Ұлт мүддесін ұстаным еткен…

Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде қазақтың фамилиясының соңына бодандық қамытындай болып жармасқан « –ов», «-ев», «-ин» деп жазбай, қазақы дәстүрмен «ұлы» деп жазатын Алматыда екі адамды білетін едік. Оның бірі атақты Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Алматыда қазақ мектептерін ашуға ерен еңбек еткен сатирик-жазушы Шона Смаханұлы.
Осыдан да болар, бұдан он шақты жылдай бұрын алғаш Сыртқы істер министрлігіне қызметке келгенімде мені елең еткізген, көзіме оттай басылған нәрсе жоғары лауазымдағы бір ағамыздың тегінің соңына «ұлы» деп жазғандығы еді. Бұл көрнекті ардагер дипломат Сайлау Батыршаұлы болатын.
Батырша-ұлы деп жазудың өзі де, жаңағы Баукеңнің ұлтжандылығын еске саларлық, сол кездің көзімен қарасақ, тіпті өте батыл іс. Ташкент, Мәскеу, Париж, Дамаск қалаларының арнаулы жоғары оқу орындарын бітірген Сайлау Батыршаұлы КСРО Сыртқы істер министрлігінде атқарған жемісті қызметі туралы көп айтуға болады. Әсіресе, ол кісінің ұлтымызға, ана тілімізге сіңірген еңбегін жұртшылық жақсы білуі тиіс.

Бұған мен Сәкеңмен Сыртқы істер министрлігінде қызметтес бола жүріп көз жеткізген едім. Осы салада іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу, сондай-ақ қазақ тілі курстарын ұйымдастыру ісімен айналысқан адам ретінде көз жеткізген мәселем ол мұндағы салалық сөздіктердің тапшылығы болатын. Сөздік болмаса, қазақ тіліндегі іс-қағаздың, жалпы жұмыстардың алға басуы қиын.
Ол кезде іс құжаттардың 30-40 пайы­зы ғана қазақ тілінде жүргізілетін еді. Қазақ тіліндегі баспа өнімдері жоққа тән. Мемлекеттік тілдегі терминологияның қалыптаспай жатқан кезі. Осындайды ескере отырып, алғашқы сөздікті құрастырдық. Тосырқай қараушылық та болды. Бұл сөздіктің әрі қарай қолданыс табуына кедергісін келтіруі мүмкін еді. Сол кездегі департамент басшысы Б.Сариев өз орынбасары С.Әбденовке арнайы комиссия құру жөнінде тапсырма беріп, оған С.Батыршаұлын төраға етіп бекіткен соң ғана ісіміз алға басқан. Міне, Сәкеңмен алғаш танысуымыздың сәті осылай түскен. Ол кісінің парасатты, білімдар, қазақ тілі үшін қаншалықты жанын сала кірісетін жанашыр екенін де осы тұста пайымдағанбыз.
Сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен, жазушы Жолтай Әлмешовтің кіріспе сөзімен тұңғыш «Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу» сөздік-анықтамалығымның жарық көруі едәуір жаңалық болып, соны серпіліс тудырғаны да есімізде.
Алайда мемлекеттік тілде іс жүр­гізу мұнда негізінен еліміз тәуел­сіз­дік алғаннан кейін ғана қолға алын­ған, қазіргі қазақ терминологиясына қосылған тың сала – сыртқы саясат саласындағы қазақ тіліндегі термин­дерді және іс жүргізуді белгілі бір жүйеге келтіру, соның ішінде әр министрлікте әртүрлі жазылып жүрген кейбір шет мемлекеттер атауларының, халықаралық ұйымдардың қазақша атауларының ортақ нормасын қалып­тас­тыру тәрізді мәселелерді аталған бір сөздікпен шеше қоюға болмайтыны да белгілі.
Осыған орай, қызметтік қажеттік­терге байланысты министрлікте менің өзім соңғы он жылдан астам уақыт ішінде 7 кітап әзірлеп беруіме тура келген. Оның бесеуі сөздік. Соның ішінде, өткен жылы мемлекеттік тілдің үлкен жанашыры,министрдің орынбасары Қ.Сарыбайдың басшылығымен осы жолдардың авторы құрастырған «Қазақша-ағылшынша-орысша және Орысша-қазақша-ағылшынша» екі томдық дипломатиялық сөздіктер «Атамұра» баспасынан 10 мың данамен жарық көріп, министрліктегі және шетелдердегі дипломаттарымызға, Қазақстандағы шетел елшіліктеріне, ҚР мемлекеттік органдарына таратылғаны мәлім еді.
Әрине, ғылыми, тілдік орта қалыптас­паған мекемеде мұншама еңбектер шығару оңай жұмыс емес екені де рас. Айналып келгенде, мұның бәрі министрлік басшылығының мемлекеттік тілге оң қабақ танытуының және тәжірибелі дип­ломаттарымыз бен тіл мамандарының риясыз жәрдемінің арқасы екені анық.
Осы салалық кітаптарды әзірлеу­дің үнемі басы-қасында жәрдем көрсетіп келе жатқан, қазіргі қазақ терминологиясының тізгінін ұстап отырған көрнекті ғалым Шерубай Құрманбайұлы,танымал тіл мамандары: Ерлан Күзекбай, Орынбек Жолдыбаев, Кеңес Юсупов, Қадыр Әлімқұлов, шетелдерде ағылшын-түркі тілдерінде сөздіктер құрастырған әлемдік деңгейдегі ғалым, профессор Жұмағали Әбуов және т.б. қатарында танымал дип­ломат Сайлау Батыршаұлы жүргенін де үлкен ризашылықпен айта кетпекпіз.
Министрлікте мемлекеттік тілдің алғаш қалай қолға алынғаны жайлы Сәкең былайша еске алады.
– Бірде шетелдік делегациямен кездесуге баратын бір жас дипломатты шақырып алып, не істеп, не қоятынын мұқият қазақша түсіндіріп бердім. Бірақ әлгі жігіт күбежектеп кабинетімнен шығатын емес. Не болды? – деп сұрадым. Сөйтсем ол:
– Извините, я не совсем понял Ваши слова, я плохо говорю по казахски, – деп қарап тұр.
– Менің саған орысшаға аударуға уақытым жоқ, қазақша білетін қыз­меткер келсін, – деп кабинеттен шы­ға­рып салдым. Қалай қынжыл­майсыз.
Сол сәттен бастап қазақ тілін мықтап қолға алдық, курстар аштық. Жұмысқа жаңадан алынғандардың мемлекеттік тілді білу деңгейіне көңіл бөлдік. Тіпті 1993 жылғы мемлекеттік тілге көшу жөніндегі министрліктер арасындағы байқауда алдыңғы қатарға шыққанымыз да бар, –деп күледі Сәкең. – Ал мемлекеттік тілге немқұрайды қарайтындар менің алдыма кіре алмайтын болды.
Иә, Сәкеңнің бұлайша қатаң талап қоюы да тегін емес. Өркениетті елдерде шетелдіктермен өтетін келіссөздерді, жиындарды сол елдің өз тілінде жүргізу – берік қалыптасқан қағидат. Бұл сол елдің Конституциясына деген құрмет, өркениеттілік деңгейін аңғартатын өлшем. Сайлау Батыршаұлы осы халықаралық құқық қағидасын өзі де қатаң ұстанады, басқалардан да талап етеді. Шетелдерден келген Үкімет, Парламент делегацияларымен, дипломаттармен тек қазақ тілінде сөйлесуді, ал шет тілдерге аудармашы арқылы аудартуды қалыптастыруға күш салды. Бұған бірер мысал.
Бірде, министрдің орынбасары Сайлау Батыршаұлын Түркияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Ташкент Күртулүш кездесуге шақырады. Барса, тек орысша-түрікше аудармашы ғана бар. Қазақшаға аударатын маман шақырылмаған. Сәкең қашан түрікше-қазақша аудармашы келгенше кездесуді бастаудан бас тартады. Аталған маман басқа бір кездесуде жүрсе керек. Арада біршама уақыт өтеді. Дипломаттар арасында біршама абыржушылық та туа бастайды… Сәкең сонда да міз бақпайды. Ал осының бәрін байқап отырған Елшінің өзі болса, қайта, құптағандай, ризашылық шырай танытқандай болып отырады. Мұның мәнісін тілмаш келіп, келіссөздер басталған соң бір-ақ біледі. Сөйтсе, Елші Қазақстанға жүрер алдында осы елдің тарихы, дәстүрі, әсіресе тілі жөніндегі қолына түскен кітаптарды оқып, алты ай бойы дайындалып келген ғой.
Бірақ Алматыға келгенде алдына келген министрлер де, басқалары да тек орысша сөйлесетінін көріп қынжылған. Қазақша-түрікше аударатын тілмашты шақыртпауы да содан екен. Сәкеңнің тілге деген жанашырлығын көріп, құптап ризашылығын білдірумен болады.
– Сіздер енді тәуелсіз елсіздер ғой, неге тіл жөніндегі құқықтарыңызды дұрыс пайдаланбайсыздар. Біздің ел Қазақстан тәуелсіздігін әлем елдері арасында бірінші болып таныған ел, оның үстіне тарих қойнауына үңілсек, сонау арғы бабаларымыздың бір кездегі атажұрты болғаны үшін де ықыласымыз ерекше. Егер басқалар да Сіз сияқты ана тіліне осылай құрметпен қараса, Қазақстан азаматтарының барлығы тез-ақ қазақша сөйлеп кетер еді, – деп ағынан жарылғаны бар. Кейін Елшімен пікірлері жарасып, жиі араласатын болып кеткен.
Иә, тіл тек адамдар арасындағы байланыс, қатынас құралы ғана емес, ұлт пен ұлтты жақындастыратын да құрал. Бірде мынадай да бір қызық жағдай болған.
Еліміз тәуелсіздік алардан сәл бұрын,1991 жылдың шілдесі болатын. Алматыда Америка өнеркәсіп-сауда көрмесі өткізілетін болып, АҚШ-тың КСРО-дағы Елшісі Джек Мэтлок Мәскеуден осында арнайы ұшып келер алдында, оның көмекшісі министрдің міндетін атқарушы С.Батыршаұлынан көрме ашылу рәсімінің қай тілде өтетінін сұрайды.
Сәкең американ дипломатына Қа­зақстанда 1989 жылдан бастап қазақ тілі мемлекеттік тіл деп белгіленгенін айтады. Елші орысша жақсы білетіндіктен ортақ кириллица әліпбиімен қазақ тілінде сөйлей алатындығын алға тартады… Ақыры, халықаралық дипломатиялық қағидаттан аса алмай, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы сарайда көрмені ашу салтанатында АҚШ-тың Елшісі жоғары дәрежедегі дипломат екенін көрсетіп, Қазақстанның заңын сыйлап, Ел басшысы Н.Назарбаев және министрлер қатысқан көрменің ресми ашылуында өз сөзінің мәтінін қазақ тілінде оқып берген.
– Бұл да қазақ дипломатиясының мемлекеттік тілді халықаралық деңгейде кө­теруге деген талпынысының бір сәті еді,– дейді Сәкең. – Өкінішке орай, жо­ға­рыда айтқан АҚШ Елшісімен кездес­кеннен сегіз жыл өткенде сол елдің басқа бір Елшісінің Қазақстанда қызмет мерзімі аяқталып, Алматыда түскі қонақасы беріп, қабылдау жасады. Бұл қабылдауға Астанадан арнайы ұшып бардық. Ойпырм-ай, сондағы тап бір бір-бірімен жарысқа түскендей біздің дипломаттардың ағылшынша ағытылғаны-ай! Аналар да еріксіз ағылшынша сайрады. Ал ағылшынша білмейтін былайғы жиналғандардың 90 пайызын құрайтын жазушылар, әдебиет,мәдениет, басқа да саланың адамдары аңтарылып қарады да тұрды.
Иә,мұндай «оқығандарға» қаратып, «оқымаған» ата-бабамыз баяғыда-ақ: «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат бойынан түңілер» деп айтып кетпеді ме?..
Ал 1992 жылы АҚШ-тың Қазақстан­­дағы Елшісі Уильям Кортни кездесу өткізгенде Сәкең қазақша сөлейді. Кездесу соңында Елші өзінің визиткасын ұсынады. Қараса тек орысша-ағылшынша жазылған екен. Алмайды. Осыны көңіліне түйіп қалған Елші, кейін арнайы жасатып, Сәкеңе визиткасының ағылшынша-қазақша нұсқасын беріп жіберген екен… Бұл да өркениетті елдердегі қалыптасқан қағидат. Бірақ Ресей және басқа да кейбір бұрынғы посткеңестік елдер өкілдері мұны әлі де ескере бермейтінін айтады.
– Мұның бәрі бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінуі де мүмкін. Бірақ осы «ұсақ-түйектің» өзінен көп нәрсені аңғаруға болады және аңғартуға болады, – дейді ол.
Әдетте, шетелдердегі дипломатия­лық өкілдіктер сол жіберген елінің бет-бей­несі іспетті. Мәселен, өз елінің тарихын, дәстүрін, мәдениетін құрметтей біле ме? Әлде біздің кейбір дипломаттар құсап, былай шыға жиналып алып, тек орысша сөйлесе ме, онда бодандықтан босаған елмін деп қалай айтасың?!
– Бірде Францияда өткен бір ха­лықаралық жиында сол елдің өнеркәсіп және сауда министрі ағылшын тілінде көсілсе керек, – дейді Сәкең әңгімесін одан әрі сабақтай түсіп. – Бұған сол кез­дегі ел Президенті Жак Ширак жұрт­шылық алдында қатты реніш біл­діріп, залдан шығып кеткен. Бұл елде француз тілін қорғайтын заң жұмыс істейді. Ал бізде ше?..
Кезінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің С.Батыршаұлы бастаған бір топ профессорлары мен ғалымдарының Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында бірлескен Парламент құру еліміздің егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін дәлелдеп, ҚР Президенті атына жазған хаты арнайы қарауға ұсынылып, Елбасы тарапынан қолдау тапқан. Сөйтіп, жұртшылықтың, саясаткерлердің арасында едәуір алаңдаушылық тудырған мәселеге нүкте қойылған.
Сәкеңнің мұндай ұлттық мүддеге қатысты, ұлттық құндылықтарға қатысты, әсіресе, ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді-ау деген жерде қарап қалмайтын қайраткерлік істерінің өзі бір төбе. Бұл айтылғандар соның бір парасы ғана.
Сәкеңнің министрлік ішіндегі игілікті істері аз емес. Соның ішінде, Дипломаттар күнін белгілету – үлкендік өнеге дерлік іс. Ол министрге кіріп ведомствоның телефон анықтамасын, Астанадағы шет ел дипломатиялық корпустың тізімін мемлекеттік тілде әзірлеуді жолға қойды. Ал бұл оған дейін тек орыс тілінде жарық көріп келген. Бүгінде кітапша қазақ тілінде шығарылып, Астанадағы бүкіл елшіліктерге және халықаралық ұйымдарға таратылады.
Біз жоғарыда кеңестік кезеңнің өзінде тегін қазақша жазған Бауыржан Момышұлы мен Шора Смаханұлыдан бастаған едік. Бір қызығы – осы ұлағатты ағаларымызбен Сәкең кезінде өте жақын қарым-қатынаста болған екен. Б.Момышұлы жайлы естеліктерде сол кездегі жас дипломат С.Батыршаұлының Бау­кең ағамызбен кездесуін, ұзақ әң­гімелескенін оқығанымыз бар-ды. Ал жеті жүзден астам қазақ мектептері жабылып, қазақ тілі мекемелер есігінен сығалап қалған тұста Жазушылар одағы жанынан арнайы комиссия құрылып, қазақша оқытатын мектептер ашуға жанын салған қайран Ш.Смаханұлы 1986 жылғы Алматыдағы жастар бас көтеруінен кейін мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерінің қатаң бақылауына түсіп, жүйкесін жұқартқаны мәлім… Міне, сол тұста Шона ағамыздың қасында С.Батыршаұлы жүргенін жұртшылық біле бермейтін де болар. Батыршаұлының өзі (партком хатшысы ретінде) институт, министрлік және МҚК қызметкерлерінен құралған «Үштік комиссиясы» желтоқсан көтерілісіне қатысты іс қозғап, сол тергеуде жүрсе де Шона ағамызға рухани жәрдем көрсету, саяси, құқықтық кеңес беру үшін үйіне іздеп баруының өзі де екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Бірде ол кісіден:
– Бүгінде мемлекеттік тілді меңгеру біршама алға басқанымен билік тізгінін ұстаған жас шенеуніктердің көбі қазақша білмейтіні жиі айтылып жүр, бұған не дейсіз? – деп сұрадым.
– Өкінішке орай, бүгінде Астанадағы қазақ балаларының біршама бөлігі орыс мектептерінде оқып жүр. Олардың ата-анасы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындамағаны ма? Олардың ана тілін меңгеру дәрежесі төмен. Мен басқаратын Астана қаласындағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысы қазақ балаларын толық өзінің ана тілінде оқитын мектептерге тартуды мақсат қойып, белгілі ақын Бақытжан Тобаяқов екеуміз бұл салада да бірқатар істер атқарып жүрміз. Ол үшін қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаларды көбейту керек, – деп жауап берді.
Ойын әрі қарай сабақтай түсіп: «Қазақ тілін толық мемлекеттік дәрежеде қолдану үшін мемлекеттік қызметке ұлтына қарамастан қазақ тілін білетін мамандар алынуы тиіс. Кейбір шетелдердегі тәжірибеге сәйкес,барлық азаматтарға қазақ тілін оқытатын курстар тегін болуы керек. Мәселен, Германия, Польша, Чехия, Израиль, Грекия, тағы басқа елдерде солай. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел университеттерінде оқып жүрген студенттер мен магистранттарға міндетті түрде қазақ тілін үйрету керек. Сонда ғана олар республика өміріне сіңісіп кете алады» деп өз пікірмен бөлісті.
Сәкеңнің айтуынша, қазіргі таңда университеттерде қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының үлесі төмен, 20-22 пайыз ғана. Сондықтан да жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді кеңейту үшін әр оқытушы, профессорлар қазақ тілінде оқулық жазу парыз деп білуі қажет. Бұл орайда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тә­жірибесі басқа оқу орындарына үлгі бо­ларлық. Халықаралық қатынастар факультетінде жыл сайын 20 шақты оқулық және оқу құралдары қазақ тілінде басылып шығуда. «Мен «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты оқулықты жаздым. Парламент Сенатының Төрағасы, белгілі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен шықты. ЖОО-да дипломатия саласына арнап тұңғыш қазақ тілінде жазылған оқулық» деп атап өтті.
Міне, көрдіңіз бе, қазақ тілі мем­лекеттік тіл дәрежесіне толық жету үшін алдымызда көптеген жұмыс күтіп тұр. Тілді үйрену үшін үкіметтің қолдауы және қоғамдық ынта мен ықылас, ұлттық намыс қажет!
«Әке көрген оқ жанар…» демекші, Мысыр елінде дипломатиялық қызметте болған бұл кісінің үлкен ұлы, Президент Н.Ә.Назарбаевтың алғы сөзімен шыққан «Мысырдағы мәмлүктер, сәулет өнерінің тарихы» кітабының авторы Бақтылы да, бүгінде Қазақ Дипломатия институтын басқарып отырған қызы Сәулегүл де ғылым кандидаттары. Сәкеңнің іні-қарындастары, ұл-қыздары қазақ мектебін тәмамдаған, ал немерелері түгелдей қазақша оқиды.
Сөз соңында, дипломатия саласында еңбек етіп жүргеніне биыл жарты ғасыр толғалы отырған «ҚР дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері», Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ғылым докторы Сайлау Батыршаұлына денсаулығы мықты болып, ел игілігі үшін атқарып жүрген өнегелі істерінің бұдан былай да өрге баса беруіне ізгі тілектестігімізді білдіргіміз келеді.

Болат Жәмкенов,
ҚР Сыртқы істер министрлігінің
 қызметкері, дипломат-журналист,
ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
 сыйлығының иегері,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.