Асқақ мұратты ақын

Қазақ өлеңінің көрігін қыздырып, дарынын оздырып, текті талантының арқасында оқшау көзге түскен ақын Серік Ақсұңқарұлының шығармашылығына қатысты пікірімді білдіруге ықыласым ауғалы қашан… Көптен бері көкейімде жүрген осы ойымның орындалуының орайы енді келіп отыр. Сөз басын Серіктің ақындық тағдырына байланысты бөгде сыр ашудан бастамақпын. Жас ақынның алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы», «Қарлығаш» аталатын ұжымдық жыр жинақтарында жарияланған болатын. Алайда өз кітабы, құрдастарына қарағанда, тым кеш шықты. Мәселе оның өлеңдерінің нашарлығында, болмаса ақындық жолының қалыптасуының баяулығында емес-тін. Жырлары сол кезеңдегі кеңестік саясаттың жыртысын жыртуға, даңғаза ұрандарын дәріптеуге жарамайтын. Қазақ ұлтының адамзаттың ұлы көшінде басынан кешірген нәубет науқандардағы қилы да қиямет тағдыры туралы жас ақын толғаныстары топтастырылған «ХХ ғасырдың 20 сәті» кітабының қолжазбасы «Жалын» баспасына 1980 жылы тапсырылса да, ол қайта-қайта кері қайтарылып, ақыры араға табаны күректей төрт жыл салып, 1984 жылы әрең жарыққа шықты. Онда да қысқартылып, күзеліп-түзеліп дегендей. Сол кезде аталмыш баспада басшылықта болғандықтан мәселенің мән-жайын жақсы білемін. Ақын риза болмаса да, тұңғыш кітабының тұсауы кесіліп, жолы ашылсын деген ізгі ниетіміз болған. Біздің қолдан келгені осы еді. Сол кездегі цензураның қырағы сынағынан амалдап өткенбіз… Ақ ниетіміз ақталды. Содан кейін, құдайға шүкір, Серік ақынның айы оңынан туғаны ақиқат…

Барша адамзат баласының басына түскен ауыртпалықтың сол замандағы қазақ еліне тарттырған зардабымен шендестіре шер тарқатқан шайыр өлеңдерінің бірден – салған жерден жолы кесілуінің себеп-сыры осы еді. ХХ ғасырдың жаһандық зұл­мат­тарын зерделей, жетемізге жеткізе өлең өр­нектеген жас ақынның жұртшылықты жалт қарат­қан ерен еңбегі зая кеткен жоқ. Ол тез арада айтулы ақындардың қатарын толықтырып, бағы жанды. Ақынның тұңғыш кітабынан сы­зылып қалған өлеңдері есімі елге танылып, шығармашылығы шеберліктің шарықтау шегіне жеткен кездері жарық көрген «Адам ата – Хауа ана», «Қараорман» кітаптарында толық нұс­қа­сымен жарияланғанын айта кету де артық болмас. Бұл да болса ел тәуелсіздігінің арқасы-тын.
Серік осылайша поэзиядағы тұңғыш қадамын, өзімен тұстас көптеген жас ақындар сияқты, ауыл-аймақ, алғашқы махаббат, табиғат көріністері баяндалатын байырғы – көне сүрлеуге соқпай, сонардан із кесті. Әрине, жас ақын өз өлеңдерінде суреттелетін өткен өмірді өз көзімен көрген жоқ, өз басынан өткерген жоқ. Өйткені, оның ғұмыр кешкен заманы да, жасы да басқа-тын. Алайда, оқығандарын көңіліне тоқып, төл тарихымыздан тәлім алып, оны санасында саралап, қазіргі кезеңдегі жағдаятпен салыстырып, тұжырымын ой елегінен өткізіп барып жыр толғаған ақын адасқан жоқ, шындықты қопара ашып, ақтарыла жазуға ұмтылды. Тарихта таңбаланған ұлт өмірінің өткелдері осылайша өлеңге айналған-тын. Ақын шығармашылығының бағасын асырып тұрған өлеңдерінің көркемдік кестесінің келістілігі, түйінді ойларының тұщымдылығы, шындық көрігінде шындалғандығы, мақсат-мұратының құндылығы, уақытпен үндестілігі. Ақын адам өмірінің, қоғамдық-әлеуметтік тіршіліктің қыр-сырын ашып, толғақты мәселелерін ашып көрсетуге келгенде де керемет көреген. Өлеңдерінің көкейге қонымдылығы, жүрегіңе жылы тиетін мәнді мазмұндылығы, жаныңды бірде жадыратып, бірде жабықтырып, сезіміңді бірде ынтызарлыққа, бірде сергелдеңге түсіретін әсерлілігімен баурап алатын алабөтен қасиеті бар. Серік ақынның шығармашылығының бір ерекшелігі оның көңіліңді босатып, жүрегіңді жылата беретін жырлардан гөрі, жаныңа қуат, сезіміңе шуақ беретін өлеңдер жазуға құштарлығы. Ауыр ой, қаяулы көңіл еңсені басып, есеңгіретіп жіберетінін білетін Серік ақын адамның сағын сындыратын суық та сұйық сөздерге жол бермеуге бейіл. Мына мың құбылған дүниенің құпия сыры мен жұмбақ әлемін түсініп-түйсіну оңай емес, санаға салмақ түсіретін құбылыстар жетіп жатыр. Ал Серік тумысынан ерекше екпінді, жойқын жігерлі жырлар жазатын ақын ретінде танылған талант. Бүгінгідей ұстараның жүзіндей күніне қырық құбылып тұрған мазасыз мезгілде ойлы ақынның осылайша буырқанып-бұрқанып, өршелене өртеніп, жасынша жарқылдап жыр толғауы қисынды құбылыс. Қазақ елі іргесін мейлінше берік бекітіп, мызғымас мемлекеттігін әлемге мойындату мәнісінің жолын қарастырып, қаракет жасап жатқан сын сәтте ұлт тағдырын толғап толайым жырлар жазу әрбір азамат ақынның абыройлы парызы екендігін парықтаған Серіктің ұстанымына дән ризамын. Ақынның зұлмат заман көрсеткен қоғам зардаптарынан жапа шеккен ұлтымыздың ұпайын түгендеп, рухын жаңғыртса ғана мәртебе-мерейі өсетінін өлеңдері арқылы айшықтауы осы себептен екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақтың қоғамдық ой-санасын оятып, өнер-білімге құлшындыру, сөйтіп өзгелерге ілесе қауымдасқан ел-жұрт болып, ұлт болып ұйысып, рухани тәуелсіздіктің туын тігуді армандаған Алаш арыстарының көздеген мақсат-мұратын жүзеге асыру әлі де болса міндетті межеге толық жетпегені анық. Қазақ халқы басынан кешірген небір зауалдар зарын жүрегінен өткізіп, өлеңдеріне көшірген ақынның тірі сөзі сай-сүйегіңді сырқыратып, ел-жұртыңның енді қайтып ондай қайғы-қасірет шекпеуіне тілек қосып, әрі өткеннің өкініштерінің қайталанбауынан сақтандырып отыр. Ал сөзі алмас қылыштай қиып түсетін, өрттей өзегіңді өртейтін, шарболаттай шыңдалған шындықты өршіл рухты өлеңдерінде арқау еткен арлы ақын ғана жалпы жұртшылық ардағына айналары ақиқат. Біз Серік ақынның шығармашылығын осы тұрғыдан бағалаймыз.
Дүбірлі дүниенің дүрмекті аласапыран тіршілігінен жаны тітіркеніп, алдағы күндерге алаңдаған адамдардың көңіл күйі, онға бөлінген ойлары мазасыздандырған ақынның музасына құлақ түрейік:

…Түсімде де өмірді, өңде көріп,
Сан түскенмін сабама жөнге келіп,
Қызыл-жасыл дүние көшіп жатты,
Көз алдымда көлбеңдеп, дөңгеленіп.
…Таң атады,
Түс.
Ымырт,
Түн кіреді.
Естіледі музаның мұңды лебі.
Луврда күліп тұр Джоконда,
Жылап тұрған шығар ол…
Кім біледі?
…Отырардың түсіне Помпей кіріп,
Ұйқысынан шошынып оянады.
Жан рахаты джунгли жаннатынан,
Хиросима үстінде – қара тұман.
Көгершіндер ұшып жүр бұрқ-бұрқ етіп,
Оқ-дәрінің иісі қанатынан…

Ақынның айтуынша, Өмір кітабының беттері толы қара таңбалы тағдыр тауқыметтері. Қарт тарихтың жүрегіндегі жазылмайтын жаралар жетерлік. Ол қасіретті Хатынь, Бухенвальд, Освенцим сынды кешегі қанды қырғындағы қарғыс атқыр фашизмнің салған сойқаны. Сол ойрандағы қиянат пен қасіреттің, азап пен азаның арты шаттықты, шуақты күндерге алмасуын армандамайтын адам баласы бар ма екен?! Ақынның үкілі үміті, тұғырлы тілегі өлеңге көшкен:

…Көп көз жасы…
Олар қашан болар ұмыт?
Болар ұмыт!
Көңілге толар үміт:
Өлім жайлы Өлеңнің өзін жассаң,
Жазу керек Өмірге Ода қылып!

Әлі де болса әлемдегі әртүрлі қақтығыстардан запы шегіп, жүрегі жараланған қайран қамкөңіл ақынның жаны мазасызданып, түн ішінде төсегінен атып тұратынына сен де сенесің. Өйткені өзің ғұмыр сүріп жатқан заман сондай үрейлі. Айрықша алаңдауымыз бекер емес, себебі сан алуан:

…Тұр ма әлемге бір сұмдық орнағалы?
Анашымның тартады сол қабағы.
Күнде эфирден гүрсілдеп жарылады,
Дабыралы нейтрон бомбалары…

Осынау сұрақтың сұрапыл уақытта ғұмыр сүріп жатқан ізгі ниетті адамдардың бәрінің де жанын ауыртып, жауабын таптырмай жүргені ақиқат. Азаматтық парызына адал, ауыл-аймақ­тың аясындағы тар шеңберге шырматылып қалмай, кемел ойлап, кеңістіктің келешегіне – адамзаттың ауыртпалығын қолдаса, бірлесе ат­қаруға ынталы әрі ықыласы ауған ақын бір өзі емес, жалпы жұртшылықтың жүрегіндегі сөзін ай­тып отыр.
Жақында ғана жетпіс жылдығы аталып өткен сұрапыл соғыс – қан майданнан ұлдары қайтпай қалған, қаншама уақыт өтсе де көз жастары құрғамаған аналардың – өлең кейіпкерлерінің жанды бейнесі жанарыңа жас алдырады:

…Белгісіз солдат алаңы – адамға толы,
Көзіңмен көру – ғаламат оны:
Бір кемпір келіп жылап тұр…
Ағарған шашы…
Алқызыл отқа тамшылап жанардан жасы…

Жалпақ ел, жайсаң жұрттың мұңын мұң­дап, жырын жырлаудың өзгеше өнегесі осы өлеңдердің мән-мазмұнында, көркем кестесінде жарқырай көрініп тұр емес пе?!
Жаһан жұртының басынан өткерген қилы кезеңдерді өз елінің өмір-тағдырымен сабақтастыра сыр ақтарып, жыр түзеген тарланбоз талантты шайырдың шындығын айғақтайтын айшықты, ақжарма өлеңдерінің түйіні төмендегі бір шумаққа сыйып тұр:

…Соғыстан, өрттен өлермен кеудеңде
жүрді-ау дерт өріп?
Өздерің жайды өлеңнен кетем-ау
бір күн өртеніп!
Қанбайды ұйқым бал таңда,
кеудемнен жалын от өріп,
Жер шары – бала-арқамда,
келемін соны көтеріп!…

Ғибратты ғұмыр кешкен әзіз ақынның жан сырын мейірің қанып, мерейің тасып қуанасың. Оқырмандарының да осындай ойда жүргеніне жүрегің жарыла сенесің…
Айтқандай, Ақсұңқарұлы әлденеше поэма жазған ақын. Соның бірі «Аляска. Алтынның арбау жыры»». Поэма өзекті мәселе көтеріп, адамзатты ақиқатқа жүгінуге үндеген ойлары жырынды, парасатты поэзияның үздік үлгісі. Алтынның адам баласын адалдықтан, адамдықтан айырып, аздырып-тоздырып, ар жолынан адастыратын сайтандығын сипаттауы көкейіңе қонымды. Қанша жарқырап, көздің жауын алса да, оның адамның жан дүниесін нұрландырмасы айқын. Қазақтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген мақалының мәнісін түсіндіріп, пенденің пиғылын бұзып, теріс жолға түсіретінін, оның арбауына алданып қаншама адамның кісілік қасиетін жоғалтып, асыл арманынан айырылып, бекер ғұмыр кешкенін, күнәсін бетіне басып, ізгілік пен имандылыққа ұйытқан поэма шын жүректен шыққан тағылымды туынды. Ақының алтынды асыл тас, сұлулықтың символы, әлемдік өнерінің құралы екенін ескертіп, басқа қырынан алып бағалағанына түсіністікпен қараймыз. Алтынның әзәзілдігін айту арқылы ақын адамдардың көрсеқызар қылығын, озбырлық образын, байлыққа құмарлығын айтып отыр. Хиросимадағы қасірет, Палестинадағы қырғын, Чилидегі айуандық сынды адамзат тарихындағы бүкіл кесірлі кесапаттың бастауы осы алдамшы алтын екендігін дәлелдермен дәйектеген Серіктің рас сөзіне ризашылық білдірмесек ұят болар. Олай болса, бұл поэма дәуіріміздің көкейкесті мәселелерін қозғаған, азаматтық дауысы асқақ шығарма екендігін мойындауға мәжбүрміз. Шындығында, поэмадағы адамзаттың басына түскен ауыр қайғы-қасіреттің себеп-сырын ашып, сондай сорақы сұмдықтар енді қайталанбаса деген ақынның ақ тілегі терең тебіреніспен, шалқар шабытпен көркем кестеленген тамаша туынды.
Осы жерде Серіктің тұңғыш кітабы «ХХ ғасырдың 20 сәтін» еске түсіре кеткен жөн болар. Бұл шығармаға поэма-панорама деген жанр тегін қойылмаған. Онда бүкіл адамзат басынан кешірген зауалды заманның зардаптары тікелей қазағымыздың өмір-тағдырына байланыстырыла суреттелген. Қазан төңкерісінің зорлық-зомбылығын, ашаршылық тауқыметін, қуғын-сүргін трагедиясын, қанқасеп соғыстың зардабын жеке-жеке баяндай байыптап жазылған жырлар топтамасынан бас құраған поэма шын мәнісінде сол дүрбелең дәуірдің сұмдық суреттерін көз алдыңа әкеліп көрсететін бүтін бір панорама екендігі шүбәсіз шындық. Поэма көп өмірін қыл көпірдің үстінде, тар заман, қилы кезеңдерде өткізген халқымыздың ұлттық санасын оятып, сергіп серпілу жолына бағдар сілтеген шыншыл шығарма. Бұл біздің кезінде емес, қазір айтылса да шын жүрегімізден шыққан түсінігімізден туған сүйсінісіміз. Поэманың ішкі астарына үңіліп оянған ойлы оқырман бұл тұжырымымызды теріске шығармасына сенімдімін. Осынау көлемі шағын, мазмұны шалқар поэма-панорама ең алдымен жөнсіз жалтақтықтан арылған, еркін ойлаудың жемісі. Оны оқи отырып, ақынның жанын жегідей жеген, көкейін тескен, ел-жұрт тағдыры толғандырған ұлттық мәселені мәністеп қолына қалам алғанын аңғарамыз. Поэма-панораманың оқиға желісінің тұтастығы, бекем байланыстылығы, композициялық құрылымы да өзгеше тапқырлықтың жарқын, жақсы үлгісі. Әр кезеңнің келбетін келістіре, көркем тілмен суреттеген өрнекті өлеңдер бір арнаға түсіп, тұтасып, бірігіп, кеткен, сөйтіп алмағайып дәуірдің дидары дәл бейнеленген. Қазақ сөзінің түкпірінде жасырын жатқан небір көркем суреттері мен орамды ойларын, арман-аңсары мен мұң-шерін төгілдіре, егілдіре, жүрекке жеткізе жұптаған шайырдың ақындық шеберлігіне тәнті боласың.
Ұлтшыл ақын Серік Ақсұңқарұлының әуелі ел газеті «Егемен Қазақстанда», кейін «Ұзан» деген кітабында жарияланған жаңа поэмасы «Моцарт пен Сальери (осы заманғы нұсқа)». Ақынның өзі атап көрсеткендей, осы қасіретті хикаяны – әйгілі 37 жылдың құрбандарының бірі, азаттықтың ақсұңқар ақыны Сәкен Сейфуллиннің азапты өмір жолының өлеңдегі баянын жаның толқып, жүрегің езіліп, көңілің егіліп оқисың. Атақты сазгерлер Моцарт пен Сальери туралы Пушкин жазған поэма кейіпкерлерімен тағдырлас Сәкен ақынның қыршыннан қиылған ғұмыр ғибратын шығармасына өзек етіп алған Серіктің ақындық ізденісінің жемісі. Дара дарынын, биік мансабын көре алмай, абзал ақынды күншілдіктің, қызғаншақтықтың қызыл итіне жем қылатын кемталант әріптесі, өзі жанашырлық жасап өсірген адамы. Ақсұңқарұлы азаттық жолында талай азапты басынан кешіріп, қайсар күрескер, талантты ақын болған Сәкеннің қилы тағдырын сол заманның зардабын шеккен ұлтымыздың айтулы азаматтарының да құрбандыққа шалынған өкінішті өмірлерінің оқиғаларымен қиыстыра суреттеген. Осы поэма арқылы Серік күні бүгіндері де Сәкеннің кемел тұлғасына көлеңке түсіруге тырысқан кейбір келеңсіз, кертартпа, қисық пікірлерге байланысты жаңа көзқарас тұрғысынан дәлелдер, дәйектер келтіре отырып, тойтарыс берген. Усойқы уақыттың кесірінен абақтыға қамалған, жазықсыз атылып-асылған ұлтымыздың асыл ұл-қыздарының сол қасіретті тағдырына кінәлі кеңестік қоғамның сұрқия саясаты да поэмада парасат биігінен саралана сарапталып, шындықтың бүркеулі шымылдығын ашқан. Поэманың әрбір оқиғаны баяндауға арналған тараулары жеке-жеке топтама өлеңдерден тұруы да тапқырлықтың айғағы. Қысқа қайырсақ, Серік ақынның бұл поэмасы поэтикалық шеберліктің, парасаттылықтың, көркемдіктің кілтін тапқан тамаша туынды. Ондағы өткір ойлар, мөлдір сезімдер, шынайы шындықтар шұрайлы тілмен келісті кестеленген. Ақындық кемелдіктің биік белесіне көтерілген көрнекті ақын Серіктің бұл поэмасы қазақ әдебиетінің толымды туындысы, рухты жыры. Бұл орайда мен поэмадан мысалдар келтіріп, пікірімді пысықтай түсуден әдейі бас тарттым. Оның бағасын беру әр оқырманның өз еркінде. Сондай-ақ аталмыш поэма газет бетінде жарияланысымен академик-сыншы ағамыз Серік Қирабаев «Қазақ әдебиетінде» көлемді де орынды ойын айтып мақала жариялаған болатын. Одан асырып айтам деу асылық болар…
Өлеңдері – өмір жырларына айналған Ақсұңқарұлының көл-көсір шығармашылығын шала қамтып болса да, шамамыз жеткенше ой-пікірімізді шетпұшпақтап айтумен шектелмеске амал жоқ. Алайда дүйім дүние құбылыстарына өзіндік көзқарасы бар ақынның туған жер және ғашықтық ғазалдарынан үзік сырымызбен бөлісе кетудің реті келіп тұрғаны.
Осыдан тура сегіз жыл бұрын елді елең еткізген оқыс оқиға болғаны есімізде.. Қазақтың бір киелі мекені – атақты Қарқаралының ормандарын қалың өрт шалған. Сөйтіп, Сарыарқаның алтын тәжі – қарағайлы орманы күлге айналған. Міне, сол алапат апатты өз көзімен көрген, осы өрттен өңір көз арбайтын ғажайып көркінен айы­рылып жатқанда ақылын пендешілік жеңген адамдардың қылығына қынжылған ақын қалайша үнсіз қалсын. Оның үстіне бұл табиғи апат емес, біреулер қасақана өртеген деген әңгіменің шеті шыққан. Ол сөздің де қисыны бар-тын. Біреулер өртпен арпалысып жатқанда екіншілері араларын алып, орманды отауға кіріскен. Осы оқиғаны жүрегінен өткізген Серік ақын: «Қарқаралы – қара орманым» деген рэквием «Менің өз пайымдауым» деп жазған еді. Шыбын жаны шырылдап, орманға қоса өз жүрегі де өртеніп өлең өрген шайырдың бұл шығармасының тамыры тереңде жатыр. Ақын тебірене толғанып, орман өртеніп күлге айналса, қарау пиғылды пенделердің ар-ұяты оталып жатқанын жаны күйіп, жасын жырға көшірген.

…Қарқаралы таулары – өртке түсіп лаулады,
Аласұрып таудағы – атан түйеше аунады.
Тәңірі жоқ… бар болса, неге нөсер жаумады?! –
деп ашынған ақын өршелене өртенген орманның отын өшіруге жаңбыр жаудырмаған Тәңірге де өкпелі. Артынша ойын жалғастырып:

…Қарқаралы орманы – Алаштікі айыбы,
Ит те содан байыды, құс та содан байыды! – деп өртпен бірге ашкөзденіп, орманды отап, пайда табуға ұмтылғандарды да ұрымтал жерінен ұстап, әшиесін шығарып, әшкерелейді. Өтпелі кезеңнің өкініші өзегін өртеген азамат ақын ел ағаларына назды да назалы сауал тастайды.

…Көңілде ой, көкте әне, Ай адасып жүр,
Барады қайда жөнеп Алашым бұл?
…Біреуі Қырым асып, Ұрым асып,
Абылайсыз қосылмаған бұрын басы,
Көшімді кім бастайды өрге қарай?!
(Бәрі де мына шалдың – рубасы).

Міне, ойлы ақын, арлы ақын Ақсұңқарұлы ормандағы өрттен бастап, қоғамдағы өзекті мәселелерді түбірінен қопара қозғауға осылай ұластырған. Туған жерін, өскен елді жанындай жақсы көретін ақынның аталы сөздері сенің де жүрегіңе жылы ұялай қалады:

…Не деген ғажап мөлдіреп аққан тоғаны,
Қарқаралыдай ғаламда бір жер жоқ әлі.

Көз жасынан көкірегіне өрт түскен ақынның, ақиқатты ашына айтып, өртеніп өлең жазған ақынның жанайқайынан рухтанған жас ұрпақ оянар да, ойланар деген сенімді серік еткеніміз жөн шығар…
Айтпақшы, осы Қарқаралы өртіне байланысты Ғалым Жайлыбай ақын да тыңдаған кісі таңданыстан талып түсетіндей ғаламат өлең өрнектеген еді. Бір елдің екі ақыны өзегі бір болғанымен, тұжырымы түрлі, қалың оқырманның жадында жатталып қалатын классикалық деңгейдегі жауһар жырлар жазғанын қазақ поэзиясының орны бөлек олжасы деп білемін…
Қазақ баласына өзі туып-өскен жерден қымбат, одан асқан жұмақ жоқ екенін Серік ақынша сендіріп айту арқылы түсініп-түйсінудің жөні бөлек. Оған Тоқырауын өзені туралы толғанысын оқып сөз жеткіземіз. Осынау туған жер төсінде бұлқынып-жұлқынып, толып-төгілмей-ақ, баяу ғана бүлкілдеп ағып жатқан шағын өзеннің теңізден де терең, оттан да ыстық, керемет киелі екеніне ақын сөзі сені де сендіреді. Әттең, кезінде сол салт аттыға өткел бермейтін Тоқырауын өзенінің тартылып, таязданып бара жатқаны өзегіңді өртейді. Бүгінде бала кезінен білетін, мөлдір суы сезімін тербеген өзеннің, сол өңірдің жасанған табиғатын жұтатып, алапат апатқа ұшыратқан экологиялық қасіреттің кесапатын еске ала отырып та ақын жүрегі қанжылайды. Осы бір өлеңнен сайын даланың сұлулығы да, ажарынан айырылып бара жатқан келбеті де көрініс тапқан. Ортақ уайымымызды ортаға салып, алаңдаса да, ертеңгі күндерден күдер үзбеген, арты жақсылыққа жеткiзетiндiгiне сендiретiн жiгерлi, рухты өлең.
Серік ақынның сүйіспеншілік сырын ақтарған өлеңдерінің бітімі бөлек, суреттелуі ерек. Аруларға жауһар жырдан гүл өріп, өлеңге айналдырып жіберген ақынның ғашықтық ғазалдары сенің де еркіңнен тыс есіңді алып, қиялыңа қанат бітіріп, ләззат бесігінде әлдилеп, өткен-кеткен, бастан кешкен жас дәуреннің қимас сәттеріне жолықтыратын сиқыры бар. Бойжеткеннің ернінен сүйген сәттегі бозбаланың – бал сезімге бөленген бала ғашықтың: «Осы өмірде сүйген, сүйе білетін – өзім ғана» деген сөзіне риясыз сенесің. Осы орайда тағдырдың жазуымен қосыла алмай арманда кеткен қос мұңлықтың шерін шерткен «Телефондағы әңгіме» өлеңіне құлақ тоссаң, сонау бір қайта оралмас жастық шақтағы сүйіспеншілік сезімдері суыспаған келіншек пен жігіттің әңгімесінен құпия сырларын естисің де, жастық гүлінің күзде солып қалса да сарғайған сағыныштары үзілмегенін сезініп, өз жүрегіңнің де өкініш өртіне оранып, күйіп-жанғанын, адал махаббаты аялаған қимас күндердің оралмасына опынып, жаның сыздайтыны ғажап қой. Бұл енді ақынның адам бойындағы асыл қасиеттерді: адалдықты, сезімталдықты, ғашықтықты нәшіне келтіре, нандыра, нақышын тауып, көркем тілмен сұлу сезімді аялауға арналған арлы сөзі. Тағы бір өлеңіндегі «Кілтін таптым әйелдің жүрегінің, Сәкен сынды бекзада болмасам да» деген Серік ақынның сыры мен жырына сенесің де сүйсінесің…
Тағы бір өлеңге тоқтала кетпесем болатын емес. «Махаббат, қызық мол жылдар» деген атынан-ақ көп сырды көңіліңе түйе қоярың шүбәсіз шындық. Өлең кейіпкерінің өзіндей жас кезінде кездесіп, сосын ұзақ жылдар жүздеспей жүріп, жігіт ағасы жасында күтпеген жерден жолыға кеткен келіншек туралы ешкім білмейтін ішкі сырын егіле еске алатын сәтін бейнелейтін жырбаян. Ауылына сырт жақтан көшіп келген отбасының періштедей перизат қызы бар екен. Балағашық сол қыздың әуелі суретін салып, сосын өлең арнап сезіміне арбалады да қалады ғой, баяғы. Суретіндегі дидарын танымай қалған соң, амалы таусылған бозбала өлең өрнектеуге көшеді. Оны оқыған қалқа қыз: «Осынау жырды арнаған, Қызда да арман бар ма екен?!» деп таң-тамаша болыпты. Жүрегі оттай өртеніп, сүйген сол сұлу қолына қонбай арманда қалдырған. Енді, міне, араға жылдар салып: «Сол қызбен бүгін кездестім… Неткен қылықты келіншек!» – деп өлең кейіпкері балаң шақта жүрегіне жылы ұялаған пәк сезімінің әлі күнге сөнбеген алауына жанын жылытып, ерекше бір күй кешіп отыр. Әр адамның да өмір жолында кездесетін қимас сәтті, алғашқы махаббатты, әзіз жүректі ақынның өлеңге көшіргеніне сүйсінбеске не шара?!..
Сонымен, қазағының қасиеті мен қасіретін жарыстыра, жарқырата жазған ақын – заман мен қоғамның, әлеуметтік ортаның қырық қабат сырын аңдап, жүрегінен өткізген Ақсұңқарұлы шаңырағы ортасына түскен кешегі кеңес кезеңінің зардаптарына жаны күйіп, өзегі өртеніп өлеңге көшіріп қана қоймай, тәуелсіздіктің арқасында Алаш жұртының асқақ армандарына жететіндігін де өршіл рухты жырларына арқау етуде. Өтпелі өмірдің қыр-сырын өлеңдеріндегі көшелі ойлары айғақтап тұр. Ұдайы ұлтының ерлігі мен өрлігін жырлау арқылы ақын жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, жанын рухтандыруда. Оның әлеуметтік, пәлсапалық әуендегі өлең-жырларының сарыны да, салмағы да ерекше екпінді, серпінді. Ақын елдің сөзін сөйлеп, өлеңдері сол мақсатқа арналғандықтан да жалпақ елдің жүрегіне жол тапты. Ендеше, Алаштың асқақ рухын аспандата жыр қашаған қанатты ақын Ақсұңқарұлының шырайлы шығармашылығы шырқау биікке көтеріле бергей дейміз… Әттең, мақала көлемі көтермейді, әйтпесе Серік ақынның ақпа-төкпе жырлары туралы шешіле сөйлесем айтылар әңгіме күнім түнге ауысса да таусылмас еді. Ақынның тәуелсіздік толғаулары, ана тілінің тағдыры, қазақ өмірінің өзге де өзекжарды мәселелері туралы жеке-жеке сөз қозғасақ та болар еді. Ақындық кемел шағындағы шайырдың шабытты жырларының жұлдызы жарқырай беретініне бек сенімдімін.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.