«Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы: Тұлға мен тағылым

Қайыржан ӘБИСАТОВ,
медицина ғылымының
докторы, профессор, ҚР Сақтандыру медицина академиясының академигі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 2013 жылы мамыр айында «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, аталмыш орталыққа директор болып танымал әдіскер-ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев тағайындалды. Осы мерзімнен бастап орталықтың мақсат-міндеттері айқындалып, кешенді жоспарға негізделген  жұмыстар қолға алынды. Ғылыми-зерттеу орталық жұмыстарының бір саласы – Махамбет ақын тағылымын студент-жастарға насихаттау. Осы орайда  алғашқы күннен-ақ «Махамбет дауысы» («Голос Махамбета» — «Makhambet`s voice») атты орталық жаршысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көре бастады. Жаршының тұңғыш саны 2013 жылы мамыр айында («Өркен» газеті бетінде) университет ректоры, педагогика ғылымының докторы, академик А.С. Иманғалиевтің «Махамбет рухы жар болғай» тақырыбындағы алғы сөзімен жарияланды. Газеттің бұл  нөміріндегі А.С.Қыдыршаевтың «Махамбет – ұлт патриотының озық символы» атты мақаласында бүгінгі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің атауын Махамбет атындағы БҚМУ тұрғысында өзгерту жөніндегі ұсыныс жасалды. 

2013 жылы шілденің 4-інде университет ректорының бастамасымен Атырау облысы, Индер ауданындағы Махамбет баба кесенесіне арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Университет пен аудан әкімшіліктері арасындағы өзара қарым-қатынас және ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарт жасалып, «Махамбет меморандумы» қабылданды. Меморандум шарттарының бірі ретінде ел тұлғалары Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Малайсары және т.б. мұраларын бірлесе зерттеуді ұйымдастыру және арнайы ғылыми-практикалық конференциялар өткізу жоспарға алынды. Осы кезден бастап университет ғалымдарының қолдауымен «Бабалар тарихына тағзым» атты ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция аясында биыл Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда, Жаңақала, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарына, көршілес Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Исатай батыр мазары басына арнайы зерттеуші ғалымдар тобы аттанбақ. Ал 2013 жылы қыркүйектің 16-21-і күндері аралығында экспедиция мүшелері кезекті сапарын Жаңақала және Бөкейордасы аудандары елді мекендерінде жүргізді. Әрбір аудан елді мекендері бойынша атқаратын жұ­мыстарға орайлас бағдарламасы әзірленді.
Экспедиция мақсаты – Батыс Қазақстан аймағы бойынша туған өлке тарихын зерделеуге кешенді тұрғыда кең көлемде ден қою, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, студент жастарды ата-баба тарихын терең білуге баулу.
Экспедиция міндеттері – өңір тарихына қатысты зерттеу картасының жобасын әзірлеу; Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты ақиқатты айқындай түсуі; Исатай мен Махамбеттің ататегі, ұрпақтары, туыстары туралы халық жадында сақталған шежірелік деректерді анықтау; Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан қазақ сарбаздарының өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтерді жинақтау; Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісі барысындағы маңызды оқиғалар орын алған тарихи жерлер мен елді мекендер туралы мағлұмат алу; Исатай-Махамбет бастаған азаттық қозғалысы тарихына қатысты ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен түрлі нұсқада жеткен шежірелік дереккөздерді сұрыптау; ғылыми айналымға тартылмай, осы күнге дейін беймәлім болып келген өлке тарихына қатысты әрқилы тарихи әңгімелерді айқындау; қазақ қоғамындағы тарихи тұлғалар, олардың ұрпақтары туралы мәлімет жинау; қазақ рулары, олардың орналасу тарихын білу; ел ішіндегі аңыз-әңгімелер, шежірелерге үңілу; жер атаулары, елді мекендер тарихын бағдарлау; тарихи жәдігерлер, олардың тарихын білу; Білек ақын (Соқыр қыз) ғажайыптарына туралы мәлімет жинақтау; Бектасов Әйіп шығармашылығы жайында деректер табу; қара өлең және татар жырлары үзіктерін іздестіру; Жұбан молда хикаяларын сұрастыру; майдан хаттарын жинастыруды қолға алу; Махамбет жырларының тарихи картасын жасау; «Сексен жігіт» қазасы туралы сұрастыру; «Ленин» орденді мұғалім Ғұмар Зарипов шығармашылығына қатысты материал көздерін жиыстыру; қысқа да нұсқа айтылуына байланысты ел жадында сақталған халық даналығының үзіктерін жинау; БҚО Жаңақала және Бөкейордасы, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандары аумағына қатысты жер-су атауларының мәніне үңілу, мәлімет жинау; Бөкейордасынан шыққан күйші-домбырашылар мұрасын зерделеу; Жаңақала өңірінен шыққан күйші-домбырашылар мұрасын жинақтау; Махамбет Өтемісовтің қылышын іздестіру; Төребай зиратына қатысты аңыз желісіне назар аудару; халық этнографиясына қатысты мәлімет көздерін жиыстыру; Бөкейордасы маңындағы мазарлардағы бал-бал тастар құпияларының сырын ашу; жергілікті халық этнографиясына қатысты мұралар көзін барлау. Бұған қоса көршілес Атырау облысы, Индер, Құрманғазы аудандары, Ақтөбе облысы, Қобда ауданы аумағында елді мекендерге зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Экспедицияның бағдарлы жұмыс жүйесінің арналары – өңір тарихына қатысты зерттеу картасын әзірлеу; халық әдебиеті, даналықтану-тілтануға қатысты зерттеулер жүргізу; музыкалық-этнографиялық мұралар көздерін зерделеу.
Экспедиция қорытындылары ретінде университет баспаханасынан «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Бабалар тарихына тағзым» экспедициясы материалдарының алғашқы жинағы жарық көрді. Алғашқы экспедиция нәтижелерінің І кітабы 2014 жылы мамырдың 5-інде өткен «VІ Махамбет оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жұртшылық назарына ұсынылып, тұсауы кесілді. Жинаққа Жаңақала, Бөкейорда аудандарының елді мекендеріне қатысты аңыздар желісі, Кеңес Одағының Батыры Е.Ш.Орақбаевтың кейінгі жастарға қалдырған өсиеті, аталған қос ауданға қарасты елді мекен атауларына қатысты мәліметтер, Отан үшін от кешкен ел ерлерінің майданнан жолдаған хаттары, өңірлік музыкалық мәдениет, ұстаз ұлағатын ұлықтап, ұрпақ баулу жолында аянбай еңбек етіп, оқу-ағарту жолында теңдессіз тер төгіп келе жатқан қалың елдің бел ортасындағы бір-бір академия іспеттес мектептердің тарихына қатысты мәліметтер қамтылған. «Бабалар тарихына тағзым» жинағының алғашқы парағы университет ректоры, академик А.С.Иманғалиевтің «Ұлттық тарихи жадыны жаңғырту жолындағы қадам» тақырыбындағы алғы сөзімен ашылған. Қысқасы, ұсынылып отырған жинақта алғашқы экспедиция барысында тірнектеп жинақталған материалдардың бір бөлігі ұсынылған. Осы бағыттағы дүниелеріміз мәңгілік еліміздің интеллектуалды сомдалған ұрпағын білімдарлыққа баулу ісінде кәдеге жарап жатса, мақсат биігінде болғанымыз деп пайымдауға болады.
Ақын һәм батыр Махамбет тұлғасын тереңірек танудың мүмкіндіктері дәстүрге айналған «Махамбет оқулары» конференцияларында кең көрінуде. 2014 жылдың 5-мамыры күні «ҮІ Махамбет оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы жоғары деңгейде өткенін айта кету ләзім. Ғылыми басқосу М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымының докторы, академик А.С.Иманғалиевтің «Мәңгілік Ел идеясы және махамбеттану» тақырыбындағы кіріспе сөзімен және құттықтауымен басталды. Пленарлық мәжілісте шетелдік ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Мәселен, Оңтүстік Корея Республикасының профессоры, доктор Ли Джонг Хьюннің ақпараттық технологияларға арналған баяндамасынан өзге Түркия Республикасының Ардахан университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, РһD доктор, профессор Орхан Сөйлемездің «Махамбет өлеңдеріне кейбір пікірлер» баяндамасы, сонымен бірге өлкетанушы, ақын-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және А.Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың иегері Қ.Ө.Жылқышиевтің «Махамбеттанудың кейбір мәселелері» тақырыбындағы, М.Өтемісов атындагы БҚМУ «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор А.С.Қыдыршаевтың «Ұлт феномені Махамбет ақынның тағылымдың мектебін таныту мақсатындағы қадамдар» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.
Аталған ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренияның бұрынғылардан артықшылығы – атауы «Махамбет оқулары» делінгенімен, бүгінгі заманауи ғылым салаларының өзекті мәселелерін қамтуымен ерекшеленді. Конференцияда 7 секция жұмыс жасады. Жиы­ны – 200-ге жуық ғылыми баяндамалар конференцияның макалалар жинағында жарық көрді»:
Махамбеттің шығармашылық болмысы мен рухани тұлғасын ғылымның қилы саласы бойынша жаңа қырынан қарастырған және өзге де өнер түрлерімен байланыстырған тұщымды баяндамалар қатарында М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, филология ғылымының докторы Ғ.Қ.Хасановтың «Махамбет толғауларындағы әскери лексика қолданысының коннотациялық ерек­шеліктері», М.Өтемісов атындағы БҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент З.Ж.Мүтиевтің «Махамбет рәуішті жыр немесе дидактикалық поэзияның бүгінгі заманауи болмысы (Мұнайдар Балмолда ақындығы мысалында)», М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, филология ғылымының кандидаты С.Ғ.Шарабасовтың «Облыс мектептеріндегі Махамбет шы­ғармаларының оқытылу жай- жапсары», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Ж.С.Сұлтанғалиеваның «Махамбет өлеңдеріндегі ерлік тақырыбы», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқыту­шысы С.О.Тәжіғалиеваның «Махамбет шығармаларындағы азаматтық үн», Орал қаласы №7 ЖОББМ-ның мұғалімі Э.У.Исмагулованың «Махамбет Өтемісұлының шығармаларын оқытудың тиімді жолдары», М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушылары А.Н.Шакенова мен Л.Ж.Каженованың «Махамбет Өтемісұлының күйшілік өнері» және т.б. еңбектерді атап өткен жөн.
Университетте «Махамбет» мұражайы, «Махамбет» ақпарат-технологиялар паркі жұмыс жасайды, филолог студенттерге махамбеттану курсы оқылады, әр жыл сайын халықаралық дәрежедегі «Махамбет оқулары» өткізіледі. Бүгінде батыр бабаның есімі қашан да кеңінен ұлықталады. Өскелең ұрпағы дауылпаз ақынды лайым даралап, кейінгіге насихаттауды дәстүрге айналдырған. Осы орайда 2013 жылы қарашаның 21-інде Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде республикалық «V Махамбет оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Пленарлық мәжілісте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева «Махамбет жырлары – ұлттық поэзияның негізі», медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Сақтандыру медицина академиясының академигі, Қазақстан – Ресей медицина университетінің онкология, маммология, сәулелік емдеу кафедрасының меңгерушісі, махамбеттанушы Қайыржан Әбисатов «Махамбет ғұмырнамасының беймәлім беттері», жазушы, драматург, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық ғылым академиясының академигі, университет түлегі Рақымжан Отарбаев «Махамбет мұрасы төңірегіндегі ізденістер», ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат «Махамбет поэзиясының мистикалық табиғаты (қазақ тарихына альтернативті көзқарас тұрғысынан)» тақырыптарында баяндамалар жасады. Осы конференция жұмысына Ақ Жайық өңірінің өлкетанушы ғалымдары, мектеп мұғалімдері, универси­теттің профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастары қатысты. Конференцияға келіп түскен мақалалар университет баспасынан арнайы жинақ ретінде жарық көрді.
2013 жылы шілденің 5-інде «Исатай батыр тарихы: зерттелу деңгейі, тың деректер, болжамдар» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 2013 жылы қарашаның 20-сы күні университетіміздің баспаханасынан «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен қазақ халқының ұлы ақыны, айбынды батыры, атақты күйшісі Махамбет Өтемісұлының туғанына 210 жыл толуына орай «Махамбеттанудың мәлім және беймәлім парақтары» атты кітабы жарық көрді. Еңбек авторы – медицина ғылымының докторы, жоғарғы санаттағы онколог-профессор, Атырау облысының құрметті азаматы Қайыржан Әбисатов. Аталмыш еңбекте ұлы бабамызға қатысты өз құлағымен естіп, өз көзімен көріп анық куә болған, жан-жақты терең білетін мәлім және беймәлім дәйекті деректер жүйеленген. Тіпті бұлардың көбі қалың көпшілікке беймәлім, бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер. Қысқасы, алғаш рет толық нұсқада ұсынылған танымдық мол мағлұмат берер еңбек кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Еңбек «Махамбет және тарихи кезең», «Махамбет бейітін табу, ескерткішін орнату», «Махамбет пішінін анықтау», «Махамбет сүйегінің сергелдеңі» сияқты бөлімдерге топтастырыла ұсынылған.
Ақынның 210 жылдығына орай «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Бүгінгі Махамбет ұрпағы тіл қатады» атты апталық өткізілді. Университет студент-жастарына патриоттық тәлім беру мақсатында өткізілген тағылымды шарада алты күнде алты түрлі байқау өтті.
Бүгінде «Исатай-Махамбет» атты ғылыми-танымдық журнал шығару жос­парлануда. «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының қазіргі жетекшісі, университет профессоры С.Ғ.Шарабасовтың айтуынша, журнал бетінде ақын баба есімін иеленген мекемелердің баба есіміне лайық атқарған оңды істерін үлгі ету мақсатында қаламыздағы және алыс-жақын өңірлердегі мекемелердің жарқын істері туралы ақпараттық мақалаларды, махамбеттануға, жалпы бабалар тарихына, исатайтануға қатысты зерттеу еңбектерді ұсыну жоспарлануда.
«Махамбет» ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның ұйымдастыруымен «Мәңгілік Ел-Тәуелсіз Қазақстанға – білікті маман» тақырыбында профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың шеберлік класы өткізілді. Шеберлік класының соңында жауапкершіліктің биік үлгісін танытып, тер төге еңбектене білген бір топ көшбасшы студенттерге арнайы әзірленген «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының сертификаттары табыс етілді. Бұған қоса білім ордасының студенттеріне ордалы ой қосқан сондай шараның бірі –«Махамбет баба мектебі – ұлттық патриоттық тәлім» (Ақын шығармашылығына негіз­дел­ген тіл сабақтарындағы кешенді тіл ұстарту тренингілерінің фрагменттері) тақырыбындағы орталық ұйымдастырған шеберлік класы. Аталмыш шара мамыр айының басында «VI Махамбет оқуларына» орайластыра ұйымдастырылды. Аталмыш шеберлік класының алғашқы бөлімінде студенттер Махамбет ақын өлеңдерін қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде нақышына келтіре оқып, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.
2014 жылдың сәуір айының 11-і күні, Астана қаласында университет студенттері студенттер мен ғалымдардың «Ғылым және білім – 2014» атты IX халықаралық ғылыми конференциясына қатысып, «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының 02201-топ студенті Айдана Татаханова Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ы арнайы сертификатына ие болды. Ол баба өлеңдерінің мәнін ашуға ұмтылып, «Ұлт феномені Махамбет Өтемісұлының туындыларының тілі хақында» атты баяндамасын әзірлеген болатын. Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауына орай университетімізде ұйымдастырылған «Жастар және ғылым» студенттер мен магистранттардың ғылыми апталығы аясында бір топ ғылыми жұмыс сынға түскен-ді. Апталық қорытындысында «Махамбеттанудың беймәлім парақтары» тақырыбымен додаға түскен «Филология: қазақ тілі» мамандығының 02105-топ студенті Абылай Жайнагүл жүлделі 3 орынды иеленді.
Махамбеттану және исатайтанудың беймәлім парақтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан мелекеттік университетінің ойлы ұстаз тұлғалары мен жалынды студент жастарының жарыққа шығып жатқан ғылыми-зерттеу еңбектері қашан да пара­саттылыққа жетелейтініне сенім­дімін. «Махамбет» ғылыми-зерттеу орта­лығының ұйымдастыруымен 2014 жылы маусымның 10-ы күні «Махамбеттану және исатайтанудың беймәлім парақ­тары» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелде ой-талқыға ұсынылған мәселе аясында сан қилы мәліметтер ортаға салынды. Басқосуда медицина ғылымының докторы Қайыржан Әбисатов, өлкетанушы Амангелді Құрақов сынды тұлғалар тақырыпқа қатысты соңғы кезекте табылған дерек-мәліметтерді көпшілік назарына ұсынды.
Қорыта келгенде, ата-бабаларымыздың аңсаған арманы 1991 жылы орындалып, еліміз тәуелсіздік туын қолына алып, аз мерзім ішінде бүкіл дүниежүзіне танымал мемлекет болды. Келешекте еліміздің егемендігі үшін кезінде жауларымен жағаласып, жанын құрбан еткен ата-бабаларымыздың өмір жолын тереңірек зерттеу қазіргі ұрпақтың төл міндеті.

Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.