Баукеңмен болған үш кездесу

Баукеңмен болған үш кездесу1975 жылы белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің 80 жасқа толғаны мерекеленді. Жазушылар одағы ғимаратында салтанатты жиналыс болып, оған көптеген зиялылар қатысты. Сапекең туралы сөз сөйленді, сыйлықтар, құттықтау папкалары, кітаптар берілді. Алдыңғы қатарда, Баукеңнің қасында отырғанмын. Даңқты Баукең де мінбеге көтеріліп 80 жасқа келген жазушыны құттықтады. Сапекеңнің көп білетінін, дөп жазатынын, ол туралы сонау соғыс жылдарында демалысқа елге келгенде Мұқтар Әуезовтан естігенін, Сапекең кемел ой иесі екенін айтты. «Бізді соғыс ардагерлері дейді. Біз Ұлы Отан соғысының нағыз ерлеріміз ғой деп ойлаймын. Сондықтан Ұлы Отан соғысының тарландары Бауыржан Момышұлынан, Дмитрий Снегиннен (содан кейін тағы бір орыс жазушысын атады, оның есімі есімде қалмапты) зор ілтипатпен осы кітапты Сапекеңе сыйлаймын», – деп үлкен форматты қалың кітапты жазушыға ұсынды. Қапсыра құшақтап, екі бетінен сүйіп, тағы да құттықтады. Тарлан сөзінің мәні – тарғыл-шұбар, аң біткеннің жүректісі де күштісі, таза тәнді де таза жанды жолбарыс.
Баукең де халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы, тұғырлы тұлғасы, асқақ рухы, мақтанышы. Қазақ десе Бауыржан, Бауыржан десе қазақ деген ұғым қалыптасқалы қашан! Өкінішке орай қазір миллиондаған қазақтың арасынан Баукеңдей тарланды табу қиын. Баукеңдей боламын деу – бос әурешілік, құрғақ қиял. Кейбір жағымпаздар қасындағы, қатардағы айқайшылды бүгінгі күннің Тұрары (Рысқұлов), Бауыржаны (Момышұлы) деседі. Айқайшылдар қаһарман болуы мүмкін, естерінде болсын, Тұрар, Бауыржан бола алмайды.
…70-80 жылдардың ортасы. Жаз кезі. Ұлттық кітапханадан шығып, Сапекеңесәлем бере кетейін деп, бүгінгі Абылай даңғылымен келе жатып, Жамбыл көшесіне жете бергенде, ата үйіне тақалған кезде, Баукең мен қайнағам Мәжекеңе – Мәжит Бегалинге кездестім. Сол жердегі мейрамханаға бет алыпты. Режиссер қайнағам мені де бірге жүруге көндірді. Мейрамхананың екінші қабатына көтеріліп, терезе жақтағы үстел басына орналастық. Мен әдетім бойынша, аяғымның жағдайына байланысты оң жақ шетке, Баукеңнің оң жағына отырдым. Тұрып кетуге ыңғайлы. Мәжекеңнің тапсырысымен көрікті де сыпайы қыз үстел үстін жайнатып жіберді. Мәжекең бір қолымен вокалдар мен рюмкаларды толтырып, жақсылық үшін алып қоюды ұсынды. Баукең мен Мәжекең алып қойды. Мен қайнағам «Ал, ал, не болды?» – деген соң, сыздықтатып, коньяктің алғашқы рюмкасын бітірдім.
Екінші тоста Баукең: «Өмір жемісті, табысты болсын!» деп көтерді. Бәріміз соғыстырдық. Бұл жолы ішпедім. Ауылға баратынымды, ауыр болатынын айтып ақталдым. Алғашқы рюмканың өзі-ақ басты дыңылдатқандай. «Қандай жігітсің, алып қой!» – деп Баукең қыштаған. Бір кезде «Встать?» дегені. «Встать не могу, аяғым біреу», – деп шынымды айттым.
– Әй, киношник, помоги ему встать! – деді Баукең Мәжитке.
– Мәжекең не может помогать, қолы біреу, – дедім.
– Ах, ты, какой герой! – деді Баукең.
– Я сижу рядом с героем, тоже герой. Бұл туралы Некрасовтың жазған өлеңі
бар, – дедім.
Баукең Мәжекеңе қарап, шаттана, мейірлене күлді де, оң қолымен менің арқамнан қағып: «Ей, сенің күйеу балаң настоящий герой!» – деді. Мәжит: «Сәкен «Настоящий герой болдың. Алып қой», – деді.
– Батырлар үшін. Нағыз батырларға алғыс! – деп, тартып жібердім.
Басқа үстелден қызулау бір кісі келіп: «Баукең бастаған батырларға сәлем»
деп өз рюмкасын соғыстырды да қағып жіберді.
Қызып қалыппын. Ауылға қалай жеткенімді есіме түсіре алмадым. Әйтеуір
көзімді ашсам, өз үйімде, өз бөлмемде, төсегімде жатырмын. Таңғы сағат
жеті болып қалыпты. Күннің сәулесімен бөлмем жарқырап, терезе алдындағы
гүл жайқалып тұр екен. .
…Сапекеңнің бәйбішесі – енем Сәлима дүниеден озған. Соңғы сапарға шығарып салуға адам көп жиналды. Баукең де келді. Енемді арулап шығарып
салдық.
Күн кешкіріп қалған кез. Баукең орнынан түрегелгенде соңынан бірнеше
адам ере сыртқа шықтық. Әңгімелестік, әзілдестік. Мәжит: «Бауке, мұртыңыз
өсіп кетіпті» деді. Баукең «Әй, өз мұртыңды жөндеп ал» деді (Мәжекең мұрт
қоймайтын. Бірақ анда-санда мұрт қойып жүретін. Шешесі қайтқан кезде
мұрты болатын). Баукең оң қолын жоғары көтеріп: «Сау болыңдар, жігіттер!»
деп жүріп кетті.
Алғашқыда жанымдағы біреу: «Үлкен адамға қолды шошайтудың керегі не?» деп Баукеңе байланысты ыңғайсыз сөз айтты. «Қолын көтеріп, бәрімізбен қоштасқанның не ерсілігі бар. Бәрімізге жағалай қол беріп, қол алысып қоштасқанша, түгелдей денсаулық тілеп, қолын көтере қоштасқаны жарасымды ишара емес пе?!» дедім. Ол көксоққан үндемеді.
Қайран Баукеңнің отты, жалынды сөздері мен қимылы, күлкілі де әзілді лебіздері, ғажап кимылдары ғибратқа толы екен-ау.
Тарихи тұлғалардың халқы үшін жасаған ерлік еңбектері ғана емес, бір ауыз сөзі, есімінің өзі рухани күш-қуат береді. «Менің қорғаушым, арқа сүйер азаматым бар» дегізеді. Баукең біздің қорғанымыз, арқа сүйер азаматымыз болды. Алда да қорғанымыз, панамыз бола береді.

Сәкен Жәкеев,
педагог, фотограф

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.