Айқұмарлар

АйқұмарларАдамзат балаң шағында Ай да адамға ғашық болады деп ойлапты. Иә, аспандағы аппақ ай қара жерді басып жүрген пендені сүйеді деп масаттаныпты. Құдды ол түн ортасында кей адамға бар мейірімін шашып, шуағын төгіп, өзіне шақырады-мыс. Төбедегі қасиетке төтеп бере алмаған тіршілік иесі айтқанына жүріп, айдағанына көніп кете барады мыс. Толысып, кемеліне жеткенде дерт одан әрі асқынады-мыс. Бірақ қателесіпті. Ай ғашық емес екен адамға, адам құмар екен Айға. Есі кеткен екі аяқты болып шықты соңында. Тіпті көбелек екеш, көбелек те жанған шамға жанұшыра ұмтылып, қанаты күйсе де, шыр айналмаушы ма еді. Оны да түсінбей «жынды көбелек» деп лақап ат қойып мүсіркейміз.Кім біледі бәлкім адамзат та қараңғылығы мен қалтарысы көп жер бетіне тағы да асығып келген түн тақсіретінен тұншығатын шығар. Сосын жанына медеу болар жарық іздеп, алыс, алыс та болса жақын, жақын жақын да болса, алыс Айға ұмтылатын шығар. Бәлкім…Бірақ, не десе де, бұл құбылыс ұлт талғамайды. Орыстар мұндайларды «Лунатиктер» деп атайды, ағылшындар «sleep-walker» дейді, Онысы кезбе, қыдырымпаз ұйқышы дегенге саяды. Қазақтар…Кешегі өткен бабалар «иесі бар» деген ұғымға сыйдырып келді мұндайды. Ал біз «Айқұмарлар» жайында не білеміз?

Кіріспе
Айкезбелік жайында сөз қозғасақ, әркімнің есіне бірлі-екілі оқиғас түсері даусыз. Бірі қысты күні қақаған аязда көйлекшең тысқа шығып, қатып қала жаздағанын, бірі су толы бөшкені ерттеп мініп, бәйгеге шапқанын, бірі үстел үстіне түсе алмай еңіреп жылағынын, бірі жерге төселген кілемді қыздың жиған жүгіндей қылып орап алып кетпекші болғанын қасындағылардан естіп, оянған соң ішек-сілесі қатып күліп жатады. Олардың арасында тіпті түн ішінде бейіт аралап кететіндері де кездескенін ескерсек айкезбеліктің күлетін дүние емес екенін байқарсыз.
Себебі, олардың ерекше ептілік қасиеттері тек кездейсоқтық қана. Әсіресе әлемдік тарихта бұған мысал жетерлік. Себебі, үшінші қабаттан құлап, аман қалғандарды айтып, аталған дертке жібектен шапан жауып әспеттегеннен ешкім ештеңе ұтпасы анық. Өйткені өзі ойлап тапқан баспалдақпен түспекші болған австриялалық арудың ауруханадан бір-ақ шыққаны ешкімді таңғалдырмаса керек-ті. Ал 16 жасар поляк жігітінің 5 қабаттан құлап мерт болғаны айкезбелікке қамқорлықтың қажетін байқатқандай. Бәлкім бозбала тәтті ұйқы құшағында көгілдір көлге бір сүңгіп алғысы келген шығар деген ой келеді екен осындайды..
Қазақтың да талай ғұламалары «ай сәулесінен асқынатын жүйке дертінің » ( Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, «Дайк-Пресс», 2008, 24 бет) жауабын іздеген көрінеді. Әйтпесе, Шәкәрім хакім «Үш анық» кітабында ұйқы тылсымына тоқтала отырып, тереңнен толқыр ма еді. Оқысаңыз, есіңізде болар, Оқырманға бейтаныс болып жатса, сөзбе-сөз келтірейік.
«Кейде тірі адамның жаны дене сезімінсіз-ақ ғайыпты біледі, адам істей алмайтын іс істейді. Орысша лунатизм, Европаша сомнамбулизм дегенді ғылым оқығандар біледі. Ол біздің қазақша айтқанда былай, кейбір адам ұйқысырап, жүріп кетіп, әлде не түрлі істерді істеп, қайта келіп жатып қалады да, оянғанда онысын білмейді. Оны біздің тілде ұйқыда кезу дейді. Мұндайлардың кейбіреулері биік үйдің шатырына шығып, таймастан дәл шеткі қырымен айнала жүріп келіп, сатыдан түсіп төсегіне жатқан. Ол жүргенде мүлде дым сезбейді, ұйқыдан оянған соң онысынан өзі түк білмейді. Мұндайлар көп болады. Ондайды өзіміз өз көзімізбен де көрдік. Кейбір адамдардың пәлен жерім тартты, онда солай болушы еді дегені де дәл шығады».
Байқасақ, Шәкәрім сомнамбулизмді ұйқыда кезу деп аударған. Осы орайда, бүгінгі қазақ поэзиясында да аталған тақырыптың жиі ұшырасатынын айта кеткен жөн. Әсіресе, нәзікжанды ақындарымыздың жыр жолдарына үңілсек, Ай «әсемдікке ұмтылыс», «аспандағы аңсар», «орындалмас арман» ұғымдарымен ұштасып жатыр. Сондықтан шығар,
«Жаттасам да бір Алланың сөздерін,
Сайтан маған үйретіп ед өзге ілім.
Періштенің іліміне мас болып,
Өбуші едім Ібілістің көздерін.
Күнәһар да, әсфия емес,
Білсеңіз – мен кезбемін.
Айкезбемін.
Кезбемін…
Күндерімде Күнге апарып халықты,
Түндерімде мекен еттім табытты.
Таусылмайтын кездесу мен қоштасу,
Бақыт менен қашудан да жалықты, – деп жүрек қылының нәзік пернелерін шерткен Назира Бердалының жаханға «Айкезбемін!» деп жар салуы.
Ал сіз 16 ғасырда Ұлыбританияда айкезбеліктің де қоғамға қауіпті дерт саналғанын білесіз бе? Бәлкім сол арқылы олар сұлулыққа, іңкәрлікке, тазалыққа, арманға деген адам сағынышын тұсаулағысы келген шығар. Не десек те мұны жындылыққа теңеген кез де болған. Дегенмен…
«Мен де бір жарыққа ұмтылған көбелек,
Жанымнан алдыңдар не дерек?
өзі отқа ғашық боп көрмеген
жындыға теңемей не демек!
Көлеңкең болуға даяр ем
Сіз мені Ғайсадай крестке кеткенде шегелеп….
Бәлкім біз сол сынды өлер ек.
Бірақ та сүюді ұмытқан ғасырда
Осының барлығы не керек?»
Мұны «Жалғыздықты көктегі Ай жамайды» деп санайтын Танакөз Толқынқызы. Соған қарағанда 21-ғасырда да пенденің жарыққа деген ұмтылысын түсіне алмайтын жандар болса керек-ті.
Қалай айтсақ та ертеде де, бүгінде де айкезбелік дертіне Ай кінәлі деп санайтындар аз емес. Бұл тәмсілдің әлі күнге дейін адамдар санасында қылаң беріп қалатынын сіз бен біз де жақсы білеміз. Ендеше Айды тергеуге алып көрейікші.

Ай және әлем
Эсхил Айды «түннің жарқыраған жанары» деп атаса, Сапфо қолына шырақ ұстап жұлдыздарды бастап бара жатқан әйел бейнесі ретінде сипаттайды. Әлемде ай жайында айтылар аңыздар да көп-ақ. Тіпті кей елдер Айды жұлдыздан, Күннен де жоғары әспеттейді. Мысалы үнділіктерде мынадай ертегі бар. «Ерте-ерте, ертеде Аспан ананың Күн, Жел, Ай атты үш баласы болыпты. Күндердің күнінде үшеуі қонаққа барады. Анасы тілеуін тілеп, көп кешікпеулерін өтініп, үйінде қалады. Ішінен маған балаларым қандай сарқыт әкелер екен деп те қояды. Қарындары тойған Күн мен Жел аналарын ұмытып кетеді, үйге қайтуды да ойламайды. Кенже қызы Ай болса, әр жеген тамағынан анам да дәм татсын деп кішкентай бөлігін қалтасына салып отырған екен. Үйлеріне келген соң, анасы жанары жаутаңдап күтіп алады. Балаларынан кештің қалай өткенін сұрайды. Үлкен ұлы Күн: «Қалтам кірлеп қалады» деп ештеңе ала алмадым», — дейді. Екінші ұлы Жел: «Өзің кәрісің, тісің де жоқ, сарқыт сенің не теңің» – деп зекіп тастайды. Тек қызы Ай, қалтасынан жылы-жұмсақ, тәттілерін шығарып, қарт анасының алдына тосқан екен. Сонда Аспан: «Әй, Күн шуағың аптап ыстыққа айналып, адамдар сенен теріс айналатын күн тусын. Әй, Жел, самалың боран болып соғып, дүние сенен мезі болар заман келсін. Ал алтын Айым, сен қара түнді қақ жарып, жұрт шуағыңа бөленіп, екі жастың батасын, ғашық жандардың алғысын алғайсың!» деген екен. «Желсіз түнде жарық ай» деп әнге қоспаушы ма еді Абай да ынтық жанмен жолығар сәтін одан әрі сұлуландырып.
Бұл додадан Қытай да қалыс қалмаған. Орталық Гүлстан мемлекетінің тұрғындары «Сиыршы жігіт пен тоқымашы қыз» атты аңызында кедейліктің қамытын киіп, ақыры сүйген жігітіне қосыла алмаған тоқымашы қыздың Айға ұшып кеткенін айтады. Қысықкөздер оны әлі күнге дейін Аспанды мекен ететініне сенетін көрінеді. Күншығыс елі болса, Айдың бауыр еті баласынан адамдарды артық көргендігін тілге тиек етеді. Кезінде Ай баласына адамдарға мәңгілік өмір сыйлайтын кәусар суды және жыланға арнап өлім суын тапсырып, жер бетіне жіберіпті. Сөйтсе алыс жолдан шылдығып-шаршаған ол межелі жерге жеткенде ұйықтап кетіпті. Осы сәтті пайдаланып, жылан өмір суын ішіп, тауысып қояды. Анасынан қорқып, сасқан бала өлім суы толы шелекті адамдарға берген деседі. Осы қылығы үшін қатты ызаланған Ай баласына жанымнан кетпей тұр енді деп зекіген екен. Ай бетіндегі дақ сол шелек ұстап тұрған Ай ұлы деседі жапондықтар.
Ал көне Грецияның Эндимион туралы аңызы тіптен ерекше. Сондықтан болар аталған мифпен аттас әлемдік классикадан аяқ алғысыз. Оның есімі алғаш рет Платонда кездессе, Алкейдің «Эндимион» комедиясы бар. Эндимион бейнесі Тинторетто, Ван Дейк, Рубенс, Пуссен сынды талай суретшілердің де қылқаламынан орын алды
Грек аңызына тоқталсақ, Элида патшасы Олимп фестивальдерінің негізін салушы, кей деректерде Карийдегі бақташы не де болса сұлу бозбала Эндимион Латмос тауында ұйықтап жатқан кезінде Ай (Селена) ғашық болыпты-мыс. Көркіне көзі тоймаған Селена оны өмір бақи тамашалау үшін ұйқысын мәңгілікке ұластырған деседі. Содан болар шетел әдебиетінде «Ай Эндимион құшағында» деген ой тұрақты сөз тіркесіне айналған. Ал Китс шығармашылығында алғашқы көлемді поэмасы «Эндимионда» аталған идея ақынның идеалды сұлулыққа деген ізденістерінің аллегориясы ретінде дамиды.
Эндимион сонымен қатар мезгілсіз келген түстің, түннің, өлімнің бейнесі ретінде қабылданады. Ал оның 50 қызы 50 ай айымен әрі Олимп ойындарының арасындағы 4 жылға сәйкес келуімен сипатталады. Бертін келе оны Айдағы өзгерістерді 30 жыл бойы зерттеген тұңғыш метереолог ретінде таныстырады тарих. Аңыздарда да Эндимион мен Селена арасындағы іңкәр сезімнің 30 жылға созылғандығы жайында айтылады. Әрі сұлу бозбала да 30 жыл ұйықтаған деседі. Сондықтан болар «Эндимионның ұйқысы» деген мәтел тәтті ұзақ ұйқыны сүйетіндерге қаратып айтылады екен.
Кей деректерде ғашықтықтықтан басы айналған Ай Зевстен Эндимионның кез келген тілегін орындауын өтініпті. Сонда сұлу бозбала махаббат, адалдық, мейірім, иә, иә, адами сезімнің бәрінен де бас тартып тек мәңгілік өмір мен жастық сыйлайтын ұзақ ұйқы тілеген екен…
Байқасақ, әлем аңыздарының көпшілігіне адамның Айға деген сүйіспеншілігі, Айдың адамға деген мейірімі негіз болған.

Ай және қазақ
Ата-бабамыз да Айда аспанға шығарып тұрып мадақ тұтады. Бірде халқымыз Ай мен Күнді Аспан мен Жердің қараңғылыққа қарсы күрескен қызы мен ұлы ретінде сипаттайды. Ел аузында Ай туралы қызықты аңыз, ертегілер де аз емес. Тағы бірінде Айдың сұлулығы басымырақ болғанын қызғанған Күн оның бетін тырнап алып, Ай бетіндегі дақ содан қалғандығын айтады… Ал халқымыздың «Ай мен тігінші» аңызы көйлексіз қалған сұлудың аңғалдығын байқатқандай. Бәлкім, “Ай толғанын білмейді, жігіт болғанын білмейді” дейтін мәтел де содан қалған шығар.
Біздегі тыйымдар да сан алуан. Қазақ айға қарап дәрет сындырмайды, айды қолымен нұсқамайды. Ай туғанда «Жаңа ай жарылқа, ескі Ай есірке» деп бет сипайды. «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан» деп бата береді.
Сосын ұрпағына Айбек, Айсұлтан, Айжан, Айгүл, Айғаным, Айтуар, Айсары, Айым, Айнар, Айнұр, Айдос, Айсана, Айнаш деп ат қояды. Ондағысы ұлдары сұлтан болса Айдай биік болсын, бек болса, айдай асыл болсын, дос болса, айдай адал болсын дегендері ғой. Ал қыздарының жаны айдай аппақ, жүзі айдай шуақты, мінезі айдай алтын, қылығы айдай кербез, тұлғасы айдай сұлу болса деген тілектен туған емес пе, жоғарыдағы есімдер. Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестердің өзі де ең бір тамаша ойларды меңзейді. «Айға азуын білеген», «Айды аспанға шығарды» дейміз ерекше күш-қуат жайында сөз қозғасақ. Биіктікті, мәрттікті, асыл сезімді де Аймен байланыстырады.
«Шеш көңлімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да, өзімді
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып», – дейді Абай. Белгісіздікті тілге тиек еткенде, «Айдың таса беті» дейміз сыршылқпен. Сөйтіп жүріп, Айға ұмтылып мерт болған арыстанды ұмытып кетеміз. Сосын Айдың жалғыздығын айтып, өзімізше оған көмек қолын созғымыз келеді. «Күнді таба алмай жүр ғой» деп аяймыз. Оның Күнге бізден қарағанда жақын екенін қайдан білейік? Құдықтағы айды кейде аспанға шығармақ болып тыраштанамыз. Кейде анасына себеттегі суға Ай салып алып, сыйламақ болған сәби көңілдей нәумез боламыз, шіркін. Бірде Күләш Ахметованың жырына үн қосып
Кейбіреу өзін-өзі нық санайды,
Жүреді көрмеген боп шықса да Айды.
Менің мұңым, ашуым, сағынышым –
Ешқашан да оларға ұқсамайды, – деп Айды елемегендерді жазғырамыз келіп.
Сондықтан болар аңдасақ Айды тым аспанға шығарып алғанын байқамай да қалатын сыңайлымыз соңында.
Есіне сап ғарыш жаққа қайтуды,
Хақ-тағала хабаршысы — Ай туды.
… Иә, иә, қайтқан да енді жөн шығар,
Келгелі де көп әңгіме айтылды…, деп Бауыржан Бабажанұлы жырлағандай ай Құдайдың жаратқан тамашасы, адамзатқа берген ырзығы, бәлкім хабаршысы шығар. Бірақ осындайда біздің де құтты ай әкелетіндей оған ес-түссіз сенген шағымыз еске оралады. Қазақ үшін ол түсінік артта, бірақ сол заманның белгісіндей боп «Құдай» (Құт+ай) сөзі қалды.
Ай екеш Айда да дақ бар екенін кім біліпті ол шақта?

Ай және Ислам
Он сегіз мың ғалам кездейсоқ, өз-өзінен пайда болмаған. Оның таңғажайып, нәзік те есеппен бір-бірімен үйлесім тауып тұрғаны, оған миллиардтаған жылдардың болғаны, ғаламдағы тартылыс күштеріндегі тепе-теңдік сәл өзгерсе, дүниенің тас-талқаны шығатыны нақты айғақ.
Бұл жөнінде тіпті, Құран Кәрімнің «Тәбәрак» сүресінде Аллаһ Тағала былай деген: «Жеті қабат аспанды бір-біріне үйлесімді етіп жаратқан – Ол Аллаһ. Рахманның жаратуында ешбір ақау, жүйесіздік көре алмайсың. Сал көзіңді көре аласың ба бір ақау? Сосын көзіңді қайта-қайта бұрып қара! Көзің ешбір ақау таба алмағандықтан шаршап, талған күйде саған қайта оралады».
Араб күнтізбесі де Ай қозғалысына негізделіп жасалған. Ерте кезде әрбір 24 жылдың он бесі 12 айдан, тоғызы 13 айдан есептеліп, он үшінші ай «нәси» деп аталды. 631 жылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар нәсиді есептен мүлдем шығарып тастап, содан бері араб жылы 12 айдан тұрады.
Айды Аллаһ Тағала өзі білген хикметтерімен түнде нұр шашып жарық болып тұруға жаратқан. Сондай-ақ пенделері айға қарап жыл санауы мен уақыт белгілерін аңғаруға болатын мүмкіндік еткен. Бұл жайында Аллаһ елшісінің (с.а.с) бірнеше хадистері бар. Хусайн ибн Харис риуаятында: Меккенің әмірі хұтпасында «Аллаһ елшісі біздерге ғибадаттарды көрумен орындауымызға бұйырды» — деген. (Әбу Дауд). Ибн Омар (р.а) былай деп риуаят еткен. Аллаһ Елшісі (с.а.с): «(Рамазан) Айды көргенде ораза тұтыңдар, (Шаъбан) айды көріп ауыздарыңды ашыңдар» — деген. (Имам Термизи).
Ал, енді Ислам рәмізі ретіндегі ай белгісіне келер болсақ, ол Осман дәуіріндегі оқиғалар себеп болған. 1453 жылы Султан Мухаммад Фатиһ Византиянын жүрегі саналатын Қустантия (немесе Қанстантия болса керек) яғни қазіргі Станбулға шабуыл жасайды. Ислам тарихынын шешуші күресті бастау уақытын аспандағы ай көрінуін белгіленді. Сол ай көрінумен шайқас басталып, бұл маңызды болған қала басып алынды. Кейіннен жеңген мұсылмандар туларына ай белгісін орнатқан. Ол кезде Осман дәуірі халифалықты әлі алмаған кез болатын. 1516 жылы Сұлтан Салим бірінші ислам өлкелеріне үкім етуді қолға алды. Жалаудағы ай белгісі сол кезден бастап басқа да мұсылман жұрттарының туларына енгізіле бастады. Бүгінгі күнде 13 мемлекетте сол ай белгісі туларында орын алған. Соның кейбірі Алжир, Пакстан, Малайзия, Сингапур, Тунис және Өзбекстан сондай-ақ Туркия, Әзербайжан мен Түркменстан сияқты мемлекеттер.
Тап осы сияқты мешіттердің үстіне ай белгісін орнату осыдан қалған.
Кезінде Алтын Орданың да ақ түсті байрағының ортасында Жарты Айдың суреті салыныпты.

Айқұмарлық және ғылым
Ал нақты ғылымға сүйенетін болсақ… Айдың бар кінәсі жарық көзі болып жаратылғандығында ғана екен. Осыны сезген қазақ та баланың бетіне Ай сәулесін түсірмеген.
Неміс психиатры, профессор Волькер Фаусттың айтуынша көше шамының өзін жағып қойсаңыз айкезбелікке ыңғайы бар жан ұйықтап жатқан жерінен «қыдырып» кетуі бек мүмкін. Ғалымдардың көпшілігі бүгінде аталған құбылысқа Айдың әсерін жоққа шығарып, айкезбелікті жан күйзелісінің белгілі бір формасы ретінде қабылдайды.
Әрі айқұмарлардың түйсіктерінің дамығандығы соншалық қауіп-қатерді ерекше сезінеді деген де бос сөз. Себебі, олардың төбеге өрмелеп, көлік жүргізуі өте сирек кездеседі. Дегенмен ояу кезіндегіден біршама епті болатынын мойындау керек.
«Айқұмардарды оятқаннан олардың өліп кетуі мүмкін деген қауесет те шындыққа жанаспайды. Әрине артық кетсеңіз, белгілі бір деңгейде соққы алары сөзсіз», – дейді Калифорниялық Ұйқы бұзылуын зерттеу орталығынң ғалымы Майкл Салеми. Бірақ олардың сол қалпында жүргендігі керісінше қауіптірек екен. Әрі ұйқыда жүріп, ұщақ жүргізіп, тіпті ауыр қылмиыстарға барған жайындағы фактілер ғылыммен дәлелденбеген, сондықтан тек аңыз ретінде қабылдау керектігін айтады неміс ғалымдары.
Негізінен айкезбелік ұйқыға жатқан соң 2-3 сағаттан кейін басталады. Мәскеу сомнологиялық орталығы мамандарының айтуынша, ондай кезде адамдар әлдене сезбек түгілі, түс көрмеуі де мүмкін. Мұны мидың белгілі бір құрылымдарының жетілмеуі ретінде де түсіндіруге болады. Себебі әр адамның миы әрқилы қалыптасады екен. Ал түс оның тамаша құрылыс материалы болып табылады. Сондықтан айкезбелік балалардың 17 пайызында ең болмағанда бір рет кездеседі. 11-12 жас аралығында жиілей түседі. Ал жасөспірім шақтың соңына қарай, азая береді. Ересек адамдарда тіптен сирейді, мәселен 2,5 пайызында ұшырасады. Себеп, қпараттың шамадан тыс көп болуы, күшті стресс, бас сүйегінің зақымдануы, созылмалы аурулар, тіпті тұмау да әсер етуі мүмкін дейді ресейлік мамандар.
Ендеше, айкезбелік адамның күндізгі көрген-білгенімен, алған әсерімен, көңіл-күйімен, өмірлік армандарымен, қателіктерімен, өкініштерімен, күйініштерімен тікелей байланысты. Әрі адамның сол жан аңсарының түн ішінде көрініс табуына жарықтың себебі барын ғылым да сөзсіз мойындайды. Ендеше бұл адамның қараңғылықтан жерінуінің көрінісі болар. Бәлкім «Айдың аппақ сәулесіне оранып, мен бақытты бола салам біркүні» деп ойлатын шығар адамдар. Сондықтан оларды «айкезбе» емес, «айқұмар» деген жарасар. Сіз қалай ойлайсыз?

Эпилог орнына
Кезінде біз ол адамзатқа ғашық деп ойладық. Тәкәппарлығымызда шек жоқ-ау. Бірақ, бәрі керісінше болып шықты. Сондайда адам жеті қабат аспандағыны аңсап, Тәңіріндей табынып неге сонша адасты екен дейсің? Бірақ кім біледі? Мүмкін Ай да жаһанды алты күнде жаратқан Тәңірдің жарлығымен адамды қараңғылық қыртысынан құтқарғысы келіп, түн сайын сәуле шашатын шығар. Мүмкін сарғайған сезімін жеткізе алмай, аңқасы кеуіп Ай да аласұратын шығар. Жүзімізді жасырған перде білер мұны бәлкім…Бірақ тағы да кінәні көктен іздедік-ау. Бар мәселе Айдың адамды түсінбегенінде емес, адамның адамды түсінбегенінде емес пе? Сосын күндіз адамнан пана таба алмаған адам жан азабының емін түнде айдан іздейді екен. «Айқұмар» болады екен…
Жанар Елдосқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.