АЛАШ РЕНЕССАНСЫНДАҒЫ ПАССИОНАРЛЫҚ ТҰЛҒА Әлихан Бөкейхан еңбектерінің тарихи-деректемелік сипатыOmnim

Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жалынды журналист һәм көсемсөзші, білікті аудармашы, жан-жақты энциклопедист ғалым Әлихан Бөкейханның (1866–1937) еңбектерінде қазақ және жалпы адамзат тарихына қатысты қызықты деректер, құнды мәліметтер мол кездеседі. Оларда қасиетті пайғамбарлар, әйгілі тарихи және діни қайраткерлер, мемлекеттер, қалалар, тарихи аймақтар, жер-су атаулары, мерзімді басылымдар жайында танымдық және тағылымдық құнды ақпараттар бар. Бұл тарихи-деректемелік мәлімет Әлихан Бөкейханның 9 томына жинақталған 800-ден астам еңбегінде келтіріледі. Көптомдықты қайраткер мұрасын ширек ғасыр бойы жинап, зерттеп келе жатқан белгілі алаштанушы Жүсіп Сұлтан Хан құрастырды (Астана: «Сарыарқа». 2009–2013 жж.).

Әлихан Бөкейхан еңбектерін зерделеу арқылы қайраткердің жан-жақты терең білімін, меңгерген ғылым салаларының кеңдігін, қызығушылық танытқан өзекті мәселелерін, мысалға келтірген тарихи тұлғаларын, мемлекеттерін, қалаларын, аймақтарын, оқыған газет-журналдарын, өзге де құнды мәліметтерді білеміз. Алаш көсемінің терең энциклопедиялық білімін, парасат-пайы­мын, ғұлама ойларын, эрудициясын танимыз. Қайраткер өз еңбектерінде қай мәселеге ерекше назар аударды, қайсына қандай баға берді? Қай тарихи тұлғаның атын көп атады, қай жазушының еңбектерін көп оқыды? Сол мәлімет ұлттық, елдік мүдде тұрғысынан қалай зерделенді? Міне, осындай аса құнды дүниені, біздің бүгінгі өмір-тіршілігімізге қажетті ділгір ақпаратты Әлихан Бөкейхан еңбектерін зейін қойып оқыған кезде таба аламыз.
Қымбат деректер арада ұзақ жылдар өтсе де, өз құндылығы мен зәрулігін жоғалтпады. Қайта бүгінгі біздің елдігімізге, ұлттық рухани құндылықтарымызды сақтау жолындағы табанды іс-әрекеттерімізге ұлы тұлғаның көзқарасы ерекше бағалы деп ойлаймыз. Бұл ақпарат тәуелсіз Қазақ елінің азаматына аса құнды деген пікірдеміз. Мысалы қайраткер Азия жайында 15 еңбегінде сөз етсе, Еуропа туралы 74 еңбегінде айтады. Яғни Алаш көсемі Еуропаны, оның озық мәдениетін, оқу-білімін дәріптей отырып, соның жолын бетке ұстағанын аңғарамыз. Германия мемлекеті туралы 37 еңбегінде мәлімет берсе, Ресей жайында 128 еңбегінде жазады. Ал Ресей үкіметінің басшысы Столыпинді 59 мақаласында келтірсе, Шекспирді 5, Абайды 19, Пушкинді 13, Лермонтовты 10 еңбегінде мысал етеді.
Әлихан Бөкейхан мұрасын мұқият оқыған кезде біз білімімізге білім қосамыз, таным-түсінігіміздің көкжиегін кеңейтеміз. Мысалы, «Скотоводство в Тургайской области» кітабының авторы Добромыслов, Германияның 99 жылға жалға алған Қытай жерінің аты – Кяо-аудан, сол кезде Судан астанасы – Хартум сынды деректерді осы еңбектерден танып білеміз. Ал 3 томдағы «Заметка о киргизах Павлодарского уезда» атты еңбекте нәрлі, тұзды шөптердің мынадай түрлерін оқимыз: көде, бетеге, ақселеу, жауылша, тарлау, қызғалдақ (ветрянки), жұмыр қияқ, жалманқұлақ, сарысозақ, қараматау, көкпек, алабота, жусан, ақөлең (вострец), қарөлең (осоки), бидайық (арженец), майөлең (мелкая осока и пырей), жоңышқа (визиль), бояусабақ (листовник), тілқияр (широкоперый вострец).
Әлихан Бөкейхан мақалаларында, зерттеу еңбектерінде, құрастырған кітаптарында адамзат тарихында айрықша орны бар мынадай көрнекті тұлғалардың есімдері аталады: Август Бебель, Ақсақ Темір, Алаша хан, Аристотель, Атилла, Байрон, Барри, Бату хан, Белинский, Бетховен, Бисмарк, Блок, Вальтер Скот, Вамбери, Васнецов, Вашингтон, Вернадский, Галилей, Гераклит, Геродот, Герцен, Гете, Гоголь, Гомер, Грибоедов, Грозный, Дарвин, Деникин, Джордано Бруно, Дидро, Гвин Вандербильт, Добролюбов, Ф.М. Достоевский, Дутов, Екатерина ІІ., Ермак, Жан Жорес, Жошы хан, Жюль Верн, Золя, Керенский, Колчак, Конфуций, Коперник, Короленко, Крылов, Лаплас, Ленин, Лермонтов, Луначарский, Магелан, Мамин-Сибиряк, Марко Поло, Маркс, Менделеев, Михаэлис, Мопассан, Наполеон, Некрасов, Нитсше, Нобел, Ньютон, Пастер, Писарев, Платон, Плеханов, Плутарх, По Эдгар, Г.Н.Потанин, Прежевальский, Птоломей, Е.Пугачев, Пушкин, А.Н.Радищев, В.В.Радлов, Рамзес, Рашидин, Рубрук, Рудзутак, Салтыков, Семенов Тянь-Шанский, Сократ, Солсбери, Спенсер, Сперанский, П.А.Столыпин, Твен, Л.Н.Толстой, Л.Троцкий, Тургенев, О.Уайльд, Фердауси, Фламмарион, Хафиз, Цезарь, Н.Г.Чернышевский, Черчиль, А.П.Чехов, Шекспир, Шопенгауэр, Штамлер, Шыңғыс хан, Эзоп, Энгельс, Ядринцев, т.б.
Осы тұлғалардың ұлы өнегесі, адамзат баласына пайда әкелген қымбат істері немесе кейбірінің зұлым әрекеттері нақты мысалдармен көрсетіледі. Ол мәліметтің барлығы қазақ жұртының тағдырымен сабақтастырылады, әрқилы байланыстырылады.
Бар ғұмырын қоғамдық-саяси күреске арнаған Алаш көсемі көп оқыған, көп ізденген. Өзінің ой-пікірін, мақсат-тілегін жеткізу үшін, қарсыласына идеясын дәлелдеу үшін немесе оқырманға әсер етіп, оның көзқарасын өзгерту үшін дәйекті мысалдарды, нақты деректерді келтіреді. Оны біз Әлихан Бөкейханның бойын­да көсемсөзшіге тән талант және ғалымға тән білгірлік сынды екі бірдей мықты қасиеттердің жинақталғандығынан деп білеміз.
Төменде қайраткер еңбектерінде аталатын басылымдарды ұсынамыз. Газеттер мен журналдар нақты қай еңбекте және қай томда берілгенін келтіреміз. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген бұл басылымдарды бүгінгі күні ғалымдар, журналист мамандар терең зерделейді деп санаймыз.

Газеттер:

«Ақ жол» – Бауырым, Ахмет! 9 том; Ел арасына оқу ісін кім жүргізеді? 7 том; Студенттерге жәрдем керек. 7 том.
«Беднота» – Халықты ағарту туралы (Оқу тұрмыс үшін!). 9 том.
«Биржевые ведомости» – Обыватель-критикан. 2 том; Соғыс көлеңкесі (газеталардан). 5 том; В тюрьме до выборов. 6 том; Соғыс көлеңкесі. 6 том.
«Бірлік туы» – Екінші Жалпықазақ съезі. Телеграм сөзі. 6 том.
«Вахт» («Уақыт» татар газеті) – Русская транскрипция в мусульманских школах. 4 том; «Уақытқа» жазған қазақ жігітіне. 3 том; Абақ-Керей. 3 том.
«Вестник народной свободы» – Омск, 31-го октября. 4 том.
«Вперед» – Бебель. 3 том.
«Голос правды» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Голос степи» – Омск, 9 февраля. 5 том.
«День» – Омск, 11-го августа. 4 том.
«Донская речь» – Омск, 26-го сентября. 4 том.
«Дружеские речи» – Омск, 11-го августа. 4 том.
«Дэйли ньюс» – Ыстамбұл һәм қылилар. 6 том.
«Еңбекші қазақ» – Бауырым, Ахмет! 9 том; Душа Ахмет! 9 том.
«Жұлдыз» – Абақ-Керей. 3 том.
«Зорька» – Корреспонденция Иртыша. 4 том.
«Известия» – Халықты ағарту туралы (Оқу тұрмыс үшін)! 9 том.
«Иртыш» – Омск, 10-го августа. 4 том; Омск, 23 июля. 4 том; Корреспонденция Иртыша. 4 том; Омск, 12-го сентября. 4 том; Омск, 1-го сентября. 4 том; Омск, 20-го сентября. 4 том; Омск, 23-го августа. 4 том; Омск, 9 февраля. 5 том; Опекаемого имущества не жалеют. 2 том; Опекаемого имущества не жалеют. 4 том; Открытое письмо казахам Семипалатинской и Акмолинской областей. 4 том; Письмо в редакцию. 4 том.
«Қазақ» – 2-нші феурал. 5 том; Абақ-Керей. 3 том; Балқан соғысы. 3 том; Жауап хат. 3 том; Құрметті оқушылар! 3 том; Ұры тию. 5 том.
«Мир Божий» – Омск, 14-го сентября). 4 том.
«Московские ведомости» – Исмаил бек Ғаспрнски. 5 том; Омск, 9 августа. 2 том; Омск, 9-го августа. 4 том; Омск, 10-го сентября; Омск, 13-го августа. 4 том; Открытое письмо. 4 том.
«Народный путь» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Наша жизнь» – Ер жігіт. 5 том; Коррес­понденция «Иртыша». 4 том; Письмо Алихана Букейхана Колюбакину А.М. 4 том; Среди газет. 5 том; Телеграмма. 4 том.
«Наше дело» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Новое время» – Омск, 3-го августа. 4 том; «Апологеты» справедливости. 2 том; Возврат к средним векам. 2 том; Омск, 2-го августа. 4 том; Омск, 5-го августа. 4 том; Омск, 9 августа. 2 том; Омск, 9-го августа. 4 том; Диктатура либерализма. 2 том; Омск, 10-го сентября. 4 том; Омск, 11-го августа. 4 том; Омск, 20-го октября. 4 том; Омск, 21 февраля. 5 том; Омск, 24-го октября. 4 том; Омск, 29-го сентября. 4 том; Омск, 3-го ноября. 4 том; Омск, 5-го ноября. 4 том; Омск, 14-го октября. 4 том.
«Новый путь» – Омск, 4-го октября. 4 том; Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Новь» – Омск, 21 февраля. 5 том; Омск, 23 февраля. 5 том.
«Око» – Омск, 14-го сентября. 4 том; Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Омич» – Омск, 9 февраля. 5 том.
«Парус» – Омск, 21 февраля. 5 том.
«Перелом» – Омск, 14-го сентября. 4 том.
«Печатное дело» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Пополоромано» (Италия газеті) – Германия қуаты. 5 том.
«Правда» – Халықты ағарту туралы (Оқу тұрмыс үшін!). 9 том.
«Правительственный вестник» – Омск, 14 января. 4 том; Омск, 2-го сентября. 4 том.
«Рабочее слово» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Речь» – Алты ай соғыс. 5 том; Газеталардан. ІІ. 5 том; Запрос. 6 том; Николай Лукиш Ыскалазубов. 5 том; Омск, 1-го ноября. 4 том; Омск, 23 февраля. 5 том; Омск, 5-го ноября. 4 том; Среди газет. 5 том.
«Россия» – Омск, 13-го августа. 4 том; Омск, 9-го августа. 4 том; Омск, 10-го сентября. 4 том; Омск, 14-го октября. 4 том; Омск, 14-го сентября. 4 том; Омск, 20-го октября. 4 том; Омск, 3-го ноября. 4 том; Омск, 3-го октября. 4 том; Омск, 3-го августа. 4 том.
«Русские ведомости» – Газеталардан. ІІ. 5 том; Германия қуаты. 5 том; Жер комитеті. 6 том; Роман бәйгесі. 6 том; Омск, 1-го ноября. 4 том; Омск, 27-го октября. 4 том; Омск, 5-го ноября. 4 том; Среди газет. 5 том; Газеталардан. ІІ. 5 том.
«Русские записки» – Кекесін. 6 том; Омск, 2 сентября. 2 том; Омск, 2-го сентября. 4 том.
«Русское знамя» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Русь» – Омск, 23 февраля. 5 том; Омск, 3-го октября. 5 том; Переселенчиские наделы в Акмолинской области. 3 том.
«Сарыарқа» – Екінші Жалпықазақ сиезі. Телеграм сөзі. 6 том.
«Свободная жизнь» – Омск, 29 июля. 4 том; Зигзаги жизни. 4 том.
«Семипалатинские областные ведомости» – В тюрьме до выборов. 6 том.
«Семипалатинский листок» – Письмо в редакцию. 4 том; Корреспонденция «Иртыша». 4 том.
«Сибирская жизнь» – Омск, 17-го августа. 4 том.
«Сибирский вестник» – Киргизские письма. І. 2 том.
«Слово» – Омск, 23 февраля. 5 том.
«Сон» – Құрметті оқушылар! 3 том.
«Степная речь» – Омск, 5 февраля. 5 том.
«Степное эхо» – Омск, 5 февраля. 5 том.
«Степной край» – Кто пишет о предметах… 4 том; В Западно-Сибирском отделе географического общества. 4 том.
«Степной пионер» – Казаки-общественники. 2 том; Чорт их возьми. 2 том; Омск, 20-го сентября. 4 том.
«Страна» – Омск, 1 января. 4 том; Омск, 12 января. 4 том; Омск, 24-го октября. 4 том.
«Студенческая газета» – Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Сын Отечества» – К истории октябрских дней в г. Омске. 2 том; Телеграмма. 4 том; Омск, 22-го августа. 4 том; Среди газет. 5 том.
«Тәржіман» – Абақ-Керей. 3 том.
«Тілші» – Студенттерге жәрдем керек. 7 том.
«Тіршілік» – Екінші Жалпықазақ съезі. Телеграм сөзі. 6 том.
«Товарищ» – Ер жігіт. 5 том; К предстоящему собранию членов партии «Народной свободы». 4 том; Омск, 21 февраля. 5 том; Омск, 23 февраля. 5 том; Омск, 5-го ноября. 4 том.
«Трибуна» – Омск, 13-го августа. 4 том.
«Ұран» – Екінші Жалпықазақ съезі. Телеграм сөзі. 6 том.
«ХХ век» – Зигзаги жизни. 4 том.
«Times» – Омск, 17-го августа. 4 том; Газеталардан. ІІ. 5 том.
«Humanite» – Омск, 7-го октября. 4том.

Журналдар:

«Айқап» – Абақ-Керей. 3 том; Ашық хат. Жаһанша Әлмұхамедұлы Сейдалинге. 3 том; Жауап хат. 3 том; Құрметті оқушылар! 3 том; Ұры тию. 5 том.
«Вестник Европы» – Газеталардан. ІІ. 5 том.
«Жаңа мектеп» – Оқытушыларға сенеміз. 9 том; Оқытушыдан көмек күттік. 9 том.
«Отечественные записки» – Омск, 26 января. 5 том.
«Право» – Ашық хат. 3 том.
«Русское богатсво» – Ашық хат. 3 том; Кекесін. 6 том; Омск, 10-го августа. 4 том; Омск, 26 января. 5 том; Роман бәйгесі. 6 том; Омск, 11-го августа. 4 том.
«Сәуле» – Күзетте (Ги де Мопассаннан). 7 том.
«Сибирские вопросы» – Он төрт тоғыз бола ма? 5 том.
«Современник» – Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог). 2 том; Омск, 26 января. 5 том.
«Сознательная Россия» – К предстоящим выборам. 4 том.
«Темірқазық» – Бауырым, Дінше! 7 том.
Тізімде Ә.Бөкейхан еңбектерінде аталатын басылымдарды ғана көрсеттік. Бұл басылымдардан бөлек қайраткер өзге газет-журналдарды да оқыды, олармен де жұмыс істеді дей аламыз. Мысалы тізімде «Дала уалаятының газеті» көрсетілмейді. Ал Алаш көсемі өзінің шығармашылық жолын Омбыдан шыққан «Дала уалаятының газетінде» бастағаны мәлім. Немесе Қазандағы «Ғалия» жастарының «Садақ», Омбыдағы «Бірлік» жастарының «Балапан» қолжазба журналдарын қайраткер оқыды және оны өзінің шығармашылық жолында пайдаланды деуге негіз бар. Ә.Бөкейханның «Бірлік» жастарымен кездескені тарихи шындық. Қызылжардан шыққан қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас азаматта» (1918-1919) Алаш көсемінің мақалалары жарияланған. Сондай-ақ, қайраткер «Кедей теңдігі», «Киргизская степная газета», «Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям», «Оренбургские областные ведомости», «Теңдік», «Шолпан» сынды газет-журналдарда да еңбектерін жариялағанын білеміз. Сондықтан көрнекті көсемсөзші тұлғасын таныған кезде, осы сынды басылымдарды да қаперімізде ұстауға тиістіміз.
«Қай жұрттың болсын болашақ тұрмысына ерік беріп жаңалық кіргізетіні, халықтың ұлғайып кеңеюіне кедергі болатын зиянды ғұрып-әдетін, қараңғылығын жоятын жолбасшы көсемі – сол халықтың өз арасынан шыққан оқығандары»,- деп өзі айтқандай, Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының тарихындағы үлкен оқымысты адам, сонымен бірге, жолбасшы көсем, ғажайып ренессанстық тұлға.
Әлихан Бөкейханның ұлт көсемі, шын мағынасында, бірегей тұлға болғандығын замандастары мен үзеңгілес інілері оның көзі тірісінде мойындаған. Алаштың көрнекті ақындары оған жүрекжарды өлеңдері мен поэмаларын арнаса, «Қазақ тарихынан» атты кітабында қалам қайраткері Қошке Кемеңгерұлы тарихи тұлғасын былай деп бағалады: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».
Әлихан Бөкейхан мұрасын жинап, зерттеп жүрген ғалымдардың көрсетуі бойынша, осы уақытқа дейін анықталған қайраткердің мұрасы 16 томды құрайды. Қазақ тарихындағы бірегей тұлғаның 150 жылдығының қарсаңында тың еңбектермен толықтырылған жаңа басылым оқырман қолына кешікпей тиеді деп үміттенеміз. Осынау асыл қазына қалың Қазақ еліне кең тарап, тәуелсіз мемлекетіміздің өскелең ұрпағын азат рухта тәрбиелейді, Алаш дәуірінен біздің заманға жеткен қасиетті аманат сөз елдік сана-сезімімізді нығайтып, ұлт мерейін одан да асқақ биіктерге көтереді деп сенеміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
қазақ әдебиеті кафедрасының доценті,
«Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Ерлан

    Әлихан Бөкейхан еңбектерін зерттеудің жаңа қыры. Осы зерттеу арқылы Алаш көсемінің интеллектуалдық әлеуеті мен шығармашылық энергиясының қуаттылығын аңғаруға болады.

  2. Аноним

    Кайырбек Мұндай жұмысты сен жазбағанда кім жазады.Сен Алаш көсемдерінің тікелеі ұрпағы, асылдың сынығы,тұлпардың тұяғы емессің бе. Шығармашылық табыс тілеймін. Ізгі тілекпен Дәулет Шаяхимов.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.