«Асықтарымды 100 мыңға жеткізсем» дейді ұлттық ойындар жанашыры Болат Тағабай

Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында орналасқан «Әулие Ырғызбай» кешенінің директоры Болат Тағабаймен жүздесудің сәті түсті. Ол өзінің негізгі қызметінен бөлек, асық жинаумен айналысады екен. Жинаған асықтары бүгінгі таңда 50 мыңға жетіпті. Ал 35 мыңға жеткенде-ақ асықтары халықаралық рекордттар кітабына еніпті. 

Асық жинауды бала кезінен серік еткен азамат алғашқы кезде оны 1 дорбаға, содан кейін 2 дорбаға салып, кейіннен олардың саны көбейген сайын сандықтарға салып сақтайтын болыпты. Осылайша бірте-бірте 50 мыңға жетіпті. Асықтардың түрлері әрқилы. Оның ішінде көп кездесетіні қой асығы. Арасында құлжа да кездеседі.
– Құлжа – арқардың асы­ғы. Ол да сақаның орнына қолданылады. Кезінде қор­ғасын құятынбыз, қазір қорғасын құйылмайды. Біз­дің ауылдың балалары асықты жақсы ойнайды. Сайыс­тар ұйымдастырамыз. Бәйге тігеміз. Жастардың, тіпті үлкендердің өзі асыққа қызығып, құмарта ойнайды. Асық ойнап өскен бала жастайынан шапшаңдықты, мергендікті, ептілікті үйренеді. Ойы да ұшқыр, қиялы да бай болады. Бұл өзіміздің ұлттық спортымыздың бір түрі ғой. Оны ұмыт қалдыруға болмайды. Менің асық жинаудағы мақсатым да осы. Адамдардың қызығушылығын ояту, асық ойындарын насихаттау. Саны 50 мыңнан асып жығылатын асықтарды көргендер таң қалып: «Мұның барлығын қалай жинадыңыз» дейді. Бір байқайтыным, соңғы кездері қыздарымыз да асық ойнауды үйреніп, машықтанып жүр, – дейді Болат Тағабай.
Асық жинаумен әуестенетін азамат «Асық ату» федерациясына 1000 асық сыйға тартыпты. Кейіннен тағы да 500 асық беріпті. «Біз тек өзімізде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша асық санын көбейтуге үлес қосып келе жатырмыз» дейді ол. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы республикадағы асықты ең көп жинаған аудан ретінде танымал. Енді ауданның кіреберісіне асық бейнесіндегі ескерткіш орнатылмақ. Асықтың бес метрлік мүсін ашу салтанаты да ұйымдастырылмақ.
Бір айта кетерлігі, ұлттық ойынға жанашыр болып жүрген азамат былтыр Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Асық ату» федерациясының филиалы ашылып, соның басшысы болып тағайындалыпты.
«Ендігі мақсатым – 2017 жылға дейін асықтардың санын 100 мыңға жеткізіп, ұлттық дәстүрге сай дүниені Елордамыз – Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне апару» дейді Болат Тағабай.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Cерік

    Күштііііііі

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.