Сөздікшінің де сөздікшісі бар

Байынқол ҚАЛИЕВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты, филология
ғылымының докторы

2014 жылы жас ғалым, филология ғылымының кандидаты Айнұр Сейтбекованың XII-XVII ғасырлардағы жазба мұралардың тіліне негізделген «Араб және парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі» атты еңбегі жарыққа шықты. Сөздіктің көлемі үлкен: 450 бет немесе 36,73 б.т.
Оның аңдатпасында: «Еңбекте XII ғ. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Йүгнекейдің «Ақиқат сыйы», XIII-XIV ғғ. Хорезмидің «Мұхаббатнаме», Құтыбтың «Хұсрау уа Шырын», Сейф Сараидың «Түрікше Гүлістаны», XVI-XVII ғғ. Қадырғалидің «Жамиғ-ат тауарих», Әбілғазының «Түркі шежіресі» жазба ескерткіштеріндегі араб және парсы сөздерінің лексикалық қоры қамтылып, мағыналары берілді» деп жазылған. Осының өзінен-ақ, сөздіктің ауқымының кеңдігін және оны жасаудың оңай еместігін байқауға болады.

Қиындық аталған жазба мұралардың тілін түгел қамтуда ғана емес, олардың ішіндегі араб және парсы сөздерін түркі сөздерінен бөліп алып, оларды (араб, парсы сөздерін) бір-бірінен ажырату, әрі ол сөздердің мағыналарын айқындауда екендігі белгілі. Сөздік­ші­нің мақсаты – ортағасырлық жазба нұсқалардағы араб және парсы сөздерін, тұрақты тіркестерін түгел жинап, олардың мағыналары мен мағыналық реңктерін ашып беру болатын. Ой-тұжырымымызды бірден айтсақ, автор өз мақсаттарын жоғары дәрежеде ойдағыдай орындап шыққан.
А.Сейтбекованың бұл сөздігі тіліміздегі араб-парсы сөздерін зерттеген бірінші еңбек емес. Бұған дейін бұл мәселеге байланысты Л.Рүстемовтің, Н.Оңдасыновтың, Е.Бекмұхановтің, А.Дәдебаев пен Ж.Қайырбековтың және И.Жеменейдің сөздіктері жарық көрген болатын. Біз сөз етіп отырған сөздіктің өзі типтес басқа сөздіктерден басты айырмашылығы – бірінішіден, сөздік XII-XVII ғғ. жазба ескерткіштерінің тіліне негізделген, екіншіден, сол жазба ескерткіштер тілінің араб және парсы сөздеріне байланысты сөздік қоры түгел қамтылған, үшіншіден, жиналған, зерттелген сөздер мен тұрақты тіркестердің мағыналары мен мағыналық реңктері ашылған, төртіншіден, тілімізге енген араб және парсы сөздерінің тұлғасы жағынан да, мағыналары жағынан да қалыптасуы мен дамуы көрсетілген.
Мен де сөздікшімін. Бірақ мен мағыналары елге түсінікті қазіргі заман сөздерінің сөздікшісімін. Айнұр Сейтбекова болса, осыдан арысы – 10, берісі – 5 ғасыр бұрынғы жазба ескерткіштердің тіліндегі араб және парсы сөздерінің сөздігін жасаушы. Бұл жердегі әңгіме автордың өткен жылы жарық көрген «Араб және парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі» жөнінде болып отыр. Әрине, ортағасырлық түркі тілінде жазылған жазба ескерткіштер тілінің өзін түсіну оңай шаруа емес. Оның үстіне ондағы түркі сөздерінен араб-парсы сөздерін ажыратып алу одан да өткен қиын іс. Соған қарамастан жас ғалым алға қойған мақсатына бел шешіп кірісіп, 5-6 жыл уақытын сарып ете отырып, қиындықтардың бәрін жеңе білген.
Бұл сөздік А.Сейтбекованың бір ғана еңбегі емес. Оның өзінің әріптесі Г.Мамырбековамен бірігіп жазған «Қадырғали Жалайырдың «Жамиғат тауарихының» тезаурус сөздігі» (2012 ж.) және Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресінің» тезаурус сөздігі» (2013 ж.) деп аталатын тағы екі сөздігі бар (Олар туралы әңгіме бөлек болу керек). Бұлар да көне жазба ескерткіштерінің тіліне негізделген.
Тіліміздегі араб-парсы сөздері туралы ойласақ, есімізге дінімізге қатысты аят, құран, намаз, ораза, сәжде, зекет, т.б. сөздер мен оқу-ағарту ісіне қатысты мектеп, медресе, кітап, қағаз, қалам, дәптер, мұғалім деген сияқты т.б. сөздер алдымен түсетіні сөзсіз. Бұлармен бірге тілімізде араб, парсы тілдерінен енген дүниетанымға (әлем, ғалам, дүние, жаһан, дәуір, заман, мемлекет, саясат, т.б.), табиғатқа (жануар, мұхит, маусым, гүл, лағыл, мәрмәр, т.б.), адамның жан дүниесіне (ақыл, парасат, әдеп, мейір, шапағат, рақым, т.б.) байланысты сөздер толып жатыр.
Қазақ тіліне енген араб-парсы сөздері аталғандармен ғана шек­телмейді. А.Сейтбекованың сөздігін оқып отырсақ, тілімізден ойып тұрып орын алған, бірақ олардың араб-парсы сөздері екендігі қаперімізге кіріп те шықпайтын басқа да сөздер мол екен. Оның бәрін санап шығу қажет бола қоймас. Дегенмен, бірлі-жарым мысалдар келтіре кетелік: азап, атақ, әдет, әділ, береке, ғажап, зергер, зұлмат, дәреже, жауап, жарақат, зерек, кілт, қарар, қарыз, қауіп, кепіл, машақат, масқара, мақұл, мұқтаж, мән, мәжіліс, мәртебе, мұрат, мүләйім, наз, назар, нақыл, нақыш, нала, нәсіп, несібе, нұқсан, нұр, рәсім, рең, рұқсат, салтанат, сауал, себеп, серуен, сейіл, сұхбат, сыр, шынжыр, ылаж, ілтипат, т.б. Мұндай сөздердің саны ұшан-теңіз.
Осы жерде айта кететін нәрсе: тіліміздің сөздік құрамында араб-парсы сөздерінен басқа Еуропа (оның ішінде орыс тілінде бар) тілдерінен енген сөздер де молынан ұшырасатындығы аян. Бұлардың айырмашылығы – егер араб, парсы тілдерінен енген сөздер тіліміздің дыбыстау заңдылығына бағынып, төл сөздерімізден еш өзгешелігі болмаса, Еуропа тілдерінен енген сөздердің (Қазан төңкерісіне дейінгілері болмаса) жат-жұрттық сөздер екендігі, тұлға-тұрпаттарының бөтен екендігі сонадайдан-ақ көзге ұрып тұрады.
А.Сейтбекованың «Араб және парсы сөздерінің түсіндірме сөздігінің» пайдасы өте мол. Мұндағы сөздерді, олардың мағыналарын қолда бар басқа сөздіктермен салыстыру арқылы біраз тілдік мәселелердің басы ашы­ла­тындығы анық.
Мысалға араб тіліндегі ғаріп (ғариб) сөзін алалық. Бұл сөздің араб тіліндегі мағынасы «кедей, жат жерлік» (86 б.). Ол басқа тілден енгеннен кейін «халі нашар, бейшара, мүсәпір» деген мағынаға ие болған. Дәл осы сияқты зағип (зағиф) сөзі араб тілінде «әлсіз» дегенді білдірсе (137 б.), біздің тілімізде бұл сөз «соқыр» деген мағынада қалыптасқан. Сонымен бірге күлгін (гүлгүн) сөзі парсы тілінде «алқызыл» деген мағынада қолданылады екен (77 б.). Ал бізде «күлдің түсіндей сұрғылт, боз түк» деген мағынаны білдіреді.
Араб тілінде «сары түс» деген мағына беретін зағфаран деген сөз бар (138 б.). Осы сөзден қазақ тілінде екі сөз туындаған: 1) запыран – адамның асқазанында болатын сарғылт түсті, ащы дәмді сұйық зат (ор. желчь); 2) запыран – запырангүл – сары түсті гүлдердің бір түрі (ор. шафран).
«Тілімізді байытуға бұрын қомақты үлес қосқан араб және парсы сөздерінің қазіргі кезде неге пайдасы тимей жүр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Біз сөз етіп отырған сөздікте тілімізді байыта түсуге, пайдалануға болатын әлі де біраз сөздердің бар екендігі байқалады. Мысал келтірейк. Араб тілінде «жағылған шырақданды қоятын тұғыр» деген мағынадағы қанділ деген сөз бар екен (178 б.). Қазіргі кезде тілімізде жиі қолданылатын шырағданның (свеча) астына қоятын тұғырдың аты ретінде қанділ (подсвечник) сөзін пайдалануға әбден болады.
Бүгінде толерантылық деген сөз жиі ұшырасады. Оның мағынасы – «сабырлылық, шыдамдылық, төзімділік» дегенге саяды. Араб тілінде дәл осы мағынада қолданылатын инан деген сөз бар екен (155 б.). Олай болса, аталған ұғымды айтылуы қиын латын сөзімен бергеннен гөрі инан сөзімен берсек, сол дұрыс болмас па еді ?
Өйткені бұл сөздің дыбысталуы қазақ тіліне өте жақын. Оның үстіне тұлғасы да ықшамды.
«Араб және парсы сөздерінің түсіндірме сөздігін» оқыған адам біздің 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» кейбір араб, парсы сөздерінің кездеспейтінін байқауға болады. Тілімізде жиі қолданылатын десті қыпшақ деген сөз тіркесіндегі десті сөзі парсы тілінде «дала» деген мағынаны береді екен (105 б.). Бұл сөз 15 томдыққа алынбапты.
Аталған сөздікке бірер ескертпеміз бар. «Сөздіктің құрылымы» деген жерде сөздер қазақ тілінің әліпбилік жүйесі бойынша берілді» деп жазылғанына қарамастан кей жерлерде ол жүйе әр уақытта сақтала бермеген. Мәселен, асылы сөзі асул сөзінен, таба сөзі табақ сөзінен бұрын тұр. Бақи сөзі бал, бану сөздерінен кейін келген, т.б.
Жалпы, А.Сейтбекованың сөздігін оқу барысында ойға келген, ойға ой қосатын мұндай пікірлер көп-ақ. Олардың бәрін тізіп беру мүмкін емес. Сондықтан ойымыздың тоқ етеріне көшсек, жас ғалым алдына қойған мақсатын толық әрі сапалы орындап шыққан деп, сенімді түрде айта аламыз.
А.Сейтбекованың 450 беттік сөздігі Мемлекеттік тілді дамыту институтында небәрі 500 данамен ғана басылып шығыпты. Мұндай көпшілікке, зерттеуші ғалымдарға қажетті үлкен сөз­діктің мемлекеттік қаржыға көп данамен бастырылып шыққаны жөн болар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Alac

    Biynqol Qaliev degen kysy ulken tyl mamany! Bul kysynynh jasagan Latyn alfabet jobasy keremet!
    Osy kysy jasagan joba negyzynde Qazaq tylynynh Latyn (alfabet)jazuyn jasap cygarw kerek!

  2. Alac

    Baiynqol.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.