«Ақ Жайық, сенің орның ала бөтен…» Орал өңірінде көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтті

Жуырда Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы мен Жымпиты ауданында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтті. Алдымен облыс орталығында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен ақынның ескерткіші ашылды. Салтанатты шараға ақынның жары мен балалары, немерелері, елге танымал ақын-жазушылар қатысты.

Ескерткішті ашу рәсіміне Қазақ­станның Еңбек Ері, Қазақстан­ның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Қадыр Мырза Әлінің жұбайы Салтанат Мырзалиева, ақын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
– Алқалаған әлеумет! Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ деген осы. Арамыздан ғайып болып, бәрімізді қат­ты сағындырған қайран ақынның асыл бейнесі, міне, көз алдымызда. Бұған бәрі­міз­­дің көңіліміз толып, мерейленіп, көза­йым болып отырмыз, – деп бастады өз сө­зін Әбіш Кекілбаев ақынның ескеркішін ашқан соң.
– Орал төріне аттап тұрғаным бір бұл емес. Соның үшеуінде аяулы досым Қадырмен бірге келіппін. Біреуінде қала тұрғындары даңқты жерлестері келген-кеткенінде түсіп тұрсын, деп үй салыпты. Соның ауласында кеудемізді самалға тосып, бір кеш әңгіме-дүкен құрғанбыз. Қалған екеуінде Сырым батырдың тойына келдік. Екеуінде де әншейінде жайма-шуақ жататын Ақ Жайық өңірінің ауа райы аяқ астынан нілдей бұзылып, екілене жел көтерілген-ді. Сонда қасымдағы Қадырға көзім түскені. Ол әйгілі бабасының хан ордасын көргенде өрттей килігетін дауылпаз мінезін бірден танып, қос білегін кеудесіне айқара құшып, буда-буда бұйра шашын одан сайын дудыратып, дүрліккен дүниеге қасқая қарап қалған. Сол тұрысынан Қадырдың қайсар да өжет мінезін танығанмын. Енді, міне, сол бір ержүрек бейне осы арада мәңгі-бақи орын теппекші.
Қадыр Мырза Әлі – ұлттың руханияты­мыз­дың қақ төріндегі өз орнын өз көзімен көріп, біліп кетті. Оның адам таңғаларлық әдеби феномені – бүгінгі және келешек поэзиямыздың жолдан жаңылыстырмас темірқазығы. Әңгіменің шыны керек, инемен құдық қазғандай машақатты ұзақ жолға ақырына дейін шыдады. Қашан келсем де, қаршығадай қадалып, үстелінде жазу жазып отыратын. Бір парақ қағазды алып, тікесінен екі бүктейтін. Бір бетіне кесте тіккендей қылып мөлдіретіп жазатын. Ұнамаған жерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазатын. Қарсы алдында ұшталған бір қорап қарындаш самсап тұратын. Кейде телефон соғып, өлеңін тыңдауға шақыратын. Ара-тұра кітап дүкендерін бірге аралайтынбыз. Үйі нағыз кітап мұражайы дерсіз. Әлем майталмандары түгел тізіліп тұратын. Ашып қарасаң, асты сызылған сөйлемдерден, тұстарына соғылған әрқилы белгілерден көз тұнатын. Ақын бұл кітаптарға зерек әріптестің әрі биік бәсекелестің қырағы көзімен қарағандай. Кейде өзі ештеңе жазбағандай, өмірін тек оқуға арнағандай көрінеді, – деп тебірене сөйледі.

Кадыр ескерткиш
Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы, Сенат депутаты, ақын Нұрлан Оразалин: «Бүгін қа­зақ халқының рухани өмірінде алтын әріптермен жазылатын сәттердің куәсі болдық. Бұл орталықтың ашылуы – қазақ өркениетінің, тәуелсіздігінің жаңа дәуіріндегі ең бір үкілі, ең бір айшықты, елдің есінде қалатын сәт. Олай дейтініміз, бұл – әдебиет, өнер, музыкаға көрсетілген құрмет, бүкіл ұлттың рухын асқақтататын ақын ұлына күллі қазақ халқының құрметі» деп атап өтті. Соңынан ақынға арнаған «Жайықпен амандасу» атты өлеңін оқып берді.
Ақынның жары Салтанат Мырзалиева ақынды қастерлеген туған елінің алдында басын иетінін айтты. Осы істердің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.
Ақын ескерткіші ашылған соң жиылған қауым Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығын тамашалады. Онда ақынның музейі, Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер одақтарының облыстық бөлімшелері орналасқан. Айтыскер ақындар бас қосатын орын, балалардың шығармашылығына арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, мәдени шаралар өткізілетін залдар бар. 150 орындық концерт залында мәртебелі меймандар орталыққа тарту-таралғыларын ұсынды. Шара аясында белгілі кәсіпкер, ақын қорын құрушылардың бірі Құндыз Нұпов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан автокөлік кілттерін табыс етті.
Түстен кейін облыстық қазақ драма театрында «Қадыр тағылымы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ақын рухына арналған кешке қатысқан қонақтар алдымен театр фойесінде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығы мен жазушы Дидар Амантайдың шығармашылығы туралы дайындалған көрмені тамашалады.
Кештің алдында дәл сол фойеде проза шебері, кинодраматург, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дидар Амантайдың «Махамбет философиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Зиялы қауым өкілдері қазақ руханияты тағы бір пәлсафалық еңбекпен толықты деп баға берді. Тұсаукесер рәсімінен соң залға жиналған жұртшылық Қадыр ақынның рухын ұлықтауға арналған әдеби-сазды кешті тамашалады. Поэзия биігін бағындырған ақынның мерейтойына арнайы келген жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, «Өлке» баспасының бас директоры, жазушы Мереке Құлкенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Қажығали Мұхамбетқалиев, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбек, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Темірхан Медетбек, композитор, жазушы, Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениет қайраткері Илья Жақанов және өзге де зиялы қауым өкілдері ақын туралы естеліктер айтты. Халқына өлеңнен өлмес мұра қалдырған ақын туралы сөз қозғаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алыстан арнайы келген қонақтарға Ақ Жайық жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.
-Қадыр ағамыздың ізденімпаздығы, еңбекқорлығы жөнінде жанында жүрген замандастары жыр қылып айтады. Жалпы, өнер адамдары, соның ішінде, ақындар өз заманынан оза туады деген ұғым бар. Көптеген ақын-жазушы, суретшілерді өз уақытында бағаламай, түсінбей, уақыт өте келе оның нағыз талант иесі екеніне көздері жетіп, «Әттеген-ай» деп сан соғып қалатын кездер болады. Шүкір, ағамыз әр кез өз ойын жасырмай, кейде мақтамен бауыздағандай қылып әзілмен де өткір жеткізе білді. Қазіргідей жаһандану кезінде «Кітап оқып не керек?» деген әңгімелер айтылып қалып жатады. Алайда кітап оқу – қажеттілік. Адамның ішкі жан-дүниесін байыта отырып, азғындыққа төтеп беретін үлкен күш бұл – адамның рухани дүниесі. Бүгін ашылған Қадыр ағамыздың атындағы мәдениет және өнер орталығы жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, рухы биік болуына ықпал ететін болады. Жыр жаттап өсіп келе жатқан жас ақындарымыздың қатары көбейіп, еліміздің ой-санасы азат ұл-қыздары өсіп келеді. Бұл бізді қуантады. Кешелі-бүгін өтіп жатқан игі шаралар жас дарындарымыздың өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, күш-қуат сыйлайтынына сенімдімін, — дей келе Нұрлан Асқарұлы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен ақын мерейтойына арнайы келген ақын-жазушылар сахнаға шығып, Қадыр ақынның ең­бекқорлығы, ізденімпаздығы, елін шексіз сүйе білгендігі, халқына қалтқысыз қызмет етіп, рухани мол мұра қалдырып кеткендігі жөнінде әсерлі естеліктер айтты. Солардың ішінде Қадыр ақынның немересі кішкентай Мүсілім Мырзалиевтің атасының туған ел туралы өлеңін оқығаны көрерменге ерекше әсер етті. Кішкентай Мүсілімінің өнеріне жұртшылық ұзақ қол соқты.

Кадыр мыр-2
Кеш шымылдығын ашқан айтыскер ақын Мэлс Қосымбавтың арнауы да жұртшылықтың көңілінен шықты. Әдемі естеліктер айтылып, әнмен әрленген кеш барысында «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Қадыр ақынның шығармашылық асыл қазынасын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық жас ақындар өз шығармаларын ұсынған. Олардың арасында оқ бойы озық шыққан оралдық жас талант Мадияр Төлеуов бас жүлдені иеленсе, бірінші орын семейлік Біржан Ахмерге, екінші орын астаналық Олжас Қасым және қарағандылық Абай Оразға, үшінші орын алматылық Алпамыс Файзолла, жаңақалалық Алтынбек Ермекқалиев, оралдық Талғат Мықиға бұйырды.
Жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттаған қазылар алқасының төрайымы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева тебірене сөз сөйледі: «Адамзатпен бірге жасасып келе жатқан құдіретті сөз өнерінің қасиетті биігі бар. Ол поэзия деп аталады. Мен өзім солай ойлаймын. Міне, сол поэзия биігіне, поэзия шыңына тағдырының сыйын алып, халқының құрметіне бөленген ұл-қыздарының есімі жазылады.
«Ақ Жайық, сенің орның ала бөтен,
Таппадым, ешбір жайды жағаңа тең.
Өзіңе деген ыстық махаббатты,
Өлгенде көрге бірге ала кетем» деп әншінің аузына өз жүрегіндегі сөзді салған Қадыр Мырза Әлі туған жерді қалай сүю керектігін үйретті. Әдебиеттің тойы, өлеңнің тойы құтты болсын!» деді ол.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жұртты ұйыта сөз сөйлеп, «Ақынын ардақтаған ел азбайды, асы­лын ардақтаған ел тозбайды» дей келе, «Жаңадан ашылған Қадыр ақын атын­дағы мәдениет және өнер орталығы бір адамға жасалған құрмет емес, халыққа жасал­ған қамқорлық» деп баға берді. Белгілі ком­позитор Илья Жақанов «Салтанат» әнінің дүниеге келу тарихы туралы әсерлі есте­лік айтып, көрерменді бір серпілтті. Мерей­тойлық рухани кеш Қадыр Мырза Әлі орталығының амфитеатрында Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің концертіне ұласты.

Той дүбірі
Сырымда жалғасты

Қадыр ақынның 80 жылдық мерейтойы маусымның 28-і күні ақынның туған жері Сырым ауданында ауқымды іс-шаралармен жалғасты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған, құрамына ақынның жары Салтанат, немерелері, сондай-ақ қабырғалы қаламгерлер мен өнер тарландары енген делегация алдымен Жымпитыға барар жолдағы Сырым батыр шыққан төбеге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Жымпиты жұрты ақын тойына тыңғылықты даярланған. Қоладан құ­йылып жасалған Қадыр ескерткіші елінің перзентіне деген ыстық ықыласының жарқын көрінісіндей еңселеніп тұрды. Ескерткішті ашу құрметі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұқамбетқалиевке, ғалым, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнеске, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға, БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшарға, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменге, өлкетанушы Жайсаң Ақбайға және Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Сарғозыұлына ұсынылды.
Салтанатты шарада өңір басшысы Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі. Қазақ әдебие­ті­нің абыз ақсақалы, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ескерткіштің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан әрі қонақтар аудандық мәдениет үйінде орналасқан Қадыр ақынға арналған көрмені тамашалады. Ақын ұстаған заттарды, тұтынған бұйымдарды, бір сөзбен айтқанда, баға жетпес құнды жәдігерлерді көзбен көрді.
Сырым еліндегі салтанатты мереке соңы дала қызықтарына ұласты. Құнан бәйгеде және аламан бәйгеде маңғыс­тау­лық сәйгүліктер оқ бойы озық келіп, иесіне бас бәйгеге тігілген «Лада Гранта» және «Нива» автокөліктерін сыйлады. Қазақша күрестен түйе балуандар бәсекесінде сырымдық Сұңғат Махамбетов топ жарды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ
Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.