Қайран ана, киелі! немесе соңғы түс

Тойшыбек Иіпұлы

Жасауға Ана бейнесін,
Көп жүрдім іштей толғанып.
Ағыттым жырдың түймесін,
Оқышы, жұртым, қолға алып.

Көзіммен көрдім бәрін де,
Қуаныш, қайғы сәттерін.
Тыңдадым мұңды әнін де,
Өксікке толып дәптерім…

Ізгілік шашқан жүзінен,
Шоқ болып жанды өлеңім.
Бір ғасыр басқан ізімен,
Жетпіс жыл жүріп келемін.

Таңданып қажыр-күшіне,
Тыңдадым асыл сөздерін..
Ғажайып Ана ісіне,
Куә бол, халқым, өздерің.

Сұрапыл соғыс басталып,
Тас-талқан етіп дүниені,
Боздақтар жатса аттанып,
Егіліп қарттар, арулар,
Аналар қалды-ау, киелі..

Дүрлікті халық жиналып,
Соғыстың беті тым қатты.
Тұрғанда бәрі қиналып,
Жас ана көпке тіл қатты:

– Тоқтаңдар!.. Түге, жыламай!
Тыңдаңдар, жас та, үлкен де,
Айбынды даусын даламның.
Ұмыттыңдар ма, бұл күнде?
Ұранын, салтын Бабамның!

Қайғыға батып қамықса,
Қасиетті мынау елге сын!
Иіліп қоға-борықша,
Түңіліп жаудан торықса…
Қайратты туған ерге сын!

Намыстан, ардан жаралған,
Өлімге қарсы тұра алар,
Қаймықпай отқа бара алған,
Қырық жыл қырғын болса да,
Аман-сау елге оралар!

Ұлдарым менің!
Арыңнан жаның садаға,
Қорғамақ елін, бізді кім?
…Қалмасаң күлкі, табаға,
Ертеңгі Тәуелсіздігің!

Сендерсің, қалқам, тірегім,
Қорғаныш болмақ, енді кім?!
Қайрат пен намыс, білемін,
Ертеңгі Егемендігің!

Тамырың жатыр тереңде,
Танытар өзін Ер бүгін.
Паш етіңдер әлемге,
Көшпелі Қазақ ерлігін!

Жолдарың болып, Ұлдарым,
Жаратқан Ием, жар болсын.
Жазылмай жұбың жүр бәрің,
Жолбасшың, Намыс, Ар болсын!

…Қантөгіс, шайқас, атыста,
Жалмады жанды гүрілдеп.
Қарайды ана батысқа,
Кемсеңдеп ерні дірілдеп.

– Тас емшекті жібіткен,
Тар құрсақты кеңіткен,
Ерінді балдай еріткен,
Көмкерілген көрікпен,

Қожахмет, Нұрайым,
Қошақаным, Жанайым,
Айбының асып дұшпаннан,
Ақ жолын берсін Құдайым!

…Жетпіс жыл өтті оған да,
Қас-қағым сәтте сынаптай,
Өзгерді өмір, қоғам да,
Жаңа бір тыныс, шырақтай!

Жүзден де асты жас ана,
Жарысып сағым, желменен,
Арманы, мұңы бір ғана –
Күтеді ұлын келмеген…

Арқаның сол бір кешінде,
Сыздатпай жүрек жарасын…
Кейуана көрді түсінде,
Әскерден қайтқан баласын!.

– Құлыным-ау, сен бе едің,
Келіп қалдың қай жақтан..?
Отырмын, күтіп өлмедім,
Түстің бе күннен, ай жақтан?!

Жаратқан Ием, жер, аспан.
Сүйіншіңді ал, балаң келді деп,
Біреулер бәсе, қате айтқан,
Құлынымды өлді деп…

Ей, көршілер, туысқан,
Қария, аға, жасың бар.
Айтпай-ақ  сырды ұғысқан,
Сандығым мынау, ашыңдар!

Неғып тұрсың абысын?
Іс тындырар көбірек.
Тұтатып ағаш, қамысың,
Шайыңды қойшы, тезірек!

Әй, қайным-ау, әзілім,
Бурыл шашым, «қағынған»,
Тойыңның жасап мәзірін,
Малыңды жеткіз табыннан.

Жалғыз тұяқ Керімнен
Айналайын, Келдібек.
Сүйінші сұра елімнен,
Таудың ұлы келді деп!
Гүл майса жаздың кешінде,
Той жасап, келін түсіріп.
Мұратқа жетті түсінде,
Мерейін елдің өсіріп.

Жиналып көрші қауымы,
Тәнті етті ән-күй, жырымен.
Басылып соғыс дауылы,
Сыр шертті ана ұлымен…

– Өтсе де зырлап, жыл талай,
Қалыпсың ботам, өзгермей,
Өксіктен туып жыр талай,
Қалса да, міне, көз көрмей.

Санадым әр кез жыл құсын,
Оралар бірге күнім деп,
Аңсадым сыңғыр күлкісін,
Тұрғандай содан үнің кеп.
Ақтадың ба еліңнің,
Аманатын, намысын?
Сақтадың ба жеріңнің,
Орман, тау, өзен, қамысын?

– Анашым, ана, тыңдағын,
Қателік етсем, кешіргін.
Көңілге құйып сыр бәрін,
Мәпелеп, мәз ғып өсірдің.

Жүрекке құйдың ерлікті,
Болмасын таба жауға деп,
Бағалай біл де тірлікті,
Сұрама қастан сауға деп.

Азат еттік құлдықтан,
Ұл-қыздарын көп елдің.
Жан түршікті сұмдықтан,
Жыр ғып айтып берермін.

Жеттік, сөйтіп Берлинге,
Қанды қолдар жиналған.
Қандай азап көргенге,
Небір жандар қиналған.

Төгілді кекті қорғасын,
Қамалға, дотқа, тегіске.
Талқандап жаудың ордасын,
Осылай жеттік, Жеңіске!

– Сағынбадың сен қалай,
Кіндік кескен жеріңді?
Арнаған саған жыр талай,
Ұлан-байтақ еліңді?

Сағынбадың сен қайтіп,
Достарыңды бірге өскен?
Сар далаңды сарғайтып,
Самалы соғып, желі ескен?

– Сағындым бауыр, досымды,
Сағындым туған елімді.
Сағындым күлкі қосымды,
Сағындым байтақ жерімді.

– Қожахмет, Нұрамды,
Көрмедің бе бір кеткен?
Білмедің бе, баламды,
Еркелеп жастар үлгі еткен!

– Көкелерім, асқар тау,
Қаһары бар кәрінде.
Киліккенде тұстан жау,
Талқандапты бәрін де.

Көкемдер соғыс өртінде,
Өтіпті талай өр, белден.
Туысқандар бейітінде,
Құрметпенен жерленген.

– Достарың қайда, Жанайжан,
Бірге аттанған өзіңмен.
Отыр ғой күтіп талай жан,
Айырылып тағат, төзімнен.

– Ерлерің апа келеді,
Көтерген даңқын қазақтың.
Жүрегім соған сенеді,
Еркінмін, енді азатпын!
– Айналайын, ақ қозым,
Сарыла күттім қаншама,
Тұрса да өлім қол созым,
Ризамын… қазір, алса да…

Қалмасаң болды теңіңнен,
Жоғалтпай әкең жұрымын.
Айналдым, қара меңіңнен,
Қошақаным, құлыным!

Келген соң бәрін кешірдім…
Өтпесін бақыт жолыңнан,
Сөзі… ғой… айтқан… жесірдің…
Дәм татшы балам, қолымнан.

– Береке мол ғой асыңда,
Дәм татқан жаста, кәрі де.
Бола алмаймын.. қасыңда,
Борышым… көп… әлі де…

– Жетпіс жыл күттім өзіңді..
Сағыныш, мұңмен, күдікпен..
Түсінсем, балам, сөзіңді.
Үздің… ғой… соңғы… үміттен.

Кетпеші, балам, тоқташы,
Төрімнің иесі, құт-бағым!
Өзің ғой.. енді.. отбасы..
Кім жалғар, әкең… ұрпағын?

Нұр шашпаса күнге сын,
Жарқ етпесе айға сын,
Өр болмаса ерге сын,
Құлыным, менің қайдасың?

Оралмай белге ақ білек,
Сағым боп ұшты-ау, ақ тілек.
Арманда кеткен ақ қозым,
Тоқтады қайда, ақ жүрек?..

Көңілге көп сыр түйе алмай,
Ғашықтық «дертке» күйе алмай,
Қыршын кетті-ау, боздақтар,
Таңдаған жарын сүйе алмай.

Жанарым… нұрлы… көгіңде,
Жерім жоқ келген қиыс кеп..
Өлмедім неге өңімде,
Құлынымды иіскеп.

Арманға қойдың қосақтап,
Түсім бе еді көргенім?
Ақ ботамды құшақтап,
Ұйқымда неге өлмедім?!

Қарғыс атсын соғысты,
Қанатын ердің қайырған.
Қарғыс атсын соғысты,
Анадан бала айырған.

Қарғыс атсын соғысты,
Ажал өртін қоздатқан.
Қарғыс атсын соғысты,
Айырған жайсаң боздақтан.

…Қиындық басқа түскенде,
Қорғадың елдің бақ-құтын.
Өмірлік болмас еш пенде,
Кештім, ана ақ сүтін!

Мінгейсің тұлпар пырақтан,
Жарқырап маңын шырақтан.
Қыршын кеткен боздақтар,
Мекенің болсын жұмақтан.

О, киелі жер, аспан,
Жарқыраған асыл ай,
Алтын күнім, нұр шашқан,
Тұрыңдаршы, осылай!

Бас иіп әлем бәріңе,
Сендерден тірлік таралған.
Дақ түспесін тәніңе,
Ақ ниеттен жаралған.

Көрмесін пенде ғаламат,
Соғыс атты қырғынды.
Сақтаңдар, Ей, адамзат,
Тіршілікті бір күнгі!

Қолынан тартып ұлының
Ұстағандай бақ құсын..
– Деді де ана – Құлыным..
Кешір, қазір жоқ күшім:

Талай жыр саған арнаған,
Қараудан көзі талмаған,
Өмірі өксіп сарнаған,
Аналардың зарлаған,
Қошақаным, Жанайым,
Соңғысы мен-ақ болайын.

Иіліп қайың, бәйтерек,
Қыр асып, тау, шың безгендей,
Сыңсиды бәрі.. тал-терек,
Қасірет мұңын сезгендей…

Күрсініп күнде төбеден,
Төкпеді нұрлы шуағын.
Алтын ай көкте көреген,
Білмеді қайдан туарын.

Көк толқын шашып көбігін,
Сабалап жатты жар басын,
Асау жел басып желігін,
Қара бұлт төкті көз жасын.

Сар дала тұрды еңіреп,
Тарылтып дарқан өрісін.
Торпақсыз сиыр мөңіреп,
Айналды қазық желісін.

Арнадан асты шыдамай,
Өзен, көл, мұхит толқындап.
Әзер тұр шыңдар құламай,
Жер Ана жатты солқылдап..

Бас иіп ана күшіне,
Үн қатты таулар жаңғырып.
Қайғысын жұтып ішіне,
Көз жұмды ана мәңгілік.

Эпилог
Қайран ана, киелі,
Халқымның намыс-арысың,
Уақыт, тарих жүйелі,
Әділет, шындық бары шын.

Шаттанып көрдің өзің де,
Еркіндік елің алғанын.
Айтушы ең әрбір сөзіңде,
«Осы еді деп нағыз арманым»!

Киелі болар өзіңдей,
Қыздарың өсіп келеді.
Жарқылдап алмас жүзіндей,
Ұлдарың өсіп келеді.

Өр ұлың келіп жүр тағы,
Төріңе шығып түсіңде.
Иеді басын ұрпағы,
Анасын сүйгені үшін де!

Рухы жебеп жүр тағы,
Тәуелсіз елін түсіңде.
Етеді тағзым ұрпағы,
Отанын сүйгені үшін де!

Аналар, түпсіз терең сыр,
Нұр шашып тұрған жаңғырып,
Арналған дастан, өлең-жыр,
Ескерткіш болсын мәңгілік!
АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.