Тау тұлға тұғыры

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ КСР үкіметін басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімі қазіргі тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылған. Оның жарқын өмірі туралы кітаптар жазылды, есімі Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл және Шымкент қалаларының, аудандар орталықтары көшелеріне берілді. Ол тірі кезінде шын мәнінде халықтың сүйікті перзентіне айналды. Оның мәнісі неде?

Еліміздің өткен тарихына зер сала қарайтын болсақ, оның бояулары тым қою және қойыртпаққа толы екенін байқаймыз. Сол өткен тарих толқынында қаншама біздің асыл тұлғаларымыз өз халқы мен еліне және болашақ ұрпақ үшін адал қызмет көрсеткендері үшін қудаланды, түрлі жазаға кесілді. Кеңес өкіметі кезінде қазақтар Одақтық орталықтың қысымына жиі ұшырады, Метрополияның отаршылдық саясаты қазақ халқының зиялы азаматтарын орынсыз кінәлап, қажет болса жала жауып, түрмеге қамады, итжеккенге жер аударып, қуғын-сүргінге салғаны баршаға мәлім. Ондағы мақсат: беделі бар, сөзі өтімді, ел намысын қорғай алатындарды елден аластап, көзін жою, қалғандарын қорадағы қой сияқты айдауына жүретін, дегеніне көнетін, қарсы сөйлемейтін, бас сауғалап күн көретін күйге түсіру болатын.
3

Ж.Тәшенев Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде
жұбайы Бәтес апаймен табиғат аясында серуендеуде.

Ресей баспасөздері жазғандай, тіпті «хрущевтік жыламық» кезінде, болмашы іс үшін орталыққа қарсы тұрып, батыл пікір айтқандарды лауазымды қызметінен алып, азаматтық ар-ождандарын таптау үрдіске айналды. Ал ондай адамдар қоғам үшін шексіз пайда әкелер еді, жасампаз істерді жүзеге асырар еді. Елі мен ұлтына қорған болуды мақсат тұтқан ондай азаматтар көздеген мақсатқа жету үшін осындай шараларды жүзеге асыру бағытында орталықтың әкімшіл-жазалау сая­сатына қарсы тұруға дейін барды.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев сөзсіз рес­публика басшылығында істеген жылдары қандай да бір мәселелер бойынша батыл шешім қабылдауымен, керемет іскерлігімен, алға қойған ұлттық және қоғамдық маңызы бар мәселелерді жүзеге асырудағы табандылығымен, туған өлке аумағының тұтастығын сақтаудағы көрегендігімен ерекшеленді.
Оның нақты дәлелі ретінде профессор Николай Гендельманның «Целиноград аграрлы институты» кітабынан үзінді келтірелік.
Н.Хрущевтің бастамасымен Одақтағы барлық аграрлы институттарды қаланың сыртындағы шаруашылықтарға көшіру туралы нұсқау берілді. Ондағы мақсат, «аграрлық ұстаздар жерге жақын болсын» делінген. 1959 жылдың желтоқсанында Қазақ КСР үкіметінің Вишнев ауданына қарасты қашықтағы «Новоалександровка» совхозын оқу – өндірістік шаруашылық ретінде Целиноград ауылшаруашылық институтына беру туралы қаулысы шықты.
Нақты өмірмен қабыспайтын бұл қаулы совхоз басшылығы мен ауыл еңбеккерлерінің наразылығын туғызды. Және институт ұстаздары мен ауыл еңбеккерлері үшін тиімсіз болып шықты. Совхоз директоры ауылдық Кеңестің төрағасы Рахымбек Рыспаевқа ауыл еңбеккерлерінің өтінішін республика Министр­лер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеневке дереу жеткізуді өтінді.
Бірнеше күннен кейін ауылшаруашылық институтының ректоры Гендельманды облыстық партия комитетіне шақырды. Бірінші хатшының кабинетіне кірген ректор Ж.Тәшеневті көрді. Жұмекең бірден мәселенің мән-жайын білу үшін «Новоалександровка» совхозын институтқа беру себебін сұрады. Гендельман бұл мәселеге байланысты республика Министрлер кеңесінің қаулысы шыққанын, сол себепті осындай келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты.
Жұмабек Ахметұлы істің мән-жайын түсінген соң: «Қаулы қабылдаған бізбіз, ондай қаулының пәрменін жоятын да бізбіз» деп Гендельманды жылы шыраймен шығарып салды.
Көп ұзамай, 1960 жылдың ақпанында сол қаулының күшін жойып, оның орнына басқа қаулы шығарды. Жаңа қаулыда институтқа «Новоалександровка» совхозының орнына қалаға жақын орналасқан «Интернациональный» кеңшары берілді.
Жалпы туған өлке мүддесін қорғауда Кеңес өкіметі басшылығына қарсы шыққан жалғыз Жұмабек Тәшенев қана емес. Оған дейін Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Рыковқа қарсы бар болғаны Қазақ автономиялық республикасының оқу-ағарту халық комиссары болып істеген Смағұл Сәдуақасов шыққан болатын. Сәдуақасов сол кезде Қазақстан экономикасы мен өнеркәсібінің әлі дамымағанын, қазақтардың оқу-ағарту және денсаулық сақтаудағы ұлттық мүддесін қорғап, Ресей переселендерінің жаңа легін Қазақстанға көшірудің тиімсіздігін дәлелдеп шыққан еді.
Жұмабек Тәшеневтің есімін атаған кезде республикада тың және тыңайған жерлерді игеру, өткен ғасырдың 60-жылдары Қазақстанның тұтастығын сақтауға байланысты азаматтық ерлігі, «Социалистік Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін аударма газет болудан қорғап қалған және ұлттық кадрларды билікке тарту мен басқа да шараларды жүзеге асыруға байланысты тарихи кезеңдер еріксіз еске оралады.
Жұмабек Тәшеневті жазушылар мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері жиі-жиі еске алады, оның азаматтығы мен адамгершілігін үлгі-өнеге етеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің (1962-1964 жж.) бірінші хатшысы Исмаил Юсупов өз естелігінде былай деп жазған: «Хрущевке қарсы тұратын Тәшеневтен басқа ешкім болмады. Жұмабек Тәшенев өзінің республикасы мен туған халқы үшін қандай бір тартыс пен күтпеген жағдайларға дайын еді. Осындай нағыз батыр тұлғалы перзентін қазақ халқы ешқашан ұмытпауы керек».
Биылғы жылдың 20-наурызында Жұмабек Тәшеневтің туғанына 100 жыл болды. Сонымен бірге тың және тыңайған жерді игерудің 60 жылдығы да осы кезеңге тұспа-тұс келіп тұр. Тәшенев Қазақстанның солтүстік аймақтардағы тың жерлерді игеру жөніндегі Кеңес үкіметінің саясатын қызу қолдаушылардың бірі болды. Соғыстан кейінгі бүкіл елді жайлаған жартылай ашаршылықты жойып, тың облыстарының мол астығын халық игілігіне жарату үшін тыным таппай еңбек етті, көп жүріп, көп ізденді.
Шын мәнінде, 1961 жылдағы бас­пасөз мәліметтеріне сүйенетін болсақ: «Бұ­рынғы Кеңес Одағында құрылған совхоздардың 80 пайызы шоғырланған Қа­зақстанның солтүстігіндегі бес облыстағы ша­руашылықтар тың игерудің жеті жылы ішінде 17 млн. гектар жерді игеріп, мемлекетке үш мил­лиард пұт астық сатты, бұл бұрынғы же­ті жыл­дықпен салыстырғанда сегіз еседей ар­тық болатын». («Акмолинская правда» 1960 ж. 27-желтоқсан). Тың игерудің нәтижесі Қа­зақстанды Кеңес Одағындағы астықты ай­мақ­қа айналдырды, ауылшаруашылығымен бірге еліміздің экономикасы мен өнеркәсібі де жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дами бастады.

Шайқас

Тың игеру науқанымен бірге Қазақстан басшылығы үшін қолдан жасалған ауыр кезең – Одақтас республикалардың «шекарасы болмасын» дейтін лаң пайда болды. 1960 жылдың 25-желтоқсанында «Акмолинская правда» газетінде шағын хабарландыру жарияланды: «Делегаттардың есіне саламыз: Бірінші Тың өлкелік партия ­конференция­сы Ақмола қаласында 1960 жылдың 28-желтоқсанында ашылады…». Бұл ешкім күтпеген жағдай еді, өйткені сол кезде өлке деген әкімшілік-аймақтық құрылым атымен жоқ болатын. Тек екі күн өткеннен кейін ғана республикалық және облыстық газеттерде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1960 жылдың 26-желтоқсандағы «Қазақ КСР құрамында Тың өлкесін құру» туралы Жарлығы жарияланды. Онда былай делінген: солтүстік облыстардағы шаруашылық және мәдени құрылыстарға басшылық жасауды одан әрі жетілдіру үшін және оның зор ресурстарын толық игеру мақсатында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қаулы етеді: 1.«Қазақ КСР құрамында Тың өлкесін құру, оған Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағын қосу және өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласында болсын. 2.Ақмола облысын қысқартып, оның аудандарын тікелей Тың өлкесіне бағынатын етіп, соның құрамына беру». Өлкелік партия конференциясының қорытындысы бойынша шекараларды кең көлемде «қайта жасауды» жүзеге асыру үшін қасақана өлкелік атқару комитетінің төрағасы етіп, оған дейін КСРО Ауылшаруашылық министрі міндетін табысты атқарған В.В. Мацкевичті сайлады.
Сол кездің өзінде Орталық Қазақ КСР Үкіметін айналып өтіп, Тың өлкесін тікелей КСРО мемлекеттік жоспарлау комитетіне бағындырғысы келді. Тың өлкесінің басшылығы 1961 жылғы жоспарлы көрсеткіштерді жыл сайынғы әдет бойынша республикалық органдарға беруден бас тартқаны белгілі болды. Осыған байланысты Ж.Тәшенев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде дереу Ақмолаға ұшып келуге мәжбүр болды. Тың өлкелік партия комитетінің тікелей Мәскеуге бағыныштылығына қарамастан Жұмабек Ахметович бірінші хатшы Т.И. Соколовтың (сол кезде ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болатын) кабинетіне кірген бойда Соколовты қыспаққа алды. «Несіне, сендер дандайсып жүрсіңдер. Келесі жылдың бюджетін құрастыру үшін Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне қажетті мәліметтерді неге бермейсіңдер?» дейді. Оған Тихон Соколов асықпай ғана: Жұмабек Ахметович, мәліметтерді беруде ешқандай кедергі жоқ,1961 жылдың бірінші қаңтарынан бас­тап Тың өлкесінің бюджетін құрастыратын көрші республика – РСФСР-дің Мемлекеттік жоспарлау комитетіне тапсырылған. Ал солтүстіктегі бес облыстың Қазақстанға бағынуы осымен аяқталды. Маған дауыс көтермеңіз, енді мен Ресей азаматымын» деп әңгіменің аяқталғанын білдірді. Бұл жанжалды Соколов сол күні өзінше Мәскеуге, тікелей Хрущевке жеткізді.
СОКП Орталық Комитетінің сол кездегі инспекторының естелігіне қарағанда, Н.Хрущевті таңғалдырғаны Тәшеневтің «Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейді» деген айбарлы сөзі емес, қайта Соколовқа айтқан «24 сағаттың ішінде Қазақстаннан табаныңды жалтырат» деген сөзі болды. Мұндайға қолында шексіз билігі бар Хрущев шыдай алмайтыны белгілі еді.
Бірде, 1960 жылы Никита Хрущев тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі бүкілодақтық науқанды қорытындылай келе көлгірси жөнелді. «Мен бүкіл патшалық Ресей әкімшілігі 100 жылда қазақтарды колониялық езгі кезінде жасай алмағанын жалғыз өзім іске асырдым. Қазақ КСР-дағы басқа халықтардың үлес салмағын 50 пайызға жеткізіп, жергілікті халықпен теңестірдім». Дандайсынған Хрущев мұнымен қоймай: «Өлкелік басқаруға көшу керек… болашақта одақтас республикалардың шекаралары жойылады… мына ақ моланың бізге қажеті жоқ» (ол Ақмоланы меңзеп отыр, 1961 жылы Хрущевтің қыспағымен оны Целиноград деп өзгертті). Осылайша ол 1961 жылдан бастап Қазақстанның солтүстігіндегі өнеркәсіптік және ауылшаруашылық мүмкіндіктері зор бес облысты тікелей Мәскеуге бағындыру туралы жоспар құрды. Мұнымен қоймай, Мәскеуде Маңғыстау жарты түбегін – Түрікменстанға, сол кездегі Шымкент облысының Бостандық, Киров және Мақтаарал аудандарын көрші Өзбекстанға беру мәселелері қарастырылып жатты.
Тың өлкесін дереу құру жөніндегі Орталықтың қысастық қарқынына сол кездегі өз әріптестері – Қазақстан ­Компартия­сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Ниязбеков, солтүстіктегі бес облыстың бірінші хатшылары – Ақмолада – Т.Соколов, Қостанайда – А.Бородин, Көкшетауда – А.Трещев, Солтүстік Қазақстанда – Н.Борзов, Павлодарда – С.Елагиндердің үнсіз мойынсұнғандарына қарамастан, Жұмабек Тәшенев жалғыз өзі қарсы тұруына тура келді.
1960 жылдың соңында Ақмолада өткен кеңесте Н.Хрущев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеневке қарап: «Шешімін созуды күтпейтін бір мәселе бар – республиканың жер көлемі. Бұл мәселе жөнінде біз Қонаев жолдаспен және облыстар басшыларымен пікір алыстық. Олар біздің ұсынысымызды қолдап отыр. Енді, Жұмабек Ахметович, осы мәселе жөнінде сіздің ойыңызды білсек».
Ж.Тәшенев өзіне тән қайсарлы мінезімен атып түрегеліп, СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущевке тіке қарап: «Менің туған жерім Ақмола облысы. Он екі жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істедім. Менің әке-шешем және басқа да аруақтар осы жерден жайлы орын тапқан. Енді Сіз бұл жерді Ресейге бермексіз. Ойланыңыздар, жолдастар, қай қазақ мұндаймен келіседі? Тағы да ойланыңыздар, жолдастар! Мысалы, мен өзім, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!». «Сен кім едің, партияның (СОКП Орталық Комитетін меңзеп тұр) бағытына қарсы тұратын, деп Хрущев ашуға басты. – Олай болса, біз сендерсіз-ақ (рес­публика басшылығын меңзеуде) шешім қабылдай аламыз. Кеңес Одағы бір тұтас ел, сондықтан кімге қандай аймақты беруді Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі шешеді».
Тәшеневтің жауабы сандырақтап кеткен Хрущевті бірден сабасына түсірді. «Егер Жоғарғы Кеңес өз бетімен республикалардың аймағын бөлуге араласатын болса, онда Кеңес Одағы Конституциясының пәрменін жою керек, – деп Жұмабек Ахметұлы мәселені басқа қырынан қойып, ойын одан әрі жалғастырды. – Ел Конституциясында одақтас республикалар қалыптасқан тарихи аймақтың құқықтық иесі делінген. Егер бұл заң талабы бұзылатын болса, біз халықаралық құқықтық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр боламыз».
Мұндай батыл қарсылықты күтпеген Никита Сергеевич сасқанынан үн-түнсіз қалды. Ол кезде КСРО Конституциясына қол сұғуға ешкімнің батылы бармайтын. Жиналыстан шыққан Қазақстан Компартия­сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев әріптесінің батыл әрекетіне сүйіспеншілігін жасыра алмай: «Әй, Жұмеке, жүрек жұтқан батырсыз-ау, арыстанша атылдың ғой!» дегеніне Жұмекең: «Елім мен халқымның мүддесі үшін қандай қияметке бол­сын дайынмын!»депті.
Жұмабек Ахметұлының осындай дәлелді де дәйекті пікірі шын мәнінде Қазақстан аумағының тұтастығы үшін Мәскеумен текетіресті тарихтың талқысына салды. Тәшеневтің осындай батыл қарсылығынан қаймыққан Хрущев енді одақтас республикалардың аумағын бөлу мәселесіне қайтып жоламайтын болды.
Хрущевтің шыдамынан шыққан тағы бір жайт, сол күні болды. Ол туралы кезінде Жұмекеңнің көмекшісі болған Жасұлан Дайырбеков былай деп еске алады: «Түстен кейін өткен республикалық мәжіліс жұмысын одан әрі жалғастырды. Ешкімге сөз бермеген Хрущев бар ашу-ызасын Қонаевтан алғандай болды. Небір дөрекі сөздерді айтты… Дәл сол сәтте Хрущевтің бірінші көмекшісі Андрей Шевченко ешкімнен рұқсат алмай өз бетімен Жұмабек Тәшеневтің самолетіне отырып, демалу үшін Қырымға бет алды. Соны біліп қойған Тәшенев рация арқылы ұшқыштармен байланысып, Ақмола аэропортына қайтып келуді бұйырды. Өз кінәсін мойындаған Мәскеу шенеунігі тізерлеп отырып Жұмабек Ахметовичтен кешірім сұрады. Жұмекең бұл туралы Хрущевке айтуды қажет деп таппады. Есесіне оны Хрущевтің көмекшісі басқа қырынан жеткізді»…
Тәшеневті көндіре алмайтынын түсінген Хрущев бірінші хатшы Д.Қонаевты шақырып алып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасын аяусыз сынға алып, лауазымды қызметінен босату және оны төмендетіп, басқа жаққа жіберу жөнінде шұғыл тапсырма берді. Республикалық Орталық партия Комитеті бюросының жабық мәжілісінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.А.Тәшеневтің қызметіндегі «кемшіліктер» қаралды. Бюро мүшелері мәселенің мән-жайына бармастан, партиялық тәртіпке беріктіктерін танытып, Ж.А.Тәшеневті қызметінен босату жөнінде бірауыздан дауыс берді.
Бюродағы әріптестері мен қандас­тарынан опық жеп, жеңіліп шыққан Жұмабек Ахметұлын шын мәнінде халқы жеңімпаз деп таныды.

Жеңімпаз мұрасы

Қызметінен алынған Жұмекең сөзсіз жеңіспен шықты. Елінің тұтастығын сақтап қалуда қандай ерлік жасағанын Жұмекең бірден түсінді ме жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ КСРО басшылығымен тайталасып, оның айтқанына көнбеудің немен аяқталатынын Жұмабек Ахметұлы сезбеді емес, сезді және Орталықтың қандай да бір шешіміне тастүйін дайын болатын. Ең бас­тысы осындайда жанына батқаны, кейбір жора-жолдастар мен тамыр-таныстардың Жұмекеңнен бойларын алыстата бастағаны еді. Сонда Қазақстанның осыншама жерінің тұтастығын кімдер үшін, не үшін сақтауға басын тікті? Бір өзін кімнен болса да, қалай болса да арашалап алуға Жұмекеңнің қауқары да, білімі де жетер еді. Жұмекең бүкіл болмысынан бірбеткей, алған бағытынан қайтпайтын нағыз қайраткер болатын, сондықтан өзі айтқандай: «Мен елімнің жерін таққа айырбас­тамаймын» деуі тегіннен-тегін айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзі, өжет адамның көзқарасы, тектіліктің белгісі.
Ж.Тәшенев Министрлер Кеңесіне төрағалық еткен 11 айдың ішінде рес­публикалық өнеркәсіптің жалпы өнімін өндіру 104,2 пайызға орындалды, жоспардан тыс темір және хром кені, кокстелген көмір, шойын, болат, қара металл, қорғасын, цинк, жез және темір жабдықтары жоспардан тыс өндірілді. Ал сол жылдары Қазақ КСР Жоспарлау комитетінің төрағасы болған профессор Ғарай Сағымбаевтың деректеріне сүйенсек, Жұмабек Тәшенев республика басшылығында болған алты жыл ішінде Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басты. Энергия қуатын өндіру – екі есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір қазу – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыштар өндіру – 2 есе, аяқ киім шығару – 4 есе, ет өндіру – 2 есе өскенін ескерсек, өнеркәсіп салалары жоғары қарқынмен өскенін көреміз. Осыған байланысты Тәшеневке кінә тағу адамгершіліктен ада болумен пара-пар болар еді.
Никита Сергеевич Хрущев Жұмабек Тәшеневпен болған тартыстан кейін КСРО географиялық картасын қайта өзгертуден мүлдем бас тартты. Тарихта қалған оқиғаларды қанша жыл өткеннен кейін саралай отырып, Н.Хрущев мынадай жағдайды да ескерген болар деген болжам жасауға тура келеді. Шексіз билігі бар алып мемлекет басшысы Хрущевке бір республиканың министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, батылдық танытса, қазақтар айтпақшы «жер дауы, жесір дауы» бола қалған жағдайда қазақ халқының қаһарына ұшыраудың қандай бір ауыр жағдайға алып келетінін көзге елестету мүмкін бе еді. Кейіннен 1979 жылы Қазақ КСР аумағында Неміс автономиялы облысын құру және 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы тарихи фактілер Никита Сергеевичтің сол кездегі қауіптенгенін растағандай болды.
Ж.Тәшеневтің арқасында Қазақ­стан­ның құрамында қалған жер мөлшері 565,4 мың шаршы шақырым немесе қазіргі Қазақстан Республикасы аумағының бестен бір бөлігі. Егер сол кезде Жұмабек Ахметұлы Орталықтың айтқанынан шықпай, көрші республикаға аталған бес облысты бере салғанда, Ресей Федерациясының құрамына қарапайым есеппен 3,7 миллион адам (1999 жылғы халық санағы бойынша) кетіп қалар еді. Ал бұған Түрікменстанға кеткелі тұрған кенді Маңғышлақты, Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанға тағы да бергізгелі тұрған үш ауданын Тәшенев бергізбей, Қазақстанның құрамында сақтап қалдырғанын қоссаңыз, онда Жұмекеңнің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихындағы рөліне қазіргі ұрпақ лайықты бағасын беруі тиіс.
Республикамыздың басшылығына келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы, Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып қызмет істеген жылдарында:
– Алматыда Абай даңғылы болуын, сол кең көше басына Абайға ескерткіш орнатылуын ұсынған, қадағалап іске асырған. Мәскеудегі тізгін-шылбыр иелерін иліктіру үшін Тбилисиде Руставели, Ташкентте ­Науаи, Мәскеуде Максим Горький даңғылы барын көлденең тартқан;
– Қазақстан Компартиясының бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтің тұсында қолға алынған, бірақ жеріне жеткізілмеген елеулі мәселені – Медеу шатқалында мұз айдынын жасауды тиянақтату үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы К.Е.Ворошиловты қонаққа шақырып, шатқалды көрсетіп қызықтырып, ойын нық дәлелдеп, құрылысқа қажетті қаржыны алған;
– Әйгілі «халық жауы» науқанында жазықсыз жазаланып қазаға ұшыраған арыстарымызды ақтау, кейінде қуғынға ұшырап түрмеде жатқан, айдауда жүрген қайраткерлерімізді бостандыққа шығару мәселелерімен шұғылданатын (СОКП ХХ – құрылтайының шешімдеріне сай) республикалық комиссияны басқарып, игілікті қыруар жұмыс атқарған;
– Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің екінші онкүндігін 1958 жылы жан-жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Онкүндік нәтижесінде айтулы тарландарымыздың ең жоғары атақпен марапатталуына, үлкен құрмет-қошемет көруіне, бес артисімізге «КСРО Халық артисі» атағы берілуіне себепші болған;
– ККП Орталық Комитетіндегі қайсыбір «сақ-қырағылар» Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабының жарық көруіне қарсы болса да, Жұмекең орынсыз қарсылықты жеңіп, кітапты шығартқан;
– Алматының дәл ортасында, салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өнерінің қайраткерлеріне бергізген;
– Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын Лениндік сыйлыққа ұсынуға жолбасшы болған;
– Нұрмолда Алдабергеновке Социалистік Еңбек Ерінің үшінші Алтын жұлдызын, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру үшін Мәскеуге барып, тиісті орындарда болып, көп әрекет жасаған, бірақ хрущевшілдердің, маршал И.Коневтің қарсылықтарына тап болған;
– Жұмекеңнің бастамасымен күрішші Ыбырай Жақаев пен шопан Жазылбек Қуанышбаевтарға екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алып берілді;
– Республика тіршілігінің қай саласында болсын қазақтың білімдар, жас кадрларын өсіруді бірінші кезектегі міндеті санап, орындап отырған. Министрлер Кеңесіне Төраға болысымен аппаратына 12 қазақты алған;
– Жезқазған геологиялық партиясының бастығы Шаһмардан Есеновтің болашағы зор екенін болжап біліп, жас маманды республика Геология министрінің орынбасарлығына тағайындаған;
– ҚКП Орталық Комитетінде қазақ газеттерін аудармаға айналдыру туралы зымияндық мәжіліс өткізілгенде ашынып қарсы сөйлеген. Сол кездегі «Cоциалистік Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін аударма газет болудан қорғап қалды;
– Үйсіз жүрген Мағжан Жұмабаевтың жесіріне пәтер бергізді;
– Алматы мен Қарағандыда политех­никалық, Павлодарда индустриалды институттарды ашуға мұрындық болды.
– Тоңмойындар мен безбүйректерден жәбір көріп, алдына келген адамдарға дереу көмек көрсетіп жүрген. Қарапайым адамдармен қарым-қатынаста болудан арланбаған, қайта солардың өтініштері мен арыздарына жете қараған.
Көкшетау облысының «Толбухин» совхозының директоры Федор Моргун «Астық және адамдар» атты кітабында былай деп жазады: «1957 жылдың жазында біздің шаруашылыққа Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев келді. Ол біздің өтінішімізді мұқият тыңдаған соң, менің кабинетімнен Армян КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Антон Кочинянға телефон соқты. Сөздеріне қарағанда олар бұрыннан бері жақсы таныс екен. Амандық-саулықтан соң Жұмекең:
– Антон, сен шаршап, шөлдеп келе жатсаң, ең бірінші демаласың ба, жоқ әлде бір стакан салқын суды қалайсың ба?
Арғы жақтан «су» деп жауап берген болу керек. Содан соң Тәшенев:
– Дұрыс қымбаттым, дұрыс айтасың. Мен сенімен тың игеру совхозынан сөйлесіп тұрмын. Осында біржарым мың адам тұрады. Қазір мұнда 40 градусты аптап ыстық. Ауызсуын осыдан жиырма шақырым жерден тасиды. Цистернамен әкелгенше ол ысып кетеді, ішуге жарамайды. Ал жақсы ауызсуы осы жерде бар, скважина да қазылған, бірақ компрессор жоқ, суды тартып ала алмай отыр…
Жұмабек Ахметұлы біраз уақыт үнсіз аржақтағы әріптесін жымия тыңдап, сосын қарқылдап күле бастады. Ар жақта Антон Кочинян да күлген болу керек. Осы сәтті пайдаланып, Жұмекең :
– Компрессордың маркасы қандай? – деп сұрады.
Мен болсам дереу компрессордың маркасы мен фильтрді атадым. Жұмекең де соның бәрін арғы жақтағы досына жеткізді. Бір аптадан соң армян достарымыз керек-жарақтың бәрін жіберді. Сөйтіп, Тәшеневтің арқасында совхоз тұрғындары үшін ауызсу мәселесі түбегейлі шешілді.
Жұмабек Ахметұлы қандай да бір мәселелерді шешерде ең бастысы оған мемлекеттік және ұлттық жағынан басымдық беруге тырысады. Қазақ КСР министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезде ол жиі-жиі іссапарға шығып тұрды. Көкшетау облысына барған бір сапарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Трещев Жұмекеңе қолы қойылмаған хатты ұсынып, оның пікірін күтті.
Хаттың аноним авторы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Бәйкен Әшімовтің шығу тегі байдың баласы екенін, сол себепті лауазымды қызмет атқаруға құқығы жоқ екенін жазған. Хатты оқып болған Жұмекең, оны жыртып-жыртып тастады да:
– Алексей Тихонович, қызметке байланысты Әшімовке қоятын кінәңіз бар ма?
– Жоқ, қайта екеуміз қоян-қолтық жұмыс істеуді дәстүрге айналдырдық. Ойын сабақтай келе Жұмекең:
– Біз ашаршылық пен қуғын-сүргін, сұрапыл Отан соғысы жылдарын бастан кешірдік. Ол сыннан сан ұлттың өкілдері сүрінбей өтті. Олардың қайсысы байдың баласы, қайсысы кедейдің баласы екенін енді ешкім ажырата алмайды. Азаға толы өткен тарихымызды қазбалай берудің қажеті бар ма! Жұмекең пікірмен келіскен Алексей Тихонович Тәшеневтің қолын алып, жылы шыраймен қоштасты.
Қазақстан жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовті жақсы біледі. Ол он жылдан астам Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқарды. Сол жылдары Алматы және облыстар орталықтарында айтулы құрылыстарды салдырды, экономика мен өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының өркендеп дамуына сүбелі үлес қосты. Соның нәтижесінде Бәйкен Әшімов одақтас респуб­ликалар Министрлер Кеңесін басқарған төрағалардың ішінде жалғыз өзі ғана Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Бүгінде Бәйкен аға дүниеден өтсе де, оның есімі республика зиялы қауым өкілдері арасында ілтипатпен аталады.
Әрине, Жұмекеңнің әділдігі, батылдығы кейбіреуге ұнамаған. Күншіл қазақтар балағына жармасса, шовинист орыстар Мәскеуге арыз айдап, «ұлтшыл» деп ойбайлап, жағасына жармасқан. Әйтсе де, әрбір әрекетінің халық мүддесінен туындайтынын сезінетін Жұмекең айылын жимады, қайта қандастарына жасайтын жақсылығын еселей түсті. Көзін алартқан «көсем» атаулының ешбірінен жасқанбады.

Тәшенев тағылымы

2

Ж.Тәшеневтің Жазылбек Қуанышбаевқа Социалистік Еңбек Ерінің екінші алтын жұлдызын тапсыру сәті.

Кеңес Одағын Н.Хрущев басқарған жылдары және одан кейін де қазақ халқының мүдделері ескерілмеді және басшыларды Мәскеу тағайындау әдетке айналды. Орталықтың оспадар саясатына ең бірінші болып ашық қарсылық білдірген Жұмабек Тәшенев еді.
СОКП Орталық партия Комитетіне хатшы болып ауысқан Л.Брежнев өзінің орнына Мәскеуден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне бірінші және екінші хатшылыққа И.Яковлев пен Н.Журинді алып келді. Бюро мүшелерінің барлығы бірдей бұл кандидаттарды қолдап дауыс берді. Осы кезде жуырда ғана Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған Ж.Тәшенев сөз алды да: «Аудандарда, облыстарда, министрліктердің орталық аппараттарында білікті қазақ кадр­лары жеткілікті. Ортамызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Ол екінші хатшы болып істей алмай ма? Қазақ кадрларын бірінші және екінші хатшылық пен басқадай басшылыққа тағайындамау біздің ұлтымызға менсінбей қарау деп бағалаймын».
Мұндай батыл сөз үлкен алқалы жиында айтылғаннан кейін Брежнев сасып қалды, бар айтқаны: «Тәшенев жолдастың ұсынысының жаны бар, ол алдағы уақытта ескеріледі, ал бүгінгі тағайындау Мәскеумен келісілген» деп бюро жұмысын жабуға асықты.
Л.Брежнев өз «өкпесін» бүгіп қалмады. «Тәшеневтің бұл ұсынысы жүрек соғуын тоқтатуға жақын қалдырды, оны оңайлықпен ұмытуға болмас» деп «қалжыңдаған» сыңай танытты. Өмір көрсеткендей, айтылған өткір сөздер Брежнев есінен кетпеді. Жұмекеңнің кейінгі жылдардағы тағдырына салқынын тигізді.
Бірақ сол жиында айтылған Тәшенев сөзі аяқсыз қалмады. Көп ұзамай Ф.Кәрібжанов екінші хатшы болып тағайындалды, басқа да қазақ кадрларының өсуіне жол ашылды.
Жоғарыда айтқанымыздай, биыл Жұмабек Ахметұлы 100-ге толады. Жұмекең­нің өткен өмірін зерделеп отырсаң, сонау қазақ ауылдарын колхоздастыру кезінде 9 жасар бақташы болған Жұмекеңнің Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне жетекшілік еткен жылдары қас қағым сәттей өте шығады. Осыған байланысты халықтың сүйікті тұлғасына айналған, болашақ тәуелсіз мемлекет – Қазақстан жерін бөлшектетпей, соның тұтастығын сақтап қалған нар тұлға Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің мерейтойын лайықты өткізу бүгінгі ұрпаққа жүктелетін парыз болмақ. Осыған орай Ж.Тәшенев мерейтойына арналған түрлі конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» өткізу арқылы рухы биік, патриоттық сезімі асқақ асыл ағамыздың өнегелі өмірімен байланыстыра отырып, ұлттық тарихымызды байыта түсер едік, артында қалған бай мұрасына жастар мен қоғам мүшелерінің назарын аударып, жас ұрпақ бойында елдік пен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік туар еді. Оның жарқын мысалы Жұмабек Тәшеневтің өмірі.
Осы тұрғыда билік органдары іштарлық жасамай, Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке «Халық қаhарманы» атағын беру мен ағамызға Астана төрінен ескерткіш орнату мәселесін шешсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Мейрам БАЙҒАЗИН,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ерекболат

    Бiздiн мактаныш тарихты тулга!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.