Сыр ақтарған «Ақбұлақ»

Қазақ поэзиясындағы Бәкір Тәжібаевтың жырлары әнмен әрленіп, Алаш аспанында шырқалғанына да көп жылдың жүзі болыпты. Мұхит әндерінің саздылығы, философиялық ерекшелігі мен халық әндерінің қасиетін бойына сіңіріп, туған елдің қадіріне жеткен ақын әрі сазгер Бәкірдің өмірден жинақтаған ой-толғамдарын өнерге бағыттағаны оның жан тазалығы болса керек.
Сазгер ақынның туған жер, өскен ел, дос-жаран дегенде ойының мөлдірін, сағынышының ыстық ықыласын арнап, төгілте жыр жазар кездері де көп болған ғой.
Бәкір өзінің алғаш ән жазғаны жайлы көзі тірісінде былайша еске алған-ды:

– Бірінші, «Жас дәурен» деген ән шығар­дым. Оның өлеңін Қасым Аманжолов жазды. «Аппағым-ау», «Дала жолдары», «Ақбұлақ» әндерін жаздым. Туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың кең сахара даласы мен үшін үлкен тақырып болды да Болат Сыбанов, Қапаш Құлышевалар домбырамен орындады. Әншілерден ерекше атап кететін әншім Роза Рымбаева. Ол менің біраз әндерімді шебер орындап, тыңдаушысына жеткізе білді. Сол үшін ризашылығым шексіз, – деп еді өз шығармашылығы жайлы Бәкең.
Жетпісінші жылдары әуе толқынынан жиі насихатталған Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әні ауыздан ауызға тарап, көпшілік жүрегіне жол тапты.
Бәкір Төлеуұлы 1926 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты «Ақбұлақ» ауылында дүниеге келген. Елін сүйген ердің туған елге арнаған тамаша әні осы «Ақбұлақ» ауылына арналған екен.
Бәкір 1941 жылдан бастап осы облыстың Мұғалжар ауданына қарасты «Темір» ауылының педучилищесінде оқып, кейін аудандық газетте хатшы болып қызмет етеді. 1950 жылы Ақтөбе облысына арнайы сапармен барған жазушы Тахауи Ахтанов Бәкір Тәжібаевпен кездесіп, оның бойындағы өнерге деген құштарлықты байқап, Алматыға алдырады. Бәкір оқуға түседі. Жиырма бір жасында театр учищилесін бітірген соң Мәдениет министрлігі оны Жамбыл облысына жібереді. Екі-үш жылдан кейін Шымкенттің облыстық театрына шақырылады. Көп жылғы еңбегінде әнмен қоса драматургиялық пьесалар жазады. Нығымет Баймұхамбетовпен бірге жазылған Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар Сұлу» операсының либероттасы әлі күнге дейін опера сахнасында қойылып жүр. Ұлы Отан соғысына арналған «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі» драматургиялық пьесалары, «Батақтың Сарысы» композициясы, «Түрмеден қашқан» музыкалық драмасы көптеген театр­ларда қойылды. Семей, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда театры, Алматыдағы мемлекеттік Жасөспірімдер театры біраз шығармаларын сахнаға шығарды.
Бәкір Тәжібаев облыстық театрларда еңбек етіп, 1958-1974 жылдары Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақстан театр қоғамында кеңесші-әдіскер болып қызмет етті. 1974 жылдан бастап шығармашылыққа біржолата бет бұрды.
Ол өзінің көптеген әндерінің дүниеге келуіне Еркеғали Рахмадиев, Ескендір Хасан­ғалиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджановтардың сеп болғандығын, сонымен қатар сол әндерін халыққа кеңінен жариялаған Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды әншілер екендігін айтып, ағынан жарылады.
Ақынды қанаттандыра, бар жағдайын жасаған Құдай қосқан қосағы Сапаркүл апай сол бір қимас шақты әркез ерекше сезіммен еске алады:
«1959 жылы Жамбыл қаласындағы нағашы ағамның қолында тұратынмын. Мен мектепте оқимын, он бес жастамын. Келсем үйде бір жігіт отыр домбыра тартып. Келіп жүрген әртістердің біреуі шығар дедім де қойдым. Күнде келеді әлгі кісі, сосын бір күні:
– Сен менің жиен қарындасым боласың, – деді.
– Жарайды, ағай! – дедім. Бір күні айтты:
– Мен сені өз қолымнан күйеуге берем, – деді, тағы да:
– Жарайды, – дедім. Сөйтіп жүргенде екеуміз қосылдық. Мен мектеп қабырғасында оқимын, «жасы толмаған қызды алды» деп, Бәкірді соттамақшы да болды. Анам, әжем, нағашы ағам мен жеңгем бар, бәріміз бірге тұратынбыз. Содан Нұрдәулет Күзембаев деген ағамыз басшы азамат болатын. Бәкір соған қашып кетті. Содан кейін сол ағамызға «қарындасыңызды алып едім, қудалап жатыр» десе, «бәрін көшіріп алып кел!» деген екен. Содан ағамыз мені училищеге түсірді, «ешкім тиіспесін» деп. Бәкір Шымкент театрына кірді, сөйтіп тұрып жаттық. Әртістердің әрқайсысы келіп «бұл кім?» деген сұрақты көп қоя берді. «Әйелім» деп айта алмайды, «қарындасым» деп әрең құтылатын» деп бір сырды аша сөйледі.
Сүйгеніне қосылған Бәкір ұзақ жыл жұбын жазбай өмір сүрді. Ал ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың қаламынан қандай туындылар жарық көрген екен?
Иә, автордың «Қараторғай» атты новеллалар жинағы, одан кейін «Біздің Роза» очерктер жинағы мен «Сахна жұлдыздары» атты порт­реттер топтамасы, «Балбұлақ», «Ән дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» атты жинақтары көзі тірісінде жарық көрді. Ал біздің алтын қорымызда сақталған екі жүзден аса әндерінің ішінде шоқтығы биігі Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні. Бұл әнді алғаш орындаған Роза Рымбаева Сопотта өткен Халықаралық ән фестивалінде Гран При сыйлығын жеңіп алып, лауреат атанды. Ән әншіні, әнші әнді дүниежүзіне паш етті. Ал әннің авторлары Сейдолла мен Бәкір сол қуаныштың куәсі болып мерейлері өсті. Әннің тууы жайлы Сапаркүл апамыздың ойын ортаға салсақ: «Әлия Молдағұлова менің анам жағынан туыстығы бар. Бәкір анам екеуі отырып шай ішеді ғой, сонда жазған өлеңдерін екеуі талдайды. Сосын Әлия туралы әңгіме болып қалғанда: «апа, айтып берші» деп жалынып, көп нәрсеге қанық болады. Осында Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы болды. Әубәкір Молдағұлов дейтін кісі соғысқа қатысқан.
Бір күні үйге жас композитор Сейдолла Бәйтереков келді. «Ой, аға, өлеңіңіз әнге сұранып тұр екен, мен бір ән жазайын» деп кешке дейін екеуі осы әнді жазып шықты».
Бәкір мен Сапаркүлдің Алладан сұрап алған ұл-қызы ата-анасының қуанышы еді, қыздары Айжан ерте дүние салды. Ендігі үміт жалғыз ұлы Жасұланда еді. Ол асқар тауы әкесі жайлы сөз қозғағанда әкесінің бала мінезді сенгіш, қателікті бетке айтатындығын, әрқашан көмек қолын созып, жас композиторларға ақыл-кеңесін беруден аянбайтындыған айтады. Үйі әрқашан әншілер мен ақын-жазушылардан, солардың әні мен күйі, думанынан бір босамайтындығын айтып, еске алады.
Ақын Сейфолла Оспан бір естелігінде былай дейді: «Өзбекстанның Жизақ қаласынан жеңіл көлікпен ел аралап келе жатқанда жолда бір малшы машинаға мінді. Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз «бәсеңдет» дедік. Сонда малшы:
– Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағын» айтса ғой, шіркін, онда радионы қатты қояр едік!- деп армандайды. Сонда:
– Егер сол Бәкірмен бірге келе жатсаң не істер едің? – дегенімде әлгі кісі бізге жалтақтай қарай берді. Анық-қанығын білгеннен кейін қуанып, – Түйе соям, үйге жүріңдер, – деп жабысқаны бар, – деген еді Сейфолла ағамыз. Осындай ел арасында Бәкір Тәжібаевқа қатысты әңгімелер бар. Бұл өнерді сүйген халық өкілінің құрметі болса керек.
Ақын әрі сазгер драматург Бәкір Тәжібаев мың бұрала аққан Сағыз бен Жем өзендерінің бойында мекен еткен әнші-күйшілердің өнерімен сусындаған дала дарыны. Ағасы Қоныс жырау да өнерлі жан еді, ал әкесі Төлеу мен анасы Тәжен ойын-сауықтың көркі болған ауыл өнерпаздары болатын. Туған топырақтың қасиетін бойына дарытқан Бәкір Төлеуұлы Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», «Алматының алмасы», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ауылым-әнім», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққұсым», Кеңес Дүйсекеевтің «Қаракөз», Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әндеріне өлең жазса, өз әндерін де біздің алтын қорымызға жазып қалдырды. Әлі күнге маңызын жоғалтпаған екі жүзден аса ән жас орындаушылардың әрлеп орындауында қайта жаңғыруда.
Бәкірдің ұлы Жасұлан мен келіні Гауһардың батыр апаларының есімін қойған Әлия деген қызы өнерге әуес. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің сегізінші сыныбында оқиды, фортепьяно аспабын үйреніп, өздігінен білімін жетілдіріп жүр.
Біз тамылжыған әсем әндері мен сырға толы жыр-маржандарын халқына рухани азық етіп қалдырған біртуар дарын иесі, арқалы ақын, сырбаз сазгер Бәкір Тәжібаевтың шығармаларының дәуір үнімен үндесіп, талай ғасырға жететіне сенімдіміз.
Мәңгілік тақырып –махаббат дейтін бол­сақ, тыңдаушының жан дүниесіндегі құпия сырды нәзік сезіммен тербеп, теңіздей тол­қытар әнімен, жырымен туған халқымен бірге жасайтын тамаша суреткердің еңбегі әлі де талай әңгімеге арқау болары сөзсіз.

Алтын ИМАНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақ радиосының «Алтын қор»
бөлімінің жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.