Аққулардың мекені – Аққулы

Еліміздің әр өңірінде күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып келе жатқан елді мекен, жер-су және т.б. атаулар жетерлік. Олардың әрқайсысын жеке қарастырғанның өзінде тарихы тереңге жалғасады, ғасырдан асып, дәуірлерге кетеді. Себебі жер жаратылғалы бері, ол жерге ел қоныстанғалы бері пайда болған мұндай атаулар замана бедерінде бірталай өзгерістерді басынан кешіріп, жаңарып, жаңаланып отырды. Алайда бұл «есте жоқ ескі замандарда» қалыптасқан атаулардың мән-маңызын жоққа шығару деген сөз емес, қайта соларды зерделеп, зерттей түсу арқылы өткен шағымызды тереңірек біліп, тани түсуді меңзейді.

Ата-бабаларымыз өмір сүрген кезеңдерден бері сақталып қалған жер-су, елді мекен атаулары бүгінде бірте-бірте қалпына келтіріліп, олар географиялық карталардан көрініс табуда. Дегенмен, ­ономастика ғылымында жер-су атауларына байланысты шешілмеген мәселелер аз емес. Солардың бірі — Павлодар облысы, Лебяжі ауданының орталығы болып табылатын Аққу ауылының атауына байланысты. Бұл жер не себепті «Аққу» деп аталды? Оның солай деп аталуының сыры неде?
Қазақстан топонимиясының негізгі ерек­шелік­терінің бірі ол географиялық атауларда ландшафттардағы өсім­діктер пен жануарлар дүниесінің сипаттамасы көрініс табатындығы. Топонимдер құрамындағы аң, жануар, құс атаулары Қазақстанда олардың кейбір түрлерінің кең тарағандығын аңғартады. Мәселен, Павлодар облы­сының аумағы жануарлар дүниесінің көптігімен ерекшеленеді. Мұнда орманда және далада тіршілік ететін жануарлар дүниесі жиі кездесетіндіктен топонимнің құрамында жан-жануар­ларға байланыс­ты берілген атаулар ұшырасады. Мұның бірден-бір себебі, халық өзі өмір сүріп отырған ай­мақта сол аймақты мекен еткен аңдар­дың жүретін жерлеріне орай тауларды, өзен-көлдерді, орман-тоғай­ларды, елді мекендерді табиғат жаратылыстарының есімдерімен атайтын болған.
Географиялық тұрғыдан алып қарағанда, Павлодар облысы аумағының 70 пайызы Батыс Сібір жазығына (Ертіс маңы, Құлынды, Бараба) жататыны белгілі. Ғылыми деректерде Сібір өңірін мекен еткен жануарлардың Қазақстан аумағына қарай ығысуына мұздық кезең әсер еткені көрсетілген.
Қандай да болмасын табиғат жағдайына бейімделген жануарлар дүниесінің ареалы аумақтың географиялық атауларында көрініс табатыны белгілі. Бұл жөнінде П.Паллас (1769-1770) Ертіс өзенінің бойымен жүргізген ғылыми зерттеулерінде орманды дала, дала зоналарында бөкен, құлан, марал, қабан, құндыз, т.б. жануарларды көргенін жазған. Ал В.Селевин Семейдің таспалы қарағай орманы тайгамен өзара байланыста болып, ұштасып жатқанын, бұл маңда осыдан 150-200 жыл бұрын бұлан, марал, аюлар мекендегенін дәлелдеген.
Шын мәнінде, Семейдін таспалы қа­ра­ғай шоқтары (реликт) Құлынды жазы­ғы арқылы Лебяжі ауданы аумағымен шекте­сіп, ортақ таспалы қарағай орманы жүйесін қалыптастырады. Бүгінгі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде осы аймақтағы топонимдер құрамында марал, бөкен, киік, шошқа, құндыз, аққу атауларының болғаны анық­талып отыр. Жануарлар дүниесінің жиі кездесуі ландшафттық және климаттық фак­торларға тікелей байланысты екені сөзсіз. Қо­лымызда бар ғылыми деректер бойынша алып қарайтын болсақ, Ертістің Аққулы өңірінің географиялық атаулары құрамында қой, жылқы, сиыр, түйе, ешкі, марал, қоян, түлкі, қасқыр, қарсақ, қаз, үйрек, шүрегей, шағала, аққу, балық, ара, жылан, шыбын, маса, құрт, т.б. зоонимдердің көптеп кездесетіні байқалады.
Аққу (Ертіс) өңірі аумағының топонимдерін тарихи-географиялық, картографиялық, лингвистикалық талдау жасау нәтижесінде 500-ден астам топонимдер анықталып, оның 92,2 пайызы қазақ (түркі), 7,8 пайызы славян тілінде қалыптасқаны белгілі болып отыр.
Тарихи зерттеулерге қарағанда, Аққу ауылының солтүстік қапталында айдын көлдің болған және ол көлді аққулар мекен еткен. Казак станицасы өзінің атауын (Лебяжі редуты) осы сөзден алған.
Жалпы айтқанда, Лебяжі Ертіс өзеніне байланысты пайда болған елді мекендердің бірі. Кезінде осы маңдағы көлде аққулар болғандықтан көл де қасиетті құс есімімен аталып кеткенге ұқсайды. Кейіннен ауыл да осылай аталған. Жергілікті жердің байырғы тұрғындарының айтуына қарағанда, Ертіс өзені тасыған уақытта аудан орталығымен Широкое (Шүрегей) ауылының арасын тұтас су алып кететін болған. Ол су шілде айында одан сайын молайып, кей жылдары ауылдың шығыс қапталында жатқан Ақсор көліне барып құяды екен. Бұдан соң сол аумақта орналасқан Баймұрат, Байжан тоғайларын бойлап, Шабар құмына құйылып, соңында Шәмші ауылының маңына келіп тоқтаған.
Бүгіндері болса су қатты көтерілді дегеннің өзінде ол екі елді мекен арасындағы терең өзектің табанында ғана жылтырай көрінеді. Өкінішке орай, «аққу ұшып, қаз қонған» су айдыны тартылып, тоғайлы ну орман кәдімгідей селдіреп қалған. Әрине, бұл адамның өз қолымен жасағаны (антропогендік әрекеттер). Аққу көлі бертін келе тартылып, батпаққа айналуына байланысты Лебяжі мен Широкое ауылының арасын қамыс басты. Қамыс арасында шүрегей үйректер көптеп пайда болып, шүрегейдің орысша бұрмалануы салдарынан Широкое аталып кеткен.
Тарихымызға зер салсақ, «Лебяжіні» қазақ­тар «қиық» деп атаған. Бұл жайдан-жай емес. Жа­зушы Сәбит Мұқанов бұл туралы: «Ертістің биік жарқабағының астына орналасқан бұл станицаның дөңінен қарағанда өзенге қарай созылған көшелері қиғаштай, қиығынан көрінеді» деп жазған. Ака­де­мик-жазушының жазғаны шындыққа жанасады. Тарихи тұрғыдан да, логикалық тұрғыдан да белгілі бір қисын бар. Сондықтан бұл халықтық этимология негізінде қалыптасқан атау деп түсінуіміз керек.
Аққу туралы деректер, аңыз-ертегілерде жиі кездеседі. Лебяжі атауына тоқталсақ, ол аудан орталығы, қазір «Аққу» болып өзгертілді. Бұл орайда кіші Лебяжі көлі 1744 жылы «Почтовый двор» негізінде салынған. Патша үкіметі Ертіс бойын отарлап, өзен бойында Омбыдан-Өскеменге дейін әрбір 25 шақырым аралықта кемежайлар салғызған. Оның айғағы Лебяжі, Черное (Қарақала), Подпуск (Босбос), Ямыш (Емші), т.б. форпостардың болуы.
Өкінішке орай, қазіргі таңда Лебяжіде аққуларды кездестіру қиын. Себебі ХХ ғасырдың 30-жылдары колхоз-совхоздарды ұйымдастыру кезінде адамдардың тіршілік қарекетінің ұлғаюына байланысты аққулар өз қоныстарын басқа жаққа ауыстырған. Жергілікті адамдардың айтуына қарағанда, өткен ғасырдың 70-жылдары аққулар Сарыөзек көлдерін, Шарбақты маңындағы көлдерді паналаған.
Аққулы (Қулы) көлге байланысты толық мә­ліметтер зерттеуші П.Палластың еңбек­те­рінде қамтылған. Ол өз еңбегінде екі бастауы бар Лебяжі көлінің Ертіске құйып жатқанын сипаттап жазған.
П.Палластың ғылыми еңбектерін­дегі атап көрсетілген марал, доңыз, құлан, аққу, т.б. аң-құстардың жойылып кетуіне антропогендік және табиғи-климаттық жағдайлар әсер еткен. Қандай да болмасын жануарлар, құстардың жападан-жалғыз өмір сүруі мүмкін емес, бұл табиғи заңдылық. Кезінде қамысында қаз, үйрек, қоғалы көлінде қулар қиқулаған Аққулы өнірдің атауы қазіргі уақытта өзіне сай келмейтінін аңғартады.
Топонимдер құрамында жиі кездесетін -лі, -лы, -ты, -ды, -ді туынды сын есім жұрнақтары аталған өсімдік және жануарлар түрлерінің әлдеқайда кең таралғанынан мол мағлұматтар береді. Мысалы, Қамысты, Қоғалы, Қара­ғай­лы, Қайынды, Мойылды, Теректі, Шилі, Ша­бақты, Шошқалы, Бүркітті, Бөрілі, Қоян­ды, Құланды (Құлынды жазығы), т.б. атау­лар қоршаған ортаның бұрынғы және қазіргі ланд­шафтысының қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Аққулы кейін Лебяжье > Лебяжі > Аққу болып өзгеріске түсіп ықшамдалған. Сон­дықтан Лебяжі ауданы, Аққу ауылы атауын көп кешіктірмей Аққулы ауданы, Аққулы ауылы деп өзгерту қажет деп білеміз.
Павлодар облысында Баянауыл өңірі, Ертіс, Аккөл-Жайылма өңірлері және т.б. геогра­фиялық атаулар бар. Сондықтан ал­дағы уақытта біз Ертістің Аққулы өңірі де­ген ұғымды қа­лыптастыруымыз керек. Аққулы өңірінде фитонимдер мен зоонимдерге (өсім­дік және жануарлар атаулары) жүргізілген тал­даудың нәтижесінде аумақтағы топонимдер құрамындағы қарағай (реликт) орманы ареалының әлдеқайда кең болғандығын, ал аққу, бөкен, қабан, құлан, құндыз (бобр), марал сияқты зоонимдер жиынтығы бір кездерде осы аймақта түрлі аңдар мен жануарлардың өмір сүргені туралы толыққанды мол ақпарат бере отырып, ол атауларды қалпына келтіруге негіз болады. Ертіс бойы Аққулы өнірінің кейбір көне атаулары, оның ішінде Ертіс өзені, Ямыш көлі зерттеуші С.Ремезовтың «Сібірдің Сыз­ба кітабында» бейнеленген болатын. Бұл ретте, «Кар­та земель, принадлежащих киргиз-казакам и Тур­кестану» (1831); «Карта реки Иртыша между Се­­мипалатинским и Черноярской пристанью» (М.С.Чернышов, 1885); «Карта Киргизского землепользования и пастбищных районов Павлодарского уезда (1903); «Карта правобережья Иртыша Павлодарского округа и Кзылагачевской волости (1909); «Карта Семипалатинской области» (1901) және т.б. еңбектерді атап өтуге болады. Ресейден шыққан карталар мен ғылыми еңбектерде кейбір нысандар кеңінен көрініс тапқан. Зерттеу барысында аумақта кездесетін топонимдерде табиғат жағдайларын бейнелеудің өзіндік дәстүрлі заңдылықтары бар екенін аңғару қиын емес.
Қорыта айтқанда, жер-су атаулары ұлттық таным мен салт-дәстүрлердің белгісі. Сондық­тан бұл мә­селелерге ерекше назар аударып қа­рауымыз керек. Сол себепті де ата-бабаларымыз қойған жер-су атау­ларының оңды-солды өзгеруіне жол берілмеуі тиіс.

 

Қуат Сапаров,
география ғылымдарының докторы,
профессор
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ринат

    Отанымыздың кезінде орысша атауларға ауыстырылған мекендерін қайтадан қазақшалап, бұрынғы тарихи атауларын қайтарып жатырмыз. Осы іс тоқтамай, жалғасын тапсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.