Ұлағат

Білімнің түп қазығы, тірегі – мектеп. Мектептерге болашақ ұстаздарды дайын­дап жатқан ұжымдардың бірі Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Жаратылыстану факультетінің Биология кафедрасының оқытушылары. Сол ұстаздардың бірі әрі бірегейі – Қуаныш Есмағұл.

Қуаныш Есмағұлұлы 1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің биология факультетін өсімдіктер биохимиясы және физиологиясы мамандығы бойын­ша бітірген. Студент кезінен бастап «Биохимия, өсімдіктер биотехнологиясы негіздері» пәндеріне қызығушылық танытып, ғылыми жұмыстардың қыр-сырымен жете танысып, зерттей бас­тады. Университетті бітірген соң «Өсімдіктердегі заттар алмасу биохимиясы» ғылыми-зерттеу зертханасында аспирант, инженер, кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарды. 1989-1991 жылдары ҒА-ның «Ботаника және интродукция» институтында ғылыми, аға ғылыми қызметкер болды. Ол жылдары өсімдіктер биотехнологиясын тереңірек зерттеді.
Биотехнология – ғылым мен өндірістің жаңа саласы. Биотехноло­гияның негізгі мақ­саты биологиялық нысандар мен биологиялық үрдістердің негізінде түбегейлі жаңа технологиялар құру. Сол арқылы адамға қажетті өнімдерді алу. Биотех­нологиялық әдістердің көмегімен селекция үдерісін жүр­гізуде ежелден қолданылып келе жатқан тәсілдерді (будандастыру, мутагенез, сұрыптау, т.б.) іске асыру арқылы зор нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл биоинженерия (клеткалық инженерия, гендік инженерия) қағидалары негізінде жаңа организмдерді «жасап шығару». Осындай биотехнологиялық жолдармен өсімдіктердің жаңа сорттары, малдың асыл тұқымдары, микроағзалардың аса өнімді штаммдары алынуда. Қуаныш Есмағұлұлы осы зерттеу жұмыста­ры­ның қыр-сырларын студент жас­­тармен бөлісіп, оларды ғы­лым­ға баулуда.
1991 жылдан Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық универси­те­тінде аға оқытушы, ал 1995 жыл­дан кафедра доценті болып қызмет атқарып келеді. 2010 жылы осы университеттің ғылыми кеңе­сінің шешімімен профессор атағы берілді. Студенттерге «Биохимия», «Биотехнология», магистрант­тарға биохимия және биотехнология бойынша дәрістер және зертханалық сабақтар жүргізеді.
Кейіпкеріміз университет тарапынан бірнеше мақтау грамоталарына ие болды. 2014 жылы Қазақстан Республи­касының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Ұлағат» күміс медалімен марапатталды. Осы марапаттардың барлығы Қ.Есмағұлұлының еңбегінің жемісі. Білікті маман ретінде ғылымға жастарды тәрбиелеуде әлі де берері мол екендігіне сенеміз.

Төлеужан Әбішева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Лаура

    Ұстаздар аман болсын! Сол кісілердің арқасында балалар білім алып болашаққа қанат қағуда. Қажымай балаларға білім үйретіп, тәрбие беріп келеді. Ұстаздар қауымын әрқашан сыйлау керекпіз. Самайындағы әрбір ақ шашаы үшін жауаптымыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.