Қазақ жастары қысқы спортты неге жатсынады?

Қысқы олимпиада жылына төрт рет өткізілетін дүбірлі дода. Ел тәуелсіздігін алғанына 23 жыл өтіпті. Ширек ғасырға жуық уақытта Ақ Олимпиадаға қатысатын қазақ спортшылары неге саусақпен санарлықтай ғана?!  Шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру, конькимен жүгіру, биатлон сияқты спорт түрлерін қаракөздеріміздің арасында дамытуға мүмкіндік болмады ма деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат.

Шаңғы қысқы спорттың ең кең таралған түрі болып саналады. Археологтар адамзат 4-4,5 мың жыл бұрын шаңғыны пайдаланған деп есептейді. Мұны Норвегиядағы, Ре­сей­дің Псков қаласы маңындағы қазба жұмыстары кезінде табылған алғашқы шаңғылардың қалдықтары дәлелдейді. 1870 жылы алғашқы бекітпелер пайда болды, ал 1900 жылдан бастап сырғанауды жақсарту үшін шаңғы таяқтары пайдалана бас­тады. Араға жылдар салып шаңғы­ның мы­нандай түрлері пайда болды: спорттық жарыс шаңғылары, түсу шаңғылары,трамплиннен секіруге арналған шаңғылар, су шаңғылары, аң аулауға арналған шаңғылар, фрис­тайл және балалар шаңғылары. 1930 жылға дейін шаңғылар тұтас тақтайдан жасалынды, кейін жұқа тақтайлар бір-біріне желімделінді. Кейін бұларды фиб­ропластан жасалған шаңғылар алмас­тырды.
Белсенді туризмнің ең күрделі түрлерінің бірі – шаңғы туризмі. Ол елімізде жыл өткен сайын кең қанат жайып, дамып келеді. Бұл туризм қыс кезінде, белгілі бір қар жамылғысының қалыңдығына байланысты өт­кі­зілетін,өзіндік ерекшеліктеріне байланысты құрал-жабдықтары және қонақ жайлары бар жорықтарға байланысты өткізіледі. Шаңғы туризмі бойынша жорықтар жазық жерлерде және таулы аудандарда қар жамылғысы тұрақты аймақтарда таралған. Алайда табиғат аясында демалып шаңғы теуіп жүргендердің арасында өзге ұлт өкілдерінің қарасы басым. «Неге солай» деген орынды сұрақтың жауабын іздейтін болсақ, бұған көптеген факторлардың байланысы бар екендігін байқадық. Біріншіден, славян тектес ұлттар табиғатты жоғары бағалап, әрбір демалыс күндері қала шетіндегі көркем жерлерге барып тыныстауды дағдыға айналдырған. Таяуда Рождество мерекесінде Медеу шатқалында демалып жүрген орыстарды көріп таңдандық. Қазақ – тойшыл халық. Бұндай кезде қаракөз қандастарымыз болса мереке кезінде қонақ шақырып тойлар еді. Екіншіден, дені ауылдан келген қазақ жастарының қалтасы жұқа. Жасыратыны жоқ, елімізде қысқы спорт тауарларының бағасы шарықтап тұр. Мәселен, Шымбұлақта шаңғы мен сноубордты прокатқа алу бағасы 15 мың теңгеден басталады екен. Мысалы, Алматыдағы ең арзанқол деген «Limpopo» атты спорт дүкенінде шаңғы таяқшалары 2500, тау шаңғысы 24 900, тауға арналған бәтеңкелер 19 900, коньки 10 900, хоккейшілерге арналған коньки 11 900, шана 5900 теңгеден басталады. Үшіншіден, қазақ жастарында әлі де болса сауаттылық жетіспейді. Төртіншіден, қазіргі технология заманы жеткіншектеріміздің алтын уақытын алуда. Балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Қала тұрмақ, ауылға талай барғанымда далада ойнап жүрген балаларды көрмедім. Интернет, гаджет, айфон, ұялы телефонға телміріп ойын ойнап, сурет салып, видео-роликтерді айналдырып үйден шықпауды қазіргі жасөспірімдер әдетке айналдырған.
Елімізде бұдан төрт жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында VII Қысқы Азия ойындары өткені белгілі. Дүбірлі бәсекеде 32 алтын, 21 күміс және 17 қола, яғни барлығы 70 жүлдені еншілеген қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алғаш рет бірінші орын алған еді. Қысқы Азия ойындарында Қазақстанның 170-ке жуық спортшысы бақ сынаса, солардың қатарында қандастарымыздың аз болғаны жасырын емес. Мәселен, тау шаңғысы, коньки, шаңғымен тұғырдан секіру секілді спорт түрлерінен бірде-бір қаракөзді кезіктіре алмадық.
Бұл жағдай көңілге кірбің түсірді. Ал шаңғы, биатлон, мәнерлеп сырғанау және ерлердің шайбалы хоккейінен бір-бір қазақ жігіттері ғана бой көрсетті. Олар – Елдос Ахмадиев (шаңғы), Диас Кенешов (биатлон), Абзал Рақымғалиев (мәнерлеп сырғанау) және Талғат Жайлауов (шайбалы хоккей). Бұл да мақтанатындай жағдай емес. Десек те, спорттың өзге түрлерінде қатарымыз едәуір толыға түскен екен. Соған кәдімгідей ішіміз жылып қалды. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысал келтірейік. Фристайлдан Гүлмира Дәлмұхан, Ақмаржан Қалмұрзаева, Жібек Арапбаева бақ сынаса, шаңғымен бағдарлауда Аслан Тоқбаев, Эльмира Молдашева және Меруерт Имашева өз өнерлерін ортаға салды. Шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы бәсекеде Айжан Раушанова, Виктория Мұсатаева және Ғалия Нұрғалиева шеберлік байқатты. Шорт-тректен Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Абзал Әжіғалиевтер жарыс жолына шықты. Ал бендишілер (допты хоккей) сайы­сында Ілияс Қайрыкешев, Арыстан Қазыбаев, Ескендір Нұғыманов, ­Еламан Әліпқалиев, Нұрлан Оразғалиев, ­Рауан Есәлиев, Асқар Темірғалиев және Самат Аманшин есімді сегіз бірдей сайыпқыранымыз ұлттық құраманың жейдесін киген екен.
Алайда халықаралық жарыстарда спортшыларымыздың көрсеткен нәтижелері көңіл көншітерлік емес. Жарыс қорытындысында біздің спортшыларымыз орташа есеппен алғанда 25-30-орындарды иеленіп жүр. Шындығында, қысқы спортта еліміздің атынан өзге ұлт өкілдері сынға түсіп жатады. «Қысқы спорт түрлеріне қазақ жастары неге аз барады?» деген сұрақтың жауабын әлеуметтік және саяси тұрғыдан іздеген жөн сияқты. Біріншіден, қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылардың көбісі өзге ұлт өкілдері. Олар мемлекеттік тілді білмегендіктен, ауылдан келген қаракөздерімізді баулуға шынайы ниет танытпайды. Екіншіден, көп кінә нақ өзімізде болып тұр. Жүйелі түрде денешынықтырумен шұғылдануға қандастарымыз көбінесе мән бермейді. Спортпен айналысудың орнына таңертеңнен кешке дейін ғаламторға үңіліп, кино, видео қарап, ән тыңдағанды жөн санайды. Жанын қинап, тер төккілері жоқ. Ал спорт еріншектерді ұнатпайды. Мәселен, демалыс күндері қала сыртындағы шаңғы базаларында, мұз қалашықтарындағы қарақұрым жұрттың ішінде шаңғы, конькиін арқалап жүрген қазақтар некен-саяқ кезігеді. Қалтасы жұқа қазақ жастарының кейбірі нәпақа табу үшін базарда арба сүйреп, жұмыс іздеп, енді бірі сауда-саттықпен айналысып жүр. Қысқы спортпен айналысайын десе, қалтасы көтермейді. Себебі коньки, шана, шаңғының бағасы аспандап тұр. Сондай-ақ үйірмелерге қатысуға қалтасы көтермегендіктен, енжарлық танытатыны жасырын емес.  Мәселен, Алматыдағы Э.Бауман атындағы баққа, Медеу шатқалы, «Ақбұлақ» пен «Шымбұлақ» тау-шаңғы аймақтарына барып, қысқы спортпен айналысуға жағдайлары жоқ. Үшіншіден, өзімізде қалыптасқан пікір де кедергі келтіріп тұр. Мәселен, көптеген ата-аналар балаларына: «Спорттың күрес немесе жұдырықтасу түрімен айналыс. Сонда ғана сен күшті боласың әрі қорғана аласың. Екі өкпеңді алқынтып босқа жүгірме, жүрегіңе салмақ түсіресің» дейтіндері бар. Сөйтіп, баланың ақ қар, көк мұзда шынығып, шыңдалып өсуіне орынсыз өбектеушілік те бөгет болады. Үлкендердің орынсыз байбаламынан кейін көптеген жастарымыз жеңіл атлетикаға қырын қарайтын болды. Ал жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, онда бұл спортқа бейжай қараған адам қысқы спортты да менсінбейтіндей дәрежеге жетеді. Себебі қысқы спорт бағдарламасының көбісі белгіленген уақыт бойынша жүгіруге арналған. Қатаң кестені сақтап, жүйелі жаттығуға тура келеді. Төртіншіден, қысқы спорттың дамуына орманды аймақтың жекешелендіріліп, қоршалуы да әсер етуде. Шаңғышылар жүріп өткен жері үшін «ақша төлесін» деген тосқауылдар да баршылық. Бесіншіден, көптеген жастар қазір аурушаң болып келеді. Рухани білімсіздігіміз де көп ықпалын тигізуде. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, бабаларымыз балаларын қыста суық суға түсіріп, шыңдағанын білеміз. Кейін бұл әдісті үйренген орыстар бізден әлдеқайда ілгерілеп кетті емес пе?! Міне, осындай көптеген себептермен қазақ жастары қысқы спортта көріне алмай келеді. Ат жарысын ұйымдастырып, көкпар тартқан, қыста саятшылықпен айналысқан көкбөрінің ұрпақтары алдағы уақытта мемлекетіміздің беделін арттыратын қысқы спортқа көптеп келетініне сенгіміз-ақ келеді.
Қазақ халқы денсаулықты нығай­тып, көңiл-күйдi көтеруге арналған дене тәрбиесiнің нышандары ерте заманда-ақ халық кәдесiне жарағандығын көптеген археологиялық деректер дәлелдеп берді. Ежелден өздерiнiң рухани байлықтарын да жетiлдiрiп, толықтырып отырған. Қысқы спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда өмірі қар жаумайтын елдердің спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп жатқанда таңғалатынымыз рас. Ал біздің аймақта ол дамудың орнына кері кетіп бара жатқандай әсер береді. Соңғы Олимпиадада ресейлік легионердің алып берген күмісі абыройымызды сақтап қалды. Қысқы спорт туралы әңгіме қозғалғанда, ең алдымен, балалар спортына қатты көңіл бөлу керектігі ойға оралады.
Қазақ жастарын қысқы спортқа тарту – уақыт талабы. Өйткені Алматы қаласы 2022 жылы Ақ олимпиаданы өткізіп қалуы ғажап емес. Егер дүбірлі дода елімізде өте қалатын болса, еліміздің атынан қаракөздердің орнына өзге ұлт өкілдері сынға түсетірі анық. 2022 жылғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қаланы Халықаралық Олимпиада комитеті биылғы жылдың жаз мезгілінде Малайзияның Куала-Лампур қаласында өтетін 127-нші отырысында мәлімдейтін болады.
Ал былтыр Сочидегі «Фишт» стадионында ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының жабылу рәсімі өткені белгілі. Олимпиаданың жабылу салтанатында Қазақстан құрамасының шаңғышысы Ердос Ахмадиев көк туы­мызды ұстап шықты. Сочи олимпиа­дасында жерлестеріміз сәтсіз өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан ­Де­нис Тен бір қола жүлдені еншіледі. Бұл дүбірлі додада да қазақ жастары саусақпен санарлықтай болды. Шаңғышы Ердос Ахмадиев пен биатлоншы Диас Кенешовтің нәтижелері көңіл көншітпеді. Қос спортшы да соңғы орындардан көрінді.
Сочи олимпиадасындағы сәтсіздік­тен сабақ алсақ құба-құп. Кезекті ХХІІІ Қыс­қы олимпиада ойындары Оңтүс­тік Кореяның Пхенчханда 2018 жылы өте­тіні белгілі. Егер Сочидегі сәт­сіз­дік­тен нәтиже шығармасақ, Пхенчханда бір жүлдеге де зар болып қалуымыз мүмкін.
Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде қысқы спорт түрлері аз да болса дамыған. Ал басқа өңірлерде қысқы спорт түрлері енді жанданып келеді. Мәселен, Сочиде еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінен де қазақ жастары қатысқаны белгілі. Абзал Әжіғалиев, Аслан Даумов, Айдар ­Бекжанов сынды шорт-трекшілерімізден алдағы уақытта мол үміт күтеміз. Ал фристайлшы Жібек Арапбаева, Жанбота Албаргенова сияқты фристайлшыларға бар жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан қазірден бастап қандастарымызды қысқы спортқа тарту қажет. Сонда ғана елімізде қысқы спорттың болашағы кемел болмақ.

коньки

Табиғаттың өзге де мезгілдері сияқты, халқымыз қыс мезгілін де ерекше бағалаған. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» дегендей, саятшылық өнер, шана мен шаңғы тебу, конькимен сырғанау ұлтымыз үшін жат болмаған. Археологиялық қазбалар қазақ жерінде ерте замандарда  малдың сүйегінен жасалған конькилердің болғанын көрсетіп отыр. Ауыз әдебиетінде  де осы аталған тақырыпқа байланысты кездесетін өлең жолдары, мақал-мәтелдер бар. Мәселен, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» романында («Жазушы» баспасы, 1965 ж. 40-бет) малдың қабырғасынан коньки жасау туралы келтірілген төмендегі үзінді соның бір дәлеліндей.
«…Қазанғап менің ендігі сұрақтарыма жауап қайтармады. Қолындағы сүйменімен мұзды сәл қашап мосы сирақтарын нық орнатып, жуан сырықты екі мосының ашасына салды да, екі қазанды сол көлденең сырыққа апарып асты. Содан кейін бір қазанды мұзға, екінші қазанды суға толтырып, лаулатып от жақты.
Жігіт енді от ысыруды маған тапсырып, өзі шана жақта бір нәрсені көтеріп келген еді, бұнысы азық қабы екен. Сырты қырауланып қатқан еттерді үкідегі суға бір малып, су құйылған қазанға тастап жатыр.
Имек қабырғаны көзім шалып қалды.
«Ә, бұйырса конькилі болам екен» деп ойладым. Енді қарасам жігіт балтасын көтеріп-ақ алған екен, әлгі қабырғаны шапқалы жатыр.
Ағатай-ай, шаппаңыз-дағы, — жабыса түстім.
Немене, — жігіт маған таңдана қарады, — нені айтасың?
Мынау қабырғаны шаппаңызшы деймін.
Оны не істейсің?
Коньки істейін деп едім.
Жігіт басын шайқап күлді де, үлкен қабырғаны үкіге бір малып, тұтасымен қазанға салды. Мен тілегіме жеттім-ау дегендей күрсіне бір дем алдым. Әзірге әңгімеміз осымен аяқталып, әрқайсымыз өз жұмысымызға кірістік…».

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.