Ұлытауды ұлықтай білейік

Ұлытау – өте қасиетті жер.
Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар.
Нұрсұлтан Назарбаев

Ескерткіш – ел шежіресі

Ұлытау. Атының өзі көп жайттан хабар беріп тұр емес пе? Бұл көп таулардың бірі емес. Бірегейі. Ірісі. Ағасы. Абызы.
Ұлытау аспан астындағы мұражай іспеттес. Бұл жерде қазірдің өзінде белгілі болып отырғандай сегіз жүзге тарта тарихи, мәдени ескерткіш бар. Зерттеу жұмыстарын жалғастыра берсе әлі де  бағалы мұралардың талайы табылуы мүмкін.
Ұлытау – қазақ ұлты үшін қастерлі мекен. Бұл таудың тарихы – қазақтың тарихы.
Ұлытау – ұлтымыздың тарихи кіндігі. Бұған бір ғана дәлел – Сарысу өзенінің төменгі сағасындағы «Таңбалы тас». Тік жартастың бетінде барлық қазақ руларының дерлік таңбалары қашалған. Ел ішіндегі аңыз бойынша осы маңда Қазақ елінің шаңырағын көтерген алғашқы тарихи құрылтай болған. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытау» деген бәрімізге белгілі, жанымызға жақын сөз де әлгіндей ұлы жиыннан кейін қалса керек.
Ұлытау жерінде әйгілі Жошы ұлысы керегесін керді. Алтын орданың алғашқы астанасы осында орналас­ты. Дешті Қыпшақ мемлекеті мен Қазақ хандығы шаңырағын көтерді. Қазақ халқының ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаев: «Орыстарға Кремль қандай қадірменді болса, меніңше Қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі» деп Ұлытаудың тарихи мән-маңызын ашып көрсетті.
Ұлытау ескерткіштері дегенде, ең алдымен Алаша хан мазары ауызға алынары анық. Мазар Ұлытау ауданына қарасты «Сарыкеңгір» ауылының түбінде, биік жотаның үстінде тұр. Ғалымдардың айтуы бойынша, ескерткіш оғыз-қыпшақ заманындағы (Х-ХІІІғ.) сәулет өнерінің үлгілеріне жатады. Ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ сонда да болса бастапқы қалпын сақтауға күш салынған. Сыртқы қабырғалары кәдімгі алашаға ұқсас. Кірпіштер солай өрілген. Мазарға кіргеннен кейін сол жақта баспалдақты тар қуыс бар. Сонымен жоғары көтеріліп, айналма екінші қабатқа, одан кесене үстіне шығуға болады. Сол  кезде төңірек алақандай көз алдыңызда тұрады. Кірпіштердің бетінде ру таңбалары, ою-өрнектер бейнеленген. Іштегі шағын терезелерден күн сәулесі түсіп тұрады.
Бағзы заманнан жеткен бұл сәулеттік үлгінің құрылысы таңдандырмай қоймайды. Осы уақытқа дейін шыдап келген кірпіштің мықтылығын айтсаңызшы! Жылқының қыл құйрығын турап, биенің сүтіне илеген екен дейді. Ол да мүмкін. Әйтпесе осы уақытқа дейін шыдас берер ме. Кесененің үстіндегі күмбез сырты көк түспен сырланған. Бабаларымыз көк тәңіріне табынғанындай көк түсті пір тұтқан-ау, сірә. Тәуелсіздікке жеткен бүгінгі уақытта туымыздың түсін көк қылып өте дұрыс жасаппыз.
Бір қызығы, қазірдің өзінде Алаш есімі секілді Алаша ханға қатысты әртүрлі аңыз-әңгімелер жетерлік. Ол біресе дәулеті асқан байға, енді бірде алапес ұлға теңеледі. Кейін келе аты мәлім хан деңгейіне көтерілген. Енді бір аңызда Жошы хан Алашаның ұлы ретінде баяндалады. Осыған орай кезінде жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбеков былайша өз ойын білдірген еді: «Жалпы тарихи белгілі деректер бір ойға қалдырады. Көпшілікке белгілі, Жошы хан өлген соң арада төрт-бес ай өткенде Шыңғыс хан да дүние салған ғой. Жошының денесінің Ұлытау іргесіне жерленгені тарихи шындық. Ал Жошы өлгенде Шыңғыс ханның сол өңірді жайлап отырғаны да күмән тудырмайды. Ендеше, Шыңғыс ханның сүйегін мыңдаған шақырым жердегі Қарақорымнан немесе Қытай жерінен іздеудің қисыны қалай деген ой келді. Ал моңғол хандары міндетті түрде Қарақорымға жерленеді деудің қисыны тағы да жоқ. Бұл орайда Жошының Ұлытауға, Батудың Сарайшыққа жерленгенін айтса да болады». Бұл да көңіл аударуға тұрарлық пікір. Алаша хан деп жүргеніміз Шыңғыс ханның өзі болып шықпасын!
Еңселі ескерткіштердің бірі – Жошы хан мазары. Жошы есімі – көпке мәлім. Шыңғыс ханның сенім артқан ұлдарының бірі. Ол расында да қабілетті болған. Талантты қолбасшы ретінде әйгілі. Шыңғыс ханның балаларының ішіндегі ең ержүрек, ең еркөңіл әрі адамгершілігі мол осы Жошы болған деседі.
Мазардың бітімі ерек. Қараған сайын түрлі ойға қалдырады. Тілсіз, жансыз осы дүниенің өзінен дүлей күш белгісін, қату қабақты, ықтырып жіберер айбарды аңғаруға болар еді. Маңына тірі пендені жолатқысы келмейтіндей. Сұсты. Ызғарлы. Жер-әлемнің қожасы өзі секілді әсер қалдырады. Демек, мазар құрылысы атүсті салынбаған. Бұл ақылдасып атқарылған істің, терең ойдың жемісі.
Жошының аты аталғанда Кетбұқа бабамызды да еске алып өткеніміз жөн. Ұлы жырау, даңқты қолбасшыны тек Жошы ғана емес, оның әкесі Шыңғыс хан да сыйлап, құрметтеген. Жошы қаза тапқанда осы өлімді тәуекел етіп әкесіне естірткен де Кетбұқа. Тарихи жазбаларда көрсетілгендей Кетбұқа 1260 жылы Сириядағы Айн-Джалуд деген жерде жорық үстінде ажал құшады.
Өткен жылы Жезқазғанда «Қазақтың Кетбұқасы» атты қоғамдық қор құрылды. Биыл қорды ұйымдастырушылар бабаға арналған кітаптың тұсаукесерін кең көлемде атап өтті. Қазір мыс шаһарының төрінде Кетбұқа баһадүрдің ескерткішін орнатуға байланысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жошы хан мазарына таяу маңда Домбауыл кесенесі көзге түседі. Кесененің сырт пішіні киіз үйге ұқсас. Қызыл сұр граниттен қаланған. Кесене ішіне баспалдақ арқылы кіреді. Реті келгенде айта кетейік, Семей жеріндегі Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары да осы құрылысқа ұқсас.

NUR_5494
Домбауыл есімі аңыз-әңгімелерде, тарихи жазбаларда жиі ұшырасады. Қазақ шежіресінде, жыр-толғауларда да бұл есім кездеседі. Домбауыл аңыздарда мерген, дәулескер күйші болғандығы айтылады.
Жошы мазарының дәл жанынан кезінде Алтын Орданың астанасы болған Орда-Базар қаласының орнын көрер едіңіз. Әр жердегі ақ төмпешіктер сол қаладан қалған жұрнақ.
Алғашқы кезде араларынан қыл өтпестей тату болған, кейінірек жауласып өткен Алтын Орда билеушілері Едіге мен Тоқтамыстың Ұлытаудың ұшар басында қатар жатуы да таңдандырмай қоймайды.
Азияның арыстаны атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлы қолбасшының тарихшысы Шарафадин Әли Иезди өзінің еңбегінде бұл туралы былай деп жазған: «Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол таудың басына шығып, төңірегіндегі көк жасыл дала мен көксеңгір тауларға ұзақты күнге телміре қараумен болды. Содан соң әскерін жинап сол жерден үлкен құлпытас орнатуға бұйрық берді. Бармағы майысқан шеберлер осынау сәтті оқиғаның болған күнін тасқа қашап жазып, ұзақ жылдарға жететін мәңгілік ескерткіш қалдырды». Сол тастағы жазу мынау екен: «Тарихтың жеті жүз тоқсан екінші қой жылы. Жаздың ара айы. Тұранның сұлтаны Темір бек жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханға соғыспаққа жүреді. Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырды. Тәңірі нәсіп берсін. Иншалла, Тәңірі бұл кісіге рақым қылып, барша адам есіне алып жүрсін». Осы тасты тапқан ұлтымыздың ардақты перзенті Қаныш Сәтбаев. Тас қазіргі күні Санкт-Петербургтегі Эрмитажда орын тепкен. Ұлытаудағы тас үйілген жер Алтыншоқы атауымен белгілі.


Қазіргі Ұлытау ауданының Аманкелді ауылына беттер тас жолдың оң жағында «Хан ордасы» аталатын тарихи орын бар. Қазақтың хандарына осы жерде құрмет көрсетілген. Қалың қауым болашақ ел басқарушыны ақ киізге көтеріп, хан тағына отырғызған. Елбасы 1993 жылы Ұлытауда болғанда, сонда «Хан ордасына» соққанда сол бабалар дәстүрі ырым етілді.
Ұлытауда ескерткіш белгілер көп. Жоғарыда келтіргеніміз өз алдына. Олардан басқа: Обалысай қонысы, Жаманайбат, Мұзбел, Бойсеңгір, Бөріойнақ тұрақтары, Басқамыр, Аяққамыр қалалары, Белең ана, Болғана ана, Жұбан ана мазарлары, «Теректі әулие» гранитті қырқалар кешені… Осылардың әрқайсысы тұнған тарих, сырлы шежіре.
Ұлытау жері хандарды ұлықтап, ел тағдырына қатысты алқалы басқосуларды өткізумен бірге ел үшін болған талай қырғын-шайқастарға да куә. Солардың бірі 1720 жылдардағы Бұланты-Білеуті шайқасы. Қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына алғашқы шабуылы осы өңірде басталған-тын. Бұланты шайқасына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, басқа да билер, хандар, батырлар қатысты. Осы жерде жоңғар басқыншылары ойсырай жеңілді. Бұл жеңіс туралы Елбасының орыс ұлты мен мемлекетінің тағдыры үшін Полтава, Куликова, Бородино түбіндегі орыс жасақтарының жеңісі қандай маңызды болса, қазақ халқы мен мемлекеті үшін Бұланты-Білеуті бойындағы жеңіс сондай болды деп салмақ түсіре айтқаны бар.

Атына сай асқақтата түссек…

Ұлытаудың қасиеті туралы аз жазылып жүрген жоқ. Тіпті тарихтың атасы атанған Геродот жазбаларында да бұл жердің ескі атауы кездеседі. Осыдан үш ғасырға жуық Ұлытау төңірегінде болған швед ғалымы Старленберг: «Тұнып тұрған қандай тамаша тарих! Мұндай әсемдікті басқа өңірден табу қиын шығар» деп сүйсіне жазған.
Бәрінен бұрын өткенге, тарихқа құрметі ерекше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдірейік. Ұлытау топырағына аяқ басқан сайын осы өңірдің құдіреттілігі жөнінде айтудан жалыққан емес. Киелі жердегі биылғы сұхбатында қазақтың қай түкпірінде де қасиетті орындар бар екенін, Берел қорғанын, Аңырақай шайқасы өткен жерді, Сарайшықты, Түркістанды айта келе: «Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа» деген болатын. Мемлекет басшысының абыз таудың төңірегіндегі тебірене, толғана айтқан әңгімесінен кейін Ұлытау туралы жиі сөз етілуде. Баспасөз бетінде көптеген материалдар жарық көрді. Ұлытау тақырыбын арқау еткен жиындар, басқосулар өтуде. Солардың ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академия­сында Елбасының кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен өткен алқалы жиынды  бөле-жара атап кетуге болар еді. Осы тектес шаралардың Ұлытаудың орнын, жалпы қазақтың тарихын жеткілікті білуде маңызы ерекше. Ал тарихты білу дегеніміз не? Бұған әйгілі тарихшы  Л.Гумилев «Өткеніңді білмей, болашақ болмайды» деп нақты да айқын жауап берген. Тарихтың бағасы жөнінде бұдан артық қалай айта алармыз.
Ендігі үлкен мәселе – өзіміз тамсана сөз етіп, қасиетін, құдіретін Елбасынан бастап мойындап отырған, тіпті өзіміз ғана емес сырт көз де, сырт көз болғанда қайсыбіреулері емес, ғұламалары мен данагөйлері бағалап, бас иген Ұлытаудың өзін ұлықтау жайы. Әрине, бұл уақытқа дейін ештеңе істелмеді десек, мұнымыз жөн болмас. Бір елеулі істің тындырылғаны – 1990 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы өмірге келді. Демек, бұл – Ұлытаудағы ескерткіштер, табиғаты, суы, өсімдігі мен жануарлары мемлекет қамқорлығында дегенді білдіреді. Бірқатар ескерткіштерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұрындары қараусыз қалған Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл мазарларының маңы қоршалып, тазаланып ретке келтірілді. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы пайда болды. Осында қазақ хандарына ортақ ескерткіш орнатылған. Керей ханнан бастап Кенесары ханға дейінгі хандардың аты-жөндері жазылған. Кетбұқа ескерткіші де бой көтерді. «Дала философы» аңыз бойынша, Ұлытаудың шыңына жерленген Асан қайғы бабамыз да ұмыт қалмай, биік төбе басында ескерткіші орын тепті. Басқа да қолға алынған жұмыстар бар. Дегенмен, әлі де атқарар шаруа қомақты. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек.


Ұлытау туризмге сұранып-ақ тұр. Жоғарыда біз тілге тиек еткен дүниежүзілік маңызы бар ескерткіштерді кімнің қызықтағысы келмейді дейсің. Табиғатының өзі қандай ғажап! Сыңсыған орман-тоғайлары, тұп-тұнық, мөлдіреген көлдерін айтсаңызшы. Таудағы су көздерінен Терісаққан, Ұлы Жыланшық, Құланөтпес, Кең өзен­дері бастау алады. Ең үлкен өзен – Қаракеңгір, ұзындығы – үш жүз елу шақырым. Терісаққан өзені Желдіадыр тауынан басталып көршілес Ақмола, Қостанай облыстарының аумағын қамтиды. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендері қосылып Сарысуға құяды. Ұлытау көлдерімен де көркем. Көлемі елу шаршы шақырымнан асатын Қарақойын мен Шұбар-Теңіз көлдері бар. Мұнан басқа Ащыкөл, Барақкөл, Дәнсары, Обалы, Қоскөл, Бозбайтал, Бұршақтыкөл және басқа көлдер де Ұлытау аумағында.
Географиялық-ботаникалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының анықталуы бойынша бұл өңірде мыңға жуық өсімдік түрі бар. Өзен аңғарларындағы тоғайларда итмұрын, тобылғы, долана, қарақат, қараған жиде өседі. Ұлытау аршасымен де ерекшеленеді. Еліміздің «Қызыл кітабына» енген қызғалдақ түрлері, бетпақдала сылдыршөбі, түйесіңір, торғай бұйырғыны да осы өңірде.
Аймақта жүзден аса сүтқоректі, екі жүзден астам құс түрі мекендейді. Кешегі кездері бұл жерде бұлан, сілеусін, арқар, құлан мекен еткен. Дала алқаптарында қыран, құзғын, қарақұс, ителгі, қаршыға кездеседі. Кейбір сирек кездесетін жануарлар тұқымы мүлдем жойылып кету алдында тұр. Оларды сақтап қалудың жолдары қарастырылуы тиіс.
Ұлытау табиғаты тылсым сырға толы. Жер бетін топан су қаптаған заманда Скандинавия және Тибет шыңдарымен, Гоби қыраттарымен, Сібір және Саян тауларымен қатар Ұлытаудың қия-құздары да су бетінен шығып тұрған. Тау басындағы энергия ағыны мен өзгеше ауа райы да ғалымдарды қызықтырады. Желдің соғуында да бір гәп бар. Ол жоғарыдан төмен соғып, ауаны үйіріп, биіктен ылдиға қарай бағытталады. Ғылыми ортада сөз болатын: «Ұлытау – әлемдік рухани күштер орталықтарының бірі» дегеннің де астарына тереңдей үңілген жөн-ау.
Осы ретте жергілікті өлкетанушы азамат Бақтияр Қожахметовтің пікірі назар аудартады. Оның ойынша, Ұлытау тауы тек қана Батыс Сарыарқаның ең биік нүктесі емес, сонымен қатар оның «кіндігі», барлық жаратылыс бастау алатын тамыр, «әлем орталығы». Оның басынан ғарышпен байланысқа түсу оңай. Көк пен Жер сол жерде түйіседі, сондықтан тау бағзы заманнан киелі орын ретінде саналып, Құдай мен рухтар мекені, қасиетті күштердің үнемді ықпалды нүктесі, Адам мен Табиғаттың тылсым байланысқа түсетін, ырым-жоралғылар жасайтын жері болып есептелген.
Ұлытаудың баурайынан адамдар дем алып, ем қабылдайтын курорт ашуға әбден болады. Өңір туристік әрі демалыс аймағына айналуы үшін ең қажеттісі сапалы жолдар. Елбасының кейінгі уақыттары жол мәселесіне баса көңіл бөлуі жайдан-жай емес. Жол – өмір өзегі. Биылғы жылы Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарының пайдалануға берілуі Ұлытау үшін де маңызды. Теміржолмен қатар автожолдардың да сапасына айрықша көңіл бөлінгенін қалар едік. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» деген Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуға баса назар аударылды. Сонда бірінші кезекте жүзеге асырылар негізгі автожолдар жобасы қатарында Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда бағыттары бар. Бұл қуанарлық. Сонымен бірге Арқалық – Ұлытау  автожолының жағдайы да күн тәртібінен түспесе екен дейміз. Біздікі Ұлытауға пойызбен не автокөлікпен беттеген жолаушы жол азабын тартпасын деу. Жол дегенде айтылатын тағы бір жайт, Ұлытау төңірегіндегі тарихи орындарға, тарихи ескерткіштерге апаратын жолдардың сын көтермейтіндігі. Алаша хан мазары Сәтбаев қаласынан елу шақырымдай жерде. Бір жақсысы аталған мазарға дейін тас жолы, асфальты аралас автожол бар. Қалғандары шаңдары бұрқыраған дала жолдары. Әсіресе, Жошы хан мазарына жету қиын. Жол біледі дейтін адамның өзі айқұш-айқұш жолдардың қайсысына түсерін білмей адасып жатады. Демек, ішкі жолдарға да көңіл аударатын уақыт жеткендей.


Мемлекет, ел алдында тағы бір зор міндет бар. Ұлытау – ұлттың ұясы, бар қазақтың басын қосқан, ел, халық болуға ұрандаған жер дейтін болсақ осында ұлы жердің, ұлттың өткенінен сыр шертетін, қазақ хандарының, қазақ батырларының даналығын, қайрат-жігерін, ержүректігін көрсететін ауқымды ескерткіш-кешен салынуы тиіс. Оның қандай болғаны жөн? Әбден зерттелгені жөн. Ең болмағанда Ресейдегі Мамай қорғаны дейтін тарихи-мемориалдық кешеннен кем болмағаны жақсы. Сонда Ұлытау туристік, демалыс аймағы болумен қатар ең бастысы ұлы бабаларымызға тағзым ету орталығы да болар еді. Әрине, Мамай қорғаны секілді кең көлемдегі сәулетті-мүсінді композицияны жүзеге асыру оңай емес. Оған дайындық та, уақыт та қажет. Біздің Ұлытау, ұлттың Ұлытауы дәл осындай ескерткіш-ансамбльді қажет етіп-ақ тұр. Осы мақсат жүзеге асатын болса Ұлытаудың даңқы одан сайын мәртебеленіп, асқақтай түсеріне күмән жоқ.
Сөзді түйіндей келе айтарымыз, Елбасының өзі айрықша мән беріп, мұны қалың жұртшылық қолдап отырғаннан кейін Ұлытаудың бүгіні мен ертеңі мемлекет назарында болуы тиіс. Үкіметіміз бұл жөнінде кешенді бағдарлама қабылдауы қажет. Бұл бағытта қолға алынып жатқан шаралар бар да сияқты. Мәселен, «Ұлытау-Ел» туристік-сауықтыру кешенін салу жөнінде. Бұлар Елбасы Ұлытауға соңғы  барғанға дейінгі межеленген жұмыстар. Үкімет қабылдаған шешімдерін тағы бір сараптан өткізіп, жетпей жатқан жерлерін жетілдірсе, кем-кетігін толтырса құба-құп. Маңызды құжатта біз айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп жатса, қанекей. Ұлытауға көңіл бөлу – бұл біздің ұлттық бірлігімізге, айналып келгенде елдігімізге құрмет.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.