Қазаққа қандай ток-шоу қажет?

«Әй, осылар ток-шоу деген осы екен деп, күнде бір-бірімен ұрысып отырады екен. Мына түрік пен үндістердің де кинолары бітіп болмады. Балаларға қандай тәлім осылардан? Біздің кезіміздегі «Қымызхана» басталғанда бүкіл ауыл жиналып, кейіпкерлердің салиқалы әңгімелерін сүйсіне тыңдаушы едік…» деп әжем теледидардың арналарын ауыстырып, жақсы дүние таппай ренішін білдірді. Әжемнің айтқанымен келіспеске амалым жоқ еді. Бүгінгі күні қай телеарнаны ашсаңыз да, ойын-сауық бағдарламалары мен жатжұрттық елдерден көшірілген ток-шоулардан көз ашпайсыз. Бұған қоса телеарналар эфирлік уақыттың біраз бөлігін үндістің, түріктің, енді, міне, тайлықтардың киноларына арнаған. Көрерменді тарту, бәсекеге төтеп беру оңай емес екені ақиқат. Осылайша арзан жолмен рейтинг жинауды мақсат тұтқан телеарналар телевидение – тәрбие мен идеология құралы екенін ұмытып бара жатқандай.

Ток-шоу жанрының отаны Америка екені баршаға аян. Бұл жанр қарапайым адамдардың телебағдарламаға қатысып, өзінің еркін пікірін білдіре алатын ашық алаңы іспетті. Әлемдік телевизия тарихында теледискуссияны алмастырған осы жанр дүниеге келгелі бері, ең жоғары рейтингтерді иеленіп келеді. Ток-шоу жанрына деген көрермен қызығушылығының өзі тектен-тек туындаған жоқ. Өйткені мұндай бағдарламалардың өз артықшылықтары мен мүмкіндіктері жетіп артылады. Мәселенің бір қыры, өмірдің түрлі қиындығына ұшыраған мыңдаған жандар басына түскен ауыртпалықтың өзгелердің де иығында бар екенін, өзінің жалғыз еместігін түсінеді, әрі студияға келген кейіпкерлер мен танымал қонақтардың дәл сондай мәселеге жаны ауыратынын, әрі өз тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісуге даяр екенін біледі. Ал екінші қыры, дәл осы ток-шоу жанры қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстардың астарына көппен бірге үңіліп, күрмеулі мәселелерді де біріге отырып шешуге, тығырықтан шығудың жолын бірге қарастыруға, тіпті кей жағдайда адам өзін қалай ұстауы тиіс, қандай қадамдар жасауы керек деген сияқты әр алуан қам-қарекеттерді қамтиды. Америкалық ток-шоулардың басым көбі әу баста үйде отырған әйелдерге арналып түсіріліп, әрі күндізгі уақытта көрсетілгені, сондай-ақ оның мазмұндық астарында қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған идеология жүргізілгені соңғы кездері ғана ашық айтыла бастады. Америкалық ток-шоудың «атасы» Фил Донахьюдің атышулы бағдарламаларынан кейін, әлемнің түкпір-түкпірінде осы жанр телевизия саласына дендеп ене бастады. Ал көршіміз Ресейде бұл жанр 90-жылдан бастап қарқын алды. Нәтижесінде, тек ресейліктерді ғана емес, посткеңес­тік елдердің де көрерменін жаулап алған «Большая стирка», «Страна советов», «Принцип домино», «Что хочет женщина», «Короткое замыкание», қазіргі «Пусть говорят» сияқты ток-шоулар өмірге келді. Заманның тынысы өзгерген сайын ток-шоулар да мазмұндық-формалық жағынан түрленіп, әрбірінің мақсат-мұраттары бір-бірінен ерекшеленіп отырары анық. Қазақ елінің медиа кеңістігінде де осы кезге дейін, бүгінгі күні де түрлі ток-шоулар жарыққа шықты. Эфир – эстетикалық тәрбие құралы, ал телевизия – қуатты күш. Осыған саятын болсақ, «бүгінгі қазақ телевизиясын жаулап алған ток-шоулар неге ұлттық танымға негізделмейді? Халықтың жағдайына үңілетін, бүгінгі өскелең ұрпаққа тәлім беретін ток-шоулар неге жоқ?» деген сауалдар көлденеңінен шығып отырады.
Қазақстан шоудан кенде емес. Түрлі тұрмыстық шоуларды былай қойғанда, телеарналардағы шоулардың есебінен жаңылатын күйге жеттік. Отандық телевизия тек ән салып тұрғандай әсер қалдырады. Бұлай дейтініміз, қай арнаны ашсаңыздар да әнге байланысты жаңа бағдарлама шығады. Бізде одан басқа мәселе қалмаған ба деп те таңғаласың. Кеңестік тұста бір ғана ұлттық арнада түрлі салаға қатысты 10-15 тақырыппен хабар тарататын. Қоғамдық-экономикалық өзгерістер, ауылшаруашылығындағы жетістіктер мен кемшіліктер айтылатын. Ал бүгін әр арна көрерменді тарту жолында журналист ретінде белгілі әнші не актерлерді шақырады. Бүгінгі әншілер ертеңгі тележүргізуші болып жатыр. Әрине, өз кәсібінің иесі болмағандықтан жүргізушіге айналған әнші тілінің жұтаңдығын, телевизия мәдениетін білмейтінін көрсетіп жатады. Міне, осыдан телевидение мен жалпы журналистиканы бүгінгі ұрпақ жеңіл-желпі дүние ретінде қабылдайды. Телевидение әу бастан танымдық, тәрбиелік және ойын-сауықтық сынды үш мақсатты көздесе, бүгінгі арналар ойын-сауық бағытында келе жатқанын аңғару қиын емес. Әрине, көрерменді тарту оңай емес екені ақиқат. Десек те, миллиондаған көрерменнің талғамын қалыптастырып, тәрбиелейтін де осы бағдарламалар емес пе?!
Бүгінгі күндері шетелден, көрші Ресейден келген көшірме бағдарламалар көп. Мұндағы бірден-бір себеп идея тапшы­лығынан екені анық. Телеви­зиядағы әрбір журналист өзінің идеясын ұсынып, ұлттық болмыс-бітімімізге сай тың дүние жасауға ұмтылу керек қой. Тіпті көшірме бағдарлама болғанның өзінде ұлттық менталитет, ұлттық психология ескерілуі керек. Сонда ғана ол бағдарлама көрермендер жүрегінен орын табады. Егер көшірме бағдарлама сәтті шығып жатса оның ғұмыры ұзақ болып жатады. Ал сәтсіз болса, ел арасында пародия деген атқа қалады. Өткен ғасырдың журналистерінің еңбегін тағы да айта кеткен жөн. Мысалы, 1970-жылдары эфирге шыққан «Қымызхана» бағдарламасы халық арасында әлі күнге дейін жақсы лебіздермен еске алынады. Ол да кезінде Мәскеудің «Кабачок «13 стульев» бағдарламасынан алынған. Бағдарламаны жасаушы топ формасын ұқсастырып, оны ұлттық мінезімізге сай икемдеді. Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасы қазақ қоғамындағы түрлі түйінді мәселелерді батыл сөз етіп, ойға қозғау салған жобалардың бірі болған. «Қарыз бен парыз» бағдарламасы пішіні жөнінен көне болып көрінгенімен, онда телетехнологияның барша мүмкіндіктері, қосымша құрамдары аз пайдаланылғанымен, журналистің озық ойы, парасатты пайымдаулары арқылы қоғамдық пікірдің көшін бастады.Сол сияқты «Ұят болмасын», «Еркектің аты еркек», «Мың бір мақал» секілді бағдарламалар халық жадында сақталған. Себебі халыққа берері де мол болды. Әсіресе, «Ұят болмасын» бағдарламасының безендірілуі, бүкіл өнер жұлдыздарына бір қазанан дәм ұсынған, киелі дастарқан басына жиып, халқымызға жақсы көңіл-күй сыйлайтын, тәрбиелік мәні жоғары дүниелердің бірі еді. Сондықтан қай бағдарламаны ашсаңыздар да, ұлттық бедер мен нақыш көрінбесе ол бағдарламаның ұлтқа, мемлекетке әкелер пайдасынан гөрі залалы көп боларын ұғынған абзал.
Ал бүгінгі бағдарламалардың басым бөлігі жеңіл-желпі әңгімеге құрылып, көрермен талғамын түсіріп жатыр десек те жаңсақтық болмас. Отандық ток-шоуларға келсек «Айтуға оңай», «Алаң», «Ашығын айтқанда», «Әйел бақыты», «Кешкі кездесу», «Ой жүйрік», «Қызық Times», «Қыздар арасында» деп жалғаса береді. Кейбір ток-шоулар ұлттық мұрат-мүддеден гөрі батыстық идеологияны жоғары қойып жатады. Кейде тіпті атаулары да қазақи болмай жататыны қынжылтады. «Қазаққа қандай ток-шоу керек?» деген сауалға жауап іздеу қажет. Өйткені тікелей көшірме, арзан күлкі телевидениеге деген жұртшылықтың көзқарасын өзгертуде. Бағдарламалардың қайсысын алсақ та ең бірінші журналистер тілінің жұтаңдығы, әде­би нормадан ауытқуы, сахна мә­де­ние­тін, телевидение мәдениетін білмеуі байқалады. Мәселен, бір ғана мысал ретінде бағдарламаны «Қайырлы кеш» деп бастауы орыс тіліндегі «Добрый вечер» тіркесінің тікелей аудармасы. Осы сынды қателіктерге бүгінгі жұртшылықтың құлағы да үйреніп кеткен секілді. Керісінше, әрбір журналист мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту жолында өз үлесін қосуға мүдделі болуы керек қой. Өзге тілді өз сөз саптауында араластыруы да бағдарламаға сән бермейді.
Қазақ қоғамында әлі күнге дейін шешімін таппаған түйткілді мәселелер көп. Бірақ соған қарамастан, ол тақырыптар көбіне-көп қозғаусыз қалады, болмаса тақырып ашылмай жатады. Кейбір тақырыптар дер кезінде көтерілмей жатады. Сондықтан журналистің ізденімпаздығы жетпей жатады. Екіншіден, бүгінгі ток-шоу кей-кездері дау-дамай алаңын елестетеді. Белгілі бір тақырып талқыланса, соған байланысты оң көзқарас пен теріс көзқарас білдіретін екі жақ болады. Ал жүргізуші кей кездері өз міндетін ұмытып, оларды бір-біріне жекпе-жекке салғандай әсер қалдырады. Тіпті кейбір журналистердің тақырыпты алдын-ала зерттемей қонақпен дауға түсіп жатқанын көріп жатамыз. Бұл бүгінгі ток-шоулардағы үлкен қателік. Ресейдің әйгілі «Пусть говорят» деп аталатын ток-шоуында қатысушылар мен студия қонақтары арасында үнемі пікірталастар туып отырады. Бүгінгі ток-шоулар осындай көрініспен аудитория жинауды мақсат тұтқандай көрінеді. Ал шын мәнінде «Пусть говорят» бағдарламасы өз рейтингісін уақыт талабына сай тақырыптарды қозғап, халықтың ойын дөп басып айтуымен жалғыз ресейлік ғана емес, бүкіл посткеңестік аудитория­ны жау­лап алған еді. Бағдарламаның бір ерекшелігі, бүгін халық арасында қозғалған түйткілді мәселе уақытылы күн тәртібіне қойылып отыруында. Бұл жағынан алғанда, бізге көп нәрсені үйрену қажет.
Үшіншіден, телевидениеде сұлу­лық пен эстетикаға үлкен мән беріледі. Алайда журналистердің сахна мәде­ниетін сақтамауы, қарапайым киім кию үлгісін дұрыс таңдамауы көптен кездесіп жатады. Мәселен, «Еуразия» телеарнасында «Ашығын айтқанда» ток-шоуын жүргізуші Алмас Алтайдың өзін-өзі ұстауынан, екі жеңін түріп алған жейдесінен бағдарлама көркін бұзып тұрғандай әсер береді. Телевидение – өнер. Оған өнер тұрғысынан, мәдениет тұрғысынан, эстетикалық талғам тұрғысынан қарау керек. Ол базбіреудің эфирге шыққысы келсе шыға салатын хоббиі емес. Осы тұрғыда талғам, біртұтас жүйе болуы керек. Сонда ғана журналистер телевидениеге жауапкершілікпен қарайды. Журналист үнемі жұрт назарында. Сондықтан оның жүріс-тұрысы, киім киісі, күнделікті өмірде өзін ұстауы жастарға үлгі болатыны ұмытылып жататыны өкінішті-ақ.
Ал енді студияға келген қонақтарға келсек, олардың тақырыппен қаншалықты таныс екендігі ескерілмей жатады, қонақтар сөйлеу мәдениетін сақ­тамайды. Осындай жайттардың барлығы көрерменге кері әсер етіп отырады. Бағдарлама барысында айтылған әрбір сөз, әрбір қимыл назарда болу қажет. Осындай жайттар бүгінгі ток-шоулардың маусымының тез аяқталып, халықтың жадында сақталмайтынына себеп болып отыр.
Телебағдарламалар кестесін қарап отырсақ, ток-шоулар мен ән-думан бағдарламалардан басқа эфирлік уақыт жатжұрттық киномен толтырылады екен. Рейтингті қуып, жеңіл дүниемен халық санасын жаулағаннан гөрі, ұлттық, елдік мұраттармен үндескен салиқалы әңгімеге құрылған телетуындылар шықса құба-құп. Танымдық, әсіресе жастардың ой-өрісін дамытатын бағдарламалардың аздығы қынжылтады. Бұған қоса ұлттық дүниемізді жаңғыртып, дәріптейтін бағдарламаларға да аз көңіл бөлінеді. Мәселен, көрші Ресейдің «Что? Где? Когда?» деп аталатын интеллектуалдық ойын бағдарламасы 1975 жылдан бері эфирден түспей, керісінше күн ­сайын аудиториясын кеңейтіп келеді. Бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытқандар қатарында өзге мемле­кететтердің азаматтары да бар. Міне, осындай интеллектуалдық бағдар­ла­малар бүгінде некен-саяқ. Өскелең ұрпақтың, жастардың елді сыйлап, ұлттық дәстүрді ұмытпауы, білімді де парасатты, мәдениетті болып өсуі тікелей бүгінгі телевидениеге байланысты. Себебі еліктегіш жасқа ата-анасынан гөрі көк жәшіктегі журналистің сөзі өтімдірек болатынын ұмытпаған абзал.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ататай

    Қалқам-ай, пенсияға шығып алып қайбір жетіскеннен аұқыл айтады дейсің, біз айтпағанда кім айтады.Қысқасы былай: осы журналисттер сөз соңын бәріміщге белгілі, бәріміз білеміз, баршаға аян деп аяқтап жазады. дұрыс емес. Осы жерде мысалы ток-шоу не екенні бәрі білмейді, олар жас балалар, қараңғы кемпір-шалдар,дүмбілездеу жастар т.б. Ток-шоу түгіл шоу не екенін білмейтіндер көп. Күншуақта отырып алып кеңес құрғанда көптеген жайды ой сүзгісінен өткізіп отырам.Иә, балалар, телевизия тәрбие құралы. Онда жанға қуат алып, көз суаратын үйлесім, көркемдік болуы керек. Тақырыпқа орай киімі де сөзі де, тіпті бет-жүзінің әр қимылы да жан дүниесіндегі жағдайлардан хабардар етуі тиіс.Кішігірім кино дерсің.Әлгі Бейсеннің орны бөлек: үнемі көркем киініп шығады, мінезі де қарапайым, кеуде керу, жасандылық жоқ.Өзіне сенімді.Төле бие, Бұқар жырау болудың керегі жоқ ол жерде. Осы бір қарапайымдылығы, риясыз күлгені, таң қалғаны, ойға батқаны қазақ жанына жақын-ақ.Мың бір мақалды жүргізген бала қазір басқа ақыл-ой ұшқырлығына қатысты бағдарлама жүргізеді, ол енді мінсіз басқарады.Зерек, елгезек, ұнамды жүргізуші.Басқаларын айтпадым-әлі көп нәрсені үйренулері керек.Сосын қазіргі балалар қазақ арналарын құндап та жатқан жоқ.Шешім: арзанқол, береі жоқ сериалдар мен зорлық, өлтіру, қанішерлік т.б. сананы улайтын кесепатты дүниелерді тв алып тастау керек.Сол үшін шетелдіктер соғыс ашады деп ойламаймын.Сосын әлгі қыз-әйелдер операда, сахнада болсын бүркеулі жерлірн жарқыратып өнер көрсетпесін. Өнер-мәдениет, мәдениет-ар, ар-адамгершіліктің шыңы.Демек, арсыздық пен мәдениет екі түрлі нәрсе.Жақсы мен жаман сияқты бір-біріне керағар.Шешінетін жер көп: монша, үй,жағажай т.с.с. тек сахна, тв,халықтың алдында емес.Және Отан туралы әнді секеңдеп, жалаңаштанып шыңғырыып айту ерсі. «Жәннім, маххабат шапағат» сияқты мауыққан мысықтай өліп-өшулер де сөз қадірін қашырып жиіркенішті деңгейге жеткізді. Бұл сендерге шырақтарым, аузыңды толтырып арып -ашып келгенде көзің шырадай жанып эейтін қазы-қарта д, тойдағы балпанақ торт та емес, бұл-адам рухының көктемі немесе адамның асыл қасиеті. Сондықтан шешініп тастап арсыз көзбен ішіп жеп сахнада әбес қылық жасап мендей педагог шалдың жүрегін ауыртып, парасатты жұрттың аяушылығы мен жиіркенішін тудырып бір құмалақ болып бір қарын майды шірітпеңдер.Сөз соңында айтарым алпыстан асқан т.б. егде әфйелдер қонымсыз киініп дуэт айтудан, өліп өшкен немесе қыз жібек пен төлеген арияларын т.с.с. сомдамай ақ қойыңдаршы осы. Сомдасаңдар лайқты түрде ғана. өнерде жасың нешеде деген жоқ, мәселе қаншалықты өнерлісің, қаншалықты қадірлейсің, жұртты сыйлайсың сонда. Әрісі Р. Бағланова,Бибігүл,Асекең, Тұңғышбай,М. Ілиясова берісі Мейрамбектерді неге ел сүйеді?Олар елді сыйлайды, шын талантты. ТВ көп қарамаймын, есмкі көзілдірігімді киіп алып кітап оқимын әлі де.Телевизиядан көңіл қалып барады,кемпір де балалар да, арасындағы жақсыларын ғана қараймыз, зиянды бірдеңелерді осқырынып көрсетпей қоюға үйреткем.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.