Салтанат пен ойын-сауықтар

Хан базары – хан ордасының жанында жылдың жылы мерзімдерінде ұйымдастырылып тұрған жәрмеңкенің атауы. Хан базары Түркістан қаласында жиі өткізіліп тұрған. Жәрмеңкеде іргелес Бұхар, Хиуа, Самарқанд, тіпті Араб және Қытай елдерінен әкелінген шай, қант, астық, мата, киімнің сан алуан түрлері, еңбек құралдары, әскери заттар айырбасқа немесе сауда-саттыққа түсіп отырды. Жәрмеңкелердің «хан базары» деп аталуы көшпелі қазақ үшін таңсық көрінген ерекше салтанатына байланысты болса керек.
«Хан жақсы ма?» – қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойын жастар арасында шілдехана, қыз ұзату, келін түсіру сияқты думанды кештерде ойналады. Ойын ережесі бойынша, ойыншылар ортаға ауқымды ашық алаңқай қалдырып, дөңгелене отырады. Ойынға жиналғандар өзара ақылдасып, хан мен уәзірді сайлайды. Уәзірдің қолында мықты етіп шыратылған орамал болады. Хан уәзіріне халқымнан «Хан жақсы ма?» деп сұра деген бұйрық береді. Уәзір ойыншыларды жағалай жүріп әрқайсысынан сұрап шығады. Бұған «хан жақсы», «мәз емес», «жаман» деген секілді сөзбен немесе «хан былай» деп қолындағы орамалмен өзін ұрғыштап, келемеж етіп жауап беруге де болады. Ойыншылардың қайтарған жауабы мен қимыл-әрекетін уәзір бұлжытпастан ханның өзіне жасап көрсетеді. Өз кезегі келгенде хан өзін мазақтағандарға «жаза» бұйырады. Екінші ойын айналымында хан «халқымның кімнен зорлық-зомбылық көргенін сұра» деп тапсырады. Уәзір ойыншыларга жекелеп сұрақты қайталайды. Ойынға катысушылар думанды қызықтырақ ету үшін жігіт қыздан, қыз жігіттен көрген «қорлық-зорлығын айтып шағынады. Шағымшылардың сөз саптасына орай «Хан әмірін» беріп, бітімге келтіреді. Мысалы, Жігіт «Пәленше екі алмамды ұрлап алды, соны өзіме қайтарсын немесе өзінікі екендігін дәлелдесін» деген секілді шағым айтады. Хан даушыларға «өзара келіссін», «айыбын төлесін», т.б. әмір береді, жаза қолданады. Әмір мен жаза күлкі тудыру мақсатымен түрліше үкімге орайластырылады.
Қазақ қоғамындағы хандық билікті астарлап бейнелейтін аталмыш ойынның жастардың рухани дүниесін жетілдіріп, ой-өрісін дамытуға ықпалы зор.
Хан талапай – дәстүрлі асық ойынының бір түрі. Хан талапай ойыны бір ересек адамның бастауымен жас балалар арасында ойналады. Көп асықтың арасында өзгеше түске (көбінесе қызыл түске) боялған ірі асық немесе сақаны шартты түрде «хан» деп атайды. Алқа-қотан болып отырған балалардың ортасына ойын жүргізуші ересек адам бір уыс асықты «Хан талапай» деген сөзді айтып шашып қалады. Бұл бірнеше мәрте қайталанады. Бір сәтінде әлгі «хан» асықты қоса шашады. Шашылған асыққа жапа-тармағай ұмтылған балалар «хан» асыққа қол жеткізуге, екіншіден, мүмкіндігінше көп асықты жинап алуға тырысады. «Хан» асықты ұтқан бала жеңімпаз болады. Одан кейінгі орынды көп асық жинаған бала иеленеді. Аз асық ұтқан бала жеңілген болып есептеледі. Жеңілген бала ән салады, би билейді не күлдіргі әңгіме айтады. Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» (Алматы, 1976. 217-218 бб.) атты кітабында хан талапайды «хан таламақай» деп қолданған.
Хан талапай ойыны баланы шапшаңдыққа, тез шешім қабылдауға, тіл ұстартуға баулиды. Ойынның түп-төркіні «хан сайлау» үрдісінде атқарылатын осы аттас жосынға байланысты қалыптасқан секілді.

Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.