Голощекиннен тайсалмаған қазақ

Кейінгі ұрпақ жас толқын үшін Алаш қайраткерлерінің ғылыми мұраларын оқып-үйренудің маңызы зор. Олардың бірқатары зерттелгенімен, бірқатарының өмір жолы әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Сондай ардақты жанның бірі – Смағұл Сәдуақасұлы. Бар болғаны 33 жыл ғұмыр кешкен ол ғалым,саясаткер, әдебиетші,тарихшы, көсемсөзші, бір сөзбен айтқанда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері еді. Кеңес үкіметі Алаш зиялысының мұрасын зерттеуге ұзақ уақыт ресми тыйым салып келді, қазақтың ұйысуына мұрындық болған, өркениетке жетелеп ел болуды мұрат тұтқан арысымызды біраз уақыт санадан ығыстырды. Бірақ көзден кетсе де, көңілден кетпеген ардақтымыздың есімі тәуелсіздік алғаннан кейін жадымызда қайтадан жаңғыра бастады. Қамшының сабындай келте ғұмырында атқарған жұмысы, тындырған еңбегі өлшеусіз екенін, халық алдындағы перзенттік парызын соңғы демі үзілгенше адал атқарғанын соңғы кездері тарихшы, әдебиетші ғалымдардың зерттеулері арқылы біліп жатырмыз. Сөйтсек, Смағұл бабамыз 18-20 жасында тереңнен толғап көркемсөз жазған, 20-25 жасында ел басқарып, қара қылды қақ жарған әділдігі, қайтпас-қайсар өжеттілігімен тарих сахнасында мәңгіге сақталып қалған екен.

– Қоғам қайраткері С.Сәдуақасұлының ұшқыр ойлы, қоғамның қажеттілігін,  неге зәру екендігін дер кезінде түсіне білген сұңғыла саясаткер екендігіне көзіміз жетіп отыр. Мұрағат материалдарынан алған мәліметтер негізінде аласапыран кезеңде ұлттың болашағын ойлаған, елдің зиялы қауымын сан қатерден сақтандырған, елдің тұтастығын сақтау, дербес қазақ мемлекетін құру жолында басын бәйгеге тіккен ұлтжанды азаматтың жан-жақты қайраткерлігі анық көрініп тұр. Халықтың еркін дамуын, мәдени-рухани жағынан өсіп-өркендеп, өркениетке ұмтылуын армандады. Ағартушы,  өнертанушы, сыншы, экономист, инженер-құрылысшы ретінде болашақ үшін алаңдап, саясат, әлеумет, экономика саласында өзін толғатқан өзекті мәселелер бойынша қалам тербеді, өз ойын ашық айтты. Ең басты мақсат ретінде С.Сәдуақасұлы қазақ мемлекеттілігі мен жерінің тұтастығын қалпына келтіру және сақтау идеясын ту етіп көтерген. Шекара мен келімсектерге қатысты өзекті мәселелерге байланысты өзінің байыпты көзқарастарын қадап-қадап айтты. Ресей империясының отарлау саясатын қатаң сынға алды. Орталық хатшы етіп жіберген Ф.Голощекин Кеңес үкіметінің саясатымен келіспей қарсы шыққан ұлт зиялыларын көз қырына ала бастады. Смағұлдың саясатта ұстанған бағыты ұлттық мемлекет, жеке-дара автономия үшін күрес болса, бұл бағытынан Голощекин келгеннен кейін де айнымады. Қызметі шаруашылық, экономика саласында болмаса да мәжіліс, жиналыстарда бұл мәселелерді айналып өтпейтін. Республика зауыттары,  фабрикалары дайын өнім шығармады. Шикізат өндіруші база ретінде қала берді. Өнім өңдейтін кәсіпорындар Қазақстаннан тыс жерлерге салынды. Елдің байлығы сыртқа кетіп жатты. Білікті маман кадрлар Ресейден, Украинадан әкелінді, оларға жағдай жасады. Жергілікті тұрғындардан кадр дайындау мәселесі күн тәртібіне қойылмады. Сондықтан С.Сәдуақасұлы «Қазақстан отар болды, отар болып қала береді»  деп күйінішпен айтты және өнім өндіретін зауыт, фабриканы Қазақстанда, шикізат өндіретін жерге жақын салу керек деген ұсынысынан бас тартпады.
Жиырма бес жасында мемлекеттік ірі істерге белсене араласқан өжет, тура сөйлейтін, ойы терең, сөзі салмақты, айтқанынан қайтпайтын Смағұлды әрине басшылық тізгінін ұстаған Ф.Голощекин ұнатпады. С.Сәдуақасов Сталиннің Қазақстандағы қолшоқпары қазақ жеріне зобалаң, зұлмат әкелген Голощекинді сынап, пікірлерінің терістігін көпшілік алдында айтудан еш уақытта тартынбаған. Оның шовинистік астамшылығына тежеу салуға тырысқан. Қазақтың тілін, қазақ кадрларын, білімді азаматтарын қорғап, соған қамқорлық жасағаны да әумесер басшының қанын қайнатқан.
Сол үшін 1927 жылы жұмыстан босатылды. Сөйтіп, ұлт зиялысының Кеңес үкіметі тұсындағы саяси қайраткерлік ісі әміршіл-әкімшіл жолмен тоқтатылды. Қудалауға ұшыраған қайран ер Мәскеуге кетіп, жанұясының жанына келеді. Көлік инженерлерін дайындайтын институтқа оқуға түседі. 1932 жылы институтты жасанды құрылыс мамандығы бойынша бітіріп шығып, Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысына инженер болып қызметке кіріседі. Денсаулығы мықты, сап-сау жас жігіт арада жыл өтер-өтпесте аяқ астынан ауырып 1933 жылы желтоқсанда Кремль ауруханасында жұмбақ жағдайда қайтыс болады. С.Сәдуақасұлының сүйегінің күлі 77 жыл Мәскеу қаласындағы Дон зиратындағы  христиан шіркеуінде тұрды.
2010 жылдың соңына таман С.Сәдуақасұлының мәйітінің күлін Отанына жеткізу және мұсылман ғұрпымен жерлеу мәселесі көтерілді. 2011 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «С.Садуақасов: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, нәтижесінде С.Сәдуақасұлының сүйегінің күлін ертерек алып келу  туралы Үкіметке қарар жолданды. Құрамында елге белгілі С.Қасымов, Д.Қамзабекұлы сияқты азаматтар енген арнайы топ құрылды.  Осының нәтижесінде 2011 жылы 21-қаңтарда  С.Сәдуақасұлының сүйегінің күлі Отанына жеткізіліп, 2011 жылы 18-мамырда Астана қаласы, Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы мұсылмандар қорымында салтанатпен жер қойнына тапсырылды. 2013 жылы Жастар шағын ауданындағы Кенесары сарбаздары жерленген мұсылмандар зиратына қайтадан жерленді. Смағұл өзінің «Сәрсенбек» атты романында «…шіркін-ай, бар қазақ Сарыарқаға жиналса, қазақ елі енді жарты ғасырдан кейін Жапониямен теңессе, осы қазақтың байтақ даласында шаһарлар орнаса, зауыт-фабрикалар салынса… Шіркін, қазақтың әр баласы құстай еркін болса, тәуелсіз болса, ұшам десе аспанға ұшса, жерге еркін қонса…» деген арманын жазған еді. Смағұлдың сол арманы бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Рас, қазақ азат болса деген арманы орындалды. Бар қазақ Сарыарқаға жиналды. Ел астанасы Арқа төріне орнықты. Алайда Смағұлдың «шіркін-айымен» астасып жатқан қазекеңнің осы күні де арманы көп. Олардың орындалуы үшін талай белесті еңсеруіміз керек.
Алда С.Сәдуақасұлының белгісіз еңбектерін іздестіру, өмір жолының тылсым беттерін ашу, мұрасын насихаттау, Астанада  ескерткішін тұрғызу, көшеге атын беру сияқты ауқымды міндеттер күтіп тұр.

Әлібек Жиенәлиев,
Астана қаласы,
№ 56 мектеп-лицейі тарих
пәнінің мұғалімі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.