Мемлекеттік тілді білу – міндет

Асылы ОСМАН,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары

Елбасының кемел саясатының арқасында Қазақстанда барлық ұлттар мен ұлыстарға, этнос өкілдеріне жақсы жағдай жасалған. Қазақтандағы әрбір ұлт өздерінің туған тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға мүмкіндік алған. Бұл Ата Заңымызда көрсетілген. Ал енді бұл тұрғыдан келгенде өзге ұлт өкілдерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы неге төмен? Осы мәселе мені біраз уақыттан бері мазалап келеді.

Олар мемлекеттік тілді на­си­хаттауға, қолданыс аясын кеңей­туге сүбелі үлес қосып, кеңінен атсалысуы тиіс емес пе? Өкінішке орай, біздің елімізде мемлекеттік тілді білу талап етілмейді. Мәселен, қызметке орналасу кезінде ешкім сенен қазақ тілін білесің бе деп сұрамайды. Талап етілмегеннен кейін қажеттілік те болмайтыны түсінікті жайт. Ал кез келген қызметке орналасу үшін мемлекеттік тілді білу талабын қояйықшы, барлығы бір аптада қазақ тілін меңгеріп, үйреніп алар еді.
Сонда біз неге қазақ тілін білмейтін отандастарымыздан мемлекеттік тілді білуді талап етпейміз? Өйткені  бізде мемлекеттік тіл мәселесінде өзге ұлттардың көңіліне қараушылық бар. Әншейінде Отанымыз бір, Қазақстан біздің ортақ үйіміз дейміз. Ал мемлекеттік тіл неге бәріне ортақ тіл бол­майды? Мен осыны түсінбеймін. Қазақ­станды Отаным, елім деп сүйген әрбір азамат ең алдымен осы елдің мем­лекеттік тілін білуі керек. Сонда ғана оның Қазақстанға деген ықылас-пейілінің таза екенін көруімізге болады. Әйтпесе, бәрі де құр бос ұраншылдыққа ұқсап кетеді. Кейбіреулер мені: «Сіз осы мемлекеттік тіл мәселесін қайта-қайта қозғай бересіз» деп айыптамақ болады. Мен «Қашан мемлекеттік тіл өз тұғырына қонғанша, қашан Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азамат қазақ тілін өзінің ана сүтімен берілген туған тілін­дей меңгергенінше, мен тіл мәсе­лесін айтудан жалықпаймын» деп жауап беремін. Өйткені кезінде менің ұлтымды жатсынбай, Елбасы айтпақшы, саман үйлерінде қабылдаған қазақ халқының алдында қарыздармын. Жүрген жерімде: «Қазақ халқы маған ана да болған, пана да болған» деп айтып жүремін. Бұл еш­ қос­пасы жоқ шын сөзім. Қазақтар кең пейіл, жүрегі мен ниеті таза халық. Ұлтың кім, қай елден келдің деп кеудеден итермей осында жиналған барша ұлт өкілдерін  қол­тығының астына алып, төріне шығарып, құрмет көрсетті. Олай болса, Қазақстандағы әрбір ұлт өкілі осыны айрықша сезініп, бағалай білуі тиіс. Өз басым «тарихи отан» деген сөзді де ұнатпаймын. Адамда екі Отан, екі ана тілі болмайды ғой. Біздің отанымыз – Қазақстан. Ал Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Демек, біздің Отан алдындағы парызымыз да, қа­рызымыз да мемлекеттік тілді білу. Осыны өзге ұлт өкілдері түсінсе, жүрегімен ұғынса деймін. Біз қазақ халқына деген алғысымызды қазақ тілін үйрену арқылы білдіруіміз керек.
Құрметті ағайын, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырға аяқ бас­ты. Мемлекеттік тілдің тағдыры бәрімізге қатысты тағдыр. Сөз соңында азаматтарға айтарым, Отаныңды құрметтейсің бе, онда сол Отаныңның мемлекеттік тілін меңгер, үйрен! Әркімнің өз туған тілі болады, ол – жалпы, ал мемлекеттік тіл  – жалқы. Осыны ұғынатын кез келді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.