Шаңырақ

Қазақ халқының көшпенді өмір салтында баспана рөлін атқарған киіз үй туралы көптеген зерттеулер жарық көргені белгілі. Киіз үйдің құрылымы, оның көшпелі өмір салтына ыңғайлылығы және т.б. қасиеттері туралы көптеген мағлұмттар бұл үйдің өзіндік ерекшелігін, маңыздылығын айшықтай түседі. Осы орайда киіз үйдің негізгі бөлігінің бірі – шаңырақ туралы не білеміз? Шаңырақ сөзінің мән-мағынасы, оған қатысты атаулар мен ұғымдарды жеке қарастырып көрсек.

Шаңырақ қазақ халқының күнделікті тіршілігінде, мәдени өмірінде ерекше орынға ие болуымен қатар, ол ұлттық санамызда сан түрлі қырынан танылып, тілімізде де өзіндік көрініс тауып келеді. Негізінен, тілдік ұжым шаңырақты ең алдымен киіз үйдің құрылымдық бөлігі ретінде қабылдап, одан соң ақиқат дүниені, қоршаған ортаны тану арқылы оған жақын мағыналармен байланыстырып танымдық, тілдік тұрғыда бейнелейді.
Шаңырақ – 1. этн. киіз үйдің уықтарын біріктіріп ұстап тұратын күлдіреуіштері бар дөңгелек шеңбер; 2. ауыс. Өзінің туған тұрғын үйі; 3. ауыс. Орда, мекен; 4. ауыс. Әулет, үрім-бұтақ; 5. ауыс. Отбасы, жанұя (ҚС, 1390 б.). Ә.Нұрмағамбетов бұл сөздің «түпкі тегі моңғол тілдерінен деп жобалаймыз. Жазба моңғол тілінде – «чағарығ», қазіргі моңғолдарда – «цагариг», буряттарда «сахариг» тұлғалары біздегі «шеңбер», «құрсау» орнына жұмсалады» дей келе, «моңғолдардағы осы тұлға басқа түркі тілдеріне өткенде шеңбер қалпындағы заттарға атау болып тағылғандығын мына бір деректер анықтайды: якут тілінде «күмбез» мағынасын «чампырық» тұлғасы берсе, бізде киіз үй жабдығының бірі – шаңырақ. Осыған қарағанда, қазақтар қолданып жүрген «шаңырақ» – «шеңбер» баламасы» деп топшылайды (Нұрмағамбетов, 292 б.).
Т.Досановтың тұжырымдауынша, «Шаңырақ > шаң [астыңғы бөлегі шартты түрде ғана бар геометриялық екі жарты шеңбердің бірі] > йарақ [образующий]. Киіз үй [жарты сфера], йарақ [сфераобра­зующий], яғни шаңырақ бұл арада бүтіннің орнына бөлшекті қолдану арқылы екі жарты шеңберді алмастырған белгісі. Киіз үй жарты шар үлгісінде жасалған, ал оның құрамдас қарама-қарсы екінші бөлігі «Жер» деген мифтік ғаламшардың жаратылу концепциясын бейнелеген көшпелі ата-баба даналығын әйгілі жеті кереметтің бірі – Египет пирамидасымен ғана қатар қоюға пара-пар.
Тілдік тұрғыда шаңырақ сөзі – шаң және қарақ түбірлерінен біріккен туынды сөз. Көне түркі сөздігі бойынша шаң түбірі – «таң шапағын», ал қарақ түбірі – «көз, қарашық» дегенді білдіреді. Сонымен, көне түркі тілдеріндегі шаң – қазіргі «таң ату», «таң қылаң берді» тәрізді тіркестерде кездесетін таң сөзімен мағыналас түбір. Яғни шаң түбірі мен таң түбірін біртектес деп тануға болады. Сондай-ақ жарық, күн тәрізді мағыналық реңк беретін таң || шаң || шам ортақ түбірлерді айтып өтуге болады. Осылардың ішіндегі тілімізде шам сөзімен жиі кездесетін «шам жамырады» деген фразеологизміне тоқталғымыз келеді. Бұл тіркес қас қарайып, қараңғылық түсу мағынасын білдіргенімен, мұндағы негізгі уәж күннің ұясына қарай батуы болып тұр, яғни күн сәулесі шашырап, өзінің ұясына қашып бара жатқан бейнені елестетеді. Ал көне тілімізде сақталып қалған қарақ түбірі ұрыны қарақшы қарақтапты тұрақты тіркесінен «аңду, қарауылдау» мағынасын аңғартып, қазіргі тілімізде қырағы қия жазбас (мағынасы – «өте сақ»), қырағы көз (мағынасы – «байқағыш, көргіш») сияқты идиомалық тіркестерден «өткір көзді» түсіндіретін қырағы сөзімен төркіндес деп тұжырымдаймыз. Қарақ || қырағы түбірлері көру, байқау мағынасын үстейтін біртектес түбір. Сөзімізді академик Әбдуәли Қайдардың этимологиялық талдауымен тұжырымдар болсақ, ғалым шаңырақ сөзінің түбірі шаң сөзі деп, сөзбе-сөз мағынасы «жарыққа қарау» екенін айта келіп, оны мынадай бөліктерге бөледі: шаңырақ < шаң + (қ) ар + ақ (Қайдар, 272 б.). Сонымен, таңертең түндік ашылған соң, үй ішіндегілер шаңырақ арқылы ең бірінші жарық дүниенің нұры шашылған күн сәулесін көруіне байланысты «таңды көру» немесе «таң шапағына қарау» мағынасындағы екі сөздің (таң және қарау) бірігуінен шаңырақ сөзі осылай жасалса керек.
Шаңырақ ұғымының ұлтымызға тән дүниетаным, наным-сенім, салт-дәстүр секілді мәдени факторлардағы алатын орны ерекше. Өйткені тілімізде «шаңырақ» лексемасына қатысты лексикологиялық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктер мен прецедентті мәтіндер киіз үйдің басқа құрылымдық бөліктеріне қарағанда көп кездеседі.
Сөздіктерде берілген анықтамаларға сүйене отырып, шаңырақ сөзінің негізгі мағынасы ретінде «туған үй», «отбасы», «Отан» мағыналарын, ал түр-тұлғалық белгісі ретінде «киіз үйдің ағашы», «үйдің жоғарғы бөлшегі» мағыналарын қарастыруымызға болады.
Алтын шаңырақ – туған жер, Отан мағынасын үстейді. Мәселен, Самалда самғап жамырап, Шабыңдар, кәне бағландар. Ақ бесік, алтын шаңырақ, Өзіңде жүрсек не арман бар (Ғ.Қайырбеков).
Қара шаңырақ. Қазақ тілінде қара шаңырақ – атадан балаға мирас болып қалған үлкен үй. Дәстүр бойынша, үйдің үлкен ұлдары өз еншілерін алып, бөлек отау тігеді де, кенже ұлы әке үйіне мұра болып қалады. Мысалы, Үлкен ұлдың сыбағасына еншіге қоса көш бастау тиетін, кіші ұлға қара шаңырақ тиетін, ортаншылары малдан ғана енші алатын (С.Мұқанов). Қазақ халқы оны «қара шаңырақ иесі» деп атайды. Құнанбай өз басы бір шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі. Қалың дәулер мен әмір, билік иесі (М.Әуезов).
Белгілі түрколог А.Н.Кононов: «Кейбір тұрақты тіркестердегі қара сөзі бірқатар қосымша мағына береді» деп қара сөзінің 7 қосымша мағынасын көрсеткен. Олар: 1) үл­кен, ірі, көп: қара мал, қара орман; 2) бас­­ты, ұлы, құдіретті, қуатты: қара теңіз «ұлы теңіз»; 3) күшті: қара жел «күшті жел», моңғ.: хара бороо (күшті жаңбыр); 4) таза: қырғ. қара шамал «жауын-шашын­сыз жел» (таза); қара суық; 5) құрлық, жер: қара құм; 6) солтүстік, аспанның солтүстік жағы: қарақытай (Қытай халқы Тянь-Шань тауының солтүстік жағында орна­ласқандықтан солай аталады); 7) мал, көп­шілік: ірі қара мал «сиыр» (Кононов, 160 б.).
Жоғарыдағы қара сөзінің көрсетілген бірінші «үлкен» мағыналық реңкі қара шаңырақ тіркесінің мағынасын ашады. Қара шаңырақ, яғни «үлкен шаңырақ», «үлкен үй» дегенді білдіреді. Үлкен үй деп – атадан балаға мирас болып келе жатқан үйді айтады. Әдетте, әрбір ата-ана балаларының біреуін (көбінесе, кіші ұлын) «Өскенде қарашаңырақ иесі сен боласың» деп бала күнінен құлағына құйып өсіреді. Бұл – қазақ халқының ертеден келе жатқан әдет-ғұрпы.
Қазіргі таңда қарашаңырақ тіркесі халқымыздың дәстүрін көрсететін тұрмыс-салттық жағдайда ғана емес, қоғамның басқа да салаларында қолданылып, дәстүрлі жалғастықпен келе жатқан мирас­тық ұғымын білдіреді. Мәселен, тіл білімінің қарашаңырағы деген тіркестен тіл ғылы­мында жоғары білім мен біліктілікті сақтап, оны келер ұрпаққа мирас етіп қалдырып отырған киелі орын екенін түсінеміз.
Шаңырақ көтеру – өз алдына үй болу, үй­лену деген мағынаны білдіретін тұрақ­ты тіркес. Көп ұзамай Мариямға үйле­ніп, шаңырақ көтерді («Мәдениет және тұрмыс»).
Шаңырағың биік болсын! – екі жас үйленіп, отбасын құрғанда айтылатын тілек сөз. Бұл тілектің мағынасы – екі жасқа дәулетті өмір тілеу. Сонау заманда көп қанатты, биік шаңырақты киіз үйді дәулеті бар байлар ғана тіккен. 14-30 қанатты үйлердің әлбетте, шаңырағы биік болып тігіледі. Ондай көп қанатты үйлердің шаңырағын аттылы адам көтеретін болған. Мұндай үйді қазақ күнделікті күйбің тіршілікте тікпеген. Үлкен тойларда, көпшілік болатын жиындарда тігілген. Онда ет асылып, қымыз сапырылып, асқа толы дастарқан жайылып жатады. Міне, «шаңырағың биік болсын» деген тілек арқылы дана қазақ екі жасқа байлықты, молшылықты тілеген.

«Паш» сөзі – қандай  мағына береді?

Соңғы кездері баспасөз беттерінде «паш» сөзіне байланысты әртүрлі көзқарас бар. Осыған орай азды-көпті түсініктеме беріп, сөздің мәнісін тарқатып көрсек.
Қазақтың әдеби тілінде паш сөзі «ашық, айқын, белгілі, жария» деген мағына береді. Паш сөзі тілімізге парсының «жайылу, шашылу» деген мағынаны білдіретін (ﻓﺵ)фаш сөзінен (мәселен, ат жалының желбіреуі, орамал ұшының желбіреуі, т.б.) (Persian-English Dictionary. F. Steingass. Beyrut. First Edition 1892. New Reprint 1998. – 1523 s.; s. 929-930) және араб тілінің «жайылу, белгілі болу» мағыналарын беретін ﻓﺸﻮ)) фашу сөзінен енген. Араб тілінде осы сөзден туындаған إفشاء (ишфаа) «жаңалықты жария ету, барлығына айту», انتشار (әнтишаар) «жария болу немесе сырқаттың жайылуы» тәрізді мағыналарды да үстейді (Serdar Mutçalı. Arapça-Türkçe Sözlük. Dağarcık Yayınları, 1040 s. – S. 661-662).
Қазақ тілінде паш сөзі -ет, -қыл, -бол көмекші етістіктерімен тіркесіп қолданылады. Паш ету / паш қылу «а) көпке белгілі, мәлім болу, сырын ашып беру; ә) атын қалдыру; б) дәріптеу» (Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет. 1055 б.) мағыналарын білдірсе, ескі қазақ тілінде паш болу / паш қылу «әйгілеу, жариялау, жария болу» және паш қылмау «әйгілемеу, ешкімге білдірмеу» мағыналарымен қолданыста болған. Мысалы, Паш болып сыртқа сырым шықпай тұрып, Анама сездірейін хатқа жазып («Әбуғалисина. Әбілхарис»); Жұртқа сөйлеп Пайғамбар паш қылмады, Көңілінде ойлады үшбу сөзді («Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы») (Мамырбекова Г. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі . – Алматы, 2014. – 654 б.).
Бұл сөз туыстас түркі тілдерінде жоғарыда көрсетілген қазақтың әдеби тіліндегі мағыналарымен бірдей, алайда кейбір тілдерде дыбысталуы жағынан ерекшеленіп келеді. Мәселен, татар тілінде – фаш: фаш булу, фаш иту / фаш кылу; әзербайжан тілінде – faş: faş etmәk, faş olmaq; түркімен тілінде – паш [па:ш]; түрік тілінде – faş: fȃşetmek / fȃşeylemek, fȃşolmak (Толковый словарь татарского языка. В трех томах. – Татар теленең аңлатмалы сүзлеге. Өч томда. – ІІІ Т-Һ. – Казань: Татарское книжное издательство, 1981. – С. 339.; Словарь туркменского языка. – Ашхабат,1962. – С. 523; Misalli Büyük Türkçe Sözlük. Haz.: İlhan Ayverdi. – Kubbealtı, 2010. – 1411 sayfa. – S. 371.).

Шаңырақ салар дегеніміз не?

Шаңырақ, Отан лексикондарының о бастағы мағыналары халқымыздың өте ежелгі діни-мифтік наным-сенімі мен космологиялық-философиялық таным-түсінігінен тілімізде қалып­тасқан өзара синоним сөздер. Ұлттық рәміздік нышандарымыздың жүйесі бөлек тілдерге сіңісіп кетуін Еуразия кеңістігіндегі іргелі мемлекетіміздің бір кездегі айналасындағы көршілеріне жүргізіп тұрған мәдени-рухани ықпалының пәрменділігінен деп білеміз (Мектеп-тегі, 4 б.).

Киіз үйдің басқа бөліктеріне қарағанда, шаңырақ қазақ тұрмыс-салтында ерекше түсініктерге ие. Халық тұрмысында қалыптасқан түсініктер көбінесе уақыт өте келе ұлттық символдарға ұласатынын есепке ала отырып, шаңырақтың символдық мәнділігін мынадай дәйек­темелер арқылы келтіргіміз келеді:
–­ Киіз үйдің тозған басқа бөлік­тері ауыстырылғанымен, шаңы­рақ ешқашан ауыстырылмайды. Қазақтарда ұрпақтың соңғы өкілі дүние салғанда, оның зиратының басына шаңырақты қалдырады;
– Киіз үйдің кереге, уық, есік секілді басқа бөліктеріне қарағанда, жалғыз шаңырақ қана жиналмайды әрі құрылғанда дайын күйінде қойылады;
– Жаугершілік замандарда отбасы мүшелері киіз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанда тек шаңырақты ғана өздерімен бірге алып жүретін болған;
– Шабақ шаңырақтың қақ ортасы «+» таңбасы секілді күлдіреуіштер арқылы бір-бірімен айқасқан. Бұл бір жағынан шаңырақтың беріктігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан төрт­күл дүниені төрт бөлікке тең­дей бөлген көне түркілік ұғымды білдіреді;
– Жұрт жайлауға немесе күзеуге көшкенде түйеге киіз үйдің ағашын теңдеп, үй киіздерін қомдап, ең үстіне шаңырақты байлап, сол түйені жетектеп көш бастайтын болған. Түйенің осы қызметіне орай болса керек, халық тілінде бұл жануарды «шаңырақ түйе», «шаңырақ салар» деп атайды. Шаңырақ жүктелген түйе көш соңында жүрмейді. Мұның өз алдына символдық мәні бар.
Халқымызда қалыптасқан дәстүрлі таным бойынша, шұғыл шаруамен кіріп-шығуға ғана келген адам болса да міндетті түрде шаңырақты сыйлап, тізе бүгуі тиіс. Үйдің жанынан өтіп кетпей, тоқтап үйге кіріп шығуы, үй ішіндегілерге амандасып, хал-жағдай сұрасуы – қазақтың жазылмаған заңдылығы. Сонымен қатар ертеде бір адам өлсе сол үйдің шаңырағына қара ту тігетін болған. Ауылдың маңайынан өтіп бара жатқан кісілер қара туды көріп, сол үйдің қайғыға ұшырағанын түсіне берген. Осы жағдайға байланысты қалыптасқан тіліміздегі шаңыраққа қара ту тігілді прецедентті мәтіні «өлім» ұғымын аңғартады.

Тартылып жібек белдеу, шым зерлеген…

Шаңырағы бөлек сөз тіркесі «ата-анасынан, бауырларынан бөлек жеке үй» дегенді білдіреді.
Шаңыраққа қара – мына отырған өз үйің емес, әдеп сақта деген мағынаны аңғартады. Осындай тілдік оралым арқылы үлкенді-кішіге қай жерде болмасын тәрбиелікті, әдептілікті сақтауын насихаттайды. Мысалы, – Кім берген саған ол ерікті? Шаңыраққа қара (3.Шашкин).
Осы тұрақты тіркестерден көріп отырғанымыздай, шаңырақ – отбасының беріктігі, дәстүр көрсеткіші, ұрпақ жалғастығы болып табылатын киіз үйдің ең қасиетті бөлігі. Шаңыраққа қатысты тілдік бірліктердің көбісі отбасының тыныштығына, дәулеттілігіне байланысты болумен қатар, үйінің күйзелісіне де байланысты қалыптасқан.
Шаңырағына ат ойнату || шаңыра­ғыңа қобыз ойнату (тарту) || Шаңы­рағына шоқ орнату – үйінің астан-кестенін шығару, ілек салып, ойран-топалай ету деген мағынаны үстеп тұр. Мысалы, Ескі заман болса, бұл хабар жетісімен-ақ, қайын жұртың сойылын сүйретіп қалың қолмен келіп қалар еді де, дүмді неме шаңырағыңа қобыз ойнатып зықыңды шығарар еді (С.Мұқанов). Тартылып жібек белдеу, шым зерлеген, Ақ киіз оймышталған күн көрмеген, Алтындап шаңырағына шоқ орнатып, Шеңбері шымқай күміс күмбезденген (Н.Ахметбеков).
Шаңырағы ортасына түсу // шаңы­рағы құлау – отауы бұзылу, отбасы­ның берекесі кету, татулығы жойылу деген мағынада. Мысалы, Үйіңе жетпей жұлының үзілсін! Шаңырағың ортасына түсіп, бала-шағаң тентіреп кетсін, – деп қарғап-сілеп келеді (Ғ.Мұстафин). Қанша үйдің шаңырағы құлады. Қанша тірлік өшті (Ә.Нұрпейісов).
Шаңырағы шайқалу. 1. Отбасының бақытсыздыққа ұшырауы; 2. ауыс. Жалпы мәселеде берекесі кету. Мысалы, Біздің шаңырағы шайқалған туған тіліміздің тағдырын өзге біреулер түзеп бере алмайды. («Жас Алаш»). Қазіргі тілдік ұжым «шаңырағың шайқалмасын» бата-тілегінің формасы мен қолданыс аясын біршама өзгерткен. Нақтырақ айтқанда, шаңырағы шайқалмау тіркесін «ауызбіршілік», «тыныштық» ұғымдарымен, керісін­ше, шаңырағы шайқалу тіркесін «ымы­расыздық», «бейберекетсіздік» ұғым­дарымен алмастырып қолдануда. Оған мысал ретінде төмендегі үзінділерді келтіруге болады.
Ал жүздеген жылдар бойында шаңырағы шайқалмаған, керегесі қозғалмаған, тәуелсіздік туын қолдан шығармаған Түркия түріктерімен тығыз байланыста жан-жақты жақсартудың жалпы түрік бірлігі үшін маңыздылығын естен шығаруға болмайды («Қазақ әдебиеті» газеті).
Даланың дал-дұл болып омырауы,
Ел босып боз інгендей аңырады.
Ақтабан шұбырынды Алқакөлде
Шайқалды қазақ ата шаңырағы… (С.Мәуленов).
Қара шаңырақтан қан жаудыру «әлегін аспаннан шығару, екі аяғын бір етікке тығу» деген мағынада қолданылады. Мысалы, Бұл қылығы құлағына тисе, қара шаңырақтан қан жаудырады ол (Б.Нұржекеев).
Шаңырақ тура мағынасында әде­би нор­маға сай болса, ауыспалы ма­ғы­­­на­сында түр-сипатына қарай «үлкен», «даңғарадай», «дөңгелек», «шең­бер» сияқты қарапайым сөздердің мағы­насымен ауысып қолда­ны­лады. Бұл шаңырақтың киіз үйдегі үлкен әрі дөңгелек пішінді белгісіне қарай туын­даған мағына екені белгілі. Ол мынадай туынды сөзден, сөз тіркесінен байқалады.
Шаңырақтай – шаңырақ секілді үлкен. Мысалы, Ен даланы қаптаған шаңырақтай-шаңырақтай кеурек пен жусанның ашқылтым исі қатты желмен күшейе түскендей (Д.Исабеков).
Шаңырақтану – шаңырақтың форма­сына сәйкес әрбір заттың домалақ­тануымен байланысты айтылады. Мысалы, Шаңы­рақ­тана бастаған жасқыл­тым мүйіздер ауаны осқылап, қайыңның безіндей қатып-сенген маңдайлар соғылысқанда жарқ етіп от шыққандай болады (О.Бөкеев).
Шаңырақ салар – түйені (кейде жалпы көлік күшін) сипаттайтын атау. Бұл тіркес көшіп-қону заманынан қалыптасса керек. Қазақ халқы жайлаудан көшер алдында киіз үйді жығып, түйенің жотасына қомды артып, оның үстіне шаңырақты салып көшетін болған. Көшіп-қону кезінде шаңырақты ат немесе басқа да мал үстіне емес, оны тек түйеге салып артатын болғандықтан, шаңырақ салар тіркесі түйе сөзінің орнына қолданылып жүр деп тұжырымдаймыз.
Оты өшкен үйдің шаңырағына байғыз саңғиды. 1. Қазақ халқы киіз үйдегі тіршіліктің жайын ошақтағы отпен байланыстырады. Халқымыздың дәстүрлі сенімі бойынша от түрлі сипатта келеді. Мәселен, екі көзден от жанған (яғни өжет, өткір мінезді адамға байланысты айтылады), жүрегінің [көзінің] оты бар (жігерлі, қайратты адам туралы айтылады), көзінен от шашты немесе көзінен от жарқ етті (ашу-ызамен қаһарлана қараған адамның кейпі) тәрізді т.б. тіркестер оттың агрессиялық сипатын білдірсе, оты жанбау (ісі ілгері баспаған немесе үйленбеген кісі туралы), оты өшу (үйдің иесіз қалуы) секілді тіркестерде утопиялық сипат танылады. Сол себептен, Түндігінен түтін шыққан үй – тіршілігі бар үй дегенді білдірсе, Қазақ халқының дәстүрлі ұғымында байғыздың шақыруы жаман ырымға баланып, бұл құсқа қатысты әртүрлі аңыздар қалыптасқан. 2. ауыс. Күш-қуаты кеткен, ертеңгі күніне сенімі жоқ елге кім көрінген келіп, білгенін істейді, мазақ етеді (Қайдар Ә.Т. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). – Алматы: Тоғанай Т, 2004. – 560 бет.).

Күз мезгіліне  байланысты жорамалдар

Егер аққу құс солтүстіктен оңтүстікке қарай жылдағысынан кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болады.
Түздiң қоңыр аңы (аю) күзде бұлақ сaғаласа, қыста қар жұқа түceдi.
Егер суық күндері қораз ерте шақырса, күн жайлы, жылы болады.
Егер суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, онда күн жылынады, егер жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
Қараторғай топтанып ұшып, аспанда ойнақтап, неше түрлі қимылдар жасаса, сол күз ұзаққа созылады.
Қарға қаңқылдаса, күз келер.
Қарғалар бір жерге жиналып алып, көп қарқылдаса, «күн суытады, қонысты өзгертейік» деп ақылдасқаны. Осыдан кейін олар көп ұзамай, басқа жылылау жаққа ауып кетеді.
Тау беткейіндегі ортадағы сақа қойлар күздің соңы, қыстың басында өрістен бір-бір тал шөп тістеп қайтса, сол жылы қыс қатты болады.
Жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз созыла түседі.
Тауық қораланып, жердi қопсытса, күн суытады.
Түйе мизам туғанда бір жағына қисайып, жайсыз жатса, қыс қатты болады, ал басын құбылаға беріп, төрт аяғын керіп жатса, қыс жайлы болады.
Түйе сары ала күзден ықтаса, қыс қатты болады.
Тырна жылы жаққа қайтқаннан кейін үш апта өткен түнінде аяз тұрады.
Тырна қазан айының басында көрінбесе, қыс бір ай кеш түседі.

Бетті дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Хайруллаев Нурболат

    Дұрысы кәрі шаңырақ ежелден атадан балаға мирас қалдырып келе жатқан дүние. Қара шаңырақ аталу себебі кейбір қазақтар кәріні қары деп атайды, көбінесе өзбек тілі араласқан жерде. Өзбектер кәріні қары дейді, осыдан барып қары шаңырақ, қара шаңырақ аталып кеткен.

  2. Темірбай

    Жаксы малимет алдым

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.