Кеңгірім, жатушы едің суың ағып…

«Кеңгірім, жатушы едің суың ағып,
Өлкеңде орман-тоғай сыбдыр қағып.
Біз, жастар, бауырыңда өніп-өскен
Жарысқан тай-құлындай асыр салып».
Әдетте той-жиындарда осы әнді естісем, көзімнің жасын бір-бір сығып аламын. Бұл жас әкеме деген сағыныштың белгісі ғой.
Әкем майданға аттанғанда мен жеті айлық сәби екенмін. Әжемнің айтуы­на қарағанда, бұл 42-нің шілде айы болса керек. Қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының Бозтұмсық ауылындағы орталау мектепте әкем Қыздарбек Жамауов директор болып жұмыс істеген, ал анам Ғайша Мұқамбетжанова орыс тілі пәнінен сабақ берген.

Әкем үйін мектепке айналдырған. Ауылдың фельдшері Людмила есімді бір орыс қызы бізбен бірге тұрған. Сол кісінің арқасында анам аман-есен босанып, мен дүниеге келіппін. Ол әке-шешемнің ең жақын құрбысы екен. Мені сол кісінің құрметіне Людмила деп атаған. Ауылда мені еркелетіп Люкен деп атап кеткен. Фельдшер Людмила көп ұзамай майданға шақырылған. Көпке дейін анаммен хат жазысып тұрған. Әкемнің майданнан жазған өлеңіндегі:
«Ей, апа, сізді ойлап, сарғаямын,
Кеулімді босатпауға тор жаямын.
Сәлкен мен Люкенім еске түссе,
Түсімде келе ғой деп қол жаямын» деген өлең шумағындағы сол Люкен – мен – Людамын. Ал Сәлкен ағам әкемнен бес жасында қалған. Әкем өлеңіндегі «апа» дегені әжем, Күлан Құлжұмырқызы соғыс кезінде немересі Сәлкенмен «Қызыл коммуна» ұжымшарында жылына 60 тайыншадан бордақылаған. Реті келгенде айта кетейін, соғыстан кейін, Сәлкен Қыздарбекұлы Жамауов осы еңбегі үшін он бір жасында «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Орнында бар – оңалар» демекші, әкемнен қалған жалғыз ұлдан бұл күнде төрт ұл төрт отау көтерді. Жеңгем Төлеу Қыздарбек келіні солардың қызығын көріп отыр.
Менің де бір ұл, бір қызым бар. Бәрінің де өз қолы өз аузына жетті. Немерелерімнің алды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде жоғары оқуды бітіріп, елге келіп, мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Таяуда әкем жайлы мұрағаттан ұлым бір мәлімет тапты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы бұйрықтарының көшірмелерінің бірінде: «Ұлытау ауданындағы «Қызыл Қазақстан» колхозының орталау мектебінің директоры Қыздарбек ­Жа­мауов Қазақ КСР-ның 20 жылдық құрме­тіне орай социалистік құрылыс­тағы ай­рықша сіңірген еңбегі үшін Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен наградталынған» (ЦГА РК. Ф. Р-1109. Оп. 6. Д. 21. Л. 252) деп жазылыпты. Әжем көзінің тірісінде ұлынан қалған грамотаны көзінің қарашығындай сақтап жүретін. Қазір оның жалпы сұлбасы ғана қалыпты. Оны растайтын құжаттың табылғанына қатты қуандым.Без имени-4
Әкем жайлы оның бұрынғы шәкірт­тері жазған естеліктерін, мақалаларын хаттап, жинап жүрмін. Оның есімі Қарағанды облысының энциклопедиясына енген. Портреті берілген. Онда былай деп жазылыпты: «Жамауов Қыздарбек (1915, қазіргі Қарағанды обл., Ұлытау ауд., Сарыкеңгір аулы – 1944), халық ағарту ісінің Ұлытау өңіріндегі алғашқы өкілдерінің бірі. Ұлытау ауданындағы Бозтұмсық ауылындағы орталау мектепті бітірген соң, қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. 15 жасынан бастап, ел ішіндегі сауатсыздықты жоюға атсалысады. Алғашқыда мұғалім, кейін бастауыш мектеп меңгерушісі, содан соң жетіжылдық мектептің директоры болып жұмыс атқарады. Қаракеңгір бойындағы ауылдардың қызыл отау жұмыстарына белсене араласады. Өзі ән салып, сырнай тартқан. Жиын-той, мерекелерде спорт ойындарын ұйымдастырып, өзі де белсенді атсалысқан. Әнші әрі палуан атанған. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. Оның майданнан жазған өлеңдері ел аузында «Қыздарбек әні» деген атпен сақталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Грамотасымен марапатталған» деп жазылған.
Сөйткен әкем Қыздарбек Жамауов­тың есімін мәңгі сақтау үшін, Ұлытау ауданындағы бір кезде өз қолымен құрған Бозтұмсық ауылындағы орта мектепті оның атымен атауды сұраған жергілікті тұрғындардан өтініш түскен болатын. Әзірге нәтиже шықпай отыр.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, ел үшін еңбек етіп, майданда өмірін құрбан еткен аяулы әкемнің есімін ескерер деп, ел ағаларының құлағына жетер-ау деген үкілі үмітпен, үшбу сәлемімді жолдап, осы мақаланы жазып отырмын.

Людмила ҚЫЗДАРБЕКОВА,
Қазақ КСР оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер,
«Еңбек ардагері» медалінің иегері,
ҚР Спорт ардагері
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.