Оқулықты жазуға мұғалім де қатысуы тиіс

Павлодар педагогикалық институтының аға оқытушысы, ғалым, профессор Бекен Сағындық­ұлының «Мемлекеттік тіл мәселелері (баяндама тезистері мен пікірлер желісі)» атты екінші кітабы ғалымның соңғы бес жыл көлеміндегі ізденістерінің нәтижесін, бес жылда атқарған жұмысының жемісін көрсетеді. Кітаптың негізгі идеялардың бірі ол оқулық жазуға мұғалімнің де қатысуы тиістілігінде. Ғалым бұған дейін де осы аттас кітабын ұсынған екен. Оны да ден қойып, оқып шыққан едік. Екінші кітап соның заңды жалғасы іспетті. Жинаққа енген әрбір мақала, баяндамалар, айтылған ой-пікірлер, тілші қауымның көңіліндегі ойды дөп басатын, ойына ой қосатын дүниелер екен. Демек, мұндай еңбектің Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты ғылыми-әдістемелік кеңе­сінде талқыланып, ғылыми кеңес шеші­мімен баспаға ұсынылуы әбден құп­тарлық жұмыс деп санаймын.

Автор кітабына енгізген еңбектерін төрт тарауға топтап берген. Әр тарауы мазмұны жағынан жеке-жеке мәселені қамтығанымен, тарау атаулары белгілі бір тұтастықты білдіреді, барлығы да бір мәселенің әралуан қырын көрсетеді.
Сонымен, алғашқысы «Мемлекеттік тіл – қоғам тілі» деп аталыпты. Мемлекеттік тіл – бұл азаматтық және саяси құқықты жүзеге асырудың, елдің қоғамдық-саяси өміріне толық араласа алудың, жеке бәсекеге қабілеттілік пен әлеуметтік ұтқырлықтың кепілі. Сондықтан Қазақстанда тәуелсіздікті қамтамасыз етудің символы, атрибуты және тетігі болып табылатын мемлекеттік тілді дамыту мен меңгеру – ерекше назарға алынып отырған мәселе. Сондықтан оған зиялы қауымнан бастап, қарапайым еңбек адамына дейін пікір білдіріп, қазақ тілін дамыту мен оқытудың жолын нұсқап, өз ойын айтуы ұлтжандықтың белгісі. Өйткені тіл – мәдени ұлттық құндылық, ол әлеуметтік құрылым ретінде ұлттың пайда болуы мен өзін-өзі қалыптастырудың тетігі. Демек, тіл жөніндегі мәселе тек мәдени ғана емес, саяси да мәселе.
Міне, осы бағытта профессор Бекен Сағындықұлы мемлекеттік тілге байланысты қоғамда болып жатқан әрбір мәселені қалт жібермей, оған қатысты өз ойын айтып арнайы мақала жазуын, баяндама жасауын, пікір білдіруін нағыз тіл жанашырының еңбегі деп бағалаған жөн. Айталық, Қазақстан Республикасы Президентінің әр жылдардағы халыққа Жолдауы туралы «Жолдау жолдары: тіл танымы» (2011) атты мақаласы, «Білікті мамандар – ел болашағы» (2012) және «Жылы қабылданған Жолдау» (2013) деген мақалалары жарық көрген. Бұл мақалаларда егемендік жағдайында қазақстандық үлгідегі жаңа тіл саясатының қалыптасқаны, соның негізінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясының біртіндеп кеңіп келе жатқандығы айтылады. Қазақ тілін ұлттың мәдени құндылықтарымен қатар меңгеру арқылы ғана қоғамдық үдерістерге сәтті бейімделуге, әлеуметтік жайлылық факторын сезінуге болатындығы сөз болады. Сол сияқты «Мемлекеттік тіл асулары», «Таңбадан тартылған таным», «Түркі әлеміндегі қазақ тілінің орны», «Тіл экологиясы», «Менің тілімнің мәселесі» атты еңбектерінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен рөлі, мәртебесіне сай жүзеге асырудың жолдары, қазіргі қазақ тілінің жазудағы, күнделікті сөйлеудегі мәселелері, жетістіктері мен кемшіліктері әр қырынан талданады.
Тіл меңгеру – бүгінгі күні әрбір бәсекеге қабілетті адамның кәсіби біліктілігінің шартына айналды.
Мемлекеттік тілді меңгертудің мәселе­леріне қатысты автордың «Мемлекеттік тілді оқытудағы танымдылық пен әуезділік» және «Мектеп оқулығы: дәстүр және жаңа­шылдық» атты мақалаларында қазақ тілін оқытудың әдіс-тәсілдеріне, оқулықтары мен оқу құралдарына талдау жасап, пікір білдіреді, өз ұсыныстарын ортаға салады. Автор: «Өз басым қазақ сөздерінің мағынасын жеткізудегі әдіскерлікті қалаймын. Мен қазақ патриоттығының дамуына жеткізіп оқытатын әдіскерлікті қалаймын – дей келе, – Мен сіздерге үш ұлы сөзді ұсындым: Әнұран, Елтаңба, Жалау. Бұлардың астары түрлі сөздермен, сөз түсініктерімен көмкерілген. Теріп алып, тегін тарата беріңіз: Қазақстан азаматы, азаматтық, ою-өрнек, шаңырақ, пырақ, қыран, Конституция, мемлекет, елдік, еркіндік, бейбітшілік, төрт түлік, тас таңба, ру таңба, ата-баба, т.б. Бұл сөздер қазақ концептісі бола алады. Қазаққа тән деталь да осылар. Кәдеге жарап жатса, алдарыңыздан жарылқасын деп ақ жол айттық» дейді.
Ал қазіргі тіл меңгертуге арналған оқулық жайы туралы: «Біріншіден және ең бастысы, оқулық авторы. Оқулықты тек ғалым жаза алмайды. Оның теориялық білімі қаншалықты жоғары болғанымен, практикалық тұғыры кемшіл. Қазіргі ғалым мектепте оқығаны болмаса, мектеп балаларымен байланысы жоқ. Бар болса, жеткіліксіз. Сондықтан да екінші автор – әдістемесі жетік, әдіснамалық білімге қанық мектеп мұғалімі болғаны жөн. Екіншіден және ең басты ерекшеліктен кем емес нәрсе, оқулық мазмұны. Оқулық мазмұнының өзі екі жайтты көздегені дұрыс. Ол – дәстүр жалғастығы мен жаңашыл көзқарас. Бұлардың ара сал­мағын бір-бірінен кемсітудің жөні жоқ. Себебі кешегі дәстүр бүгінгі барым да, бүгінгі жаңашылдық ертеңгі дәстүр» деген түйінді ой айтады.
Кітаптың екінші тарауы «Мемлекеттік тілдің тұлғатанудағы рөлі» деп берілген. Мұнда автор мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамытуға, қолданыс аясын кеңейтуде қажымай, талмай еңбек еткен, әлі де қазақтың тіл байлығын, сөз қадірін зерделеп келе жатқан біртуар азаматтардың өнегелі өмір жолына арнаған мақалаларын топтастырған.
Кітап әртүрлі материалдарды қамтыған жинақ болғанымен тілі жеңіл, көпшілік оқырман қауымның түсінуіне қолайлы ғылыми-публицис­тикалық стильде жазылған. Жинаққа енген автордың материалдары қазақ тіл ғылымының дамуына, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қоғамда өз мәртебесінде қолданылуына, тұлғатануда, ресми ісқағаздарының тіліне айналуда және ең бастысы оқу тілі, ғылым тіліне айналуына үлес қосатын, оқырманға ой салатын, жүзеге асыруға жөн сілтейтін құнды еңбектер деп бағалаймын.

А.Абасилов,
профессор,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.