Білім пәтуасы

Байланыс
беки түседі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов бастаған делегация құрамында Шығыстың атақты жеті шайыры шыққан Иран еліне ресми іссапармен барып қайттық. Алматы әуежайынан батысты бетке алып ұшқан Иранның «Маһан Эйр» ұшағы бізді Тегеран қаласындағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайға үш жарым сағатта жеткізді. Алматының аппақ қарға оранған қыстың аязды ауасынан небәрі үш жарым сағат ішінде шахнама еліндегі күздің қоңыржай мезгіліне топ еткендей болдық. Әуежайда делегацияны Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымының өкілі Сайед Чабуши мырза және Қазақстанның Ирандағы елшілігі қызметкері күтіп алды. Қонақүйге орналасқаннан кейін 2 сағаттай демалдық. Содан кейін елден келген делегацияға Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әміреев кешкі дәм берді. Мейрамхана қаланың тау жақ бөлігінде орналасқан екен. Тау аңғарының екі өңірін бойлай орналасқан әртүрлі дәмханалар мен мейрамханалардың самаладай жарқыраған шамдары Тегеранның ең көрікті жерін одан ары нұрландыра түскендей. Кешкі астан кейін қонақүйге барып ертеңгі күнгі іс-шаралардың жос­парын тағы бір пысықтадық.

Ирандағы жұмыс уақыты сағат таңертеңгі сегізден басталады екен. Сондықтан жоспар бойынша алғашқы ресми іс-шараны атқару үшін Ирандағы белгілі оқу орындарының бірі Шахид Бехишти университетіне бағыт алдық. Жол-жөнекей жолбасшымыз Сайед Чабуши мырза Тегеран қаласының көрікті жерлерімен таныстырып отырды. Қалада 20 миллион халық тұрса да, жол кептелісі соншалықты тығыз емес сияқты көрінді. Төрт қатар жолдың оң жақтағы шеткісі тек қоғамдық көліктерге арналыпты. Басқа көліктерге ол жолмен жүруге тыйым салынған. Қоғамдық көліктер үшін кептеліс деген мүлде болмайды. Ортаңғы жолақпен зулаған біздің машина лезде барар жерімізге жеткізді. Университет алдында бізді ректор Мұхаммад Мехди Техранчи және университеттің Ғылыми кеңесі мүшелері қарсы алды. Амандық-саулықтан кейін сөз алған Техранчи мырза Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи, мәдени байланыстардың тереңде жатқанын тілге тиек ете отырып, қарым-қатынасты одан ары нығайту үшін жасалып жатқан шараларды атап өтті. Әсіресе, қараша айында Шахид Бехишти университетінің профессоры Реза Давари Ардаканидің «Әл-Фараби – Ислам философиясының негізін қалаушы» атты монографиясының тұсаукесерін Әбу Насыр әл-Фараби атын иеленіп отырған университеттің арабтану және ирантану кафедрасында өткізіп қайтқанына ерекше ілтипатын білдірді. Бұл дегеніңіз, екіжақты байланыстың жақсы жолға қойылғанының дәлелі және біздің Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жерінен келіп отырғанымызды меңзей отырып, ұлы тұлғаның тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ ғалым, ортақ мақтаныш екенін айта келе және алдағы уақытта ғылым, білім саласындағы қарым-қатынастардың нығая түсетініне сенімділік білдірді.
Содан кейін сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов алдымен бүгінгі күн Қазақ елі үшін ерекше күн екенін, өйткені бұл күндері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғанына 23 жыл толғанын мерекелеп жатқанын айтты. Қазақстан мен Иран халқының діні бір, мәдениеті жақын, ежелден аралас-құралас келе жатқандығын айта отырып, Тәуелсіздік мейрамын бірге атап өтіп жатқанына қуанышты көңілін жеткізді. Сонымен бірге жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Президентімен кездескенін, Горган қаласында Қазақстан-Түркіменстан-Иран бағытында теміржол торабын ашқаны екі ел арасындағы саяси-экономикалық, рухани байланыстардың дамуына серпін бергенін ерекше атап өтті. 2015 жылдың халықаралық «ISESCO» ұйымы тарапынан «Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы» болып жариялағанын және осы айтулы іс-шараның аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ауқымды шаралар ұйымдастырып жатқанына тоқталып, ирандық ғалымдарды сәуір айында өтетін халықаралық Фараби форумы мен «Қазақ-араб тарихи-мәдени байланыстары: бастауы, қазіргісі, болашағы» атты ғылыми-теориялық конференцияға шақырды. Өткен жылдың аяғына таман әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) төрағасы Ияд бен Амин әл-Маданидің арнайы іссапармен келгенін, сол кезде университет базасында ИЫҰ-ның орталығын ашу туралы сөз болғанын жеткізді. Осы орталықтың негізгі қызметі Ислам елдері арасындағы ғылыми, мәдени байланыстарды дамыту болатындығын айта келе, екі университет арасындағы оқытушылардың өзара біліктіліктерін арттыру үшін тәжірибе алмасу және студенттердің тіл ұстарту тәжірибесінен өту маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде сөз алған Техранчи мырза Қазақстанды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, делегация басшысының ұсыныстары мен ойларының өте құнды екендігін айтып, делегацияны өз университетінің тыныс-тіршілігімен танысуға шақырды.
ҚазҰУ делегациясы Шахид Бехишти университетінің Телекоммуникация және телескопия, Лазер және плазмалық зерттеу, Генетикалық анализ жасау (ДНК), әртүрлі жәндіктердің миына тәжірибе жасайтын Файбер Оптик Сенсор сияқты ғылыми-зерттеу орталықтары мен факультеттеріндегі жаңа инновациялық даму үдерісін тамашалап, арнайы зертханалардағы жаңа технологиялық жетістіктерге куә болды. Содан кейін делегация университеттің үлкен Ғылыми кеңес залына бет алды. Мұнда университетте өтіп жатқан «Ғылым апталығы» атты шараның қорытынды салтанатты жиынына қатыстық. Жиыннан кейін Ғалымқайыр Мұтанов студенттер мен оқытушы-профессорларға арнап арнайы дәріс оқыды. Дәріс соңына қарай өзінің халықаралық Шпрингер баспасынан шыққан «Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» атты кітабының тұсаукесерін жасады. Кітаптың тұсаукесер рәсімінен кейін делегация басшысы Ғ.Мұтанов Шахид Бехишти университетінің ректоры Мұхаммад Мехди Техранчиді әл-Фарабидің күміс медалімен марапаттап, «ҚазҰУ-дың достары» клубына мүшелікке қабылдады. Сонымен қатар әл-Фарабидің ағылшын тіліндегі трактаттары енген кітабы мен «Айналаңды нұрландыр» сериясы бойынша шыққан өзінің өлеңдер топтамасын тарту етті.
Жиынды қорытындылаған Мухаммад Меһди Техранчи академиктің кітабының ғылыми құндылығына назар аударып, Қазақстан ғылымының әлемдік жетістігімен құттықтап, ректорымызды «Ғылымға сіңірген ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Екі университет арасындағы ресми кездесудің нәтижесі ретінде қос университет ректорлары білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты дамытуға арналған екіжақты маңызды келісімшартқа қол қойды.

Мухит С-1

Қос диплом
бағдарламасы
жүзеге асады

Шахид Бехишти университетімен келісімшартқа қол қойылу рәсімінен кейін Тегерандағы Әлеуметтану және мәдениеттану институтына бағыт алдық. Институт алдында бір топ адам бізді күтіп тұр екен. Ішінде жақында ғана университетке Иран делегациясының құрамында арнайы келіп, ректор Ғ.Мұтановтың қабылдауында болған және 3-4 күн Шығыстану факультетіндегі арабтану және ирантану кафедрасы парсы бөлімінің студенттеріне дәріс оқыған профессорлар көзімізге оттай басылды. Құдды бір туысымызды көргендей көңілде болдық. Олар да бізді бейнебір бауырларын көргендей өзімсіне жадырай, амандық-саулық сұрасып жатты. Ирандық ғалымдардың қошемет құрметімен Мәжіліс залына келіп кірдік. Ол жерде де институттың бір топ ғалымдары күтіп отыр екен. Модератор қызметін атқарған профессор – біздің ескі танысымыз доктор Сейид Джавадмири ханым зерттеу институтының директоры Садек Айневандтан бас­тап барлық ғалымдарды таныстырып шықты да, мекеме басшысына сөз берді. Қартаң тартқан институт басшысы қазан айында Иранның жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу бастаған институт ғалымдарының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барған сапарынан бас­тап, Қазақ ұлттық университетіндегі жаңа технологиялық жетістіктерді, оқу-ағарту саласындағы табыстарын көріп, сүйсінгендіктерін айтты. Сонымен қатар Қазақстан туралы, оның жоғары оқу орындары жайлы Иранда әлі көп біле бермейтініне өкінішін білдіре отырып, Қазақ елін тереңірек таныстыру мақсатында ортақ ғылыми, мәдени жобалар жасау керектігін алға тартты. «Әсіресе, бірлесіп кітаптар жазу, Қазақстанның таңдаулы фильмдерін парсы тіліне аудару сияқты дүниелер екі ел арасындағы рухани байланыс көкжиегінің кеңеюіне үлкен үлес қосар еді» деді.
Одан кейін сөз кезегін алған делегациямыздың басшысы екі ел арасындағы мәдени, ғылыми және оқу-ағарту саласындағы байланыстарды дамытуда айтылған ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды. «Осы айтылған қарым-қатынастарды жүйелеу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ислам ынтымақтастық ұйымының орталығы ашылатын болады. Сол орталықтың қызметі барысында сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз бойынша бірлескен ғылыми, мәдени жобалар дайындайтын боламыз. Оның үстіне келесі жылы Алматы қаласы Ислам мәдениетінің астанасы болып жарияланды. Ислам елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға, дамытуға арналған осы үлкен әрі өте жауапты істің ­орындалу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірнеше ауқымды істер атқарады. Соның дәлелі ретінде көктемде университетте өткізілетін бір халықаралық форум мен халықаралық конференцияны айтуға болады. Сіздерді сол ғылыми жиындарға қатысуға шақырамын» деді.
Ректор Ғ.Мұтановтың сөзінен кейін Әлеуметтану және мәдениеттану институтының ­дирек­то­ры ­Садек ­Айневанд өздерінің шақыруды қабыл алғанын жеткізе келе, Қазақ университетінің басшысына алғысын білдіріп, екіжақты келісімшарттың мазмұнымен таныс­тырды. Келісімшартта екі универси­тет арасындағы қос дипломдық мә­се­лесі арнайы қаралғаны және бұл бағ­дар­­ламаның магистратура мен PhD докторантураға арналғанын жеткізді. «Магистратура мен докторантура бойын­ша тіл, әдебиет, тарих, мәдениет және т.б. гуманитарлық бағытта бірлескен жобалар жасалып, ізденушілер қос дипломды маман болып шығады және ғалымдар тәжірибелерімен бөлісіп, біліктіліктерін арттыратын болады, сондай-ақ өзара бірлесіп ғылыми еңбектер жазып, оны Иранда басып шығарамыз деген ниетіміз бар деп» келісімшартқа қол қойды. Сөйтіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Әлеуметтану және мәдениеттану институтының арасында өте маңызды құжатқа қол қойылды.

Мухит С

Елшілікте Елбасы
Жолдауы талқыланды

Күндізгі маңызды іс-шаралардың басында делегация құрамымен бірге болған Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әміреев кешкісін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорын Елшілікте ресми кездесуге шақырды. Кездесуді ашқан Елші елшілік қызметкерлеріне делегация құрамын таныстыра келе, өздерінің атқарып жатқан қызметтері жайын­да баяндап өтті. Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылған делегация сапарының негізгі мақ­сатының бірі Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты дәстүрлі Жолдауының стратегиялық маңыздылығы мен оның ел болашағы үшін тиімді бастамаларының негізін түсіндіру болатын. Сондықтан да елшілік қызметкерлерімен танысу рәсімінен кейін ҚазҰУ ректоры Жолдауда айтылған жаңа экономикалық саясаттың еліміздегі құрылымдық реформаларды ары қарай дамытуға бағытталатынын және осыны жүзеге асыру үшін Елбасы Үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындауды тапсырғанын айтты. Сонымен қатар Жолдауда ел экономикасының өсуіне әсер ететін салаларды қолдау керектігіне ерекше көңіл бөлінгендігін және оны өркендету барысында ұлттық қордағы қаражатты халық игілігіне жұмсау керек деген Президенттің сөзін жеткізді. Елбасының шағын және орта бизнес үшін қосымша 100 млрд. теңге бөліп, азық-түлік, химия өнеркәсібі, көлік құрастыру және қызмет көрсету салаларын дамытып, еліміздегі банк секторын қалпына келтіру үшін 250 млрд. теңге бөлуді тапсырғанын, сон­дай-ақ ЕХРО – 2017 кешенінің құ­ры­лысын жалғастыру үшін келесі жылы қыруар қаржы бөлінетіндігіне тоқталғанын әңгімелеп берді.
Ректор Ғ.Мұтанов Жолдаудағы көтерілген мәселелердің ұлттық мүддемізге сай келетінін, сондықтан да қазақстандықтар арасында дәстүрлі Жолдаудың зор қолдау тауып отырғанын елшілік қызметкерлеріне дәлелді, тұшымды мәнерде талдап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы тұңғыш рет Қазақстан Тәуелсіздігі мерекесін шетелдегі Қазақстан елшілігінде атап өтті. Ректор өз сөзінде қазақ халқы үшін осынау ұлы күн, яғни мемлекеттің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік мейрамын дипломатия өкілдерімен атап өтіп жатқандарын зор мерей санады және де Ирандағы елшіліктің атқарып отырған істерін жоғары бағалады. Олардың екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастарды дамытудағы дәнекерлік дипломатиялық қызметтеріне алғысын білдірді. Оның дәлелі ретінде біздің Елбасы мен Иран Президентінің арасындағы оң істерді санамалап өтті. Әсіресе, Горган қаласындағы Қазақстан-Түркіменстан-Иран бағытында теміржол торабының іске қосылғаны екі ел арасындағы түрлі байланыстардың дамуына зор үлес қосатынына тоқталды.
Ректордың сөзіне алғысын білдірген елші Бағдат Әміреев өзінің де ҚазҰУ-ға қатысы барын, екі-үш жылдай шығыстану факультетінде ұстаздық еткенін айтты. «Сондықтан да бұл университет мен үшін жаныма жақын, көзіме ыстық көрінеді» деді. «Осы елшілікте де шығыстану факультетінің түлектері жемісті еңбек етіп келеді» деп, Бақтыбай Әбдімолдаев, Дәуірбек Дүйсебаев, Ардақ Үсіпбаев, Гауһар Омарханова секілді және т.б. шығыстанушыларды атап өтті. Кездесу соңында делегация басшысы елші Бағдат Әміреевті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтой медалімен марапаттап, шығыстанушы түлектерді «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың достары» атты клубқа мүшелікке қабылдады және арнайы төсбелгіні кеуделеріне тақты.

Министрліктегі
жүздесу

Жұма күнгі демалыстан кейінгі күн біздің делегация үшін сәтті ­болды. Таңертең ерте қонақүйге келген елшілік қызметкері Бақтыбай Әбдімолдаев бүгін ҚазҰУ делегациясын Иранның білім және ғылым вице-министрі Джафар Милимонфард қабылдайтындығын хабарлады. Сонымен вице-министрмен кездесу үшін министрлікке келдік. Ол жерде бізді министрлік қызметкерлері күтіп алып, лауазымды тұлғаның күтіп отырғанын баяндады. Жүздесу барысында Иран вице-министрі жалпы Ирандағы білім, ғылым және оқу-ағарту саласындағы жетістіктерімен таныстыра келе, төрт жүз мыңнан астам студенттің білім алып жатқанын, әрбір облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарында технопарк­тер жұмыс істейтінін айтып өтті. Содан кейін министрлік парсы тілі мен әдебиетін және мәдениетін оқытып жатқан университеттермен қарым-қатынастарды жақсартуға мүдделі екендігін білдірді. Келесі жылдың басында Қазақстан ғылым және білім министрінің Иранға ресми іссапармен келу мүмкіндігін хабарлай отырып, бұл саладағы жұмыстарды жақсарту, дамыту үшін өзара бірлескен жұмыстар атқаруға ниетті екенін байқатты. Вице-министрдің ықылас-ниетіне рақметін білдірген біздің делегация басшысы Қазақстан мен Иран арасындағы ғылым мен білім саласындағы қарым-қатынастарды дамытып, нығайтудағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың атқаратын маңызды рөліне тоқталды. Оның негізгі дәлелі ретінде шығыстану факультетінің 3 жас оқытушысы PhD докторантурасында оқып жатқанын, магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазу барысында Иран ғылыми кітапханаларына келіп материалдар жинап, ғалымдардан кеңес алып қайтатынын және жыл сайын университет студенттерінің белді-белді оқу орындарынан тілдік тәжірибеден өтетінін айтты. Екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда Алматыдағы Иран Мәдени өкілдігінің белсенді қызметін ерекше атап өтті. Сонымен қатар 2015 жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін ерекше жыл, өйткені Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы деген атқа ие болды. Соның негізінде алдағы жылы үлкен іс-шаралар атқарылатын болады. Соның бірі деп сәуірде өтетін Фараби форумы мен халықаралық конференцияны айрықша атап өтті. Ректор сөзін қорытындылай келе, вице-министр Джафар Милимонфардтың кеудесіне университеттің Фараби күміс медалін тақты және «ҚазҰУ достары» клубына мүшелікке қабылдады.

Достыққа дәнекер

СОЗМОН-дағы (Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымы) кездесудің делегация үшін маңызы зор болды. Өйткені бұл ұйыммен қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде әрі жалпы делегацияның осы ресми іссапарына ұйытқы болып, барлық жауапкершілік міндетті көтерді. Ислам елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан ел үшін бұл ұйымға артылатын жүк те салмақты болмақ. Сондықтан да делегация бұл кездесуге аса зор мән берді. Бізді ұйымның бүкіл игі жақсылары мен жайсаңдары қарсы алып, арнайы безендірілген мәжіліс залына алып келді. Ол жерде ұйым президенті Абузар Эбрахими кіріспе сөз сөйлеп, ұйым қызметімен таныстырып өтті. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде парсы тілі мен әдебиетін, Ислам мәдениетін оқытуға мүмкіндік жасап отырған басшылыққа алғысын білдірді. Одан кейін сөз алған делегация басшысы Ғ.Мұтанов ұйым президентінің бізге деген ыстық ықыласына, осы іссапарды ұйымдастыруға мұрындық болғанына алғысын білдірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ислам елдері жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастықты нығайтуда белсенді жұмыс жүргізетінін және осы мақсатта исламтану мамандығы бойынша студенттер мен магистранттар даярлауды қолға алғаны жайында әңгімелеп берді.
Осы кездесуде арабтану және ирантану кафедрасының атауына байланыс­ты да сөз болды. Ұйым президенті парсы бөлімінің алғаш құрылған кездегідей жеке бөлім болғанын қалайтындығын жеткізе келе, болашақта Ислам философиясы кафедрасы ашылса деген тілегін білдірді. Ұйым басшысының әрбір сөзіне тұшымды жауап беріп отырған қазақ ректоры бұл мәселенің университетте бұған дейін де көтерілгенін, нақты шешімін табатынын айтты. Сонымен бірге университеттің шетелден келіп оқитын студенттер үшін арнайы шәкіртақы тағайындағанын, оның үшеуі Ираннан келіп оқитын студенттер үшін бөлінетінін хабарлады. Кездесу соңына қарай ректор ұйым басшысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби алтын медалімен ма­рапаттап, «ҚазҰУ достары» клубына мү­шелікке қабылдады және әл-Фараби ба­бамыздың бейнесі кестеленген арнайы кілемшені сыйға тартты. «­СОЗ­МОН» ұйымының басшысы үлкен құр­метке ие болғанына зор қуанышын біл­діре отырып, атақты парсы шайыр­ла­ры: Омар Хайям, Джалалиддин ар-Руми және Әбілқасым Фирдоусидің шахнамесінің орыс тіліндегі аударма нұсқаларын сыйға берді. Кездесу соңында екі тарап естелік суретке түсті.
Қорыта айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Иранға жасаған ресми іссапары өте сәтті болды. Университет делегациясы өз миссиясын толық атқарды. Екі университетпен маңызды келісімшартқа қол қою мүмкіндігіне ие болды. Болашақта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Иран жоғары оқу орындарының дипломын қатар алып шығатын мамандар да бой көрсететін болады. Екі ел арасындағы ғылым, білім саласын дамытуда университеттер арасындағы қол жеткізген үлкен жетістік деп бағалауға толық негіз бар.

Мұхит САЛҚЫНБАЕВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ шығыстану факультеті
Арабтану және ирантану
кафедрасының меңгерушісі

Алматы – Тегеран – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.