Елорда – руханият ордасы

Жыл санап көркейіп, жайнап келе жатқан бас қаламыз Астана Қазақ елінің мақтанышына айналуда. Сондықтан Астананың туған күні бұл мерейімізді тасытқан халықтық мереке. Айтулы күнге орай бірқатар шаралар өткізіліп, қуанышты жаңалықтар көп болды.

Ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешені алаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Рәсім аясында Мемлекет басшысы – Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы елдің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Қазақстан Президентінің қолынан 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтын, Ішкі істер министрлігі Ұлттық гвардиясының әскери институтын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын үздік бітірушілер погонын алды. Мемлекет күзет қызметі үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік ту әкелініп, ел Әнұраны шырқалды.
«Бұл – бәріміздің ортақ табысымызға, тәуелсіз елдің батыл қадамына деген мақтаныш. Бүгінде бүкіл әлем үшін бұл байрақ – табысты мемлекеттің және біздің ұлттық бірлігіміздің символы. Қазақстанның туында алтын күн бейнеленген, сол күн мен мәңгілік аспан астында ұлан-байтақ даламыз көсіліп жатыр. Таяуда осы байрақ дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесінің ажарын ашатын болады. Ту көтеру арқылы алдағы Олимпия ойындары мен өзге де спорт жарыстарында еліміздің әлі талай жеңістері әспеттелетініне сенімдімін. Байрақ мемлекеттілігімізді сақтау, оны нығайту керектігін күн сайын есімізге салып тұрады» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жыл сайын өтетін Мемлекеттік ту көтеру дәстүрлі рәсімі Астана күніне арналған мерекелік шаралардың бастауы болып қалыптасты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың Астана күніне арналған салтанатты қабылдауы болды. Іс-шараға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус, зиялы қауым және іскерлік орта, мәдениет пен білім беру саласының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде небәрі 17 жасқа толған ел астанасының қазірдің өзінде бай әрі даңқты тарихы бар екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік және экономикалық өміріне тигізіп отырған Елорданың оң ықпалын атап өтті.
– Астана қазірдің өзінде тек елдің ғана емес, Орталық Азия өңірінің білім беру және медицина хабы рөліне ие болып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру елдің барлық өңірін елордаға жақындата түсуде. Жаңа Жібек жолы жобасы Қазақстанды Еуразия құрлығының орталық мемлекетіне айналдырады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу еліміздің технологиялық көшбас­шы­лығын қамтамасыз етіп, әлемге Қазақстанның баламалы энергетика саласындағы жетістіктерін әйгілейді, – деп Елбасы Астананың бүкіл жылдарға арналған елдің даму бағдарламасын айқындап бергеніне тоқталды. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру – тағы бір өршіл бастама болары анық. Елбасы айтып кеткендей, ел ұстанымы «Локальді көшбасшылық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік» болса, онда ұтарымыз көп екені айқын. Ал бұл өз кезегінде Елбасының 100 нақты қадам Ұлт Жоспарының негізгі алғышарттары екенін түсіну қиын емес. Дүниежүзілік сауда ұйымына ену де бұл саясаттың логикалық жалғасы болып табылады. Осылайша мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа мүмкіндіктері ашылып, ел мерейі үстем болары айдай анық. Ел алдында тұрған межелі міндеттер жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпір барысында да тілге тиек етілгені белгілі. Елбасы Астананы одан әрі дамытуға атсалысқандарға алғыс айтып, Астана ел экономикасының ғана емес, мәдениетінің, руханиятының ордасына айналарына сенім білдірді.
Сонымен бірге, Елбасы Түркияның бұрынғы Президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының ахуалы, оның түрлі саладағы дамуының басты бағыттары талқыланды. А.Гүл Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен және Астана күнімен құттықтап, елімізге игілік пен бақ-береке тіледі.
Айтулы күн аясында Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Екі мемлекеттің басшылары негізгі салалардағы екі­жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, өңірлік және ха­лықаралық құрылымдар аясындағы өзара ық­палдастықтың жолдарын талқылады. Алмазбек Атамбаев екі ел арасындағы достық пен тату көршілестік қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғызстан халқы атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа I дәрежелі «Манас» орденін тапсырды. Қазақстан Президенті жоғары награда үшін алғысын білдіріп, өзара ықпалдастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Астана күніне орай болған жаңа­лықтардың бірі елордада жаңа «Qazaq Air» атты ұлттық әуе компаниясы ашылды. 2014 жылдың ақпан айының соңында Ақордада «Бомбардьер» компаниясының президенті Пьер Бодуэнді қабылдаған Елбасы Н.Назарбаев ел Үкіметіне өз еліміздің өңірлері арасында ұшатын жаңа отандық әуе компаниясын құру туралы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма орындалды.
Әу баста «Эйр Қазақстан» деп аталатыны хабарланғанымен, кейін атауы жатық болуы үшін одан «станды» алып тастау ұйғарылған екен.
Ал Пьер Бодуэннің айтуынша, «Бомбардьер» компаниясы қазақстандық ұшқыштарды даярлайды, елімізде өз ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін сервис орталықтарын ашады, осылайша Қазақстанмен ұзақ мерзімді дамуға бағытталған ынтымақтастықты жолға қояды.
Жаңа әуе компаниясының 100% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Астана мерекесі күні елордалық әуежайда «Qazaq Air» әуе компаниясының жаңа буындағы «Bombardier Dash 8 Q400» ұшағының таныстырылымы болды.
Таныстырылым рәсімінде сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Qazaq Air» әуе компаниясында 12 бағыт болатынын, оның басым бөлігінде ұшақтар Қазақстанның аймақтары арасында үзіліс жасамай, өзге қалаларға қонбай, тікелей ұшатынын айтты.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.