«Ақбөкен сахараның бота көзі…»

Елімізде айдың-күннің аманында кең-байтақ даламыздың сәніне айналған киіктер қырылды.
Киік – қасиетті жануар. Қазақтың әйгілі ақыны Сәкен Сейфуллин мергеннің оғы тиіп, содан ақсақ болып қалған киікті көрген кезінде тебіреніп «Ақсақ киік» поэмасын жазбап па еді?!  Сонда ақын бұл көріністі былай деп суреттейді:

…Жазасыз жан өлді деп
ойлай ма екен?
Бөкеннен сұлу аңды
мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды
тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан
тең көрмедім.
…Сандалып келе жатты
ақсақ киік,
Бір тоқтап, анда-санда
әлін жиып…
Ақбөкен сахараның бота көзі,
Атты екен қандай мерген
көзін қиып?
– деп жырлайды шын тебіреніп.
Құрманғазы бабамыздың «Ақсақ киік» күйін білмейтін қа­зақ баласы кемде-кем. Олай болса, киік біздің жүрегімізге, жан дү­ние­мізге жақын жануар. Киік – дала­мыздың символы. Сәкен ақын бір киіктің ақсағанына күллі жан дү­ниесімен қайғырды. Ал бүгінде киіктеріміздің мыңдап қырылып жатқаны бізді неге ойлантпайды? Неліктен бұған жүрегіміз ауырмайды? Киіктен айырылдық деген сөз жеріміздің киесінен айырылдық деген сөз. Киіктеріміздің жаппай қырылуына қалай жол беріп алдық? Мал шаруашылығымен айналысатын ғалымдарымыз, әсіресе ветеринария саласының мамандары қайда қарады? Жан-жануарлар әлемін қорғаумен шұғылданатын жауаптылар не бітірген?
Қырылып қалған 90 мың киіктің обалы кімге? Көкейді тес­кен сауал көп. Бір киікті өлтіру заңмен қудаланады. Ал мыңдаған киіктердің жаппай қырылып қалуына кім жауапты болмақ?
Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қырылған киіктерді жерге көму жұмыстарын атқарып жатыр. Киіктердің өлі денесін көрудің өзі жанға аяздай батады. Ұлы даланы оңтүстіктен солтүстікке, шығыстан батысқа емін-еркін кезіп, төңірекке көрік беріп жүрген ақбөкендерімізден қалай көз жазып қалдық? Киік біздің ұлттық байлығымыз, асыл қазынамыз емес пе? Бағалай алмағанымыз, қадіріне жете алмағанымыз қалай? Көзден таса қылып алдық па? Құзыретті органдар бұған не деп, қалай деп жауап берер екен? Қазіргі кезде киіктердің жаппай қырылуының себеп-салдарына байланысты түрлі болжамдар айтылуда. Кейбіреулер оны даламызда апатқа ұшыраған Ресей зымырандарымен байланыстырады. Дегенмен, нақты бір шешім жоқтың қасы. Қазақстан Республикасы Инвестиция­лар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасын міндетін атқарушы Мейірбек Молда­беков: «Киіктердің қырылуы эко­логиялық жағдайларға, соның ішінде ғарыш айлағының қыз­метіне байланысты болуы мүмкін. Бірақ осы жануарлардың өліктері жайрап жатқан жерлер зымыран ұшырулар тікелей әсер ететін аудандарынан тым алыста» деді.
Хош делік. Мамандар тексере жатар, себеп-салдарын анықтай жатар. Бірақ 90 мың киіктің орнын біз қалай, немен толтырамыз. Біз киіктің киесінен қорқуымыз керек. Кең-байтақ даламызда жортып жүрген әрбір киік бізге өте қымбат болуы тиіс еді. Бұл өкінішті жағдайдан біз тиісті қорытынды шығара білмесек, ендігіде жерімізде киік қалмас. Ал мыңдаған жылдар бойы осы жерді мекен еткен, бүгінде онсыз да саны аз қалған киіктеріміздің жойылуы нағыз табиғи апат. Кеше гөр бізді, «сахараның бота көзі»!..

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Аман

    Киелі бөкенім

    Еркесі ұлан даламның
    Көненің кәде белгісі
    Өлеңі болып қаламның
    Ойларым тұр ғой өргісі

    Қарақат көзді қарағым
    Өлкемнің өкіл тағысы
    Мөлтілдеп тұрып қарадың
    Жеткенде жердің қарғысы

    Дөң мұрын сұлу бөкенім
    Піл танау берген деміңді
    Құм дала болған мекенің
    Қайдан бір табам еміңді

    Қырылып бәрің жатқанда
    Кім байлар сенің жараңды
    Күнің бір теріс атқанда
    Бар жұртың соған алаңды

    Киілі менің бөкенім
    Даламның дара суреті
    Сен кетсең менде кетемін
    Көмусіз қалса індеті!!

    Аман Асубай

  2. Аноним

    Өте дұрыс аитқансын шынында бөкендеріміз саны аз қалды ОСЫНДАЙ ОЙ ПІКІРІҢІЗДІ АЙТҚАНЫҢЫЗҒА РАҚМЕТ!!!!!!!!!!!!!!!

  3. Айнагүл

    Дұрыс қостаймын бірақ бұған кім кінəлі😢 байғұс киікиің не жазығы бар

    Мен арыс қаласы 06.11.19.
    😯😯

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.