Қаламгер мәртебесі

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысындағы өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиев 70 жасқа толды. Ұзақ жылдар бойы өлкенің ауыл шаруашылығының өркендеуіне мол үлес қосқан ардагер өзінің қалам қарымымен де кеңінен танымал. Оның «Бас сардар», «Балдағы алтын ақ болат», «Адай тарихы сыр шертеді» атты туындылары Шотан, Махамбет, Адай тәрізді елін қорғаған тарихи тұлғаларға арналған. Мерейтой қарсаңында Бектұр ағаның азаматтық болмысы, қайраткерлік қажыры мен қаламгерлік қабілеті туралы очерктер облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. Әдебиет пен өнерге әркез жанашырлық танытып келе жатқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың мерейтой иесін арнайы қабылдап, ардагерге ілтипат білдіруі де аға толқын өкілдеріне көрсетілген құрмет деп білеміз.
Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы драма театрда өткен Б.Төлеуғалиевтің 70 жылдығына арналған салтанатты жиын оның өмір жолынан сыр шертер бейнефильммен басталды. Майданнан оралмаған жауынгердің мектеп қабырғасында білім алып жүрген жалғыз ұлы – Бектұр бала, жалынды жас Бектұр, жауапты лауазымдарда ұйымдастырушы, басшы бола білген белсенді Бектұр, Елбасыға маңғыстаулықтар атынан алғыс айтып, көп көңілінен шыққан азамат Бектұр… Фильмде бұл сырлар сарғайған суреттер мен әріптес-замандастардың лебізі арқылы өрнектеледі.
Салтанатты жиынды жүргізген облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев Б.Төлеуғалиевтің шығармашылығы мен еңбек жолына кеңінен тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары Ж.Қараев мерейтой иесінің Маңғыстау өлкесінің дамуына қосқан зор үлесін атай келіп, оның көркем туындылары туралы ой өрбітті, облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Бекеңнің мерейлі жасына арнап Алматы, Астана қалаларындағы әріптестерінен құттықтау хаттар көп келіп түсті. Оның ішінде өзімен жастайынан бірге өскен, бір мектепте оқыған, бала кезгі достығын әлі күнге жалғастырып келе жатқан Қазақстанның Еңбек Ері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың тілегі Бектұр аға үшін ерекше екені белгілі. Ал осы шараға атбасын бұрып, арнайы келген «Ана тілі» газетінің бас редакторы С.Ибраим мен «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Б.Айнабеков мерейтой иесін құттықтап, «Қазақ газеттерінің», Жазушылар одағының құттықтау хаттарын тапсырып, иығына шапан жапты. Б.Төлеуғалиевке Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілуіне орай, төс белгі табыс етілді.
Құттықтау Қарақия ауданының әкімі Ә.Дауылбаев, Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Қ.Әбілшеев, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Е.Махмутов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Т.Қалжанұлы, замандастары С.Назарбек пен А.Айдаров, сыйлас інісі С.Адайдың ақ тілегімен жалғасты. А.Көшеров, Қ.Жұманов, А.Ерімбетова, күйшілер – Н.Алтаев және А.Тілепбергеновтің өнерімен, аға буынның ақылман сөзі, жарасымды әзілдерімен әдіптелген рухани кештің мазмұны жастарға өнегелі өмір жолы мен еңбексүйгіштікті, үлгілі отбасы тірлігін, бойда бар талантты тұншықтырмау сынды игі қасиеттердің мәнін аша түсті.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.