Шоқанның Аягөзде ізі қалған

Бір қарағанда Шоқан туралы көп нәрсе белгілі сияқты. Ол бар-жоғы отыз жылдық өмірінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін, тарихын, тұрмысын зерттеу ісінде баға жетпес құнды еңбектер қалдырғаны аян. Олар бүгінде өзінің тарихи мәнін әлі жойған жоқ. Сондықтан да болар Шоқанның қалдырған мұралары табылып, бізге жеткендері кейінгі елу жыл ішінде екі рет бес томдық шығармалары орыс тілінде жарық көрді. Шоқантанудағы тағы бір аса елеулі жаңалық, бұл ғалымның бұдан екі жыл бұрын шығармаларының алты томдығы қазақ тілінде шығарылғандығы болса керек.

Шоқанның жан-жақты өнер иесі екендігін оның кез келген еңбегінен аңғаруға болады. Соның бірі – «ЬІстық­көл сапарының күнделігі».
Шоқан бұл еңбегін жазғанда бар-жоғы 21 жаста екен. Академик Әлкей Марғұланның деректеріне сүйенсек, бұл жасында Шоқан Омбыдағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқаратын генерал Г.Х.Гасфордтың адъютанты, яғни жеке тапсырмаларын орындаушы болған.
Баршаға аян, Ұлы жүз қазақтары ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресейге кешірек бағына бастады. Міне, осы мемлекеттік маңызы бар істе патша үкіметі сақ саясат жүргізуі қажет болды. Өйткені ол кезде бұл аймаққа Қоқан хандығының да ықпалы күшті болатын. Әсіресе оңтүстікпен іргелес Іле сырты, Ыстықкөл маңында үлкен де күрделі мәселелер өз шешімін күтіп тұрды.
Бұл жауапты жұмыстың басын ертелі-кеш қайыра беру мақсатымен Батыс Сібір генерал губернаторы Г.Х.Гасфорд 1856 жылы көктемде патша үкіметінің ұйғарымына орай, ЬІстықкөл аймағына ғылыми-әскери экспедиция шығаруға бұйрық берді. Экспедиция жетекшілігіне Ұлы жүз қазақтарының сол кездегі приставы және Алатау округінің бастығы полковник М.М.Хоментовский тағайындалды. Экспедицияның мақсаты – қырғыз халқымен жақынырақ болса да танысу және Ыстықкөл аймағын картаға түсіру еді. Жүзге тарта адамдардан тұратын экспедиция құрамына Шоқан да енгізілді.
Оның өзіндік себебі бар. Жас офицер бұдан бір жыл бұрын ғана, яғни 1855 жылы генерал Гасфордпен бірге Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай сапарына қатысып қайтқан еді. Осы сапар кезінде Гасфорд жас ғалымға ерекше назар аударып, болашақ Ыстықкөл экспедициясы үшін жергілікті адамдардың ішінен оңайшылықпен табылмас маман деген тұжырым жасаған.
Шынында, солай болды да. Сібірдің сол кездегі ең жоғарғы әскери оқу орны деп аталатын Сібір кадет корпусын сегіз жылдық оқу бағдарламасы бойынша үздік бітірген Шоқан білімімен, әдеттен тыс зеректігімен көзге түсті. Сондықтан да болар, Гасфордтың жеке жарлығы бойынша Омбыдан Семейге, одан әрі Аягөз арқылы 1856 жылдың сәуірінде Шоқан сол заманның ең жүрдек көлігі – тарантас арқылы үш апта ішінде Верный бекінісіне келіп, экспедицияға қосылды.
Әрине, бүгінгі біздер үшін ұлы ғалым күнделігіндегі сол кездегі деректер аса қымбат. Бұл орайда ескерер бір жай, Шоқан Омбыдан Семейге дейінгі жол жүрісін қағазға түсірмеген. Ол Семейден шыққан сәттен бастап күнделік жазуды қолға алған. Күнделіктегі Семей мен Аягөз аралығындағы жолдың суреттелуі тым қысқа болса да барынша нұсқа.
Шоқан 20-сәуір күні түнде Аягөзге жетеді. «Аягөз шағын станица, онда Найман руларын басқаратын округтік пристав бар» деп жазды. Саяхатшының үш ай бойы жүргізген күнделігінің желі тартып, өрлеуі де дәл осы сөйлемдерден кейін басталады. Шоқан сипаттаған Аягөз ол кезде қазіргі Аягөз қаласынан сегіз шақырым жердегі бүгінгі Мамырсу ауылының орнында болған. Іргесінен Аягөз өзені ағып жатқан осы жерде 1831 жылы кішкентай қыстақтың орны қаланып, жаңадан құрылған округтің орталығы орналасты.
Аягөз 1860 жылы Сергиополь деп өзгертілді де, содан Кеңес өкіметі тұсында ғана Түрксіб теміржолының бойында ірге тепкен жаңа қала ретінде құрылды. Қала Сергиополь уақытында сауда керуен жолдарының өтінде тұрғандықтан болса керек, біраз өсіп, ұлғаяды. Теріскейінде Семей, түстігінде Орта Азия шаһарлары, шығысында Шәуешек, Құлжа қалалары, батысында атақты Қоянды жәрмеңкесінен тартылған сауда жолдарының нағыз түйіскен тұсында орналасқан шаһарға керуендер келіп-кетіп жататын.
Семейден бері қарай сусыз, шөлсіз даламен жүріп келген Шоқан Аягөз аймағында табиғат көрінісінің бірден өзгергенін байқайды. «Шынында да, маңайдағы шөлейтті сусыз даламен салыстырғанда Аягөз жерұйық секілді» деп жазады. Шоқан бұл жерден көктем мезгілінде өткен. Ол жол бойы масаты көкке қымтанған далаға, енді ғана жапырақ жарған тал, тобылғы, қарағандарға сүйсіне көз салумен болады.
Шоқан Аягөзден Верныйға қарай қайта жолға шыққаннан-ақ, Аягөзден 90 шақырымдай жерде орналасқан махаббат дастанының кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың зиратын көруге мықтап бекінген екен. Сондықтан Шоқан күнделігінің алғашқы беттерінде-ақ: «Мен Аягөзді мейлінше сүйіп, оған таңданамын. Мүмкін, бұл жайында осы өзен жағасында дүниеге келген сұлу Баянның алтын айдарлы Қозы Көрпешке ғашық болуы жайындағы поэтикалық ғажап аңыздың да себебі бар шығар. Біз бұл дастанмен жақсы танысып, зерттеген едік. Ендігі ойымыз ол жерге таң алдында, ертеңгі таң шапағы теректер мен суды нұрға малындырып, бозторғайлар әндеріне басқанда, зират қасында тәтті ойларға беріле отырып шай ішу еді» деп жазуы тегін емес.
Бірақ ат басын әдейі бұрғызғанымен, көктемгі өзен суының қатты тасуынан Шоқан зират басына жете алмаған. Оны да Шоқан күнделігінің өзі баяндайды. Ендеше, тағы да күнделікке назар аударалық.
«Адам жобаласы да Құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары тарантастың шатырына тарсылдаудан тынбады. Батпаққа толарсақтаған аттар аяңға әрең жарап келеді. Бір дауыспен сорғалаған жауынның дыбысын тек шыбыртқының ысылы мен қалжыраған аттардың пысқырынуы, көшірдің жеки шыққан дауысы ғана бөледі.
Түн тіптен нашар болды, жүріс те оңбады. Ойлаған жоспарымыз жүзеге аспай қала ма деп қауіптенемін. Көшірден әлденеше рет: – Күн ашылар түрі бар ма? – деп сұрадым. Қара бақайына дейін малшынған көшір мұндайда «жоқ» деп қоңқ ете қалады да, етегіне жиналған суды сілкіп тастап: «Құдайдың күні-ай» деп тағдырына наразы болғандай үн қатады. Егерде жылдам жүргенде бекеттің пешіне шығып, әлдеқашан ұйықтап жататын көшірді аяймын. Бірақ сұлу Баянның да аруағын қия алмаймын.
Осылайша біз бір сағаттай жүрдік.
– Мәртебелім, – деді көшір. – Мола әне тұр! Мен басымды тарантастан шығардым. Күн түнеріңкі бұлттың аржағынан әзер байқалады. Аспанды түгелдей былғаныш бұлттар қаптап алыпты. Жаңбыр бұрынғыша төгіп тұр. Ақ көбік болған аттар сортаң лаймен әзер жылжиды, ол жақтағы өзеннің арғы бетіндегі теректердің бастарынан асып бейіттің сүйір мұнарасы көрінеді, жырақтан ол қызыл қыштан қаланғандай байқалады. Мұндай ауа райында шай ішу, қазақтың көне ескерткішін мұқияттап қарау жайлы ойлаудың қажеті жоқ еді.
– Шамасы, өзен тасып жатқан секілді, мәртебелім, өткел бере қоймас, – деді көшір менің ойымды жорамал­дағандай.
– Ілгері тарта бер, қайтар жолда қараймыз, – дедім де мен тонымды қымтанып, қалғып алу мақсатымен оң жағыма қисая кеттім…»
Шоқан күнделігінен бұл ұзақ үзіндіні беріп отырғанымыздың да өз сыры бар. Оның қаламынан шыққан осы жолдарды оқып отырғанда, бізге нақ бір ХІХ ғасырдағы орыс прозасының үздік үлгілері көлденең тартылғандай әсер беретіні анық. Бұл салиқалы суреттерді жазған кезде ол небәрі жиырмадан жаңа ғана асқан жігіт болатын.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітін бұл жолы жақыннан көре алмағанымен Шоқан шамасы оған сол жылы күзде Құлжаға барған сапарынан қайтар жолда соққан болуы керек. Мұны 1856 жылы бейіт жанында тұрған төрт тас мүсінді бейнелеген суреті дәлелдейді.
Халқымыздың жауһар жәдігері болып саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырымен Шоқан сонау кадет корпусында оқып жүргенде-ақ танысса керек. 1851 жылы (бұл кезде Шоқан 16 жаста) өз әкесі Шыңғыспен Құсмұрында осы жырдың өздері естіген нұсқасын тұңғыш рет қағазға түсірген. Ал бұдан кейін де Шоқан белгілі жыршы Жанақтан осы жырдың екінші нұсқасын жазып алған. 1864 жылы Шоқан Черняевтің экспедициясына аттанар алдында бұл аңыздың үшінші нұсқасын ақын Шөженің айтуы бойынша жазып алуға мүмкіндік тапқан.
Шоқан Ыстықкөл сапарында үш жарым ай болды. Осы қысқа мерзім ішінде ол Ыстықкөл мен Жетісу табиғатын, жерінің ойы-қырын, өсімдіктері мен хайуанаттарын сындарлы суреттеп жазып қалдырды.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, Шоқан Аягөзде өзінің қысқа өмірінде бір емес, үш рет болған. Мұның біріншісі жоғарыда толық баян­далды. Ал Шоқанның бұдан кейінде Аягөзде екі рет болуын біреу білсе, енді біреулер біле бермейді. Екінші рет Шоқан Аягөзден 1858 жылы Батыс Қытай аймағындағы Қашқарияны зерттеу жасырын жүргізілетіндіктен сол жаққа баратын сауда керуенінде Әлімбай деген атпен өткен. Соңғы рет Аягөзде 1864 жылы болған. Дәл осы жылдың көктемінде ол Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге түбегейлі қосу үшін әскери қимылдар жасап жатқан генерал Черняевтың экспедициясындағы тілмаштық мәмлегер тобын басқару үшін тағы да Омбы-Семей-Аягөз-Верный арқылы Әулиеатаға жеткізілген. Бұл туралы дерек Шоқанның 1864 жылы 23-наурызда өзінің досы К.К.Гутковскийге жолдаған хатында анық баяндалған (Қараңыз: Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах Том5.А-Ата, из-во «Наука», 1985, стр. 161).
Сөз соңынла бүгінгі Аягөз ауданының орталығы Аягөз қаласында Шоқан Уәлихановтың осы өңірде болуын хабардар етер бір белгі – ескерткіш тұғыр орнатылса деген ұсынысты айтқымыз келеді.

Ғабит Зұлхаров,
бұрынғы мұрағат қызметкері,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Шығыс Қазақстан облысы
Аягөз қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.