ЕҢБЕК ПЕН КҮРЕСКЕ ТОЛЫ ӨМІР

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі қара қылды қақ жаратын айтулы әдеби сыншыларымыздың бірі Жұма-Назар Сомжүрек «Талмас талант» атты мақаласында Сәбит Досанов жайлы былай депті:
«Суға салсаң, батпайтын,
Отқа салсаң, жанбайтын,
Атса оқ өтпейтін… – деген жыр жолдарын аңызға айналған батырлар жырларынан оқитын едік қой. Сол сөздерді бүгінгі Сәбитке де арнап айтсақ, артық болмас. Және бұл жолдар Сәбит Досанов тағдырына дәлме-дәл, дөп келетіндей. Сәбитті ел он рет ажалдан қалған деп аңыз етеді. Солардың ішінде су да, от та, оқ та бар. Онының тоғызын айтпағанда, Алматы әуежайындағы апатқа ұшыраған алып лайнер самолеттің ішінде сонша адамның арасынан жалғыз аман қалғанының өзі – аңыз етіп айтуға тұратын жай. Бұл, біріншіден, бір Алланың құдіретті күшінің айғағы. Бірақ Құдай Тағаланың соншама жанның арасынан Сәбитті ғана таңдап алып, ажалдан қаққанының сыры неде? Мүмкін оның маңдайына әуелден қазақтың айтулы жазушысы болатыны жазылып қойылғанынан шығар. Шынында, солай болды да ғой. Бүгінгі күні С.Досанов – қазақтың айтулы ғана емес, көрнекті де атақты жазушысы. Бүгінгі Қазақстан жа­зушыларының арасынан бірінші болып бұрынғы Лениндік сыйлықтың – қазіргі аты өзгерген Шолохов атындағы бірегей сыйлықтың иегері. Оған күні кеше ғана «Парасат» ордені қосылды». Ал, ақын Өтеген Оралбайұлы «Аңыз адам» атты өлеңінде:
О, Сәбе,
Жан-жағыма қарасам Сізді көрем,
Қалам алып Сіз жайлы түздім өлең,
Аңыз адам өзіңіз, нағыз адам,
Жігіттігі жарасқан үздік ерен, – деп толғапты.
Сыншы мен ақынның ойы әдемі үндесіп, әсем үйлесіп тұр. Осы сөз, осы ойға біз де қосыламыз. Шынында да, кешегі кеңестік те де, бүгінгі тәуелсіз заманда да аты аңызға айналған аздың бірі – біздің қаламдас досымыз Сәбит Досанов. Ол тасжүрек тағдырдың аса ауыр тәлкегіне талай мәрте кезіккен, сондай сын сағаттарда сыр бермеген, майыспаған, сынбаған аса қайратты, қайтпас, қайсар күрескер. Мәскеуден ұшып шыққан ұшақ 1965 жылы қаңтар айының бесінші жұлдызында түнде Алматы әуежайында апатқа ұшырайды. Сол кездегі ең үлкен әуе кемесі «ИЛ-18-дің» салонында 77 жолаушы болған екен, солардың бәрі ажал құшады да, жалғыз Сәбит қана аман қалады. Оқушы кезінде туралап келген сан ажалдан соң да, Мәскеуде болған жол апатынан кейін де өмірдің санқилы арпалыстары мен айқастарында жасымады ол. Жарасын таңып алып, жасанған жауға қайта шапқан жауынгердей қайсарлық танытты. Содан да оның жасампаз күш-жігеріне, қайсарлығы мен күрескерлігіне талай жұрт таңғалды.
Тәңірі берген талант пен жанкешті еңбектің арқасында күні бүгінге дейін 30 том көркем шығарма жазып, жарыққа шығарғаны да, әркімнің қолы жете бермейтін М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлық пен Мемлекеттік сыйлық бастаған көптеген абыройға жетіп, атағы алыс, жақын шет елдерге де мәлім болуы да ақиқатпен астасып жатқан аңыз.
Қарап отырсақ, соншама мол атақ, абырой да оңай келмепті. Ол да күндізгі күлкі, түнгі ұйқыны құрбандыққа шалған, көз майын тауысқан табанды еңбек пен таланттың, күрескер қайсар ұлттық рухтың жемісі. Біз Сәбиттің әр кітабының жазылуы ғана емес, жарыққа шығуы да қаншалықты қиын болғанын білеміз. Оның шығармашылық табысы қаншалық көп болса оған тура да, тасадан да атылған тастар соншалық көп болды. Аяқтан шалған қызғаншақ, күншілдерді Сәбит еңбегімен, күрескерлігімен жеңді. Ақын ағасы Ғафу Қайырбековтің:
Күншілдер күңіліне құлақ аспай,
Талант пен еңбегіңнен таптың бақыт, – деуі тегін емес. Оның терең сыры қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын тектілік пен рухы асқақ күрескерлік қасиетте болса керек. Бұған Серік Жұмабековтің:
«Тағдырдың аға жеңіл емес болса да» деп,
Самат Асқаровтың:
«Қаншама тіктің екен сынға басты» деп,
Марфуға Бектемірованың «Асқар таудай алыбым» деп жырлауы да дәлел.
Халық ақыны Әсия Беркенова:
Халқыңа бердің жаныңның мейір-жылуын.
Заңдылық содан төрінде бедел тұруың.
Қалмады жанр сен, сірә, қалам салмаған.
Сен ғана сүйдің қазақтың небір сұлуын, –
деуін де, Хамитбек Мұсабаевтың:
Тас бұлақтың қайнарындай тұп-тұнық,
Талантыңды талай елге ұқтырып.
Тұрсың биік туың, міне, желбіреп,
Тұлғаң толы ірілік пен мықтылық, – деп жырлауын­да да жүрек тебіренісінен туған сымбатты сыр бар.
Сәбит Досановтың бүкіл өмірі еңбек пен күреске толы.
Небәрі жиырма жасында тұлға болып, толысқан аса аяулы ұлы үйлену тойы үстінде, 21 жасында өмірден озғанда күш-жігердің көзін қалам мен күрескерлік қайратынан тапқан Сәбит жүрегінің қаны сорғалап тұрып та: «Тәңірі берген талант ұлыма ғана емес, ұлтыма да қызмет етуі керек. Үгілмеймін, бүгілмеймін, қарсы тұрып қасқайып күресемін тасжүрек мынау тағдырмен» деп жазды «Ұлымды да, ұлтымды да ойлаймын» деген мақаласында («Егемен Қазақстан», 29.07.2014 жыл).
Жұма-Назар Сомжүрек жазғандай: «Екі күннің бірінде жедел жәрдеммен ауруханадан бірақ шығып, жансақтау палатасына түсіп жатса да қалам қолынан бір сәт те қолынан түспепті («Егемен Қазақстан»).
Қаламды қолдан түсірмеген де
қуатты күрескер рух.
Өтеген Оралбайұлының сөзімен айтсақ:
Мәскеу мен Париж қол соққан оның сөзіне.
Сәбит Досановты әлемге танытқан талант пен еңбекті шыңдаған қайтпас, қайсар күрескер рух!
Иә, Өтеген ақын тап басып, тамаша жырлағандай Сәбит Досанов – «Аңыз адам, нағыз адам!».

 

Берік Шаханұлы,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.