Моңғолиядағы еңбегі ескерусіз қалды…

Жуырда редакциямызға Павлодар қаласының тұрғыны Азамат Қағибат есімді азамат хабарласты. Мәселесін айтып, мұңын шақты. 1992 жылы Моңғолия Республикасынан Қазақстанға қоныс аударып, отбасымен көшіп келіпті. Моңғолияда мемлекеттік қызмет саласында 21 жыл қызмет атқарыпты. Мамандығы – экономист, қаржыгер екен. Атамекеніне келген соң оқу-ағарту саласында еңбек еткен. Биыл 63 жасқа толуына байланысты 9-мамыр күні зейнеткерлікке шыққан. 

Толғандырған мәселесінің жанды жері – өзіне тағайындалған зейнетақысын алған кезінде қолына небәрі 20 мың 700 теңге тиген. Анық-қанығын сұрастыра келгенде, зейнетақы тағайындалған кезде бұл азаматтың Моңғолиядағы еңбек өтілі Қазақстанда мүлдем есепке алынбай тасталған.
Азамат Қағибат өзін толғандырған мәселе бойынша қалалық «Нұр Отан» партиясына шағымданыпты. «Нұр Отан» партиясы ол кісінің жазған арызын қарап, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне жолдапты. Көп ұзамай аталған комитеттің төрағасы А.Сарбасовтан жауап хат та келген. Хаттың тоқетері: «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014-жылғы 8-сәуiрдегi №327«Қазақстан Респуб­ликасы мен Моңғолия арасындағы әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң күшiн жою туралы» Қаулысына сәйкес аталған Келiсiмнiң 2014-жылғы 9-қарашада күшi жойылды. Осының негiзiнде, қазiргi таңда Қазақстан Республикасында зейнетақы төлемдерiн тағайындау үшiн Моңғолия Республикасындағы еңбек өтiлi есепке алынбайды» деген сөздермен түйінделген. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда Азамат Қағибат сияқты қандасымыздың Моңғолия еліндегі 21 жылдық еңбегі зая кеткені ме? Оның енді заңды зейнет демалысына шығып, бейнетімнің зейнетін көрем деп отырғанда осындай жағдайға тап болуы әділетті ме? Құқық мәселесін айтпағанның өзінде, адамгершілікке жата ма?
Бір айта кетерлігі, мұндай жағдайға тап болған адамдар еліміз бойынша аз емес екен. Бір Павлодар қаласының өзінде 63 адам тиісті зейнетақысына қол жеткізе алмай, пұшайман болып отыр. Олар – Бұрхан Шаяхмет, Жиғанбай Дубай және т.б. Демек, мәселе өте күрделі. Бұл мәселе Үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс. Өйткені кез келген адам заңды түрде атқарған еңбегіне сай зейнетақы алуына құқығы бар емес пе? Ол Моңғолия елінде жұмыс істей ме, басқа елде жұмыс істей ме, мәселе онда емес, мәселе маңдай терін сіңірген адал еңбектің лайықты әрі әділетті бағалануында болып отыр. Елім, жерім деп келген қаракөздеріміздің сырт елде атқарған еңбек өтілдерін есепке алмау оларға жасалған қиянат емес пе? Азамат Қағибаттың айтуы бойынша, 1993-2013 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасында екі ел азаматтарын әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде келісім-шарт жасалған екен. Сол уақыт аралығында зейнеткерлікке шыққандарға Моңғолиядағы еңбек өтілі толығымен есептелген. Осы келісім-шарт аяқталған соң Қазақстан Үкіметі оны созуға мүдделілік танытпаған. «Әйтпесе, – дейді Азамат Қағибат, – ол келісім-шартты ұзартуға әбден болушы еді. Енді біз сол келісім-шарттың жасалмағанынан зардап шегіп отырмыз. Егер бәрі дұрыс есептелетін болса, мен өзімнің еңбек өтіліме тиіс 60-70 мың теңгенің аралығында зейнетақы алуым керек еді».
Амал не, осындай мәселелердің елімізде дұрыс реттелмеуінен және оған тиісті дәрежеде мән берілмей отыруынан Азамат Қағибат тәрізді қандастарымыз бүгінде 20 мың 700 теңгені қанағат етуге мәжбүр болып отыр. Бұл мәселенің тиісті шешім табуына және әділеттіктің қалпына келтірілуіне еліміздің Үкіметі, Сыртқы істер министрлігі тарапынан Моңғолия Үкіметімен келісім-шарт жасалып, арнайы іс-шаралар қабылданады деген сенімдеміз.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Бейбитхан Дахбайұлы

    Азамат Кагбатұлының басына түскен қиындық меніңде басымда бар. Мен Монголияның медицина университетінде 22 жыл оқытушылық,декан қызметтерін атқардым. 1986-жылы Москва каласы А.Н.Сысин атындағы ғылыми зертеу институтында кандидатық, 2000-жылы Қазақстанда медицина саласында алғаш рет қазақ тілінде докторлық дисертация қорғаған адаммын. 2011-жылы профессор,2013-жылы халық аралық ақпаратдыру академиясының академигі атақтарын алдым. Казірде Е.А.Букетов атындағы КарМУ-де профессор лауазымында қызмет атқарамын. Елімнің болашағы үшін тер төгейін деп 1993-жылы ел қайда Есіл қайда,Нұра қайда деп Қарағанды облысына қоныс аудардым. Содан бері Қарағанды қаласының ғылыми зертеу орталығы,жоғарғы оқу орындарында қызмет атқарудамын. Монғопия елі бізді қуған жоқ. Ардақтады.Оқытты.Өсірді.Жеткізді. Білім берді.Тәрнбиеледі.Мәпеледі. Бір-ақ Атамекенге,Қазақ еліме деген сағыныш бізді жат елде тоқтатпады. Сол себепті Ар-ағам жырламақшы Қас тарихтың, бетке ұрып ағаттығын,
    Ата жұртым, паш етсе азаттығын,
    Жаным барда,бойымда қаным барда,
    Қалай менің тұтанбас қазақтығым,
    Өнер бердің,ән айтып шалқым барам,
    Ұрпақ бердің ұлтыма айтым барам,
    Кешір мені,туған жер, Монгол елім,
    Қазақпын ғой қаныма тартып барам-деп асығып, аңсап жетіп едік. Енді міне жас келгенде көрген күніміз мынау болды. Бір-ақ жоғардағы аға-апай,іні-қарындастар қандайда бір іс шара қолданады дегенге сенемін.Бір қазақты екіге бөліп қарауға болмас.

  2. Бейбитхан Дахбайұлы

    Азамат Кагбатұлының басына түскен қиындық меніңде басымда бар. Мен Монголияның медицина университетінде 22 жыл оқытушылық,декан қызметтерін атқардым. 1986-жылы Москва каласы А.Н.Сысин атындағы ғылыми зертеу институтында кандидатық, 2000-жылы Қазақстанда медицина саласында алғаш рет қазақ тілінде докторлық дисертация қорғаған адаммын. 2011-жылы профессор,2013-жылы халық аралық ақпаратдыру академиясының академигі атақтарын алдым. Казірде Е.А.Букетов атындағы КарМУ-де профессор лауазымында қызмет атқарамын. Елімнің болашағы үшін тер төгейін деп 1993-жылы ел қайда Есіл қайда,Нұра қайда деп Қарағанды облысына қоныс аудардым. Содан бері Қарағанды қаласының ғылыми зертеу орталығы,жоғарғы оқу орындарында қызмет атқарудамын. Монғопия елі бізді қуған жоқ. Ардақтады.Оқытты.Өсірді.Жеткізді. Білім берді.Тәрнбиеледі.Мәпеледі. Бір-ақ Атамекенге,Қазақ еліме деген сағыныш бізді жат елде тоқтатпады. Сол себепті Ар-ағам жырламақшы: Қас тарихтың, бетке ұрып ағаттығын,
    Ата жұртым, паш етсе азаттығын,
    Жаным барда,бойымда қаным барда,
    Қалай менің тұтанбас қазақтығым,
    Өнер бердің,ән айтып шалқым барам,
    Ұрпақ бердің ұлтыма айтым барам,
    Кешір мені,туған жер, Моңғол елім,
    Қазақпын ғой қаныма тартып барам-деп асығып, аңсап жетіп едік. Енді міне жас келгенде көрген күніміз мынау болды. Бір-ақ жоғардағы аға-апай,іні-қарындастар қандайда бір іс шара қолданады дегенге сенемін.Бір қазақты екіге бөліп қарауға болмас.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.