциациялау мен интеграциялау» кеңесінің үйлестіруші төрағасы, 30 томдық таңдамалы ғылыми еңбектердің, 1000-нан аса ғылыми мақалалардың авторы, кәсіптік педагогиканың негізін салушы, өзінің іргелі ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым, педагог және қоғам қайраткері.

Балалар үйінде тәрбиеленуі (Өрлік балалар үйінің анықтамасы бойынша ол 1929 жылдың қараша айында өмірге келген) кезінде Әжес әскери қызметте болуды армандаған. Сол оймен Астрахань қаласындағы Суворов училищесіне оқуға түспек болып, балалар үйінен кетті, бірақ ойлағаны болмай, қалалар мен ауылдарды аралап жүріп, малшы, ұста, балықшы, слесарь, токарь жұмыстарын атқарып, еңбекке пісіп, тәжірибе жинады. Кейін келе жасөспірім Әжес № 9  Атырау кәсіби училищесін үздік  бітіріп шықты. Одан кейінгі уақытта Кировабадтың әскери ұшқыш училищесін, Ташкенттегі еңбек резерві техникумын оқып бітірді. Тағдыр оны Бішкек политехникалық институтына алып келді, институтты 1962 жылы тәмамдады. Алайда өзінің іргелі өмірлік қызметін ол өндіріс саласының шебері және оқытушысы ретінде институтқа дейін-ақ бастап кеткен ­болатын. Қырғыз Республикасының кәсіптік-техникалық білім саласының өндірістік оқу ісінің шебері, жалпытехникалық пәндердің, кәсіби арнайы пәндердің оқытушысы, №3 техникалық училищенің оқу-өндірістік жұмысы бойынша директордың орынбасары, директоры болды. Ә.Сейтешевтің бастамасымен өндірістік еңбек пен кәсіби оқуды үйлестіру барысында Қырғыз рес­публикасында алғаш рет күрделі өнім өндіру технологиясы игерілді. Аталған училище базасында 60-жылдары токарьлік, үйлестірушілік, полиграфиялық станоктық жабдықтардың жаңа түрлері өндірілді. Басқа өндіріс шеберлері мен оқытушыларынан оның басты айырмашылығы – өндіріс­тік үдерісті озық ғылыми оймен үйлес­ті­рушілік қабілетінде болды. Әжес жүрген орта ғылыми ізденіс ортасы, рацио­нализаторлық, жаңашылдық ортасы, жаңа типті ізденістер мен эксперименттік зерттеулер, ғылымды практикаға енгізу ортасы. Қай салада еңбек етсе де, мектепте де, училищеде де, жоғары оқу орнында да бұл әдетінен айнымады.
Кәсіби техникалық білім педагогы бола жүріп оқу-өндіріс процесіне техни­калық эстетиканы, еңбекті ғылыми ұйымдастырудың озық әдісін, техни­ка­лық жаңалық жасауға үйретудің жаңа жүйесін, өндіріске 4 жаңашылдық, 28 рационализаторлық ұсыныс енгізді, «Т-1САП» токарлік станок үлгісін жасап шығарды. Жұмсақ металды өңдеуге арналған кескіш жабдық жасап шығарғаны үшін КСРО Жоғары Кеңесінің грамотасы мен сыйлығына ие болды. Ұстаз шебер-оқытушы ретінде 400-ге жақын білікті жұмысшы кадрларын даярлап шығарды. Олардың арасында бірнеше Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері бар.
Өндіріс пен ғылымды қатар қоя отырып жетілдіру, жаңашылдықпен жаңа сападағы өндірістік-технологиялық қатынастың туындауының себепшісі мен негіздеушісі болу оның Бішкек қаласындағы 1956-1969 жылдардағы техникалық кәсіби оқу орнында және 1970-1980 жылдардағы Қырғыз политехникалық ғылыми-зерттеу институтының аға қызметкері болып еңбек еткен жылдарының өзіндік ерекшеліктері. Жаңашыл ұстаз 1960-1979 жылдары ғылыми-практикалық басшылық жасаған тәжірибелік-эксперименталдық зертханалар Бүкілодақтық тәжірибелік мектеп, өндірістік кәсіби педагогиканың теория­сы мен практикасы жасалған ғылыми алаңына айналды. Кәсіптік техникалық білім жүйесінің басшы кадрларының білімін көтеретін Бүкілодақтық институттың профессоры қызметін атқаруы барысында да Әжес Петрович оқу бағдарламаларына елеулі өзгеріс енгізе отырып, оған жүйелілік және эвристикалық, проблемалық сипат берді. Бұл дағдысынан кейін Қазақстанға қайта оралып, жоғары оқу орындарында ұстаздық жасауы кезінде де айнымады.
Ә.Сейтешев тәжірибесінде өндірістік еңбек пен оқу ісі кезектесіп, өз орындарын тауып жатты. Үш жылдық аспирантурада оқып, біржарым жылында ғылым кандидаттығына диссертация қорғап, психология ғылымдары кандидаты атағына ие болды. Жылдар бойы орта мектепте, кәсіптік техникалық және жоғары ору орындарында жүргізген эксперименттік тәжірибелік жұмыстары мен оның өзінің педагогикалық қызметімен үйлесіп жатуы оны педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне жеткізді (1974 ж.). 1980 жылы профессор ғылыми атағына ие болды.
Қазақстандағы жоғары мектептің оқытушысы қызметінің Қазақ ұлттық аграрлық университетінен басталуы да кездейсоқтық емес. Бұл оқу орны Ә.Сейтешевтің политехникалық өмірлік дағдысын оқу-тәрбие процесіне қосу үшін қолайлы білімдік-практикалық мүмкіндік берді. Ғалым «Инженер-педагог» мамандығының моделін жасады, идеяның іске асырылуы мақсатында 12 жаңа оқу бағдарламасын түзді, 100-ге жақын оқу-әдістемелік құралдар, көрнекті оқу құралдарын даярлады.
Мектеп-техникалық кәсіптік учили­щелері-жоғары оқу орны жүйесін қамтыған 40 жыл бойғы эксперименттік тәжірибе мен оның нәтижесін шығара отырып ғылыми еңбектер жазу… ондай мүмкіндік әрбір ғалымның үлесіне тие бермейді. Ол тек мұқалмайтын жігер мен өз ісіне сенімділікпен шығармашылық ойы мен идеясын алға жылжыта алатын әлеуметтік мобильді тұлғалардың ғана атқара алатын ісі мен ғылыми тіршілігі. Зерттеуші Ә.Сейтешевтің «Педагогические основы устойчивого выбора учащейся молодежью рабочих профессий» (Фрунзе, 1973), «Пути воспитания профессионально направленной личности учащегося и молодого рабочего» (М., Высшая школа, 1976) сияқты еңбектері, «Основы профессиональной педагогики», «Новые системы обучения технической изобретательской деятельнос­ти», «Научные основы психологии высшей школы»  атты еңбектері «Научные основы педагогики высшей школы» теория мен практиканы үйлестіре қараудың нәтижелері. Осылайша кәсіптік педагогиканың теориясы мен практикасы, қазіргі заманғы кәсіби-маманның тұлғасын қалыптастырудың біртұтас ғылыми концепциясы жасалды, дамытылды. Ол жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердегі еңбек тәрбиесінің қойылымы мен іс-тәжірибесін әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық тұрғыда, олардың біртұтастығында, өнеркәсіптік өндіріс пен аграрлық және қызмет көрсету салаларының болашағы тұрғысынан жан-жақты қарастырған және бұл біртұтас процесті педагогикалық қамтамасыз етудің негізін қалаған бірден-бір ғалым. Кәсіптік педагогика аясында жоғары оқу орындарында қазіргі заманғы маман тұлғасын қалыптастыру моделін өмірге әкелді, жоғары білім дидактикасының ғылыми негізін дамыта отырып, болашақ инженерлер мен инженер-педагогтарды кәсіби даярлаудың қазіргі өзекті мәселелерін ашып көрсетті. Бұл тұрғыдағы ғалымның ой-толғаныстары мен ғылыми шешімдері 1997 жылы жарық көрген «Научные проблемы формирования личности и развития сов­ременного образования в Республике Казахстан» (Алматы: Ғылым) атты кітабында баяндалды.
Зерттеудің келесі сатысында жаңашыл ғалым өндіріс жағдайында жас мамандар­дың кәсіби бағдарлануын одан әрі дамыту мәселесін қарастырды. Тек өндіріс кеңісті­гі­мен шектелмейді, қазіргі заманғы білікті инженер кадрларын даярлау ісі мектептен, мектептегі еңбек тәрбиесі мен пәндік, лабо­раториялық тәрбиеден басталады, кәсіби мектептерде бастапқы кәсіби бағдар мен білім, тәжірибе өзінің логикалық жалға­сын табады да, өндірісте шындыққа айналады, ендігі жерде инженерлік еңбек шын­дығын шығармашылық ізденістік бағдармен ұштастыру мүмкіндігі артады. Мәселе инженердің шығармашылық интеллектуалдық ізденіске қаншалықты бағдарланғандығында.
Зерттеуші пікірінше, қазіргі ғылым, техника және өндірістің даму үрдісі кәсіби даярлық (мазмұны, оқыту түрлері мен әдістері) пен қоғамның инженерлік және техникалық кәсіби даярлыққа сұранысы арасында сақталып отырған қайшылықтарды аша түсуде. Ол қандай қайшылықтар?
Біріншісі, білімдік ақпарат көлемі­нің артуы мен фунда­мен­талдық іргелі (қоғамдық-саяси, жара­тылыстанулық-ғылымдық, жалпытех­никалық) және қолданбалы (нақты-кәсіби) білім бойынша оқу уақытының шектел­гендігі арасындағы қайшылық. Осыдан келіп оқу пәндері мазмұнын іріктеуді жетілдіріп, жаңаша құрастыру міндеті туындауда. Оқу пәндері мазмұнындағы өзгеріс оқытудың әдістерін де өзгертуді талап етеді. Оқушыларды оқытудың интенсивті әрі тиімді әдістері қажет. Ол үшін білім негіздерін оқушыға жеткізудің, олардың оқу материалына қызығушылығын, оқы­тушы мен оқушының тез арада білім­дік-ақпараттық кері байланысын арт­тырудың стандарттық емес әдістері іздестірілуі қажет. Осы мақсатта оқу тобында болашақ мамандардың мүдделілігі мен қызығушылығын тудырып, елітіп, ертіп әкететіндей қолайлы психологиялық ахуал­дың жасалуы, білім алушылардың жұмыс қабілетін есепке ала отырып, оқу еңбегі үшін керекті оқу режимін жасау маңызды.
Екіншісі, қалыптасып қалған тар өрісті жекелеген мамандыққа даярлау жүйесі мен өндірістің мамандығы кең өрісті, жан-жақты, кәсіби мобильді маманға сұранысының артуы арасындағы қайшылық.
Үшіншісі, оқу процесін ұйымдастыру­дың қалыптақан ұйымдастыру жүйесі мен қазіргі өндірістің маманның кә­сіптік қызметіндегі репродутивтік және шығармашылық компоненттерінің ара сал­мағына қоятын талабы арасындағы қайшылық.
Ә.Сейтешевтің қай еңбегін алып қара­саңыз да, сіз дәл білім социологиясының негізін салушының ғылымаралық байланыс туралы айтып кеткен ілімінің жаңашыл ғалымның нақты практикалық зерттеулерінде, тәжірибелеу нәтижесінде ұштала түскен идеялар мен ойларында, нәтижесінде іргелі еңбекке айналған кітаптарында көрінісін тапқанын, дамытылғанын байқайсыз. Оның интеллектуалдық диапозоны мен танымдық қабілеттілігі әлдеқайда жоғары. Себебі ғалым әрі психолог, әрі педагог, әрі тамыры терең әлеуметтік сезімталдық иесі. Қоғамдық дамудың үрдістеріне және шынайы сұраныстарына қатысты әлеуметтік рефлексия оны ылғи да шындыққа жақындатты, педагогикалық және психологиялық теориясын, ой-пікірін шынайы сұраныстар тұрғысынан бағамдамуға дағдыландырды. Қазіргіге ертеңгінің тұрғысынан қарау, әлеуметтік-педагогикалық болжамдау мен үлгілеу мәдениетін қалыптастырды.
Тек Франция социологиясының ғана емес, әлемдік әлеуметтанудың ірі классик тұлғасы Э.Дюркгейммен оның тағы бір ұқсастығын, пікірлес екендігін атап айтпауға болмайды. Мәселе «оқу» мен «тәрбиенің» арасалмағы мен арабайланысында. Француз ғалымы «оқыту», «тәрбиелеу», «дамыту» ісінде бірінші орынға «тәрбиені» қойған. Әрине, әл-Фараби сияқты ұлы тарихи тұлғаның да білімді тәрбиеден тыс қалдыруға болмайтыны туралы ілімі баршаға аян. Ә.Сейтешев шығармашылығында тәрбие мәселесі мектептегі еңбек тәрбиесінен, кәсіпке даярлау барысындағы адами тәрбие мен кәсіби тәрбиенің үйлестіруі мәселесінен бастау алған. Мақала авторының бірі 80-жылдардың аяғында Мәскеу қаласындағы Ленин атындағы одақтық мемлекеттік кітапханадан Әжес Петровичтің кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы тәрбие туралы кітабымен таныса отырып, мәселені қоюда соншалықты нақтылығы мен өміршеңдігіне ден қойған еді.
Расында, Кеңес Одағы кезіндегі бірқатар кәсіптік-техникалық оқу орындарын негізінен орта мектепте үлгерімі мен тәртібі жағынан ақауы барлар мен кедей-кепшік отбасылары мен жетім-жесір балалары, алыс ауылдардың жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жастары паналайтын. Сол себепті жасөспірімдер мен жастардың бұл әлеуметтік тобының тұлғалық тәрбиесінің әлеуметтік мәні зор еді. Шындығында, дәл осы оқу орнынан жүздеген жастар тек кәсіптік білім мен тәжірибе ғана емес, зор адами-тәрбиелік мектептен өтіп, есейіп шығып жатты. Ынталысын қойғанда ынтасыз келгендердің өзін оқу процесінің нақтылығы еріксіз еліктіріп әкететін. Бұл жерде тек ақпарат берілмейді, оқу ісі нақты өндірістік жабдықпен танысу және өз қолымен сол жабдықпен жұмыс істеу арқылы жүріп жатады. Училище оқушылары үшін өндірістер есігі, нақты өндірістік процесс ашық болатын. Оларға сабақ берушілер негізінен өндіріс шеберлері. Олар көпсөзділікті білмейді, нақты өндірістік қатынаста тәрбие береді. Өндірістік-техникалық қауіпсіздік мәселесі ол да бар, қатаң тәртіп пен жинақылықты сақтамасаң, өзіңді-өзің опатқа соқтыруың мүмкін. Яғни мектеп пен кәсіби білім орнындағы оқу еңбегінің мазмұны да, ұйымдастырылуы да басқа, адами арақатынас нормалары да басқа. Кешегі бостық пен босбелбеулікке өндіріс барысында орын жоқ. Өз қолымен нақты өндірістік еңбекке қатынасушы жасөспірім мен жас адам еңбектің қадір-қасиетін тез ұғынады. Әрі жас адамның нәтижесі көрініп тұрған нақты еңбекке тікелей қатынасы оның өзіне сенімділік тудырып, қадір-қасиетін арттырады. Оған ұжымдық еңбектің мәнділігін қосып қойыңыз. Ұжым алдындағы жауапсыздық өндірістік еңбек саласында бірден айқындалып шыға келеді, ол сөзсіз, ұжымның ренішін тудырады, сенімін кемітеді. Өз кезегінде жас адамға ұжым тарапынан қойылатын талап та айқындала түседі. Қорыта айтқанда, кәсіптік білімнің және оқытушы мен оқушының іс барысындағы арабайланысының нақтылығы мен ұйымдасқандығының тәрбиелік мәні ерекше. Осының бәрі Ә.Сейтешевтің ұстаз ретінде және зерттеуші ғалым ретінде өз тәжірибесі. Сол себепті жастарды техникалық кәсіби даярлау ісіне қатысты оның ілімдерінің, тәжірибелерінің әлеуметтік мәні қазіргі Қазақстан жастарының кәсіби өсіп шынығуы үшін аса маңызды.
Тәуелсіз Қазақстанның дамып алға басуының транзиттік кезеңін бейнелейтін 90-жылдары қоғамдық тәрбие, жастар тәрбиесі елеулі күйзелісті бастан өткізді. Әлеуметтік-тарихи уақыт дөңгелегі кері айналып, қоғамдық қатынас пен сана социалистіктен капиталистікке, жоспарлыдан нарықтық қатынасқа өту, соңғысының қажетті алғышарттарын жасап даярлау кезеңінде әлеуметті және еңбек тәрбиесі де елеулі күйзелісті басынан өткізді. Көптеген жекеменшік оқу орындары бой көтеріп, бұрынғы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қирап түскен уақытта бүкіл тәрбие салмағы мектепке түсті. Мектеп ондай қоғамдық және саналық қысымға төтеп бере алмай жатты. Кешегі тарихымызға «тоталитаризм» тұрғысынан ғана қарайтын әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптасқан уақытта ол кезеңде болған, нәтижесін беріп келген тәрбие тетіктері іске жарағысыз болып көрінді. Білім беру саласында елеулі қайтақұрулар мен жаңартулар жасалып жатқанымен әлеуметтік және еңбек тәрбиесі босаңсып кетті. Тәрбиедегі босап тұрған кеңістікті тез­арада пайдаланып қалушылар табыла кетті, шетелден миссионерлік қызметтер ағылып келіп еніп жатты, жаңадан бірқатар «бизнес – субъектілер» жасөспірімдер мен жастарды табыс көзіне айналдырды (Жол берілген сол бір босаңсудың салдарларын қоғам қазірде айқын сезініп те отыр). Қалыптасқан жағдай Ә.Сейтешевтің де жанын ауыртты, қамықтырды, қолына қалам алдырды. Ғалым өз пікірін былайша баяндады: «Қазақстан мектептерінде және жоғары оқу орындарында тәрбие жүйесі жоқ. Тәрбие жоқ жерде білім жоқ, адам да жоқ. Ертедегі грек ғалымы Платон мемлекет туралы кітабының алтыншы пунктінде айтқандай, «тәрбиеленбеген немесе жалған тәрбиеленген адам – жер беті жаратқан ең қауіпті жабайы аң». Елдің дағдарыстық кезеңінде оқу-тәрбие мекемелеріне мәдениеттің төмендеуі тән болып отыр. Оның ең тереңдеген ­салдары – Қазақстан педагогының тұлғалық құлдырауы, өзінің профессионалдық қасиетінен айы­рылуы. Осындай күрделі әлеуметтік-психологиялық жағдайда педагогикалық позицияларды ғылыми-теориялық қайта қарау өткір қажеттілігі туындады. Бір жағынан қарағанда, тұлғаны тәрбиелеу қоғам дамуының тұрақты элементі, әлеуметтік дамудың факторы, ол алғашқы қауымдық құрылыстан бері дәлелденген, екінші жағынан қарасаңыз, әлі қоғам дамуының стратегиясы анықталмаған, қоғамды қайта құрудың жаңа негіздері түсінікті болмаған әлеуметтік дағдарыс жағдайы тәрбиені әлеуметтік тірегінен және лайықты мазмұнынан ажыратады. Әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жолын іздеу барысының әлеуметтік қатынастар жүйесінің қиратылуымен, қоғамдық құрылымдардың ыдырауымен, идеологиялық вакуум, қоғамның дегуманизациялануы және криминализация­лануымен қатарласып жүруі әлеуметтік және мәдени құбылыс ретінде тәрбиені бұзып қиратты. Педагогикалық дағдарыс жағдайында тәрбие жоққа шығарылды, мектеп пен жоғары оқу орындарында оның орнына тар өрісті пәндік оқыту ғана қалды».
Ғалымның ойынша, педагогика алаңында орын тепкен «жаңашылдық» «ойын­дар» кәсіптік істің дағдарысының белгісі. Инновацияшылдық әдістерді қуалап кету педагогикалық авангардизмге ұрындырды, ал ол өз кезегінде «адам», «қоғам», «еңбек», «қайырымдылық», «шындық», «сұлулық» сияқты жоғары құндылықтарды «күш», «мистика», «байлық», «секс», «индивидуализм» сияқты «құндылықтармен» ауыстыруға мүмкіндік ашты. Соңғылары қазіргі заманның мәдениетті адамы үшін құндылық емес, тек әрекет қана. Алайда сол соңғыларды қоғамдық коммуникация каналдары арқылы насихаттау ел педагогтарын сасқалақтатып, түсініксіз жағдайға енгізді, активті позициядан айырды. Керісінше, балалар мен жасөспірімдердің, жастардың адам натурасы мен табиғатына тән жаратылыстық құбылыстарын қоздырды, тәрбиелік құндылықтар мәнін таяздатты. Қазақстанға экспортталған шетелдік «құнсыз» материалдық және рухани өнімдер әлемдік мәдениеттің жетістіктері деп саналды, осылайша елдегі мәдени-психологиялық құлдырауға негіз болды. Балалар мен жасөспірімдерді, бойжеткендер мен бозбалаларды тәрбиелеу ісі барынша қиындады. Тағылық пен жабайылық, күш көрсету мен зорлық, индивидуалистік карьеристік, есі кеткен тұтынушылық, тартып алушылық жаялаған жағдайда педагогтар алдына тұлға тәрбиелеу міндеті қойылды. Жасөспірімдік қылмыс өрістеп алды. Тек екі жыл ішінде қазақстандық 500 бала өз өмірін өзі қиды. Суицид эпидемияға айналды.Осының бәрі Қазақстан Республикасында қоғамдық тәрбие жүйесінің жоқтығынан, әлі ұлттық идеяның жасалып болмағандығынан, үлгі алатын идеалдың жоқтығынан….
Осылайша ой толғай келіп, Ә.Сейтешев тәрбие жұмысы жүйесінің авторлық жоба-бағдарламасының моделін ұсынды. Төрт бөлімнен тұратын ғылыми еңбек ре­тінде жазылған бұл бағдарлама ­мо­де­лін автор «Рыноктық қатынас жағ­да­­й­ын­да­ғы тәрбиенің жаңа жүйесі» деп атады. Бөлімдерінің аттарының өзі ай­тылған ой-толғаудың негізгі бағыты мен маз­мұ­нын аңғартып тұр: тәрбие процесі-құн­ды­лықтардың тәрбиеленушілер бойына сіңірілуі, қазіргі заманғы тәрбие мәселелері мен оны шешудің жолдары, болашақ мұғалімдерді тәрбиелік қызметке даярлау жолдары, білім мекемелері қызметін бағалаудың басты көрсеткіші тәрбие жұмысы болатындығы, т.б. Модель-бағдарламада тәрбие теориясы мен оның қолданбалық қырлары негізделді, талданды, тұжырымдалды. Тәрбиеге негіз болатын әлеуметтік құндылықтар жүйесін, тәрбие жүйесіндегі өзін-өзі тәрбиелеудің алатын орнын және оны дамыту жолдарын, тәрбиенің басты принциптік негіздерін баяндай келе, автор «Жаңа тәрбиенің» қандай болатыны туралы өзінің ғылыми-практикалық түйінді тұжырымдарын жасады. Автор тұжырымдамасының өзегінде адам өмірінің мәні, адам өмірінің мәніне жету жолында адамдардың өзіндік ізденісі мен өз еңбегінің орны алынған. Тәрбие – адамның өзін өз өмірінің мәніне сәйкес тіршілік жасауға, ізденуге, өзін-өзі жетілдіруге бағдарлау, жұмылдыру. Өз өмірінің әлеуметтік мәнін табудың негізінде адами құндылықтар жатыр. Өзін-өзі танып білуге тәрбиелеу өзіне-өзі талдау жасау, бағалау, бағдарын айқындап алуға, айқындалған бағытта ізденіс әрекетін жасауға мүмкіндік ашады.
Тәрбие моделі туралы авторлық ізденістің келесі деңгейі педагогикалық қызметтің тәрбиелік қырына қойылатын жалпы талаптарға арналған. Педагогиканың өзі адамзаттық тәрбие идеясынан туындаған. Адамзаттың барлық мәселесі өзінің шешімін тәрбиеден табады. Біз ұлтымыз, нәсіліміз жағынан кім болмасақ та бәрімізге ортақ бір құндылық бар – бәріміз Адамбыз; еңбек – адам дамуының басты заңдылығы. Еңбек дегеніміз – өз жаратылысыңды дамыту, байыту, жасампаз болу. Бұл адамға берілген зор бақыт; оқу процесі зерттеушілік сипатта болып, ғылыми білім алдағы практикалық іске бағдарлайтындай етіп құрылуы керек; Белгілі бір себептермен кәсіби әлемде таңдау жасай алмай қалған адам қалған уақытында үлкен жастағы бала болып қала береді; Белгілі бір мамандықты жетік игермеген жас адам, ол қандай білімді болса да әлеуметтік жетілген адам бола алмайды. Сондықтан өз мамандығыңызды жақсы көріңіз: ол сізді тұлғалық қасиетіңізді қалыптастырады, жан дүниеңізге өріс береді.
Жас адам рухани жетілу үшін бес деңгейден өтуге тиіс. Олар: табиғаттың заңдылықтарын білу және табиғатпен үйлесімде тіршілік ете білу; Ақылыңды, ерік-жігеріңді рационалды ұйымдастыра отырып, жан дүниең үшін қолайлы жағдай жаса, ұстазыңмен арабайланыста бол; психология мен денеңді ақыл-ой және дене жаттығулары арқылы шынықтыр, оны дұрыс тамақтану мен салауатты өмір тәртібімен үйлестір; санаңды белгілі бір философиялық концепцияларды игеру жаттығулары арқылы кеңітіп отыр; ұжымдық ортада өмір сүру заңдылықтарын игеру арқылы ұлттық деңгейдегі қатынастарға ықпал ете алу әлеуетіне бейімдел… ХХІ ғасыр басындағы әлемдік дағдарыс – әлемдік жеткіліксіздік педагогтар мен педагогика ғылымы ұятында жатыр. Сол себепті педагогтардың ұлы миссиясы – бүкіл қоғамды мақсатты тәрбиелеу, оның адамгершілік-этикалық іргетасын қайта құру. Жаңашыл ғалымның бұл ілімдерін қазіргі заман адамының, мұғалімінің адамгершілік-моральдік кодексі демеуге бола ма?!
Тәрбиені ұйымдастыру туралы ғалымның келесі ой-пікірлері де өзіне назарыңызды аудартпай қоймайды. Академиктің түйіндеуінше, ХХІ ғасырда жаңа адам, жаңа ғылыми көзқарасы, әлемдік дүниеге жаңа көзқарастық түсінігі бар адам қалыптасуда. Сол себепті бізге тек ақыл-ой дамыған ғана емес, әрі жоғары адамгершілікті, рухани бай, өмірінің әлеуметтік мәнін түсінетін, оған қол жеткізе алатынына сенімді, толыққанды өмірлік тіршілік үшін мақсатты және белсенді іс-әрекет етуші адамды қалыптастыра алатын қазіргі заман мұғалімі қажет. Қазіргі мұғалім тек өз өмір-тіршілігі мен оқытатын пәнінің заңдылықтары мен формуласын ғана айқын түсініп қана қоймай, әрі оның ғылымының даму тарихын да жақсы білуге тиіс. Бірақ ғылымын білу істің тек бір бөлшегі ғана. Бастысы – сол ғылыми шындықты тәрбиеленушісінің өз еңбегімен аша алуы­на алып келу. Ол үшін тәрбиеленушінің ақыл-ойын жақсы білу керек. Осы мақсатта мұғалім тәрбиеленушісінің ойының өзгерісін әр минут сайын қадағалап отыруы тиіс. Мұғалім бала ақыл-ойының сақтаушы-періштесі, оны сақтайды, дамытады, бекіте түседі. Бұл П.Ф.Кептерев айтып кеткендей, күрделі, бірақ қасиетті, жоғары мәнді іс.
Алайда педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің жалпымәдени норма шеңберінде шеберлікпен еңбек ету әлеуеті жеткіліксіз. Бұл тек бір елге ғана тән жағдай болып отырған жоқ. Мәселе, ең алдымен психологиялық-педагогикалық даярлыққа қатысты болып отыр. Өкінішке орай, педа­гогтар әдетте тек пән мұғалімі ретінде ғана – физика, химия, биология, т.б. пән мұғалімдері ретінде, академиялық білім алушылар ретінде ғана даярланып келеді. Оның психологиялық, жалпымәдени, әлеуметтік даярлығы жекелеген білім алушының өзінің жекелеген үлесіне қалдырылған. Жеке адамдар әркелкі. Сол себепті мұғалім болып қалыптасу үдерісі өте қиын өтеді. Басты себеп – білімдік кеңістікті ұйымдастырушылар емес, тек пән мұғалімдерін даярлауда болып отыр.
Педагог – ол, ең алдымен Мұғалім! Тек арнайы педагогикалық білім алып қоймаған, ең алдымен қоғамдық проблемалардың өткір жүзін санасымен сезінетін тұлға. Ерекше әлеуметтік міндетті іске асырушы, уақыт пен ұрпақ ауысуының сабақтастығын қамтамасыз етуші. Онсыз адамзат дамуы, прогрестік даму тоқтап қалған болар еді.
Мұғалім –ойшыл, адам тағдыры, оның рухани, интеллектуалдық дамуы, физиобиологиялық денсаулығы, елінің және бүкіл әлемнің болашағы сеніп тапсырылғанын сезіне алатын ақыл-ой бейнесі. Мұғалім –зерттеуші, әркелкі педагогикалық ситуацияда тек педагогикалық факторларды ғана көріп қоймай, бүкіл себеп-салдарлар жүйесін көре, түйсіне алатын, сөйте отырып, білім мен тәрбиенің тиімді жолдары арқылы мақсатты нәтижеге қол жеткізе алатын әлеуметтік тұлға. Мұғалім – басқарушы. ХХІ ғасыр педагогтарының басым көпшілігінің тек жоғары білікті ғана емес, әрі жаңа идеяларды шығармашылықпен игеруге ашық, өз ойымен оны бағалай алатын, іске қоса алатын шығармашылық өрісті адамдар болатыны заңдылық…. Академик ойының өміршеңдігі оны жалғастыра берсе деген ниет, ықылас тудырады.
Академик өзінің ойы мен арманын өлең шумақтарына түсіре отырып, «Жалғыздық бойды басқан бала жастан, өмірде ауырлық жоқ одан асқан, кез болса қаза жетіп, шырақ сөнер, есіркеп, жаны ауырар табылар ма жан» деп жүрек түбінде сақталып, мазалап келген ойын білдіреді. Жаңашылдығынан өзінің 85 жасында бірде-бір айнымаған ел азаматына, ғалымына айтар тілек: «Құрметті Әжес Петрович, сіз үшін жалғыздық ауылы әлдеқашан алыстап кеткен, асыл азаматтарын қадірлей білетін ел-жұртың өзіңізбен әрқашан бірге» деген болар едік. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, жасай беріңіз, жаңашыл ойыңызбен, ғылыми жетістігіңізбен халқыңызды қуанта беріңіз!».

Раушанбек Әбсаттаров,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі,
философия ғылымдарының докторы,
профессор

Тыныштық Қалдыбаева,
 социология ғылымдарының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.