Қаршыға

Бұл күндері Сыр теледидарының әні мен сәніне айналған белгілі журналист Қаршыға Есімсейітованы білмейтін жан кемде-кем. Өнер мен руханият әлемінің қос соқпағы – ақындық пен журналистика саласының тізгінін қатар ұстап, әдебиет айдынында еркін құлаш сермеп келе жатқан қаламгердің қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі ерен. Алаштың анасы атанған Сыр елінің Сырдария ауданы, Қызылжарма ауылында қарапайым малшы отбасында дүниеге келген Қаршығаның осы уақытқа дейінгі атқарған істеріне қарап, оның пешенесіне ер кісіге бергісіз істерді атқаруға жазған ба дерсіз?!

Қаршыға кішкене кезінен бастап күнделік, шағын әңгімелер жазады. Әкесінің жинаған шығыс әдебиеттері мен батырлар жырын жасынан жаттап өскен қараторы қыз мектепті үздікке бітіріп, әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің журналис­тика факультеті табалдырығын аттайды. Университеттің алғашқы курсында жүргенде-ақ бұрымды қыздың ­балау­са жыр­лары «Жалын» альманағына, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» – Н.М.), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жариялана бастайды. Осылайша Қаршыға көкөрім студент кезінен бастап баспасөз бет­терінде көрініп, өзінің балапан жыр­ла­рын ұшыра бастайды. Сөйтіп, Күләш Ах­метова, Зайда Елғондиева, Ханбибі Есен­қараева, Тұрсынай Оразба­ева си­яқ­ты жет­пісінші жылдары әдеби дүр­мекке түсіп, өз үндерін шығарып жүрген тол­қынның назарын аударып, елең еткізе­ді.
Жырымен жалпақ жұртты елең еткізе жүріп, жоғары оқу орнын «үздікке» бітірген ол сол кездегі бас қала Алматыда қалып, 23 жыл бойы тұрып, еңбек етеді. «Қазақ­стан пионері» газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, республикалық халық шығармашылығы орталы­ғында қызмет жасайды. Қазақ радиосының «Балалар мен жастар Бас редакциясында», «Қаламгер» әдеби Бас редакциясында, «Шалқар» Бас редакциясында 13 жыл бас редактор болды. Осы қарашаңырақта өткен осынау жылдарын бүгінде Қаршыға «өмір мектебім» деп сағына еске алады. Себебі бұл өмір мектебінде оған қаншама өнер майталмандарымен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, еңбек ардагерлерімен, ел қалаулыларымен, жас өркен таланттармен кездесіп, жүздесудің сәті түсті.
Қазақ радиосының әскери-патриоттық тәрбие бағы­тында берілетін «Ақсауыт» радиожур­налы үшін Президент әрі Бас қолбас­шы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен сұхбат алуға баратын осы бір еңбекқор, қара қызға бәрі де сүйсіне қарайтын. Кілең мықты, «сен тұр, мен атайын» дейтін қаламгер-ақын аға-апаларының ортасына кейіннен қосылса да, қаламының қарымын танытқан Қаршыға көп ұзамай Қазақстан Журналистер акаде­мия­сының «Алтын жұлдызымен» мара­патталды. Журналистикада еңбек сіңіріп келе жатқан қаламы қарымды қаламгер Қаршығаның Қазақ радиосында еңбек еткен тұста Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері атануы – оны өзге әріптестерінен даралап, журналистиканың қай саласында да құлашын жая қалам тербейтін шоқтығы биік майталман маман екендігін айқындады. Бұл – «Жыл журналисі» атанған Қаршы­ғаның ірі жеңісі еді. Ұлтымыздың небір ірі тұлғаларымен қызмет бабында сапар­лас, дәмдес-тұздас бола жүріп, олар жайлы жасаған оның арнайы радио­хабар­лары бұл күнде Қазақ радио­сының «Алтын қорында» сақтаулы.
Журналист қызмет барысында көптеген адамдармен кездесіп жатады. Есінде ұзақ жылдар бойы сақталатын жайттар де болады. Қаршығаның журналисттік қызметі барысында тағдыр пешенесіне тәуелсіз Қазақ мемлекетін тұңғыш басқаруға жазған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан екі рет сұхбат алуы әлі күнге дейін есінен кетпейді.
…Қаршыға сол кездегі бас қалада еңбек етіп жүргенімен, туған жері Сыр еліне жүрегі әркез ауып тұратын. Сыр толқындары оны өзіне тартатын. Адам баласы үшін «Жазмыштан – озмыш жоқ» деген ұғым қағидаға айналған. Сол жазмыштың жазуымен Қаршыға Құрмашқызы Алматының қақ ортасындағы үй-жайын, Қазақ радиосындағы қызметін, студенттік жылдардағы достарын, шығармашылық ортаны – бір-ақ күнде туған елдің ыстық құшағына ауыстырып, Сырға оралды.
Осылайша Алаштың анасы атанған кіндік қаны тамған жері Сыр бойы­на оралған тәжірибелі журналист Қызылорда облыстық телеарнаға редактор болып орналасты. Қаршыға елге оралған сол жылдары облыстық радио жабылып жатқан болатын. Бірақ Қаршыға Құрмашқызы тележурналист ретінде де аз ғана уақыттың ішінде бұл саланы да дөңгелетіп әкетті. Оның бұған дейін баспасөз бен радиода жинаған мол тәжірибесі телеарнадағы жұмысында әдемі жалғасын тапты. Қашаннан көпшіл, кең пейілді, бауырмал Қар­шы­ғаға телевизиялық хабарлар дайындауда да, біраз адамнан тұратын түсіру тобымен тіл табысу да қиынға соққан жоқ. Облыстық телеарнаға қызметке орналасқан алғашқы айда-ақ оның жасаған тікелей эфирдегі сұхбаттары, деректі фильмдері мен сериялы хабарлары өз көрермендерінен жоғары бағасын алып үлгерді. Ол бастапқыда балалар, жастар тақырыбындағы хабарлар жүргізсе, кейіннен ұлттық, патриоттық тәрбие беретін әскери тақырыптарды да қозғады. «Алтын қазық» хабарын жүргізіп, ел дамуындағы айшықты істердің жаршысы бола білді. «Өзекжарды» бағдарламасында облыстағы өзекті мәселелерді бүкпесіз көтерді. Сөйтіп, журналистиканың бұл саласында да оның бағы жанып, мерейі үстем болды.
Бір сөзбен айтқанда, Қаршыға Құрмашқызының Сыр өңіріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мұны көрші өзбек еліне сапар шегіп, отыз жыл Самарқанды билеген Жалаңтөс Баһадүр, әйгілі Әйтеке би, оның атасы Сейітқұл әулиелердің сүйегі жатқан қорымын анықтау, сөйтіп Сыр жұртшы­лығының атсалысуымен басына кесене тұрғызу сияқты қыруар шаруалардың басы-қасында жүріп, ол түсірген телефильмдер түйдек-түйде­гімен жұртшылық назарына ұсынылып жатуынан-ақ көруге болады. Бұған «Сыр өңірінің тұлғалары» және «Алаштың ардақтылары» атты әрқайсысы он фильмнен тұратын деректі топтама-телебаянды қосып айтсақ, осының бәрі аса ауқымды да жауапты іс, ұшан-теңіз еңбек екендігі салмақтана түседі. Туған жерінің тарихын түгендеген хабарлары бүгінде оның «Туған өлке» бағдарламасында жалғасын тауып келеді. Атан түйеге жүк болардай осыншалық шаруаны тындырып үлгерген осы нәзік жанның қайтпас қажыр-қайратына, шыдамдылығына қалайша қайран қалмассың?!
Тағы бір айта кетерлігі, жеке шы­ғар­машылығы журналистиканың ығында қалып қойғанымен, Қар­шыға әдеби ортадан алшақтаған жоқ. Сыр елінің құрметті ақыны, өзінің сүйікті қаламгер апасы Қатира Жәле­нованың сөзімен айтсақ, «ол мықты журналист қана емес, мықты ақын да». Оның «Қарлығаш» жыр-топтамасынан бас­тау алған шығар­малары «Аңсаған атамекенім» атты жыр жинағы арқылы оқырман қа­уым­­ның ыстық ықыласына бөленді.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қ.Есімсейітованың бұдан кейінгі лирикаға толы сырлы өлеңдері «Жалын» альманағында, «Отан деп соққан жүректер», «Тұмар», «Жүректегі жауһарлар», «Киелі Сыр» жинақтарына, «Сырдария кітапханасының» 200 томдық сериясына енді.
Журналистік сапармен Вьетнам, Өзбекстан, Мәскеу, Қырым, Украина, Грузия, Қытай секілді алып мемлекеттерге табаны тиген Қаршыға Құрмашқызы 2009 жылы өзінің 50 жылдық мерейтойына орай Қызылорда қаласында дүркіретіп тұрып «Арасынан сені көрем ақ нұрдың…» атты жеке шығармашылық кешін өткізді.
Дәл осы кеште сырбойылықтар Қар­шығаның бұрынғы «Алтын жұл­дызына» тағы бір «алтын» қосылға­нының куәсі болды. Мерейтойға арнайы келіп қатысқан «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығарма­шылығы бірлестігінің президенті Әбді-Әлі Нұрманов оның омырауына «Баспасөз саласындағы ерен еңбегі үшін Алтын медалін» жарқырата тақты. Бұл алтын медаль Қаршыға Құрмашқызының кеудесіндегі «Жалаңтөс Баһадүр», облыстың 70 жылдығына орай беріл­ген «Облыстың дамуына қосқан үлесі үшін», «Әйтеке би» медальдарының қатарын толықтыра түсті. Қаршығаның Сыр еліне төккен тері жарқыраған медальдармен ғана өлшенбесі хақ. Десек те, бұл медальдар – оның еңбегінің, жылдар бойы төгілген маңдай терінің жемісі екендігі анық.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист
ҚЫЗЫЛОРДА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.