Екі қабатты киіз үй

Ерте замандардан бері қолданыста келе жатқан, көшпелі заманда халқымызға баспана болған дүние-мүлік ­– киіз үй екені белгілі.
Киіз үйдің құрылымы ғасырлар бойы өзгерістерге ұшырап отырғаны мәлім. Алғашқыда жай ғана күрке болса, бертін келе ол дөңгеленген пішін болып өзгерді. Осы орайда киіз үйді бүгінгі заманға сай жетілдіре түсу мақсатында жеке жобамды жасап шығып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Ол – «Екі қабатты киіз үй» деп аталады. Бұл жобамды Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 80 жылдығына арнай отырып, 2017 жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынамын. Енді екі қабатты киіз үйдің жалпы жобасы мен құрылымына қысқаша тоқталайын.  

Киіз үйдің екінші қабатын жатып дем­алатын, қонақ күтетін бөлмелер ре­тін­де қолдануға болатын болса, ­мейрам күндері сөз сөйлейтін мінбер, концерт қоятын сахна, мейрамхана, кафе ретінде қолдануға өте тиімді. Екі қабатты киіз үй, әсіресе, жас нәрестесі бар отбасыларға таптырмайтын жай. Өйткені жас нәрестенің өсуіне, тыныштығына мұнда қолайлы жағдай жасалған. Екінші қабатқа көтерілу үшін киіз үйдің ортасына айналмалы баспалдақ орналастырылған. Баспалдақтың бір шеті ортада орналасқан ошақтың мұржасына бекітілсе, екінші шеті ағаш еденді көтеріп тұратын баспалдақ торының қоршауына бекітіледі. Еденнің арқалығының екінші шеті киіз үйдің сыртқы шеңберлі қабырғасына орналастырылады.
Ошақтың мұржасы үйдің екі қабатынан да биік және оны діңгек ретінде қарастырып оған екінші қабаттың шаңырағын сым темір арқылы іліндіреді. Шаңырақтың конструкциясы діңгектің бойына ары-бері қозғалып тұратындай етіп жасалынған, өйткені екінші қабаттың арқаннан тоқылған қабырғасын және арқаннан өрмекші торындай тоқылған уықтарын көтеріп тұруға бейімделінген.
Екінші қабаттың жабыны (киіз не синтетикалық материал) міндетті түрде бірінші қабаттың сыртынан киіліп тұратындай болу керек. Мұның мақсаты, екінші қабаттың еңсесін ауа райына байланысты өзгертіп тұруына кедергі жасамау үшін қарастырылған.
Кез келген инженерлік ғимарат­тың жетілген дәрежесі көбінесе оның жеке салмағы арқылы анық­талады. Осы көрсеткішке көңіл аудар­сақ, онда ең жетілген қондырғы ол үрлемелі конструкция болып есептелінеді.
Үрлемелі конструкция дегеніміз – жұмсақ материалдан даярланған қабат аралары ауамен, газбен кептелген түрлі пішінді келтіруге қолайлы суды өткізбейтін және сыртқы атмосфера әсерлеріне төтеп бере алатын құрылғыларды айтады. Қабаттарының саны бір, екі немесе үш қатпарлы болып даярланады. Ерекшелігі – құны арзан, салмағы жеңіл, жиналғанда кіші көлемді, құрылып-жиналуы жылдам және жөндеуге жеңіл.
Климаты жұмсақ, өмір сүруге жайлы аймақтарда киіз үйдің екінші қабатын үрлемелі материалдан жартылай шар – күмбез сияқты етіп жасаған өте тиімді. Үрлемелі конструкцияға терезенің керегі шамалы. Өйткені жабынның бірнеше доғалы қабырға тілігін жарық өткізетіндей даярлайды. Ауаның айналымына кедергі болдырмау үшін күмбездің төбесіне (шаңырақ орнына) дөңгелек тесік жасалады. Киіз үйдің екінші қабатын жылыту үшін қатпарлар арасына ыстық ауа жіберсе не болмаса «жылы еден» жүйесін қолданса да жеткілікті. Екінші қабатқа шығатын жиналмалы баспалдақ киіз үйдің қабырғасына ­жапсырылып есік тұсына орналастырылған. Үрлемелі конструкцияға ауа өткіз­бейтін капронды материал қолда­нылады (б суреті).
Енді бір жаңалық ол уықтарды тиімді пайдалану, яғни беріктігін сақтай отырып, материалды үнемдеу және кинематикалық қозғалысын болдырмау. Ол үшін кез келген қатар орналасқан үш уықтың ортаңғысын керегеден щаңыраққа дейін жеткізіп және іргелес жатқан екеуінің ұзындықтарын 40% қысқартып ортаңғы уықпен біріктіреді, яғни бұл жерде мызғымас үш бұрыш пайда болады (в суреті). Ол беріктіктің белгісі. Осындай шешімнің арқасында шаңырақтағы тесіктер 50-60 пайызға кеміп, беріктігі артады, уықтарды қысқартудың арқасында уық шыбықтары 30 пайызға кемиді.
Міне, осы келтірілген екі қабатты құралмалы-жиналмалы үйді, яғни мінбе, сценаны, кафе ретінде іске асырсақ малшыларға да, қалаға көшіп келген қазақтарға да, вахта жұмысшыларына да, саяжай үйшігіне де, көл жағасындағы демалыс орындарына қол жетімді кеңдік туар еді. Оның үстіне бір қабатты киіз үй әр елде бар, ал екі қабатты киіз үй және оның екі нұсқасы да еш елде жоқ, яғни бұл ұлттық брендке айналмасына кім кепіл.

Жұмабай Байнатов,
техника ғылымдарының докторы,
профессор, «Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Жамбылбек (Тараздан)

    Мақалада еденнің арқалығының екінші шеті киіз үйдің сыртқы шеңберлі қабырғасына орналастырылады делінген. Сонда еденнің салмағын, екінші қабаттағы адамдардың салмағын көтеріп тұратындай,бірінші қабаттың кабырғасы не материалдан жасалады? Кәдәуілгі көктелген ағаш керегенің ондай салмақты көтеруі неғайбыл.

  2. Рүстем

    Болашақта осындай 2-қабатты киіз үйлер елімізде бой көтерсе, игі.

  3. Шолпан Қанди

    Қазақтың киіз үйіне Құдайдың өзі «патент» берген. Оның бір деталына өзгеріс енгізуші күнәлі және кінәлі. Киіз үйдің құрлысына ешқандай «подделька» жасалмау керек. Керегесі, уығы шаңырағы сайлы ақ шаңқан киіз үйді көрген әр адам (ұлтына қарамай) тамсанбай, таңырқамай жанынан өте алмас. Көп қабатты үйлерде әр қабатқа көтерілетін баспалдақ үшін үйге жапсарлатып цилиндр формалы төбесі сфера, конус тәрізді жабылған қосымша құрлыс салынуда. Соны негізге алып-ақ сіздің идеяңызды іске асыруға болады.
    Шолпан Қанди

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.