Палуандар белдескен күн

Астана күні қарсаңында Елордамызда бірнеше маңызды шаралар өтті. Солардың ауқымдысы ол, әрине, қазақша күрестен «Қазақстан барысы» сайысы. «Сарыарқа» велотрегінде өткен палуандардың бозкілем үстіндегі жарысын қалың жұртшылықпен бірге Елбасы да тамашалады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев және Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл турнирді Қазақстанның ұлттық арнасы мен «Kazsport», сондай-ақ Түркияның «ТРТ» арнасы және Ресейдің «Боец» арнасы да тікелей эфирде таратты.

20150704215845

Бүгінде «Қазақстан барысы» тек елімізде ғана емес, сонымен бірге алыс-жақын шетелдерге де жақсы танымал ұлттық күресімізге айналғаны сөзсіз. Иә, ұлтымыз күресті ерекше бағалайды, жауырыны жерге тимеген палуандарды ежелден құрметтеп, ардақтайды. Күрес өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленген кешегі Қажымұқан, Балуан Шолақ салып кеткен дәстүрлер бүгінде үзілмей, өз жалғасын тауып отыр.
Қазақша күрес – ұлттық ерекше­лігімізді танытатын спорттың бір түрі. Ұлттық мақтанышымыз. Біз осыны шын мәнінде мақтан етуіміз керек. Қазақ күресімен әр қазақ баласы айналысса, қандай жарасымды. Бұл салауатты өмір салтын қалыптастырудың да бір жолы. «Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін» қызыға да сүйсіне тамашалайтын қазақша күрес нағыз халықтық спорт десек, артық айтпаған болармыз. Өйткені қазақтың жүрегіне жақын, қанында бар бұл спорт атадан балаға беріліп келе жатқан өнер.
Күресе білу, күресте жеңе білу ер­жігіттің мерейін үстем ете түседі. Біле білсек, Елбасының өзі де жас кезінде жауырыны жерге тимеген палуан болған. Елбасының қазақ күресін дүйім жұртпен бірге тамашалауға келуінің өзі бұл байрақты бәсекенің маңызын арттыра түскендігі сөзсіз. Палуандарымыз да аянып қалған жоқ. Жан алысып, жан берісті. Қарасаң көз сүйсінетін, жауырындары қақпақтай, апайтөс палуан­дар шынайы шеберліктің, қазақ күресі қандай болатынын төрткүл әлемге көрсете білді. Күш пен айла, жылдамдық пен әбжілдік қатар өрілді. Қазақ күресінің арқасында бүгінде Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов сынды нар тұлғалы жігіттерді барша халық біледі. Олардың әрқайсысы өздерінен кейін өсіп келе жатқан жас жеткіншіктерге үлгі бола алады.
Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетелік, Елбасы «Қазақстан барысы» жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде қазақша күресті тәуелсіздігіміздің бір нышаны ретінде бағалап, болашақта бұл спорт түрі әлемдік деңгейде өтетін олимпиада түрлеріне енгізілетініне сенім білдірді.
Сонымен, «Қазақстан барысының» нәтижесіне келетін болсақ, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Бейбіт Ыстыбаев бас жүлдеге ие болып, «Тайтұяқ» жүлдесімен марапатталды. Бас жүлдені Мемлекет басшысы өз қолымен табыс етті. Екінші орынды Руслан Әбдіразақов иеленді. Үшінші орын Ғани Сейділдаевқа берілді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мына бір жайтты да ерекше айта кетелік, Бейбіт Ысты­баевқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан Барысы» V рес­публи­калық турнирінің жеңімпазы жоғарғы белгі – төсбелгі табыс етілді. Төсбелгіні ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тапсырды.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.