Ақберен

Ақберен Ақберен Елгезек – ақын, «Көлеңкелер күбірі» жыр жинағының авторы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанындағы «Атажұрт» баспасының бас редакторы.
«Менің атымды марқұм әкем қойған болуы керек. Бір ағамнан есімімді Темірбек Қожекеев қойған деп те естігенім бар», – дейді өз есімі жайында Ақберен. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Берен» деген сөз батырлар киетін сауытты, мылтықты, алмас қанжарды білдіреді деп жазылған. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолында саудаға түсетін өте құнды, сирек кездесетін мата болған екен. Сол матаны да «берен» деп атаған деседі. Жалпы, «берен» – мықтылықты, өткірлікті, өжеттілікті білдіретін сөз. Сондықтанда Батырлар жырында «Балдағы алтын ақберен, шаба алмасам маған серт…» деген тіркестер көп кездеседі.
Ақбереннің айтуынша, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы оны «Ақмылтық бауырым» деп атайды екен. «Мылтық деген сөз де «Ақберен» деген сөздің синонимі. Орыстың берданка деген мылтығы да осы «береннен» шықты-ау деп ойлаймын», – дейді Ақберен.
Жалпы, «Ақберен» деген есімді жиі болмаса да, аратұра естіп жатамыз. Бұл ат сәбиге алмас қылыштай өткір, сауыттай берік, матадай құнды, құралайды көзге ататын мерген болсын деп ырымдап қойылатын болса керек. Жөн-ақ! Аты мен заты ақберен азаматтар көбейгені құба-құп.

Әзірлеген Б.Қуаныш

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.