Қаламгер тойы Қырғыз елінде өтті

Талантының, жазушылық қарымының арқасында алыс-жақын шетелдерге танылып, биіктен көрініп жүрген қаламгерлеріміздің бірі – Сәбит Аймұханұлы Досанов.
Жақында Қырғыз елі А.Малдыбаев атындағы ұлттық академиялық опера және балет театрында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов, В.Пикуль, С.Есенин атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиет Академиясының академигі, профессор Сәбит Аймұханұлын төрге шығарып, салтанатты марапаттау рәсімін өткізді. Шығармаларын талдап, туындыларынан үзінділер келтірді. Екі елдің арасындағы достық ниеттің, аға-ініге тән туыстық қатынастың ізгілігін көрсетті.

Қазаққа тән бауырмалдық қасиетімен Сәбит Аймұханұлы жақында ғана алпыс жасқа толған қырғыз халқының белгілі ақыны, өзінің досы Маркабай Ааматовтың иығына шапан жауып, қазақ халқының атынан құттықтау хат тапсырды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалиннің аманатын жеткізген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Берік Шаханов сахнаға көтеріліп, мерейтой иесінің өзі бағалайтын, құрметтейтін үш қасиетіне үңіліп, «қарапайымдылығы, сабырлылығы және мейірімділігі» арқасында талай белестерді бағын­дырғанын тілге тиек етті.
Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешінің құттықтауын Аппарат жетекшісінің бірінші орынбасары Сүйүнбек Касманбетов жеткізіп, қаламгердің шығармашылық қырын кеңінен әңгімеледі.
Қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Сұлтан Раев Сәбит Аймұханұлын екі ел арасындағы елші деп бағалады. «2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен біз алғаш рет қазақ-қырғыз интеллигенциясының форумын өткізгенбіз. Алғаш рет Алматыда, екінші рет Бішкекте, сосын Алматыда өткен еді. Қазір екі ел арасында мұндай байланыстар жоқ. Бүгінгі күн С.Досановтың шығармашылық кеші ғана емес, бұл ең бастысы қазақ-қырғыз арасындағы біздің рухани, мәдени байланысымыз болуы керек. Менің ұғымымда, Сәбит Досанов қазақ пен қырғызды байланыстырған елші. Екі елде де мұндай азаматтар көп болуы керек. Әр қырғыздың жаны қазақ деп соғады, кешегі аштық жылдарында бір тілім нанды бөліп жеген туыстас халықпыз. Сондықтан бізге тығыз қарым-қатынас қажет» деді С.Раев.
Мәс­кеуден осы кеш үшін арнайы ұшып келген К.А.Тимирязев атындағы Ауыл шаруашы­лығы академиясының профессоры Серік Той­ған­баев қазақ жазушысының Ресейдегі беделіне, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген Ресейде өткен шығармашылық кешіне тоқталып, «Қазақ жазушысы Сәбит Досанов Нобель сыйлығының иегері болуға әбден лайық» деген ұсынысын айтты.
Қырғызстан Ұлттық жазушылар одағының төрағасы, ақын Акбар Рыскулов, Қырғызстан Ғылым академиясының вице-президенті Адыл­жан Акматалиев, Тоқтағұл атындағы Мемле­кет­тік сыйлықтың иегері Майрамхан Абылкасымова, қырғыз халық жазушысы Асан Жаксы­лыков, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сы төра­ға­сының орынбасары Маралтай Райым­бек­ұлы және тағы басқалар өз пікірлерін айтып, арнау өлең­дерін оқыды. Автордың шығарма­шы­лығын­дағы өзгелерге ұқсамайтын ерекше­лік­те­ріне,  еңбекқорлық қа­сиет­теріне, жеткен жетістіктеріне баса назар аударды.
А.Малдыбаев атындағы ұлттық академиялық опера және балет театры артистері «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қомыз бен домбыра» және т.б. әндерімен жүрек тебірентсе, Ш.Термечиков атындағы Чүй облыстық театрының жастары қаламгердің «Жанұран» пьесасынан үзінді қойып, артистік шеберліктің үлгісін көрсетті. Бауырлас елдің көрермендеріне шексіз алғысын білдірген С.Досанов өзінің қырғыз тілінде шыққан «Қасқыр ұлыған түн» кітабын оқырмандарына сыйға тартып, екі елдің мәдени, рухани байланыстарының арта беретініне мүдделі екенін білдірді.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

Алматы – Бішкек – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.