Ұлтын сүйген тау тұлға

Түріктің алтын бесігі — Алтай, ержетіп,
өсіп-өнген ордасы – Түркістан»
(Қошке Кемеңгерұлы).

XX ғасыр басындағы Алаш рухының айбыны мен айбары болған мәдениет және саясат қайраткерлері шоғырында ұлт перзенті Қошке Кемеңгерұлының әдеби және ғылыми мұрасының маңызы үлкен мәнге ие. Қыр перзентінің шығармашылығын зерттеуші Дихан Қамзабекұлы атап өткеніндей, «Алашты өркениетке дендеген жиырмасыншы ғасырдың бас ширегіндегі  талпыныстарда Қошке сынды азаматтардың еңбегін айналып өту мүмкін емес».

Қошке Кемеңгерұлының түрлі саладағы (журналистика, проза, поэ­зия, драматургия, лингвистика, аударма, тарих, әдеби сын, оқу-әдістеме) зияткерлік ізденістері ұрпақтар сабақтастығына орай, шын мәніндегі қазақ зиялы қауым санаткерлері ұстанымына сай дамып отырған қайталанбас айрықша сипатты танытады. Ол – ұлтына қызмет етуді өмірлік мұрат етіп ұстанған дарындардың өнерпаздық болмысында тоғысып жатқан әмбебаптық қасиет пен тереңдік, өз ісіне деген шынайы кәсіби сүйіспеншілік пен адалдық. Алаш ренессансын айқындаған отаншыл ұлт зиялыларына тән хас қасиеттерді коммунистер билігі күштеп танған қатал уақыттың имансыз саясаты асқақ тұғырынан шайқалта алғаны жоқ.
Алаш ардақтысының «Қазақ тарихынан» (Мәскеу. «Күншығыс» баспасы, 1924) еңбегі ел қалай отар­ланды, орыстандырудан туындаған қысымға қазақтар саяси және рухани тұрғыдан қалай қарсылық жүргізді және де ұлттығын сақтап қалуда тұтас дәуірлердің қандай қилы тарихи өткелдерінен өтті деген ділгір мәселелерді тануда отандық тарих ғылымында алғашқы әрі тың қадам жасауымен құнды. Сондықтан аталған кітапты кезінде М.Әуезов «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамедұлының «Исатай – Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қош­мұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз» деп бағалаған болатын. Жалпы өткен ғасырдың 20-жылдары Алаш зиялылары тарапынан жазылған әдеби зерттеу мақалаларда ұлттық сөз өнерінің асыл арнасын құраған елдік арқау халқымыздың тарих көшіндегі қилы тағдырымен тығыз бірлікте сараланды. Олар әдебиет – ұлттың жаны мен рухы, ары мен иманы деп білгендіктен, көркем сөзде бедерленген қазақтың мұңын, қайғысын әлеумет санасына сіңіруді басты орынға қойды. Большевиктік саясаттың өнерге жасаған өктем қысымы мен қиянатына әдебиеттің өз табиғатынан туындайтын әсемдік әлемін, өр намысты қамшылайтын еркіндік рухын қарама-қарсы қоя отырып, «Әдебиет елдің жанында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы» (Мағжан) болып табылатынын әдіптеді. Сол арқылы көркемдік танымымен тамырласып жатқан қазақтың тарихи санасы мен жадын отаршылдық бұрмалау мен сол тұста барынша дендей бастаған кеңестік ұлтсыздандырудың қасаң қағидалар шырмауынан аршуды бас­ты парызы деп білді. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Шоқай, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Қараш, М.Жұмабайұлы, С.Сәдуақасұлы, М.Әуезов, Ы.Мұстанбаев, Қ.Кемеңгерұлы өзге Алаш арыстарының әдеби және ғылыми мұрасын даралайтын басты сипат ұлттық қасиеттер рухының қаны мен жаны болып санаға сіңуінде. Алаш баласының зерделі ұрпағы мәңгілік қастерлейтін ұлт тарихын, Шыңғыс хан, Абылай, Кенесары сынды өзгеше болмыс-бітімдегі алып тұлғаларын үлгі-өнеге етуінде. Мәселен, Ғұмар Қараш «Алатаудан асып барып жайлаған, Беткейінде құлын-тайың ойнаған, Ойына алған ісін етпей қоймаған, Ел емес пе ең, жұртым, саған не болды? Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел, Қарсылаған дұспан жауын қуған ел, Емес пе едің, жұртым, саған не болды!?» («Саған не болды?»), Сәбит Дөнентайұлы «Хан болған Бөкей, Жәңгір, Абылайың, Ер болған Кенесары, Наурызбайың. Сықылды Төле, Едіге биің өтті, Көп қозғап ескі дертті не қылайын. Туғыздың нелер сұлтан, арыстанды, Өткіздің талай бағылан, серке санды. Басыңда сол бір дәурен тұрған шақта, Кім саған көз алартты, беттей алды» («Сарыарқа анамызға») деп жырлады.
Қошке Кемеңгерұлының сан қатпарлы шығармашылығы Алаш санаткерлерінің рухани және саяси арнадағы іргелі ізденістерінің заңды жалғасы бола отырып, отаршылдық қысымдағы қазақ ұлтының ­руханият әлемінің болмыс-бітімін тарихи тұрғыдан нақты зерттеу өзегіне алуы­мен дараланады. Қазақ халқының тарихына арналған М.Тынышпаевтың «Материалы к истории киргиз-казакского народа» еңбегі 1925 жылы, С.Аспандияровтың «История Казахстана с древнейших времен. Т. І», «Қазақ тарихының очеркі» 1935 жылы жарық көргенін ескерсек, Қошкенің «Қазақ тарихынан» (1924) зерттеуі отандық ғылымның осы саладағы алғашқы ізашар, тұңғыш ғылыми тәжірибе бастауы болуымен құнды.
Кітаптың Ғаббас Тоғжанов жазған кіріспе мақаласында орынды айтылғандай, «Біздің қазақ әлі кітапқа кедей. Әсіресе, қазақ тарихынан жазылған кітаптар жоқ. Міне, қолдарыңыздағы кітапша қазақ баспасөзінде қазақтың саяси тарихы тұрмысынан жазылған тұңғыш кітапша» еді. Өз кезегінде Смағұл Сәдуақасұлы тілімен айтқанда «Қазақ жұртының тарихын жазу – қазақ білімпаздарының алдында тұрған зор мәселе» болатын.
«Қазақ тарихынан» кітабының «Меңгеру жайы», «Мәденилеу орыс қандай үлгі берді?» атты бөлімдерінде ғасырлар бедеріндегі отаршылдық пен ұлттық рухтың текетіресі халқымыздың саяси-әлеуметтік өмірін және руханият әлемін тығыз бірлікте қарастыру барысында байыпталған. Орыс отаршылдығының халқымыздың рухани жан дүниесіне күштеп танған қиястығы, діни наным-сеніміне жасаған қысымы Алаш қалам қайраткерлерінің қандай да болмасын әдеби зерттеулерінде, мақалаларында өзекті тақырып тұрғысынан көтеріліп отырды. Мысалы, Ж.Аймауытұлы «Мағжанның ақындығы туралы» еңбегінде «Патшаның отаршылдық, озбырлық саясаты кімнің болса да арқасына аяздай батты. Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып әпере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылнай, школ, миссионерлер тартты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды» деген пікір айтса, М.Әуезов «Әдебиет тарихында» «Патша үкіметі қазақ даласын уысынан шықпайтын қылып, бағындырудың саясатын бұрыннан ойлап, дайындап жүрген жол бойынша жылдамдатып жүргізе бастады» деп айқындады. Міне, Қ.Кемеңгерұлы халқымыздың отарлану тарихын тарата баяндай отырып, Ресей империясы тарапынан жүйелі жүргізілген орыс­тандыру саясатының түпкі мақсатына үңіледі. Мәселен, «19-ыншы ғасырдың басында қазақты шоқындыру саясаты туды. Мұны орындау үшін ел арасына миссионерлер шыға бастады. Бұлардың ісі ұлттыққа зияндығы сезіле бастаған соң, қазақтар қарсы құрал қылып, ісләмға өте бейімдеді» деген пікірімен орыстандырудың түрлі айла-шарғысының бірі шоқындыру арқылы ұлттық ділден айыру болғанын ашады. Зерттеуші қазақ даласында миссионерлік мектептер ашылғанан айта келіп, қазақтарды орыстандыру –Ресей империясының басты мемлекеттік ұстанымы болғанын «Қазақтың өзінен миссионер жасалмақшы болды. Бері келе христиан дінін «идеал» қылып ұстаған миссионерлер хүкіметтің саяси құралы болды. Хүкімет бұратаналарды орыстандыру жолына өте қызу кірісті. Еуропа соғысының алдында 1912 жылы Святейший Синодтың мынадай пікірі болды: «Бір қазаққа екі орыс көрші болса, қазақ кедейленеді. Содан барып қазақты орыс қылу оңай» деген» деп түйеді. Ал Ақан сері «Мархамат патшамыздан ала алмадық. Иә Бұқар кетеміз бе, иә Түркия? Ородниктің (урядник) астында қалғаныңша, Тіршілікте іздеңіз исламия, Бір үш кез жер тимейді өлгеніңде, Бұ не кеп, бұ не қасірет қамкіния!» деп егілген Ақан сері наразылығын ақын Мағжан айта келіп, «Інжілдің» аяты шіркеуде ән салуға ғана жарап қалғанын, үкіметтің төбе-төбе, том-том закондарымен іс қылатынын, олар болса бір сәрі-ау, жанаралдардың «тауығыңның тұмсығы қанаса, көршіңдегі қазақты қират» деп шығарған бұйрықтарымен қимыл қылатынын Ақан сорлы қайдан білсін!» деп жазды. Сондықтан шоқындыру саясаты ғалым ­Мекемтас Мырзахметұлы пікірімен түйгенде «Ресей империясының шет аймақтағы бұратана халықтарды тұтас шоқындырып орыстандыру жайындағы жүргізген миссионерлік саясаты қыры мол көпсалалы, жос­пар­­лы әрі өте күрделі, мейлінше кертартпа мемлекеттік дәстүрлі сая­сат болатын-ды». Мұндай отарлық өктемдікке деген ұлт наразылығы ХІХ және ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміздің басты өзегі болды. Мәселен, Нарманбет Орманбетұлы Ресей империясының осындай жымысқы әрекетін «Патшаның тағы бір политикасы» (1897) өлеңінде айыптап, шоқындыру саясатына тұтас әлеуметтің қарсылығын жеткізді. Халықтың діні мен діліне беріктігін «…Елге шықты екі-үш топ, Айнытам деп әуре боп. Ақшаны көп берсе де, Ешкім тілін алған жоқ. Үкімет сөзін бұзбайды, Бұзған соң үміт үзбейді; Елу сом беріп айнытып, Тауып алды Дүзбайды. Ендігі жолға лағынет, Ағайынға қойып жаман ат – Іріп-шіріп босқа өлді, Білгенге осы ғибрат» деп жырлады. Міне, Қошке Кемеңгерұлы өз еңбегінде иманы күшті қазақтың рух асқақтығын танытып, діні мен ділін сақтап қалуына ерекше екпін жасады. «Дүниеге қызығып орыс қалаларындағы қазақ жұмыскерлерден, ашаршылық жылдарда өлім халіне жеткендерден, рудан пана таба алмай қалаға тығылған ғашық жарлардан бірен-саран шоқынғандар болды. Бұлардың ішінен де көбі біраз жыл тұрып, сахараны сағынып, қайтадан қазаққа шығып кетті. Миссионерлердің ашық үндей бастағанынан Семей облысынан Қытай шығып кеткен елдер, Кіші жүзден Бұқара, Хиуа, Кіші Азия, Түркияға шығып кеткен ауылдар болды». Мұндай құнды тарихи деректер халқымыздың өткенін еш боямасыз тануда қаншалықты маңызды екенін бүгіндері айрықша сезінуіміз тегін болмаса керек.
Ресей отаршылдығының ұлтсыз­дан­дырудан өрістеген саяси өмірінің ағымы мен ағысын терең екшеген Қошке қазақ даласындағы орыс мектептері ашылуының ілкі себептері бейбауырмалдық «қамқорлықтан» емес, империялық қаскөйліктен екенін дұрыс көрсетеді. Бұған қатысты «Үстірті қарағанда хүкімет те қазақ үшін тырысқан сияқты. Бірақ хүкімет ісінің ішін ақтарсаң, арамдығы аңқып шыға келеді. Хүкімет қазақ баласын оқытқанда білім алсын, елін ағартсын деп ойлаған жоқ. Қазақтың жас баласын елінен айырып, орыстың рухын сіңдіріп, қазаққа орыстың идеясын тарататын үндеуші қылу мақсатында болды. Жалпақ қазақ елінің білім-өнерге бейіл бермей жиіркенуі, тарихи көзбен қарағанда табиғи» деген көзқарасын білдіреді. Сол арқылы күні кешеге дейін қиястықпен бұрмаланып келген «ресми» тарихтың талай ақиқатына қаныға түсеміз де Ресейге «өз еркімен» «қосылған» халқымыздың басынан өткерген күрделі кезеңдердің қилы асуларындағы тағдыр-талайын танимыз. Сонымен қатар қырда ашылған орыс мектептерінде алған «оқудан» ұлттық психологияда орын ала бастаған келеңсіз өзгерістерді де Қошке жіті аңғартады. «Елде жүргенде кім болса содан таяқ жейтін, «бір бүтін көйлек кисем, бір тоя тамақ ішсем» дейтін нашар балалар шала-бұла уездік школды не бітіріп, не бітірмей тілмаш переводчик, шолақ адвокат болып, идеалын ақша, мал, жылтыр түйме, ақ жағаға айналдырып жіберетін болды. Орыстандырудың аяғы келіп ауылнай школға соқты. Қазақтың балдырғандары жас баласын ана тілінен айырып, орыс тілімен оқытатын болды». Демек, бүгінгі таңда отаршылдық таңған құлдық санадағы жара, яғни ана тілін мәңгүрттікпен мансұқтау зардаптарынан түбегейлі арылуда, алтын тұғырына беталған қасиетті қазақ тілінің өрісін кеңейтуде қордаланған талай түйінінің күрмеуіне ой салатын Қошке толғамдары тарих толқынындағы ел шежіресінің тағылымына жетелейді.
Отаршылдық саясатқа деген ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихи мән-мағынасын бағалаудағы Қошке тұжырымдары да терең. Мысалы, кітаптың «Қарсы қозғалыстар» бөлімінде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті «Кенесары қалың қауымға қауға түскен бір шағым оттай болып, халықтың толқынын көтеріп жіберді» деп бағалайды. Ұлт наразылығына қатысты құнды тарихи деректер келтіре отырып, жеңіліс себептерін зерделейді, тарих тағылымына үңілдіреді.
«Қазақ тарихынан» еңбегінің қай тарауы болмасын қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өмірінің ең өзекті мәселелерін жан-жақты да терең білгірлікте талдауымен назар аудартады. Қазақ психологиясына отаршылдық танған жат өзгерістер мен орыстандырудан өрістеген оспадарлықтардың да «қазақ тұрмысында шаруа, рухани, мінез тарауларына үлкен із қалдырғаны» кеңінен қарастырылып, өмірдің өзінен алынған нақты мысалдармен негізделеді. Әсіресе, «заң – закон­мен» жүзеге асырылған зорлықшыл өмір иірімдеріне парасатты да ойлы көзбен қарауы, ұлт қайғы-қасіретіне жан-тәнімен енуіндегі отаншыл сезім күйлері сүйсіндіреді. Бұған «Әділді, адамшылық аңғарымен атқарылған заң болмады. Қамшының өрімі, қылыштың қыры қазақтың үстінде ойнағаны, кедейдің кер шолағының алым үшін алынғаны, бейкүнә ұсталған жұмысы тексерілмеуі, абақтыда шірігені, адам ақыны парасыз іздеп ала алмауы, кірін жуып кіндік кескен жерінен қуылуы, бақ-дәреженің парамен табылуы – бәрі закон атымен істелді. Қайткен күнде де закон қазаққа дем алдырмайтын тұмылдырық болды. Қазақ пара мен тұмылдырықты тесіп тыныс алатын болды» деген толғанысын мысалға алсақ Қошкенің азаматтық тұлғасына тән ұлтын сүйген тау тұлғасы жарқырай көрінеді.
Еңбектің ендігі бір құндылығы – қазақ ұлтшылдығының тууы мен өрістеуінің бастапқы түпкі арналары мен кейінгі заңды жалғасының анықталып, жүйелі қарастырылуы. Ол біріншіден, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанғазы Уәлихановтардың ұлтшылдық ұшқынын шашыратып, от бергені, ірге қалап, ту көтергені, екіншіден, Әлихан Бөкейхан, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтердің баспасөз арқылы әлеуметтік мәселелерді көтергені, үшіншіден, 1905 жылғы төңкерістен кейінгі тарих толқынында ұлт санасын ояту, құлдық санадан арылту мәселелерінің ұлт зиялыларының ­саяси және шығармашылық күретамыры болғанын саралау барысында айқындалған. Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік мәселелерін рухани өмір ағымымен тығыз бірлікте саралаған Қошке елдіктің ұраншысы болған ұлт әдебиетіндегі түбірлі өзгерістерді жіті аңғарып: «Қазақты білім-өнерге шақырған, ескілікті мінеген әдебиет 5-ші жылдан кейін туа бастады» деген пікірін негізге алғанда да оларды нақты мысалдарымен дәлелдейді. Мәселен, «Қазақ елінің әртүрлі тұрмыстың жұмбақтарына кездесіп, даң болып тұрған кезіне «Қырық мысал» мен «Оян, қазақ!» дөп келіп, әлеумет жұмбақтарын шешкендіктен, елді оятқан үлкен күш болды» немесе «Қазақ» газеті саясат ауруын қарайтын тамыршы болып үкіметтің арам ойлы сырларын қазақтың кестелі тілімен қалың қазаққа ұғындырып отырды» деп түюі соны айқындай түседі.
Санаткер еңбегіне тән атап өтерлік сипат өзі қарастырып отыр­ған қоғамдық өмірдің рухани мә­селелерін кеңінен талдауындағы ғылыми принциптілік деуге болады. Ол әдеби тіл тазалығы, «Айқап» пен «Қазақ» басылымдары арасындағы қайшылықты ашуда, ұлт әдебиетінің дамуындағы баяулықты зерделеудегі ой-пікірлерінен анық аңғарылады. Мысалы, «Қазақ әдебиетінің өрісі кеңімеді. Романға ұқсас «Бақытсыз Жамал» мен «Қалың мал» шықты. «Азамат», «Маса» және Шәкәрімнің поэмалары, шежіресі, айнасы, Қараштың «Аға тұлпар», «Бала тұлпары» шықты. Бастауыш мектептер үшін біраз оқу кітаптары шықты. Абай кітабы басылды» деп руханият әлемін кеңейту қажеттігін басты орынға қояды. Абай өлеңдерінің мезгілінде жарияланбауы қазаққа тиісті рухани әсер бере алмағанына да налиды. Әлихан Бөкейханның ұлт алдында атқарған тарихи ерен істерін бағалай отырса да «қазақ алдында өтемеген борышы: «Біліммен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп, құрдас болса да, қазақты салмақтаған, келешекке бағыт көрсеткен «пәнді еңбек» істемегені» деп табуы да тарих көшінің соңында қалған халқының тағдырына бейжай қарай алмаған Қошке сынды арда азаматтың ұлтының рухани өркендеу арқылы тезірек өркениет жолына түссе деген заңғар мұратын әрі осы мақсат биігіне жетуде қайраткерлер жауапкершілігін қамшылауын танытады.
Қорыта айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Қошке Кемеңгерұлының отандық тарихтағы «Қазақ тарихынан» атты іргелі зерттеуі отаршылдық саясат зардаптарын терең тануымызға, ұлтсыздандыруға бой алдырмаған отаншылдық рух асқақтығын байыптауымызға мүмкіндік беретін іргелі еңбек. Алаш қозғалысын зерттеуші Мәмбет Қойгелді «Бұл ретте олар өткен тарихты қызықтаудан, оны әсерлеуден алыс болып, керісінше, оған риясыз шындық тұрғысынан дәл баға беруге тырысты» деп ұлт зиялыларының тарихи еңбегін бағалағанындай, қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік мәселелерін рухани өмірдің өзекті арналарымен тығыз сабақтастықта зерделеген Қошке Кемеңгерұлының парасатты пайымдары елшілдік ілкі қасиеттерді санамызда жаңғыртуымен құнды.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
«Алаш» мәдениет және рухани даму
институтының жетекші ғылыми қызметкері

Қошке Кемеңгерұлы

ЕЛГЕ ХАТ

Жаздым сәлем жаныма,
Өмір серік жарыма.
Көппен көрген ұлы той,
Сағындым деп налыма.

Жаздым сәлем ботам деп,
Жүрген шығар «папам» деп.
Зәйра, Нартай, Сәулежан
Келеді әкем кашан деп.

Жаздым сәлем анама,
Сағындым деп жылама.
Кісі тонап, ат ұрлап
Жатқаным жоқ жалада.

Зәйра, Нартай, Сәулежан,
Көңіліңе мендей бола ма,
Үш ботамды үш сүйсең,
Қам кеуілің тола ма?

Жаздым сәлем Әндарға,
Тілегі бір жандарға,
Күлсім менен үш ботам,
Бір жылша қонақ ортаңа.

Жаздым сәлем, төрт жеңге,
Жатқан қайның түрмеде.
Еркелігін Күлсімнің,
Көтеріңдер аз күнге.

Жаздым сәлем, Нариман,
Бауырдай едік бір туған.
Жазығым жоқ инедей
Неден жала жабылған?

Жаздым сәлем Қасымға,
Түскен заман бір сынға.
Шамаң келсе қарайлас,
Күлсім мен үш құлынға.

Жаздым сәлем Мақаңа,
Таршылықта шын аға.
Көрмелейді қысқа жіп,
Жоқшылыққа не шара.
Ойын көркі үлкенмен,
Көңіл көтер бір пара.

Жаздым сәлем бауырға,
Неде болса жазуда.
Қойдан қоңыр жуас бол,
Асаулықты қалдыр да.
Ағайынмен тату бол,
Көңілдерін қалдырма.

Жаздым сәлем, Қошақай,
Қалмаған көңіл, айнам ай,
Үш ботамды еркелет,
Жүрсін мені ойламай.

Жаздым сәлем, Қадиша,
Жабыққан көңіл аз мұнша.
Күлсім менен үш ботам,
Қонақ болды бір жылша.

Жаздым сәлем, ағайын,
Сарғайдым білмей ел жайын.
Ат атауға жерім тар,
Жалпыға сәлем жазайын.

Жаздым сәлем, жамағат,
Кебенек киген оралат.
Күлсім менен үш ботам
Мен барғанша аманат.
Аш-жалаңаш қалмасын,
Көптесе көмек табылат.
1932
АБАҚТЫДАН ХАТ

Ашығып үш күн болды кетті шама,
Ауыр ой бойды билеп жүрек жара.
Осыдан олай-бұлай болып кетсем,
Жеткізер кім сәлемді мұңлы анама.

Ашығып үш күн болды төсегімде,
Жатырмын белді буып тәуекелге.
Осыдан олай-бұлай болып кетсем,
Жеткізер кім сәлемді туған елге.

Ашығып үш күн болды арғаныма,
Тағдырдың кім көнбейді салғанына.
Осыдан олай-бұлай болып кетсем,
Жеткізер кім сәлемді жан жарыма.

Ашығып үш күн болды жаттым төзіп,
Жатырмын жас өмірден күдер үзіп.
Жан жарым, жандай көрген үш құлыным,
Қаласың әлде кімге көзің сүзіп.

Қамалдым өткелі жоқ терең жарға,
Әділдік таба алмадым амал бар ма?
Осыдан олай-бұлай болып кетсем,
Жеткізер кім сәлемді жолдастарға?

Ашығып үш күн болды жатқаныма
Нәр қылып қара суды тартқаныма.
Осыдан олай-бұлай болып кетсем,
Жеткізер кім сәлемді үш ботама.

1930

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.