Артур қазақша сөйлеп жүр

Жақында «Ақтөбе – Астана» бағытындағы пойызда келе жатқанымызда Көкшетау қаласынан Максим есімді орыс жігіті баласын жетектеп мініп, қарама-қарсы беттегі орынға жайғасты. Сөйлесе келе баласының аты Артур екенін білдік. Әдетте орыс балалары сөзшең келуші еді, Артурдың мінезі томаға-тұйық болып көрінді.

«Артур өзі үндемейді» дей беріп едік, әкесі: «Артурды сөйлеткілеріңіз келсе, қазақша сұраңыздар» деді. Таңғалысымызды жасырмай, Артурдан жасының нешеде екендігін, қай мектепте оқитынын қазақшалап сұрадық. Отбасында қарындасы мен інісі бар екендігін, ал анасының есімі Мария екенін айтып берді. Сөйтсек, Артур Астана қаласындағы қазақ мектептерінің бірінде 1-сыныпта оқиды екен. «Неге қазақша оқығың келді? Әлде анаңның айтуымен қазақша оқып жүрсің бе?» деп едік: «Менің достарымның бәрі қазақтар, олар қазақша сөйлейді» деді. Осы сәтте әкесі әңгімеге араласып, «Артур кішкентайынан көршінің балаларымен бірге ойнады. Ал олардың көбі қазақтар болатын. Орыс балабақшасына бермек болып едік, «көрші балалармен бірге барамын» деп, өзі қазақ балабақшасына баруды қалады. Артур тіпті қаланың кейбір қазақ балаларына қарағанда қазақша жақсы сөйлейді» деді. Біз оның әке-шешесі орыс ұлтынан болса да баланың тіл білуге деген ынтасына қуанып қалдық. Бұл мемлекеттік тілдің қазақстандықтарды біріктіруші күшке айналып келе жатқанын білдірсе керек.
Шынымен де, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдерінің өз балаларын қазақ балабақшалары мен мектептеріне беруі қуантады. Бұл да мемлекеттік тілге деген жұртшылықтың ынта-ықыласын білдіреді.
Елбасы өзінің Жолдауында: «Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз» деді. Болашаққа деген сенім мол. Адамды әркез өз келешегіне деген нық сенім ғана алға жетелейтіні сөзсіз.  Демек, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны жаңғырту – бүгінгі күннің тапсырмасы. «Тіл туралы» Заңда да «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматтың парызы» деп жазылған. Олай болса, Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, біз барша қазақстан­дықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз.
Біздің біртұтас ұлт болып ұйысуымызға да, елдігімізге де тіліміз дәнекер болмақ.  «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, тіл – ұлттың айнасы. Мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті болуға тиіс.

Жанар Нұрғалиева,
Әлия Кәдірова,
Қазақстан Республикасы Заң шығару институты,
лингвистика орталығының
қызметкерлері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Шолпан

    Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге ниет білдіруі, мемлекеттік тілді құрмет тұтуы қуантады. Балабақшаларда өзге ұлт өкілдерінің балаларын көрген кезде таңданбайтын болдық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.