Қыз бала ибалығымен ұнамды

Көктемнің шуақты күндерін ерте келген Аналар, қыздар мерекесін де атап өттік. Айналамызды гүл көмкерді. Сый-сияпатқа кенелдік. Бір сөзбен айтқанда, жаны нәзік қыздардың тірегі саналатын ер-азаматтар тарапынан құрметке ие болдық. Жақсы тілек естідік. Көңіліміз көктем күніндей жадырады. Сөйтіп, сыйластықтың қадірін тағы бір ұғындық.

Осындай көктемгі леп, жы­лы­лықпен бірге кейбір қыз-ке­ліншектеріміздің «әттеген-ай» де­гізетін «ерке қылықтары» ойға батырып, жаныңды жүдетеді. Қыз – өмірдің мәні, ұрпақ анасы. Қай кезде де өзінің Ана екенін, Ана – ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың иесі екенін ұмытпаса екен дейсің. Әр нәрсенің өз орны, өз реті болады. Баланың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерін» үнемі есте ұстаған абзал-ау. Мереке екен деп мойныңдағы жауапкершілікті ұмытып кетуге болмайтынын түсінсе дейсің.
Соңғы кезде мерекені сылтау­ратып, қыз-келіншектеріміздің өзара бас қосып, ащы судан асыра сілтеп жіберетін үрдіс бай­қалады. Бұл жақсылықтың ныша­ны емес. Наурыздағы дема­лыс күндері небір жаға ұстатар жағ­дайға куә болып, көңілге қаяу түсті. Мейрамханалардың бірінен қыздардың жаға жыртысып жатқанын көріп, шошып кеттік. Қасы-көзі қиылған, қызғалдақтай құлпырған төрт бойжеткен жап-жақсы әңгі­ме­лесіп отырған. Біраздан соң дауыстары қатты шыға бастады, енді бір кезде киімдері ашық-шашық күйінде биледі. Ақыр аяғында, бір-бірінің шашына жармасып, өрескел қылық танытты. Сонымен не керек, қазақ қыздары деген атқа кір келтіріп, өз абыройларын өздері төкті.
Ал қыздарымызға ақыл айтар, орта жастағы кейбір әйел-аналарымыздың іс-әрекеті де көңілге қона бермейтіні рас. Автобуста болған мына бір жайдан өзгелер сабақ алса, ойланса дейсің. Кешкілік елу-алпыс жас шамасындағы үш әйел, біреуінің жанында екі кішкентай баласы бар, автобусқа енді. Даурығып, қызара бөртіп алғандар бірінің сөзін бірі тыңдар емес. Ішіндегі бетіне бояуды аямай жаққан, ішке айбат шеге кірген келіншек айналасындағыларға менсінбей көз салып, орын іздеді. Содан өзі құралпылас, қарапайымдау киінген әйелге түнере қарап: «бізге орын беріңдер» деп бұйырды. Ол «бәледен машайық қашыпты» дегендей, сөзге келмей орнын ұсынды. Ал әлгі әйел болса өзі отырған соң жанындағы адамды түртпектеп, серіктерінің бірін қасына отырғызуға тырысты. Айтқанына көніп, орнын босата қоймаған келіншекке ауыр-ауыр сөздер айтып жатты. Ұрыс-керіс, бір-бірін балағаттау осы жерден бас­талды. Бір қарағанда мәдениетті көрінетін әлгі әйелдің тілі ащы екен. Оның құлаққа түрпідей тиетін дөрекі сөздерін естіп, жағамызды ұстадық. Біздердің «Бұларың не? Қойыңдар. Ұят болады» дегенімізге құлақ асар емес. Жаңағы үш әйел аялдамадан түскеннен кейін ғана автобус ішінде тыныштық орнады.
Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негі­зі – әйел» деген керемет сөзі бар. Әйелге қатысты бұдан артық ештеңе айта алмаспыз. Біздің ұғымымызда, қыз бала бойындағы ибалығы мен инабаты, ұяңдығы мен нәзіктігі арқылы ерекшеленуі тиіс. Парасат-пайымы жоғары, ақылына көркі сай қыз-келіншектеріміз кешегі Тұмар, Бөрте ханымдардың, Қарашаш, Зерелердің ізін жалғар арулар емес пе?.. Осыны бір сәт те естен шығармай, адам­гершілікті, сый­ластықты берік ұстанып, ұлтымыздың ізгі қасиеттерін бойға сіңіруіміз керек. Әйел-ананы құрметтеу, қадірлеу дұрыс-ақ, сонымен бірге сондай мадаққа, құрметке лайықты бола білген жөн.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Көкше Ақын.

    Бәрі шындық. Менің ойымша осы қылықтардың бәрі біздерге сары шаштылардан жұққан деп ойлаймын. Әйтпесе бұрында әйел заты бір-бірімен жаға жыртысыпты дегенді білмейтін едік ғой. Ал ақыл тоқтатқан кексе әйелдердің айналасына уын шашып елді түртпектетуі ол солардан дарыған дүние деп ойлаймын. Айтып-айтпай не керек көп дүниеміз бүлініп қалды ғой.

  2. küzäč

    Бала іште жатқаннан бастап нағыз қазақи тәрбиені бойына сіңіру керек. Этнопедагогиканы кеңінен дәріптеп, қазақ идеологиясын бетке ұстағанымыз жөн.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.