«Хабар» агенттігіне – 20 жыл

Еліміздің ірі ақпараттық медиахолдингі – «­Хабар» агенттігіне биыл 20 жыл толып отыр. 1995 жылы ашылған телеарна бастапқыда Қазақ ТВ ақпараттық қызметі негізінде құрылды. Бүгінгі таңда 14 миллион көрермені бар елдегі алдыңғы қатардағы телеарна саналады.

– Өзінің 20 жылдық тарихында хабар агенттігі бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі ретінде ұзақ жолдан өткені белгілі. Телевидениенің негізгі міндеті – жалпы ақпаратты жинап, өңдеп, халыққа ұсыну болғанымен оның насихаттық рөл атқаратынын ұмытпауымыз керек. Ал онда еңбек ететін журналистер барлық уақытта қоғам өміріне араласа отырып, баға берумен, қорытындылар жасаумен, ұсыныстар айтумен қоғамға зор қозғау салады, – дейді «Хабар агенттігі» АҚ төрағасы Айдос Үкібаев.
«Хабар» тілшілер қосындары Берлин, Бейжің, Брюссель, Бішкек, Вашингтон, Вена, Дубай, Иерусалим, Лондон, Мәскеу, Минск, Нью-Йорк, Париж, Рим, Сингапур, Токио, Тбилиси мен Ыстанбұлда табысты жұмыс істейді. Тәулік бойы тыным таппай еңбек етуге деген құлшыныс олардың қоғамда қадірлі, қызметте абыройлы болуына жол ашуда. «Хабар» осынау 20 жыл ішінде қазақстандық көрерменнің құрметіне бөленіп, көрермен талғамына сай еңбек етіп келеді. Халықтың «Хабарға» деген құрметі де ерекше. Оны мына жайттан да байқауымызға болады. Мәселен, Павлодар қаласы көшелерінде «Хабар» арнасы жайлы толық ақпарат жазылған трамвайдың жолға шығуының өзі соның бір дәлеліндей. Ардагер журналистердің бірі Тілеуқабыл Мыңжасарұлына Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Мұндай жетістіктер телеарна журналистерінде көптеп саналады.
Өз ақпараттарымен қатар «Хабар» арнасы әріптестік бағдарламалар аясында әлемдегі алдыңғы қатарлы ақпараттық агенттіктер өнімдерін де пайдаланады. Агенттіктің, сондай-ақ публицистикалық, музыкалық, спорттық және өзге де бағдарламалары жақсы танымал. Арна ұсынатын телевизиялық сериалдар, деректі және көркем фильмдер рейтинг бойын­ша ең жоғары орында тұр. Репертуарында элитарлы кинодан бастап, кең таралымға ие блокбастерлерге дейінгі жанрлар қамтылған. «Хабар» – әлемдік деңгейдегі спорт жарыс­тарын тікелей эфирден көрсететін елдегі жалғыз телеарна. Агенттіктің техникалық базасы маңызды саяси және мәдени акция­ларды оқиға орнынан тіке­лей таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Агенттіктің бөлімшелері «Kazakh tv» спутниктік арнасы – Еуропа, Орталық Азия, Орта Шығыс пен Африканың солтүстік бөлігін қам­титын тәуліктік ақпараттық арна. «Kazakh tv»-дің болжамды көрермендерінің саны – 99 миллион адам. Хабар таратуда халықаралық жаңалықтарға басымдық берiледi. Хабарлар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалады. «www.khabar.kz» интернет-порталы – елдегі және әлемдегі маңызды оқиғаларға байланысты ақпараттар ұсынады. Күн сайын жаңартылып отырылады. Сайт парақтарынан Агенттік жөнінде толық ақпарат алуға болады.
Телеарна мен оның өнімдері, сондай-ақ Агенттік қызметкерлері ұлттық және халықаралық деңгейде көптеген кәсіби марапаттарға ие. Мысалы, 2003 жылы «Золотая арка Европы» байқауында Агенттік «Сапа және технология» аталымы бойынша жүлдеге ие болса, Дирекция журналистерінің жұмыстары ЕММҮ телевизиялық жүлдесіне ұсынылған, ал репортаждардың бірі «Золотой глагол» (Ресей) байқауында бас жүлде алды. Қызметкерлер мен спорт редакциясының хабарлары жоғарғы деңгейдегі халықаралық (ТМД) кәсіби жүлделермен марапатталған. «Болашақ қаласы» атты жастарға арналған бағдарлама Жапонияда өткен халықаралық фестивальде әлемнің ең үздік бағдарламалары ондығына енді.

М.АЛИМАНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.