«Шеврон» талантты жастарға қолдау көрсетті

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу  универ­си­тетінде «Шеврон» компаниясының 2014-2015 оқу жылына техника­лық мамандықтарға арналған стипендиялық бағдарламасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.

Салтанатты жиында ҚазҰТЗУ-дың оқу-әдістемелік жұ­мыс және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Сәрсен Жүсіпбеков «Шеврон» компа­ния­сының стипендияттарын құттықтап, оларға сәттілік пен табыс тіледі. Сонымен қатар ол шәкіртақы тағайындап, ҚазҰТЗУ студенттеріне қолдау білдіріп келе жатқан компания өкілдеріне өз ризашылығын жеткізді. Салтанатты рәсім бары­сында «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің Басқарушы ди­ректорының орынбасары Фрэнк Кассуло Қазақстанда «Шеврон» корпорациясының әлем уни­­верситеттерімен серіктестік бағ­дар­ламасы және компанияның Қа­зақстандағы қызметі туралы сөз қозғады.
«Шеврон» компаниясының техникалық мамандықтарға арналған стипендиялық бағдар­ламасы ҚазҰТЗУ-да осымен се­гізінші рет өтуде. Осы мерзім ара­лығында университеттің үздік 469 студентіне стипендия берілді. Биыл да «Шеврон» 22 толық және 89 жартылай стипендия бөлді. Университеттермен серіктестік бағдарламасы «Шеврон» компаниясының бүкіл әлем бойынша дарынды жастарға қолдау көрсету, игі бастама бір бөлігі болып табылады. Компания әлемнің көптеген елдеріндегі үздік оқу орындарымен, сонымен қатар АҚШ-тың жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бағдарлама аясында «Шеврон» университеттерге жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге, материалдық-техникалық базаны жақсартуға көмектесіп, үздік студенттерге гранттар мен стипендиялар бөледі.
«Шеврон» ҚазҰТЗУ мен Колорадо тау-кен мектебі (КТШ) арасында серіктестік құруға көмектесіп, профессорлық оқытушылық құрам мен студенттер арасында алмасу бағдарламасын жүзеге асырады. «Шеврон» ҚазҰТЗУ-дың бірнеше кафедралары мен институттарын зертханалық және компьютерлік құралдармен, сонымен қатар арнайы компьютерлік бағдарламамен жабдықтады.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.