Өмір сүрудің өзі ерлік

Мұстафа Көкебаев 1888 жылы дүниеге келіп, өзі өмір сүрген кезеңнің қызығы мен шыжығын бір адамдай бастан кешіріп, 77 жасында дүниеден өткен. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, 4 баланың әкесі болған, олардан өрген ұрпақтарын көрген, ешқашан еңбексіз отырмаған, ешкімнің ақысын жемеген әрі ешкімге қол жайып көмек сұрамаған. Былай қарағанда мыңдаған өмірбаянның бірі.
Кездейсоқ танысқан осы өмірбаянда дегенмен назар аударарлық бір нәрсе бар көрінді. Мұстафа Көкебаевтың өз қолымен жазған барлық өмірбаяндарында: «1907 жылдан бері туған жерімде болған жоқпын, сотталған жоқпын, қуғын-сүргінге ұшыраған жоқпын…» деген деректер кездеседі.
«Бөкей бөлімшесінің меңгерушісі, бұған дейін Бөкей облыстық атқару комитетінің ­жауапты хатшысы қызметін атқаруға М.Көкебаев тағайындалды. Оның тұсында, Сейітқали Меңдешов, Ғабдулғазиз Мұсағалиев, ­Халил ­Есенбаев, Тамамдар Сафиев, Ишанғали Меңдіхановтар мүшесі болған коллегия құрылды. Хатшысы А.Ахметов болды. Бөлімше коллегиясының әрбір мүшесі бөлім секцияларының біріне жетекшілік ететін болды. Мысалы, И.Меңдіханов – баспа жұмыстары секциясына, Ғ.Мұсағалиев – мәдени-ағарту, Х.Есенбаев пен С.Меңдешов – аударма, Т.Сафиев – көпшілік ұйымдастыру секцияларына жетекшілік етті.

Бұлардың бәрінің де революцияға дейінгі жолы қарама-қайшылықта, күрделі болды. Қателіктері, көзқарас қайшылығы, ізденістері мен қоғамдық белсенді жұмыстары оларды социализм идеяларына, Кеңес өкіметі үшін шығармашылыққа алып келді. Бұл жергілікті қызметкерлер Кеңес өкіметіне коммунист болып келген жоқ, олардың саяси да, революциялық та тәжірибесі жоқ еді.
Бөкей бөлімшесінің меңгерушісі Мұстафа Көкебаев 1888 жылы Бөкей ордасы Бірінші Примор округының Мыңтөбе мекенінде, балықшының отбасында туған. 1907 жылы Хан-ставкасындағы қалалық төрткластық училищені, ал 1910 жылы Омбы малдәрігерлік училищесін бітірген.
Омбыдағы оқуы кезінде М.Көкебаев либерал­дық студенттік оппозициядан социалистік әдебиетті зерттейтін үйірмелердегі жүйелі сабақтарға ауысады, Татария социал-демократтарының органы «Орал» газетінің тұрақты оқушысы болады.
1907-1917 жылдары М.Көкебаев Астраханьда мал дәрігері болып істеген және осы жылдарда қазақ демократы Мұхамеджан Сералин шығарған «Айқап» журналына мақала жазып тұрған.
М.Көкебаев Қазақ даласынан сыртта жүрсе де, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты шын жүрегімен жоқтаған және қолдаған интеллигенттердің бірі болды. Ол Бірінші Приморье округінде Исатай Таймановтың немересі бастаған қарулы көтерілісті де қызу қолдады. Көтерілісшілер округке келген жазалаушы отрядпен қақтығыста жеңіліп қалды.
Көтерілістің жетекшісі Өтепқали Исатаев және оның қосшылары М.Мәутенов, И.Төленбаев, Н.Кентаев, Б.Жанбаев және басқалар тұтқындалып, Астрахань түрмесіне қамалды. Олармен бірге көтерілісшілерге идеялық демберушілер ретінде Бөкей ордасының белгілі қоғам қайраткерлері Сейітқали Меңдешов пен Нұғман Залиевті де қамады. Патшалық биліктің үкімімен олар негізінде аштан өлуі керек еді. Сол айларда М.Көкебаев өз басына төнген қауіпке қарамастан, түрмеге азық-түлік жеткізіп, басқа көмектер де көрсетті. Бұл жөнінде кейін С.Меңдешов үлкен алғыспен еске алды.
Октябрь революциясын М.Көкебаев қуанышпен қарсы алды. Астрахань қаласының бірінші Кеңесінің жұмысына қатысты. Осы кезеңде 1917-1921 ж.ж. атқарған барлық жұмыстарында ол іскер, нағыз қайраткер екенін көрсете білді. 1921-1926 жылдары М.Көкебаев Саратов университеті заң факультетінің студенті, оны бітірген соң Орал губерниялық жобалау, Алматы округтік жобалау, Қазақ АССР-нің Мемлекеттік жобалау салаларында қызмет етті. 1937 жылдан бастап ол Шымкент педагогикалық институтында педагог ретінде жұмыс жасады. М.Көкебаев 1964 жылы Шымкентте қайтыс болды».
Бұл С.Зиманов, С.Дәулетова, М.Ысмағұлов­тардың «Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР» атты кітабында М.Көкебаев жайлы айтылған тұжырымдардан үзінді. Оның саналы өмірі мен қызметі туралы қысқа болса да толық ақпарат деуге болады. Өзі ес біліп, етек-жеңін жиғаннан бастап, заманының талабына қарай, халқының игілігіне, болашақ ұрпақтың санасына сәуле түсіруге еңбек еткен адам.
Ендеше, сондай адам барлық анкеталық сұрақтарға, барлық өмірбаяндарында: «1907-1917 жылдар арасында туған жерімде болған жоқпын, әскер қатарында болған жоқпын, партия қатарында болған жоқпын, сотталған жоқпын» деп жауап береді. Бүкіл өмірі, қызметі өзі өмір сүрген кезеңнің айнасындай-ақ адам емес пе?
Сөйтсек өмірбаянның арғы жағында да өмірбаяндар болады екен. Бір қоғамның бет-бейнесін екінші қоғам айқындайды. М.Көкебаевтың негізгі «сенімсіздігі» хан тұқымына үйленгені болса керек. Әрине, алашордашыларға, демек қазақ халқының өзіндік көзқарасы болуы керек дегендерге бүйрегі бұрғаны да бар. Қазақ даласында қазақ балаларына арнап ашылған Ордадағы төрткластық училищені бітірген, одан Омбыда 3 жыл оқыған жиырмадағы жігіт өз заманы үшін сауатты, әлеуметтік көзқарасы айқын қалыптасқан азамат болатын. Сондықтан жаңа заманның бағытына қарай өз халқының мұқтажына қызмет ету керек дегендердің қатарынан табылуы заңды еді.
1910-1917 жылдары М.Көкебаев алғашқы мамандығы бойынша Астраханьда малдәрігерлік фельдшер болып жұмыс істейді. Сол кезде қаладағы большевиктер ұйымымен, оның белсенді мүшелерімен байланыс орнатып, пікірлес адамдардан елдің жағдайын тереңірек білгені болашақ қызметтеріне бағыттағандай.
Өйткені осы жылдарда ол түйе шаруашылы­ғының жай-күйі жөнінде монографиясын шы­ғарады. Бұл сол өңірдегі шаруашылықтың маңызды саласы болатын. Осы кездегі тәжірибесі, яғни «Айқап» журналына мақала жазып тұрғаны, баспасөздің бұқараға әсерінің маңызын түсінгені Бөкей облыстық атқару комитетінде тиімді әрі жемісті жұмыс істеуіне көмектеседі. Бұл өңірде Елеусін Бұйрин бастаған алдыңғы қатарлы қазақ қайраткерлерінің еңбегімен 1911 жылы халықтық-демократиялық бағыттағы «Қазақстан» атты бірінші ұлттық газет шыққаны белгілі. Содан кейін қазақша «Ұран», қазақша-орысша «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттер шығып тұрды. Ақыры бұлардың бәрі жабылып, 1919 ж. РСФСР халық комиссариаты Қазақ ұлттық бөлімінің Бөкей бөлімшесі ресми органы ретінде «Дұрыстық жолы» газеті, кейінірек «Мұғалім» журналы шықты. Осы басылымдардағы аударма комиссиясының жұмысы өте жемісті болды. Комиссияға бөлімшенің ең сау­ат­ты әрі таңдаулы қызметкерлері: М.Көкебаев, Ғ.Мұсағалиев, Х.Есенбаев, И.Меңдіханов, Т.Сафиевтер кірді. Бұл М.Көкебаевтың халық ағарту саласында белсенді жұмыс істеген кезі. Әрі түпкілікті жол болды.
Осы кезеңде Ғабдолхакім Бөкейхановтың апасы Рахила Бөкейхановаға үйленеді. Ғабдолхакім Бөкейханов – Ішкі Орда ханы Бөкейдің немересі, белгілі күйші Махамбет Бөкейхановтың інісі, өнерді де, қоғамды да түсінген қайраткер. Заманының жаңалығын оң қабылдап, ұйымдастырушылық қабілетімен, білімімен, өз заманына адал қызмет еткен ақсүйек, зиялы тұлға. Ағасы Махамбет Бөкейханов дәулескер күйші, 1926 ж. өз ауылында А.Затаевичті 2 ай ұстап, оған 30-дан астам күй берген, қазіргі Құрманғазы атындағы академиялық ұлттық оркестрдің ұйымдастырылуына көп еңбек сіңірген адам. Затаевичке Ғабдолхакім де 30-ға тарта ән-күй жаздырған. Әкеден қалған мал-мүлікті өз еріктерімен өткізіп, бойдағы өнері мен білімін қоғамның игілігіне жұмсаған, шын мәніндегі ұлтшыл, халықтың болашағына көрегендікпен қызмет еткен азаматтар 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, мезгілінен бұрын көз жұмды.
Осындай адамдармен жақындығы үшін М.Көкебаев НКВД-ның бірнеше тергеуінен өтсе керек. Өзінің өмірбаяндық анықтамалығында көрсеткендей, 1907 жылдан бастап аудармашы, санитарлық фельдшер және кеңесші, мұғалім әрі газет қызметкері сияқты гуманитарлық салада қызмет істеген адам неліктен күдікті болуы мүмкін? 1921-1926 жылдары Саратов университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін сырттай оқып бітірген Көкебаев француз, латын, араб тілдерін білемін деп анкетада көрсеткен. Себебі Ордадағы гимназияда ашылған кезден бастап дін сабақтары үшін араб тілі, жалпы білім үшін орыс тілі, қазақ (ноғай, татар) тілдері оқытылған. Қазақ балалары үшін осы мектеп-гимназияны ашқан Жәңгір хан көзінің тірісінде оқушылардың математика, тіл салаларындағы білімін өзі тексеріп отырған. Ханның өзі неміс, француз, орыс, араб, татар тілдерін білгені тарихтан белгілі.
М.Көкебаевтың осындай жан-жақты білімі мен сауаттылығы Кеңес өкіметінің шала сауатты қызметкерлеріне күдік туғызуы да мүмкін. Себебі қуғын-сүргінге ілінгендердің бәрі шетінен «жапонның жансызы», «немістің тыңшысы» деген дүдәмал айыптаулармен атылушы еді ғой. Мұстафа Көкебаевтың кіші қызы Айманның пайымдауынша, әкесі ерекше тағдырлы, «қазақтың Ломоносовы» дегендей білімді адам болған. Оны істеген қызметтерінен де шамалауға болады. Мәселен, 1924-1930 жылдары Орал мен Алматы облыстық жобалау бөлімінде сектор меңгерушісі, Түркістан-Сібір теміржолын салуға көмек комитетінің хатшысы болған. Ал 1930-1932 жылдары Қастек үлгілі ауданында экономист, Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінде орындаушы-куратор, 1932-1934 жылдары Қазполиметалда экономист және техникалық бөлімнің меңгерушісі, 1934-1937 жылдары Ташкент жылқы және түйе шаруашылығы зоналық стансасында ғылыми қызметкер болған. Осы соңғы мекеме оның мамандығына, яғни малдәрігерлікке тікелей байланысты. Бұл тақырыпқа ол жиырма жыл бұрын Астраханьда жүргенде монография жазған. Демек, қазақ тіршілігінде маңызы зор осы салада түбегейлі терең зерттеулер жүргізу бұрыннан жоспарында болған сияқты. Бірақ адамның ойлағанына қоғамның әртүрлі өзгерістер енгізе беретіні болады ғой. М.Көкебаев та сондай қиыр-шиыр жолдардан өтті. Революция болды, әртүрлі ағымдар өтті, алысты қойып, ағайындылар қарама-қарсы тұратын замандар келді. «Адамның басы – Алланың добы» дегенді айтқан қазақ басынан өткізді ме, әлде қандай да бір философиялық тұжырым жасады ма, кім білген… Бірақ сол басты аман сақтау және әрқашанда өз иығында сақтау әжептәуір сын болған замандар келді. Сол кезде М.Көкебаев басын да, бас қосқан отбасын да аман сақтап қалды.
Бірде мектептен жүгіріп келген Айман: «Мама, Сталин заманында өмір сүрген біз қандай бақыттымыз!» деп қуанғанда анасы Рахила Бөкейханова ақырын ғана «Миколай заман да жаман емес еді» деп жауап беріпті. 1937 жылы дүниеге келген Айман «Миколай заманның» қандай болғанын қайдан білсін? Бірақ сол заманда өмір сүріп, білім алып, екі қоғамды салыстыра алатын, артық-кемін таразылай алатын әкесі немесе нағашыларының ештеңе айта алмағанын есейген кезде білгеніне өкінеді. Отызға жетер-жетпесте анасының шашы ағарып кеткен себебін де кейін түсінді. Бір көйлегі бір үйдің құнына тұратын байлық болатынын да бертінде пайымдады. Дегенмен, шын мәніндегі рухани байлық, ұлттық құндылық, патриоттық деген ұғымдарды күнделікті тіршілігімен түсіндіре білген ата-анасына риза. Жасауын тоғыз түйеге теңдеп ұзатылған анасының үлкен сандығындағы небір асыл дүниелерді көргені есінде. Соның ішінде анасының өз қолымен кестелеген, тіккен, тоқыған бұйымдары да болушы еді. Шынымен ақсүйек, тәрбиелік тағдырында кездескен небір қиындықты шыдамдылықпен көтере білген, балаларына әке сыйлауды, ағайынды құрметтеуді үйретіп кеткен анасының адамдық болмысына қазірге дейін таңғалады. Бір-бірін айтқызбай түсінеді, ішкі ойын көзбен ұғысады дейтіндер осы өзінің ата-анасы сияқты адамдар екенін мақтана еске алады. Өзі қатал, мінезі ауыр деп түсінетін әкесінің ұстанымына берік, отбасы мен ағайынға адал, қызметіне ар-ожданымен жауапты болғанын да енді түсінеді. Иә, әкесі шынымен Азамат еді. Небір лауазымды, беделді қызметтер атқарғанына қарамастан, М.Көкебаев 1937 жылы Шымкентке көшіп, қарапайым мектеп мұғалімдігіне ауысты. Алғашқы кезде ауыл-ауылды жаяу аралап жүріп қызмет еткен М.Көкебаев, кейінірек Шымкенттегі педагогикалық институтта мұғалім болады. Көп жыл бойы осындағы психология және педагогика кафедрасына жетекшілік етті.
Әкесінің: «Адал адамның ұйқысы тыныш, өмірі жеңіл болады» деген тәрбиесін Айман ылғи есіне алып отырады. Студенттердің әдіс-тәсілі әр заманда да ұқсас болса керек. Бір жолы сырттай оқитын студенттердің бірі емтиханда көмек бола ма деп, мұғалімнің үйіне қой алып келген ғой. Бұл кісі қойды сүйреп апарып ректордың кабинетіне кіргізіп жіберіпті. Содан кейін білетіндердің арасында: «Көкебаевқа қой керек емес екен, бізге керек болып қалуы мүмкін» деген әзіл тарап кетіпті.
Тағы бірде сол сырттай оқитын студенттерден емтихан алып шаршаған мұғалім, төмен қарап тыңдап отырады ғой. Кенет ашуланып: «Мына шұлық пен бәтеңке енді менің алдыма келмесін» деп бүкіл курс үшін емтихан тапсыруға бел буған мүттәйімді қуып шығыпты. Мұндай әңгімелерді әкесін сағынған Айман қайталап айтып отырады.
Қарапайым адал азамат, өз халқының игілігі үшін еңбек етуді мақсат еткен, бала-шағасын адал еңбегімен асырағысы келген, ағайын-туғанға бауырмалдығын, досқа адалдығын көрсеткісі келген М.Көкебаевты тағдыр небір сынақтан өткізді. Бай емес, би емес, көптің бірі еді. Өзі айтқандай: «Онда болмаған, бұған қатыспаған…».
Біз осы кезге дейін мұрағат құжаттарынан әртүрлі «ақтаңдақтардың» орнын толтыру үшін жеке адамдардың, әртүрлі ұйымдардың, әр кездегі оқиғалардың тарихын іздеп, тапқанымызша жарыққа шығарудамыз. Бұл өзіміз үшін, еліміз үшін, кейінгі ұрпағымыз үшін, өзіміздің адамдық қасиеттерімізді сақтау үшін қажет.
Ал ешқандай мұрағатта тіркелмеген, көзге көрінетін ерлігімен ерекшеленбеген, соған қарамастан әлдебір дүдәмал тексерулерден өтіп тұрған, тек қана біреулермен жолдас болғаны үшін, бірге оқығаны үшін, үйленгені үшін, тіпті кездейсоқ көрші болғаны үшін «жазықсыз жазықты» болған, бала-шағасымен ашылып сырласа алмаған мыңдаған мұңлықтардың өмірбаяны ше? Біздің кейіпкеріміз өз заманының небір қиын-қыстау жолдарында абыройын жоғалтпай, азаматтығын жоғары ұстап өткен, қандай жағдайда да білімі мен санасын орынды пайдалана білген, бала-шағасын адал еңбегімен асыраған, артында жақсы аты мен жүздеген шәкірт қалдырған мыңдардың бірі ғана. Елдің елдігін сақтайтын, халықтық қасиетті кейінгі ұрпаққа жеткізетін, ұлтжандылық дегенді күнделікті тіршілігімен дәлелдейтін осындай еңбекқор, ыстық-суыққа бірдей төзімді, барға аспай, жоққа саспай, қуатты қара жерден алатын сондай қайсар жандардың бірі – Мұстафа Көкебаев. Туған жерін соншама сүйген азамат, елдің игілігі үшін бар қажырын жұмсады. Қай жерде, қандай жұмыста болса соны жіті меңгеруге, өмірбойы жиған тәжірибесін жетілдіруге тырысты. Ақыры әлемдегі ең абзал мамандық – ұстаздықпен өмірінің соңына дейін айналысты. Сондықтан елі үшін еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Мұстафа Көкебаев кім деген сұраққа Бөкей ордасы тарихи музейінде тұрған өмірбаяндық деректер толық жауап береді. Елі үшін еңбектенген ұлына елдің тарихын мәңгі сақтайтын музейден орын берілді. Ұрпаққа тағзым. Ұрпақтан тағзым. Халық жадының тағзымы.

Сара ЛАТИЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Қазбек Оралдан

    Керемет мақала! Мұстафа Көкебаев туралы тың деректер. Мақала авторы Сара апамызбен қалай хабарласуға болар екен? Телефонын тауып берсеңіздер, көп рахмет айтар едік.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.