«Ең бірінші бақытым – халқым менің…»

Сапар басы немесе Қайдасың, Қарасаз!
Амандық болса келесі жылы қазақ поэзиясының хантәңірісі атанған Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Осыған байланысты Жетісу жерінде тойға дайындық шаралары қазірден-ақ басталып кетті. Алматы облысының әкімдігі мерейтойға әзірлік және оны өткізу жөнінде арнайы ұйымдастыру комиссиясын құрды. Оған ұлтжанды азамат, облыс әкімі Серік Үмбетовтің өзі басшылық етеді.Аталған комиссияның алғашқы отырысына қатысу үшін Мұқағали ақынның кіндік қаны тамған – Қарасазды бетке алдық. Қарасаз облыстағы іргелі өңір саналатын Райымбек ауданына қарасты көпке белгілі ауыл. Ауылдың атын шығарған, дүйім елге әйгілі еткен осы топырақтың төл перзенті – Мұқағали.
Қарасаз. Мұқағали жырға қосқан, Мұқағалиды тебіренткен, еміренткен киелі мекен.
Мұқағали үшін жалғанда Қарасаздан артық, Қарасаздан қасиетті жер жоқ шығар. Сондықтан да оны «жер біткеннің бал-қаймағына» теңейді.
Мен туған жер Қарасаз, баурайдағы
Жалғанда жер біткеннің бал-қаймағы
Есім кетіп жүргенде ес білдірген
Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы.

Бақытым ғой «Қарасаз» келіп қонған,
Кисем – киім, ішсем – ас, көлік болған.
Мендей ұлдың осы жер мыңын туып,
Әлі күнге мыңына жерік болған – деп келетін көркем жыр жолдары шынайы сүйіспеншіліктен, ақ-адал махаббаттан туса керек.
Тағы бір өлеңінде былайша толғанады:
Қарасазым!
Айтылмаған сезім ең,
Мен іздеген бақыттың сен өзі ме ең?
Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам,
Кім құмартса, өзі көрсін көзімен.
Көрсек деп құмартып Қарасазға да жеттік. Айнала аппақ. Ауыл шетіндегі «Елшенбүйрек» жаз болса көк торғынға оранып жатар еді. Қыс болғаннан кейін «аппақ елтірі сеңсең киген».
Қарасазға ат басын тіреген қаламгерлер, облыс, аудан орталықтарынан келген басшы азаматтар алдымен осындағы М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды мұражайымен танысты. Одан әрі ауылдық Мәдениет үйін, басқа да нысандарды аралап көрді.
Комиссия отырысы мектептің мәжіліс залында өтті. Оны облыс әкімі Серік Үмбетов жүргізіп отырды.

Мұқағалиды асқақтату – қазақты асқақтату
Серік Үмбетов, облыс әкімі:
– Келесі жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Бұл тойды жақсы өткізуіміз керек. Ол үшін ақынның атындағы мұражайды, осы жердегі мектепті, өнер мектебін талапқа сай жөндеуге тиіспіз. Ауылдың көркін ретке келтіруіміз керек.
Қазіргі таңда біраз қаражат қаралды. Мұражайға 90 миллион теңге, Мәдениет үйіне, өнер мектебіне едәуір ақша бөлініп отыр. Ауылды сәулеттендіруге де қаржы қарастырылған.
Мұқағалидың атын шығару деген – қазақ халқының, поэзияның, ақындардың атын шығару. Бұл дегенің Жетісу халқының әдебиетті, қаламгерлерді қалай қолдап, құрметтейтінін көрсетеді.
Мұқағалидың өлеңдерін оқымайтын қазақ кемде-кем. Ол кісінің таланты жайында ұлағатты сөздер айтылады.
Мұқағали мұражайының жәдігерлерін көбейту керек. Жүдеу. Қазіргі талапқа сай болсын. Ескерткіші туралы. Егер ол талапқа сай келмесе мұны ойластырғанымыз жөн.
Ауылдың кіреберісі дұрыс болу керек. Әрбір үй, үй маңайы көрікті, таза болуы тиіс. Орталық көшелерді асфальттаймыз. Жарықтандыру ойдағыдай болады. Шарбақтар жасалынады.
Қалада адамдарды жинаудың қажеті жоқ. Қонақтарды осында алып келеміз. Киіз үйлер тігіледі. Конференция, ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, ұлттық ойындар, концерт… бәрі осында өтеді.

Серік Мұқанов, облыс әкімінің орынбасары:

– Облыста Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған мерекелік іс-шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру алқасы Серік Әбікенұлының бастамасымен құрылып, бүгін ақынның туған жерінде бас қосып отырмыз.
Қарасазда туып, қазақ поэзиясының сөнбес жарық жұлдызына айналған біртуар перзент, ақиық ақын, дара дарын Мұқағали Мақатаевтың есімі әркімге ыстық.
Мұқағали өлеңдері халықтың жадында ән болып шырқалып, жыр болып жатталды. 80 жылдыққа дайындық барысында тыңнан түрен саламыз демейміз. Қайта күні бүгінге дейін облысымызда өткізіліп жүрген Мұқаңның өшпес рухын, өлмес өнерін насихаттайтын шараларды жалғастырып, жалғастырып қана қоймай, оған жаңаша серпін беріп, мазмұндық-формалық жағынан байыта түсуіміз керек.
Облыс көлемінде көптеген мәдени-көпшілік шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп жүр. Облыстық жазба ақындардың жыр мүшәйрасы, Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» атты облыстық әншілер байқауы, кітапханаларда ақынның еңбектерінен «Мұқағали: өлең әлемі» атты әдеби кештер, оқырмандар конференциялары, ақындардың қатысуымен дөңгелек үстелдер тұрақты өткізілуде.
Ал, ақынның 80 жылдығына орай мерекелік шаралар биылғы жылдың басынан жоспарланып, қазіргі кезде облыстың мәдениет, оқу мекемелерінде кестеге сәйкес ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, «Поэзия алдаспаны», «Өлеңмен орнатылған ескерткіш», т.б. тақырыптарда ақынның еңбектерінен арнайы кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, конференциялар, әдеби-сазды, тақырыптық кештер, өнер байқаулары мектептерде, кітапханаларда өткізілуде. Алдағы уақытта «Мұқағали мен Нұрғиса» деген атпен ақын өлеңіне жазылған композитордың әндерінен концерт ұйымдастырылады. Жастар мен студенттер арасында «Жанға – жақын, жүрекке – жылы жыр-әлем» атты Мұқағали шығармаларын шебер оқудан облыстық байқау өткізу биылғы жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.
«Өлең жаздым Абайдың үлгісімен» атты театрландырылған көріністің сценарийін дайындау қолға алынды. «Сен менің еліме бар, жерімді көр…» деп аталатын ақын туралы деректі фильм дайындау, дискеттер, ақын, жазушылардың Мұқағали туралы естеліктерін шығару қарастырылуда. «Хантәңірінің мұзбалақ ақыны» деген айдармен облыстық «Жетісу» телеарнасында, облыстық газеттерде тұрақты түрде хабарлар, мақалалар тізбегі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Ең бірінші бақытым – халқым менің» атты Мұқағали оқулары жеңімпаздарының қатысуымен республикалық жыр мүшәйрасын, «Поэзия, менімен егіз бе едің…?» тақырыбында ғылыми конференция өткізу, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру белгіленіп отыр.
2011 жылы ұлы ақынның мерейтойы «Сағындырған Қарасазым» атты кездесу кешімен басталады. «Жырмен жазылған ғұмыр» атты мерекелік бағдарлама аясында Қазақстанның өнер жұлдыздарының, облыс, аудан өнер шеберлерінің қатысуымен мерекелік концерт, ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс, «Жыр тербеген Қарасаздың өңірі» атты жастарға арналған жыр кеші, басқа да мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Алда межеленіп отырған іс-шаралар ақынның асқақ бейнесін одан сайын тұлғаландырып, мұқағалитанудағы талпыныстар мен ізденістердің мәнін тереңдетіп, мазмұнын байыта түсетіні анық.

Рысбек Сәрсенбай, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы:
– Біз мұражай құрлысының ойдағыдай жүргізілетініне сенімдіміз. Оған алаңдаушылық жоқ. Бізді алаңдататыны – мұражайдың іші, ішкі мазмұны қалай болады. Алып ақынға, түркі әлеміне танымал ақынға лайықты бола ма, жоқ па? Мұрағат поэзияның исі аңқып тұратын, Мұқағалидың жүрегінің дүрсілі сезілетін, әсемдік әлеміне жетелейтін, елдікке, бірлікке, ізгілікке шақыратын тәрбие орталығы болуы керек.
Конференц зал жоспарланыпты. Өте құптайтын, керек нәрсе. Онда аудио, бейне техникалар, компьютерлер болу керек. Осында келетін адам Мұқағалидың шығармаларын компьютерден таба алатын болуы керек. Мұражайдың ішкі жұмыстары ғылыми негізде жүргізілуі керек. Мұқағалитану деген ғылым пайда болды. Оны бастаған Батық Мәжитұлы. «Мұқағали» журналы арқылы. Осындағы дүниелерде зерттеу бар. Мұқағалиды солар арқылы тануға, сезінуге болады. Осыған басшылық жасайтын, осыны қолға алатын азаматтар болса. «Мен осы жұмысты істеуім керек» деп талпынатындар болса, оларды кеудесінен қақпай тартқанымыз дұрыс. Егер бар жүкті қазіргі мұражай басшысына артып қойсақ, онда жақсы мұражай жасай алмаймыз.
Мұқағалидың мұражай алдындағы мүсіні туралы. Ол шағындау. Енді мұражай сыртқы басқа материалмен қапталмақ. Ескерткіш те соның түсіне, реңіне келетіндей болса. Ал, мына мүсінді ішке қоюға болады. Мұқағалидың үлкен ескерткіші керек. Алматыдағысы қандай жақсы. Алыптығын сездіреді. Оның өзінде үлкен мағына бар.
Тағы бір айтатын әңгіме. Ауылдың көркі. «Мұқағалидың ауылы қандай екен?» деп келеді тойға жан-жақтан. Кемшілік болса оның ұяты осы ауданға келеді. Сол ұятты ойласақ.
Бюджеттен бөліне ме, ағайындардан қаражат жинала ма Нағиман әжеміздің басына жақсы кесене тұрғызсақ. Жолда сілтеме тұрса. «Мұқағалидың анасы – Нағиман әжейдің кесенесі» деген сияқты. Алып анадан туады деген. Мұқағалиды дүниеге әкелген ананы құрметтесек бұл бүкіл қазақ анасына жасаған құрметіміз болар еді. Анасын сыйлайтын ел екенімізді көрсеткендік болар еді.

Оразақын Асқар, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Мен Мұқағали мұражайы салынғаннан, соны көрген адамдардың бірімін. Заман, уақыт өзгеріп жатыр. Бірақ мұражай өзгермепті. Тозған. Мұхтар Шахановтың журналға жазған бір сөзін естіген едім: «Осындай ақынын ардақтайтын. Сол ақынына осындай аспанмен тірескен мұражай салдыратын, соған ақынның барлық еңбектерін қоятын елі бар ақын қандай бақытты» деген еді мұражай алғаш ашылған сәтте. Бұл жерге дүниежүзінен адамдар келеді. Бұл мұражайды ұялмай көрсететін жағдайға жеткізуіміз керек. Қазір суретті дайындау технологиясы өскен. Суретті жаңартуға да болады. Мына мұражайда құнды суреттер тасқа жапсырылып қойылған. Оны алу да қиын. Ескі суреттер сарғайып кеткен. Соның бәрін жаңартуға болады. Ол суреттер рамкіде немесе әйнек астында тұрса сарғаймаған болар еді. Бұл жанашырлық танытпағандық.
Ақынның мерейтойы қарсаңында мұражай ішін түзеп, ондағы мұраларды бір ретке келтіру керек.
Алыстан келген кісілер «Ең алдымен мұражайын көреміз» дейді. Сондықтан бұл жер бәрінен де жақсы болып тұруы тиіс. Мұражай Мұқағали атына сай болса екен дейміз.

Батық Мәжитұлы, «Мұқағали» журналының редакторы:
– Мұражай бекер әңгіме болып отырған жоқ. Оразақын ағам ұсынысын айтты. Оны сын деп қабылдауға болмайды. Бұл ортақ әңгіме.
Мұқағали әлемдік деңгейдегі ақын. Мұражайға Райымбек ауданының жұрты бір бөлек, шеттен келген қазақ бір бөлек қарайды. Неге? Олардың көздеріне ұлы Мұқағали елестейді. Сол ұлылықты іздеп келген кезде Мұқағали бір ауылдың ақыны болып көзге көрініп тұрады. Содан кейін көңілі қарадай қалады. Мұражайдың ішін жүйелеу, жәдігер жинау қолдан келеді. Мәселе қалай жүйелеуде. Ғылыми негізде қалай жүйелеу керек? Өзінен өзі тақырып табылып тұр. Мәселен, «Мұқағали және Абай», «Мұқағали және Донте», «Мұқағали және Моцарт», «Мұқағали және Нұрғиса»… Міне, Мұқағалидың әлемдік деңгейдегі көзқарасы қалай қалыптасты? Сол алыптармен қалай сырласты? Мұқағали және орыс ақындары… Бұлардың бәріне Мұқағалидың қатысы бар. Мұқағали мұражайға кірген адамды өз даусымен қарсы алса, ары қарай өз әлеміне жетелеп отырса, шыққаннан кейін адам Мұқағали әлеміне кіргендей тебіреніп тұрса… қандай жақсы. Бұл бүгінгі мұражай директорының қолынан келе қоймас. Бәріміз де көп болып көмектесеміз. Дегенмен мұражай басшысының мойнында үлкен шаруа, міндет тұр. Оны көтеру керек.
Нағиман апамыздың естелігінде де айтылады. Мұқаңның туған жері ескі Қарасаз. Ол Қарасазды ұмытып кетуге хақымыз жоқ. Сол жерде туды, өсті, отбасылы болды. Сол жерде үлкен ауыл болған. Кейін саз көтерілді де сол ауыл бері көшті. Мұқаңның кіндік қаны тамған жерді қалай ұмытып кетеміз? Сондықтан Қарасаздың бержағына көрнекті тақта жасап «Ескі Қарасаз – Мұқағалидың туған жері осы» дегендей ескерткіш-белгі орнатса, келген қонақтар осы жерде құран бағыштап, еске алса қандай жақсы болар еді.
Райымбек ауданы – Мұқағали поэзиясының бет-парақтары. Қос Шибұт анау. Адамдар ақын өлеңдерінен Лашын жеңгемізді, Шибұтты біледі. Шибұтты көргісі келеді. «Мынау Шибұт деген ауыл. Бұл жерде ақынның жары Лашын Әзімжанқызы туды» деген көрсеткіш тақта қойсақ. Осыны да келген қонақтар барып көреді. «Мынау «Елшенбүйрек» деген тау» десе оны да барып көреді. Анау «Айғайтас» десе, оны да көреді. Осылардың бәрі ақынның өлеңдерінде бар. Осынау үйлестіктерді бір-бірімен жымдастырсақ сонда мазмұны арта түседі.
Биыл Мұқағали жылы басталды. Оны бастап отырған облыс әкімі Серік Әбікенұлы. Мен ақынның барлық тойын көріп келе жатырмын. Мерейтойға бір жыл бұрын дайындалу деген бұрын-соңды болған емес. Ақынын құрметтеген әкімді елі де қадірлейді. Осы бастаманың соңынан бәріміз еріп, бір кісідей ұйып, ұлы Мұқағалидың рухын одан сайын асқақтатуымыз керек. Мұқағалиды Алла Тағаланың өзі бізге сыйға берді. Енді соның қадірін білу – біздің міндетіміз.

Жұмаш Өтеев, М.Мақатаев әдеби-мемориалды мұражайының директоры:
– Бағалы жәдігерлер сатып алу керек. Суретшілердің ұлы шығармалары бар. Мұрағаттардан алатын құжаттар бар. Мұның барлығына қаражат керек. Штат кестесіне сәйкес жұмыс істей алмай отырмыз. Ғылыми қызметкер, электрик, пеш жағушы… керек.

Бақытгүл Айдарова, «Мұқағали» қоғамдық қорының төрайымы:
– Тойға келетін қонақтардың бір-екі күн ішінде ауылды, осы төңіректі аралап шығуға уақыттары бола бермейді. Райымбек ауданына кіре беріс жерден Қарасазға дейін жүз шақырым екен. Әрбір он шақырым сайын билборд қойылып, алдымен ақын бейнесі салынған билборд тұрса деймін. Сурет астына «Үш бақытым» деген өлеңі жазылғаны жөн. Одан кейінгіде Хантәңірі бейнеленіп, сурет астына Хантәңірі жайлы өлеңі берілсе қандай жақсы болар еді. Осылай жалғасып кете береді. Сонда келген қонақтар Қарасазға жеткенше журнал парақтаған секілді ақынның өмірімен, шығармашылығымен танысып үлгереді.
Ақынның 60 жылдығында Қарасазда мұражай ашылды. Бұған бәріміз қуандық. Қарасаз – кіндік қаны тамған жер, поэзиясының бастауы. Ендігі тілек Алматы қаласында әдеби-мемориалдық мұражай ашу үшін жер бөлінуге, ғимарат салуға атсалыссаңыздар. Шет елден келетін қандастарымыз айтып жатады: «Біз Қарасазға жете алмаймыз. Білмейміз. Қалай барамыз? Ол кісінің мұражайы қала ішінде неге болмасқа» дейді. Тағы бір себеп. Ақынның балалық шағы Қарасаздан бастау алған болса, кемелденген шағы, өмірінің соңғы күндері Алматы қаласында өтті. Мықты шығармалары Алматыда дүниеге келді. Алматыдан екінші мұражай ашып жатсақ бұл ақынға деген үлкен құрмет.
Жаңа мұражай алдындағы мүсін ақынның тұлғасына, шығармашылық келбетіне сай келмейтіндігі айтылды. Мүсінші Құрақбай Егізбаев ағамыз қайтыс болар алдында ақынның тұлғасын гипстен жасаған екен. Соны қызы Гауһар пайдалануға болатындығы туралы бізге ұсыныс айтты. Өңдеуден өткізу керек. Осыны Мәдениет үйінің алдына ма, әлде мұражай алдына ма… қоюға болар еді.
Ақынның өлеңдерін оқыған дауысы сақталған. Өлеңдерін биік деңгейде оқыған актерлар бар. Соларды пайдаланып таспалар шығарсақ. Алматыда, Астанада, Талдықорғанда 80 жылдыққа орай гала-концерт өткізсек. Осыған қаржылай көмек болса.

Мариям Әбсаттар, «Алаш айнасының» қызметкері:
– Қарасазды, ақынның тұтынған заттары барын білмейтін жастар болуы мүмкін. Олар кітапханаға, мұражайға бара бермейді. Бірақ олар интернетті қарайды. Сондықтан М.Мақатаевқа арналған арнайы сайт ашылса. Онда ақынның шығармалары, жеке өміріне қатысты мағлұматтар орналастырылса. Соны көрген жастар Мұқағалиды тани түседі. Оны әлем қазақтары да көретін болады.

Аян Айтжанов, Райымбек ауданының әкімі:
– Бұл ауылда 527 түтін, 3128 тұрғын бар. Осы ауыл тұрғындары, жалпы, аудан халқы қол қусырып қарап отырмайды. Ақынның мерейтойы есте қаларлықтай, мәнді өтуі үшін атсалысады.
Отырысты облыс әкімі С.Үмбетов қортындылады:
– Бүгін жақсы әңгіме болды. Көп ұсыныстар айтылды. Олардың бәрін қолдаймыз.
Мұқаңның кітаптарын шығарайық. Той өтеді. Кітап қалады. Ол үшін қаражат табуға уәде беремін. Комиссияның екінші отырысына да өзім келемін. Жұмыс басталғанша осында боламын.
Мақатаев бір рудың, бір ауданның не облыстың емес, қазақ халқының мақтанышы. Мұқағалиды асқақтату – қазақ халқын асқақтату. Бұл мерейтойдан Елбасы да хабардар. Демек, тойды ойдағыдай өткізуге толық негіз бар.

Сапар соңы немесе Қош, Қарасаз!
Жиынға қатысушылар комиссия отырысынан жақсы әсермен тарасты. Көкейге қонымды ой-пікірлер айтылды. Мұқағали тойының жоғары деңгейде өтетініне сенім мол. Үлкен сүйініш – облыс әкімі С.Үмбетовтің өзі бұл тойға айрықша мән беріп отырғандығы. Облыс басшысының Мұқағалиды, біртуар таланттың орнын түсініп, сезінетіндігі.
Жиынға қатысқан адамдар залдан шығып, дәлізге беттеген. Қуыршақтай әсем киінген үш-төрт жас шамасындағы бүлдіршін анасының жанында күлімсіреп тұр.
– Сіздерге Мұқағалидың өлеңін айтқысы келеді, – деді баланың шешесі.
Серік Әбікенұлы мұны естіп:
– Атың кім? – деді.
– Айдана.
– Кәне, айта ғой.
Бүгін менің туған күнім. О пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай.
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай…
Айдана осы өлеңді аяғына дейін кідіріссіз айтып шықты. Сосын көптің қолқалауымен тағы бір өлеңді мәнеріне келтіре жатқа айтты.
Секең баланың бетінен сүйіп:
– Талабың оң болсын, – деді. Сосын қалтасына қолын салып, қолына түскен он мың теңгеліктің бес-алтауын бүлдіршінге ұсынды.
Жиналып қалған жұрт өлеңді мүдірмей айтқан кішкентай балаға да, әкімнің ықыласына да риза болысты.
Біздің куә болғанымыз Қарасазда Мұқағалидың өлеңін жатқа білмейтін бала мүлде сирек. Жоқ десе де болғандай. Сондай-ақ, балалардың көбісі ақын болуға құмар. Ауыл орталығындағы мектепте 600 бала оқыса, соның 300-і өлең тудыруға құштар көрінеді.
Мұқаң «Үш бақытым» деген өлеңінде ең бірінші бақыты – туған халқы екенін айтып еді. Халқын, қазағын бәрінен жоғары қойды:
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан парқым менің.
Халқы да дара перзенті, талантты ұлы Мұқағалиды о бастан-ақ таныған, мойындаған. Халық ұлын халқы ардақтаудан, аялаудан, құрметтеуден еш танбайды. Олай болса ақын тойын туған елі, туған халқы шырайын шығара, дүрілдетіп өткізетініне еш күмән жоқ.
Қош, Қарасаз! Көріскенше!

Нұрперзент Домбай

Алматы – Қарасаз – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ұлысбек

    Мұқағали-қазақтың біртуар ақындарынын бірі.Осындай ақындарымызды ешқашан
    ұмытпай,әрдайым жадымызда сақтап жүрсек,өте керемет болар еді.Мерейтойын жасап жатырғандарыңыз-өте жақсы.Мен де кішкене болса да өз үлесімді қосқым келеді:

    Мұқағали-ақын аға,жан аға,
    Қаласын сен меңгі тарих жадында:
    Мінезіңмен-қайыспаған болаттай,
    Өнеріңмен-түнектегі шырақтай.

    Қазақтың қара өлеңі өлмейді,
    Әдебиеті әлі алға өрлейді:
    Сіз секілді ағалардан нәр алып,
    Жас ұрпақ әлі талай гүлдейді.

    Ұлылардың ұлылығың құлатпан,
    Сіз боларсыз,Абайдан бір нәр алған
    Тұмар тұтып ақындықтың өнерің
    Мұра қылып, бізге мәңгі қалдырған.-деп ұлы ақын ағаға арнаймын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.