Елена – болашақ журналист

2015 жыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланғаны белгілі.
Жиырма жылдық белесті бағындырған Ассамблея ұйымы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, ел ішіндегі бейбітшілік пен бірлік идеясының берік нығаюына ерекше үлес қосуда. Тарих үшін қас-қағым кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің мықты тірегіне айналды.

Ассамблеяның басты миссиясы «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» ұраны, ел ішіндегі татулық пен достықты насихаттау екені анық. Шынында да, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен байлық – ел бірлігі, ұлттар мен ұлыстар достығы бар жерде ғана болмақ.
Түрлі ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына біріктірген Ассамблеяның айтулы мерекесі өңірлерде түрлі іс-шаралармен аталып өтуде. Мәселен, солардың бірі Павлодар қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен өткен этнос жастары арасындағы «Тіл – татулық тірегі» байқауын айтуға болады. Байқауға 18 бен 30 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері қатысты. Олар өңірдің қала мен аудандарында осы байқаудың іріктеу кезеңінен өткен жеңімпаздар. Қатысушылар мемлекеттік тіл туралы бейнероликтер дайындап, берілген тақырыпқа эссе жазды. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Ақсу қаласының өкілі Елена Гаркава, ІІ орынды Павлодар қаласының үміткері Майя Иванова және ІІІ орынды Екібастұз қаласы намысын қорғаған АидаМагеррамова иеленді. Жүлдегерлер арнайы диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқау жеңімпазы туралы кеңірек таныстыратын бол­сақ, Елена Гаркава – украин қы­зы. С.Торайғыров атын­да­ғы Пав­лодар мемлекеттік уни­вер­ситетінің 4-курс студенті. Бо­лашақ мамандығы – журналист. Университеттің қо­ғам­дық өміріне белсенді қа­тыс­қаны, ­үз­дік оқуы мен жеке же­тіс­тіктері үшін университеттің ­гран­ты­на ие болған. Ол «VІІІ ­Мәш­­һүр-Жүсіп оқулары», «V С.Торайғыров оқулары», «ХІІІ Сәт­баев оқулары» халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға тұрақты қатысып келеді. Қазақ ақын-жазушылары шығар­ма­ларын мәнерлеп оқу бойынша қалалық, облыстық және республикалық байқауларда бағын сынап, бірнеше мәрте жүлделі орындар иеленген. Тіл саясатын жүзеге асыру аясын­да өтетін «Тіл – адам жанын танудың кілті», «Абай оқула­ры», М.Мақатаев және М.Көпейұлы шығармашылық мұра­ларын насихаттауға арналған кон­курстарға да белсенді қаты­сады. Астанада өткен «Тіл – тату­лық тірегі» атты мемле­кет­­тік тілді меңгерген өзге ұлт өкіл­дері­нің жастары арасындағы ІV рес­публикалық форумына қатысты.
Арманы асқақ Еленаны ­құрбы-құрдастары ерекше мақтан тұтады. Болашақ журналист оқу тәжірибесін облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде өткен. «Қазақ тілінде мақала, тезис, шолу мен сараптамалық материалдар жазуды үйрендім, шығармашылық қабілетімді шыңдадым» дейді.
Елена мектепте орыс тілінде оқыған. Қазақ тілін оқып-үйренемін деген құлшынысы мен зор талабының арқасында мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Еленаның осындай еңбегі өзгелерге үлгі болады деген ойдамыз. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Еленаның мерейі әрдайым үстем боларына кәміл сенеміз.

Ақылбек САТЫБАЛДИН

Павлодар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Асхат

    Жарайсың, Елена! Менің білуімше, Павлодар облысында қазақ тілінде тәрбиеленіп, білім алып жатқан өзге ұлт жастары көп, солтүстік-шығыс өңірінде алдыңғы қатарда деп айтуға болады

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.